"Туған жердің топырағы да ыстық..."

"Туған жердің топырағы да ыстық..."

Көпжасар Нұрғазыұлы, Мұстафа Шоқай атындағы қазақ-француз қоғамдық қорының президенті:

Көпжасар Нұрғазыұлының Франциядан Қазақстанға қоныс аударғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Атамекенін аңсап жеткен ағайынның айтар уәжі де аз емес. Ата-бабалары 1934 үркіншілік жылдары арғы бетке Семей өңірінен ауып кеткен екен. Атасынан естуінше сол кездері 34 мың адам көш түзеген көрінеді. Соның тек 10 мыңы ғана Түркияға аман есен жеткен екен. Жолда соғыстан, ыстықтан,аштықтан қырылып қалған. Ималиат ауданын асып Пакістанға барғанда ыстықтан да мыңдаған адам қырылған екен. Сол кезеңде Түрік мемлекеті қазақтарды өз бауырларындай қарсы алып, жер, ақша, бақша беріпті. Үй салуға көп көмек берген. Аталары Түркияда біраз тұрақтап одан ары 1971 жылы Парижге қоныс аударады.

Басты кейіпкеріміз тіл білмеудің салдарынан көп қиыншылық көргенін айтады. Сол елдегі бір еврей азаматы жұмысқа қабылдап, тері тон тігуді үйретіпті. Содан тірліктеріне жан бітіп, тұрмысын түзеп алады. Балаларын жақсы мектепке орналастырып, жоғары білім әпереді. Мәлика атты кіші қызы Париждегі Сорбон университетін тәмәмдаған. Ол осы университетті бітірген тұңғыш қазақтың қызы. Мәлика ағылшын, түрік, француз, испан тілдерін жетік меңгерген. Еркін сөйлейді. Парижде 37 жыл тұрған Көпжасар аға «өз еліңдей қайдан болсын? Қытай емессің бе, вьетнам емессің бе деп зықыңды шығарады. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін елге оралсақ деген ой келді. Осыдан екі жыл бұрын наурыз айында Парижге айтыс өнерін апарып, тамашалатты ғой. Сол айтысты франциялық қазақтар жылап отырып көрді. Қайран елім, жерім деп. Жетпісінші жылы көш бастап Францияға қоныс аударсам, енді өзім бас болып Қазақстанға көштің басын бұрдық. Біз Қазақстаннан «ананы бер, мынаны бер» деп сұрап жатқан жоқпыз. Керісінше біз Қазақстан үшін қандай пайда келтіреміз, не істейміз деген ойымыз бар. Балаларымыз ержетіп кетті. Мықты инженер, бухгалтерлер бар олардың арасында. Осындай мықты мамандық иелерін елімізге әкелуге күш салсақ дейміз. Олар Қазақстан үшін тер төгіп, еңбек етсе дейміз. Кәсібін өрге домалатып, өте байып кеткен қазақтар жоқ Еуропада. Ол жақта демократия дегенмен де капитализм жүйесінде жұмыс істейді. Төгіліп жатқан ақша жоқ. Миллионер болып кеткен ешкім жоқ. Бірен сараны болмаса. Біздің жасымыздағылар Парижге қоныс аударғанда жоғары білім ала алмады. Неге десеңіз оқу оқысаң аштан қаласың. Жан бағу керек болды. Бала шағаны асырау керек болды. Тон тігуді Түркияда жүргенде үйренгем. Соны Парижге барған соң ары қарай дамытып алып кеттім. Модельер-стилистің мектебін бітіргенмін... Мұстафа Шоқай атамыз Парижде жиырма жыл тұрған ғой. Жалғыз үй қазақ болған. Қазақ үшін, қазақтың ертеңі үшін күрескені бәріне белгілі. Содан Мұстафа Шоқай атындағы қоғам құрдым. Себеп ол үлкен әруақ. Қабірі Берлинде жатыр. Оның басына түріктер үлкен мешіт салды. Сол кісінің әруағы үшін осы қоғамды құрдым. Не Франция үкіметі, не қазақ елі бір тиын берген жоқ. Мен өз қаржыммен жүргізіп келе жатырмын. Бұл қоғам қазақ елін Францияға таныту, мәдениетін, әдебиетін таныту мақсатында жұмыс істейді. Мен сол екі елді жалғастыратын көпір іспеттімін. Алдағы уақытта Франциядағы Мұстафа Шоқай тұрған үйді сатып алып мұражай жасасақ деген мақсат қойып отырмыз алдымызға. Қазақстан үкіметі соған қол ұшын берсе деген ойымыз бар. Монте Карлода, Испанияда жеке мүддесіне ақшасын шашып жүрген байлар осындай игі іске мұрындық болса дейміз. Орыстар Париждегі Ленин тұрған үйді сатып алды. Біз неге сөйтпейміз? Соған менің қарным ашады. Қазақ үшін аянбай тер төккен Мұстафа Шоқайдың әруағын біз неге елемейміз? Былтыр мен өз қаржыма Париждегі мұражайлардың бірінде Мұстафа Шоқайдың бұрышын аштым. Оның ішінде Қазақстанның туын, картасын, М.Шоқайдың суретін қойдық. Енді үйін алып, мұражай ашсақ үлкен сауапты іс болар еді» дейді.
Ұрпаққа өнеге боларлық іс атқарып жүрген ағамыз Мұстафа Шоқайдың жары Мария Шоқайдың да қараусыз қалып, тозып кеткен қабірін қалыпқа келтіру үшін тер төгіп жүр. Билік өкілдеріне де ұсыныс айтып көрген екен. Құлақ аспапты. Ия, «өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді басты ұстаным еткен Көпжасар Нұрғазыұлы қазақ үшін жанын қиған қаһармандарымызды ұлықтауды ұмыт қалдырғанымызға ренжулі. Бұдан басқа да жанына батар жағдаяттар аз емес. «Оралмандарға елге келіңдер дейді. Алайда адам басына аз ғана ақша береді. Ол ақша мынадай қымбатшылық заманда неге жетеді? Отандасқа обал емес пе? Мемлекетіміздің оралмандарға үй, жер беруі керек. Түркиядағыдай жүйені енгізсе. Барлық жағдайын жасаса дүние жүзіндегі қандастарымыздың барлығы да көшіп келер еді. Оған сенімім кәміл. Шеттен келген қазақтарды кеудесінен итеріп, бабын жасамаса ертеңгі күні солардың ұрпағы тілін, ділін ұмытса оның обалы мемлекеттің мойнында... Мен 1998 жылы алғаш рет Алматыға келгенімде қазақ киносын көрейін деп іздедім. Қазақ киносы деген аты болғанымен бәрі орысша. Қазақ бола тұра неге өзге тілде сайрау керек. Осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Шетелдерге қазақша тарататын «Қазпионет» деген арна бар. Ол бір хабарды кешке дейін қайталай береді. Одан біз де жалығып кеттік. Қазақша сөйлейтін қазақтың киноларын берейін демейді. Қазақстанның керемет жетістіктерін түсіріп көрсетуге болады ғой...
Еуропада құрылтай өткізіп тұрамыз. Ондағы мақсатымыз қазақтың қыздары өзге жұрттың етегінен ұстап кетпесін өз ұлтымызды көбейтуге күш салсын дейміз. Еуропаның түкпір-түкпіріндегі қазақтар жиылып бас қосады. Сол кезде Францияда тұратын қазақтың жігіті Австрияда тұратын қазақтың қызымен танысып соған үйленді. Бұл жақсы үрдіс қой. Бүгінгі қаупіміз шетелдегі қандастарымыз жыл жылжыған сайын қазақы салт-дәстүрлерімізді ұмытып бара жатыр. Соған үш төрт жылдан бері елшілікке өтініш айтумен келеміз. Шетке қазақша үйрететін мұғалім жіберіңдер деп. Түрік өкіметінің бір жақсы жері қай жерде тұрмасын өз бауырларына бір мұғалім, бір имам жібереді. Тілін, дінін ұмытпасын деп. Содан үйренсек екен. Қазақстанның кеуде қаққан байлары қайда? Солар қазақтың мүддесі үшін өз қандастарына неге қарайласпайды. Қазақ үшін, қазақтың ертеңі үшін игі іс тындырса ұрпағы оны өмірі ұмытпайды ғой. Басқа мемлекеттердегі байлар ұлттық мүддеге келгенде жабылып кетеді...
Қазақстанға келгенде өзгеше сезімде боласың. Айналаңдағыңның бәрі қазақ. Ешкім тиіспейді. Өз үйіңде жүргендей еркін сезінесің. Рахат. Басқа елдерде мұндай еркіндікті сезіне алмайсың. Қазақтың жастары үлкенге ілтипат көрсетеді, мешітке барсаң жастар намазға жығылып жатыр. Бұл рухани бір жақсылық. Қазақстан дамыған 50 елдің қатарына кіреді деп жатыр, біздің ойымызша 30 елдің қатарында болады болашақта. Жалғыз қауіптенетінім, осы жеткен жетістікке мастанбау керек. Мастық жаман ғадет. Болдық толдық демей, алда не болады деу керек. Жетпіс жыл жылап келгені жетеді. Енді алдағы күн, жарқын болашақ үшін күресу керек. Ең алдымен тілімізді, ділімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді ұмытпауымыз керек... Қазір Еуропада аштық байқалып жатыр. Мемлекеті бай болғанымен, халқы кедей. Француздардың жамандығын көрмедім. Халқының жағдайы нашар. Жұмыс ісетесең ғана жан бағуға болады. Жұмыс істесең ғана аштан қатпайсың, көштен қалмайсың. 1975 жылы француз өкіметі әйелдерге бір баланы дүниеге әкелсе мың франк, екі бала болса үш мың франк, бес бала болса бес мың франк беріледі деген заң шығарды. Ол кезде Францияда жастар азайып, қарттар көбейген кезең болатын. Осыдан кейін халық саны біраз көтерілді... Қабырғамды қайыстырған жәйттер де аз емес. Өткенде осы облыстан бір қыз айтады «Жұмысқа тұруыма 30 мың теңге ақша сұрап жатыр» дейді. Таң қалдым. Мұны француз журналистері естісе масқарашылық деп бүкіл әлемге жаяр еді. «Ешкім естімесін» дедім. Мәселен, Францияда сырқаттанып қалсаң бір тиын да төлемейсің. Өйткені жұмыс істеп жүргенде оның ақысының бәрін өтеп қойғам... Еуропадағы қазақтар салт дәстүрге берік. Үйленген кезде өлтірің бар, қалыңмал бар сүтақың бар бәрін сақтаған. Ендігі қауіп келер ұрпақ ұмытып кетпесе дейсің... Атамекеннен артық жер жоқ қой, шіркін. Ертерек елге оралукерек еді деп ойлаймын кейде...»
Ия, ой бөліскен оралман аға осылай дейді. Туған жерге табан тіреген қандастарымыздың айтар уәжі болғанымен ұрысы жоқ. Ұнамасы болғанымен ұтылмасы жоқ. Өйткені олар туған жерге оралған қандасымыз, бауырымыз. Атамекен кіндік қаны тамған баласының арызын көтермейді...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста