Мәселе

Туған анасы аяусыз соққыға жығып, еркектерге сатқан қызға қатысты жаңа дерек шықты

  • Фото: facebook.com/NeMolchiKZ

    Фото: facebook.com/NeMolchiKZ

Туған анасы мен әжесінен жылдар бойы адам төзгісіз қорлық көріп, ес-түссіз күйде ауруханаға түскен алматылық Диананың оқиғасы қазақстандықтарды бей-жай қалдырмаған еді. Анасы еркектерге сатып, оны аяусыз ұрып-соғып келген 14 жастағы қызға қатысты тың дерек шықты. Анасы қыздың денесіндегі жарақаттарды жасыру үшін оны ыстық су толтырылған ваннаға жатқызып, азаптаған деп хабарлайды "Еуразия" арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.


Диана қазіргі таңда қамқоршыларының қолында уақытша тұрып жатыр. Бұдан бұрын, бауыр еті баласын еркектерге 200 теңгеге сатып келген қатігез ананың әрекеті туралы ақпарат әлеуметтік желілерде желдей есіп, көптің ызасын тудырған еді.


Туғандарынан таяқ жеп, өмірден түңілген қыз бала балконнан секіріп өлмек болғанда, көршілері әрең дегенде райынан қайтарған. Сөйте тұра, зардап шегушіні құқық қорғаушылар анасының әңгіртаяғынан құтқара алмай келген еді. Бүгін шырғалаңы көп оқиғаға қатысты тағы бір шындықтың беті ашылды.


Туғандарынан теперіш көрген Диананы тасбауыр анасы Аннадан алып кеткен Барсуковтар отбасы бұдан бұрын қыздың үлкен әпкесін де өз үйінде бағып өсіргені белгілі болды. Ал Диананы өздеріне беруді сұрағанда, жасөспірімнің анасы үзілді-кесілді қарсы болған.


«Бұл жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Мен бұл қыздың әпкесін де бағып-қаққам, үш айлығында алып, 5 жасқа дейін өсірдім. Диананың анасы Анна өзі балалар үйінде өскен, 26 жасында үлкен қызын босанды. Сондықтан оған бала тәрбиелеу қиын болды. Біз үнемі жанында болдық. Ол кезде Анна жақсы ана болатын, үнемі үйге келіп қызына жеміс-жидек, киім - кешек алып келеті. Кейін не болғанын біз білмейміз» - дейді Надежда Барсукованың анасы Наталья Петрушина.

Қазір Диананың анасы қызына қамқорлық танытқан Барсуковтар отбасына беруге дайын екенін айтыпты.


«Мен баланы беруге дайынмын деді. Ол үшін үйге нотариус, прокурор, тағы құзырлы орган өкілдерін алып келіңдер, бәрін үйдің ішінде отырып рәсімдеп беремін деді. Ал өзі құзырлы органдарға барудан бас тартып отыр» - дейді Надежда Барсукованың анасы Наталья Петрушина.

"Дәрігер болып, елдің бәрін емдегім келеді. Өскенде анамды, әжемді алып, солармен көңіл көтеріп, саяхаттағым келеді", - дейді Диана.


Диана туған анасы мен әжесін жат санайды. Жасөспірім 1,5 жаста болған кезде анасы есірткі таратқаны үшін түрмеге тоғытылып, бүлдіршін сәбилер үйінен бір шыққан. Бес жылдан соң абақтыдан босап шыққан келіншек жатақхананың бір бөлмесіне қол жеткізу үшін ғана қызын балалар үйінен алып кетіпті. Екі айдан соң қыз баланы әжесі аяусыз ұрып-соққан. Бас сүйегі шытынап, миына зақым келген бүлдіршіннің бір құлағының жарты жарғағы жоқ.


«Мен жуынып жатқан сәтте, анам келіп кілтпен ұрды. Соққыдан құлақ жарғағымның жартысы жұлынып кетті. Кейде денемде соққыдан көгерген іздер болса, ыстық су толтырылған ваннаға жатқызатын. Жұдырықтың ізін жасыру үшін қайнап тұрған суда жатамын деп есімнен танып қалған кездерім болды» - дейді Диана.

Анасының бұрынғы құрбысы Надежда Барсукова, Диананы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан кезде жолдасы екеуі асырап алмақ болған. Бірақ жоспарлары жүзеге аспапты. Өткен жылы құрбысын кездестірген Надежда жасөспірімнің қиын жағдайда екенін біліп, үш ай үйінде тұрғызған. Тіпті мектепте үш класс қана оқыған Диананы, орта білім алуға құжат рәсімдеген. Алайда, мектепке жарамдылығын тексерген дәрігерлер, оның мүгедек екенін айтыпты. Ақ халаттылар жасөспірімнің ағзасында эпилепсия ошағы бар деген диагноз қойған. Мамандар сондай-ақ, Диананың ақыл-есі мен физикалық дамуында ақау бар екенін анықтаған екен.


«Психолог онымен әңгімелесіп, түрлі сұрақтар қоя бастаған кезде Диана, еркектің жыныс мүшесінің қандай екенін білетінін айтты. Сол сәтте менің үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Менімен сөйлескен сәтте мұндай нәрсені айтпайтын. Психолог маған қарап, баланы қайдан алғанымды сұрады», - дейді Қапшағай қаласының тұрғыны Надежда Барсукова.

Қыз баланы тексерген гинеколог, оның жыныс қынабынан бірнеше тыртықтың барын анықтаған. Кейін мамандар Диананың қолына блокнот беріп, үйіндегі бар жайттың бүкпесіз жазуды сұрағанда, жасөспірім өз анасы 12 еркекке 200, 800 теңгеге сатқанын жайып салды.


Қорғансыздың күнін кешкен қызды өз қолдарына алған отбасы қазір құжат жинап, шыр-пыр болып жүр. Баланы асырап алуға ерлі-зайыптылардың екі апта уақыты қалды. Надежданың қазіргі бар арманы Диананың туған анасын ата-аналық құқығынан айыратын соттың тезірек өткені. 




Көрілген: 792    Пікірлер: 0

жұма, 10.08.2018, 12:52

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    5 Желтоқсан, 14:05
    Бұл не масқара! (видео)

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31