Тұңғыш ұшқыш қызын халқы ұмытпайды

Тұңғыш ұшқыш қызын халқы ұмытпайды

Хиуаз Доспанова Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майданда ерлікпен шайқасқан әскери ұшқыш-штурман, қазақ қызы. Атырау топырағында дүниеге келген қайсар қыз соғыс кезінде атақты ұшқыш Марина Раскова басқарған авиация түнгі бомбалаушы–ұшқыштар полкінде қызмет атқарған. Қанатты қыз Солтүстік Кавказ, Кубан, Қырым, Украина, Германияны жаудан азат ету жолында әуеге үш жүзден аса мәрте көтеріліп, жаудың күшін әлсіретіп, жеңіс күнін жақындатты. Хиуаз Қайырқызы «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көзсіз ерлігі үшін көптеген медальдармен марапатталған. Дегенмен әуеде оқ пен оттың ортасында ұшып жүріп, талай ерлік көрсеткен Хиуаз Доспанованың ерлігі Кеңес Одағының батыры атағына лайықты болғанмен, бұл атақ берілмеді. Соғыс біткеннен соң, жарты ғасырдан астам уақыттан соң, қанатты қыздың Отаны - Қазақ елі ұшқыш қыздың ерлігін Халық қаһарманы атағымен бағалады. 

Хиуаз мектепте оқып жүргенде-ақ ұшқыш болуды армандады. Ол асқақ арманына жету үшін мектептегі оқуымен бірге Орал қаласындағы аэроклубта қатар оқыды. Алғашқы ұшу сапары, парашютпен секіру секілді жауапкершілікті сынақтардан мүдірмей өткен қайсар қызға облыстық әскери комиссариат «Запастағы ұшқыш» деген атағы жазылған куәлікті табыс еткенде Хиуаздың ойында «Мен ұшқышпын. Енді қайтсем де Марина Расковамен кездесуім керек»деген ой ғана болды. Бірақ қаршадай қыз бұл арманы екінші дүниежүзілік соғыста ғана орындаларын білмеген еді..
-Қазақстандықсыз ба?-деп сұрады Раскова.
-Ия.
-Қазақпысың?
-Ия.
-Запастағы ұшқышсыз ғой?
-Ия.
-Қандай іске бет алғаныңызды ұғасыз ба? Бұл соғыс!
-Мен комсомол мүшесімін.
-Басқа сұрау жоқ, қабылдау бөлмесінде күте тұрыңыз, - деді Раскова, мен шығып кеттім.
Бұл Хиуаз Қайырқызының «Халқым үшін» атты естелігінен үзінді.
Қысқа да нұсқа қойылған өз сұрағына қазақ қызының мірдің оғындай жауаптары Марина Расковаға запастағы ұшқыш қыздың осал жан еместігіне сендірген еді. Осылайша атақты ұшқыш М.Раскованың командирлігімен әйелдерден құрылған әуе полкіне Отан алдындағы перзенттік парызын өтеуді мақсат еткен қазақтың қайсар қызы Хиуаз Доспанова да қабылданды. Бала күнгі арманы орындалған Хиуаз өзіңе ұшақты басқаруды сеніп тапсырған М.Расковамен бірге ұшқан алғашқы күнін әсте жадынан өшірген емес.
Көп ұзамай ұшу сапарлары аңызға айналған ұшқыш Марина Раскованың барлық тәжірибесінен өткен әйелдерден құрылған полктің де майданға аттанар сәті келді. Кәсіби ұшқыш М.Раскова полкті майдан шебіне дейін өзі бастап апарды. Тұнғыш рет әйелдерден құрылған түнгі жеңіл бомбардировщиктер полкін аға лейтенант Е. Бершанская басқарды. Майдан шебіне жетіп, алғашқы әскери тапсырманы алғанға дейін 18 жастағы өрімдей бойжеткендер соғыс деген тура келген ажал екенін жете түсінбегендері анық. Бірақ соғыс деген атының өзі қайғы екенін жас жүректері сезген еді.....
Полк командирі Е.Бершанскаяның бүкіл ұшқыштар құрамының алдына алғаш қойған жауынгерлік тапсырмасы-Майндорф пен соның аумағындағы елді мекендерде шоғырланған дұшпанды техникаларымен қоса бомбалау болды. Негізгі нысана-Майндорфты бомбалау қазақтың қайсар қызы Хиуаз бен звено командирі Е. Пискареваға тапсырылды. Өрімдей екі қыз жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағын басқарып, алғашқы тапсырманы орындау үшін аспанға көтерілді. Штурманның міндеті ұшақтың ұшу және желдің жылдамдығын, бағытын, ұшу биіктігін ескере отырып, компас бойынша нысанаға дейінгі жерді белгілеп бомбалауға іс-әрекет ету. Бұдан соң негізгі міндеті, бомбалайтын нысанды дәл тауып, ұшақтағы арнайы құралдар арқылы бомбаны соған көздеп лақтыру. Алғашқы күні, дұшпандарға қарсы бағыттаған бомбасын «Отан үшін!»деп айқайлап көздеп лақтырған Хиуаз апамыздың жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде толтырылған әскери құжаттарда 1942 жылы Хиуаз Доспанова 72 рет әуеге көтеріліп, 32 100 кило салмақты құрайтын түрлі калибрлі бомбаларды жауға тастағаны және өте қырағы, дәлдікпен нысанаға тиген бомба жарылысынан дұшпандармен қоса әскери техникалар шоғырланған жерлердің жойылғаны туралы дерек бар.
ПО-2 ұшағымен кейде тәулігіне жеті-сегіз рет дамыл көрместен немістерге қарсы шабуылға шыққан қазақ қызы талай мәрте өлім аузынан аман қалды. Сондай оқиғалардың бірі және Хиуазды ұшағына әбден «бауыр»бастырып қойған қайғылы оқиға 1943 жылы ауа райының қолайсыздау күні орын алды. Кезекті әскери тапсырмадан оралған Юля Пашкова басқарған ұшақ жерге қону кезінде сәтсіздікке душар болды. Қас қағым сәтте естен айырылған Хиуаз бен Юляның естерін жия сала іздегендері пистолеттері болды. Егер жаудан алыс болса оқ атып дыбыс беріп көмекке шақыру,болмаса немістердің тұзағына түскенше өз-өздерін өлтіруге бекінген қыздарды өз полкындағы қыздар тауып алып майдан госпиталына жеткізген. Сол күні Юля ауыр жарақаттан көз жұмып, Хиуаз өте ауыр жараланып, бірнеше ай бойы бүкіл денесі гипстеліп, төсекке танылып жатты. Сонда да қанатты қыздың бар ойы әуеде ұшып, дұшпанға қарсы соғысу болғаны ақиқат еді...
Хиуаздың денсаулығы сәл жақсара келе штурман қызметіне қайта кіріскенін,тіпті жауынгерлік тапсырманы орындау үшін денсаулығына байланысты ұшағында қонып, штаб командиріне рапортты ұшақ ішінде отырып беріп, майдан даласына аттанғанын сол кездегі әскери жазушылар газеттерге жазып жатты. Хиуаз туралы соғыс даласында алғаш қалам тербеген майдандық газеттің тілшісі, ақын Сағынғали Сейітов болды. Хиуазбен бірнеше рет ұрыс даласында кездескен ол, қазақ қызының ерлігін тарихтың парағына жазып, бүгінге жеткізді.
Хиуаз Доспанова ауыр жарақат алғаннан кейін де Қырымды азат етуде ерліктің үлгісін көрсетті. Қазақ қызының осы ерлігі «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Кавказды азат еткені үшін»медалімен бағаланды.
Әскери тапсырманың орындалысы туралы құжаттарға тағы бір зер сала отырып, осы жауынгерлік наградалардан соң, Хиуаз Доспанованың 168 рет әуеге ұшып, неміс басқыншыларына қарсы әуеден ойран салғаны туралы деректерге қанықтық. Осы деректерде штурман қазақ қызы Хиуаз Доспанованың күндіз де, түнде де, тіпті ауа райын талғамай ұшып, немістерге қарсы күйрете соққы бергені туралы жазылған. Әйел ұшқыштардың сан мәрте ерлігі, олардың әйелдерден құрылған әуе полкының гвардиялық полк атағына лайық деп бағаланып, ұшқыштар жаңа офицерлік атаққа ие болды. Біздің жерлесіміз Хиуаз Доспановаға гвардия аға лейтенанты атағы берілді.
Хиуаз бен оның құрбыларын немістер «Түнгі перілер»деп атап, осы «перілердің» әуеден соққысын үрейлене күтіп, талай бозала таңды көз шырымын алмастан қарсы алғанын айту парыз. Тіпті М.Раскова жасақтаған тұңғыш әйел ұшқыштар туралы Гитлердің өзі әрбір атып түсірілген әйел ұшқыштар экипажы үшін әрбір солдатына темір крест беріп, аз күнге үйіне демалысқа жібруге уәде берген деген әңгімелерге ұшқыш қыздардың өздері де қанық болды. Немістер «Түнгі перілерді» атып түсіріп, марапатқа ие болуы үшін нендей әрекет етпеді десеңізші...Бірақ сауысқандай сақ ұшқыш қыздар олардың құрығынан аман қалу үшін біліктіліктеріне сенетін. Әйтсе де, жаудың оғы Хиуаздың бауырындай болып кеткен құрбысы Дуся Носальдың өмірінің қыршыннан қыйылуына себепші болды. Д.Носаль өмірден өткен соң оған Совет Одағының батыры деген атақ берілді. Жауынгерлік тапсырмамен кеткен Полина Белкина мен тағы да біраз өрімдей қыздардан құрылған экипаждар қайта оралмады...
Алғашқы тапсырманы тиянақты орындаған Хиуаз Доспанованың әуеге көтеріліп, неміс басқыншыларына қарсы әуеден соққы беруі алғашқы күннен-ақ ерлікке татитын. Бірақ оны кезінде көретін көз, бағалайтын әділдік болмады. Қазақ қызының екі сан сүйегі сынып, оған мойымай ұшағына қайта отырып жаумен айқасқанын сол кездегі әскери жоғары басшылар көрсе де, қазақ қызының ерлігіне бастарын шайқап сүйсінсе де ,оған Совет Одағының Батыры деген атақты беруге асықпады... Осы орайда Халық жазушысы Соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықовтың Хиуаз туралы жазбасында «Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдинов жау тылына-305, Леонид Беда-211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ...»-деп жаза келе, Хиуаз Доспанова кішкене ғана фанера ұшақпен 300 ден астам әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдарында бағаланбаса да, бейбіт өмірде бағалануы тиіс деп өз ойын ашық жазды.
Ақиқатында соғыс кезінде М.Раскованың әйелдерден тұңғыш құрылған әуе полкінде Хиуазбен қатар соғысқан ұшқыштар соғыс кезінде-ақ «Батыр» атанды. Тіпті соғыстың соңғы күндері, Қазақтың қайсар қызына Генерал А.Гречконы Мәскеуге апару туралы ерекше тапсырманы орындау сеніп тапсырылғанын біреу білсе, біреу білмес. Дей тұрғанмен осы ерліктің бәрі де ескерілмей, Хиуаз Доспанова еліне оралып, қоғамдық, жауапкершілігі маңызды қызметтер атқарды. Қазақстан Комсомолының Орталық Комитетін басқарып, Алматы қалалық партия Комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Қазақтың қайсар, шыншыл, тура сөйлеп, істі жүзеге асыруымен елге қызмет етіп, Алматыдағы «Медеу» мұз айдыны спорт кешенін, «Горный гигант» алма бағын тұрғызуға, Министрлер кеңесінің ауруханасы, емханасы, дәріханасының тұтас кешенін, «Ғалымдар үйі» ғимаратын салуға, театрда «Абай», «Шоқан» драмасының сахналануы секілді маңызды жұмыстардың басы-қасында өзі жүрді. Осыншама тыңдырымды еңбегіне қарамастан қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Хиуазды сол кездегі билік басындағылар, партияның ХХ сьезінен соң,өткен күндер үшін жауапты жылдар басталған заматта, бар жоғы 37 жасында ғұмырлық зейнеткерлікке шығарып жіберді. Олар үшін Хиуаздың соғыста төрт мәрте ауыр жарақат алуы негізгі себеп болып шыға келді. Өзін «керексіз»еткендерге сыр білдірмей 1960 жылы «Под командованием Расковой» (орыс тілінде), «Халқым үшін»1963 жылы,(қазақ тілінде) майдан естеліктерін жарыққа шығарды. Бұдан соң ұзақ үнсіздік, қанатты қыздың бар-жоғы елеусіз қала берді. «Әділдік түбі жеңеді. Бірақ оны күтуге тура келеді»-деген халық сөзі ақиқатқа айналды.
Еліміз егемендік алып, көк байрағымыз көкте желбіреді. Соғыс ардагерлері, майдан тілшісі қызметін атқарған азаматтар мен зиялы қауым, атыраулық қарымды қаламгерлер Хиуаздың ескерусіз қалғаны, Бауыржан Момышұлының «Қызыл жұлдызының» табыс етілмегені туралы дүркін-дүркін мақалалар жазып, ол республикалық,облыстық газеттерде басылып жарыққа шығып тұрды. Бұл іздеудің, ерлікті бағалауды ескеру керектігі туралы үндеулер Мемлекет басшысы тарапынан ескерусіз қалмады.
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының «Қызыл жұлдызы» егемендіктің алғашқы жылы Елбасының табандылығының нәтижесінде Отанына, отбасына табыс етілді. Әттең соғыста ерліктері аңыз болған Рахымжан Қошқарбаевтың, Қасым Қайсеновтің «Қызыл жұлдыздары» Хиуаз Доспанованың «Даңқ» ордені елге табыс етілмеді.
Дегенмен, 2004 жылы еліміздің көреген басшысы Н.Ә.Назарбаев қазақтың батыр қызына «Халық қаһарманы» атағын беріп, қайсар ананы қайта қатарға қосты. Осылайша елі «Қанатты қыз» атап кеткен Хиуаз Доспанова халқымен қайта қауышты. Оралдық Мұрат Жәкібаев есімді азамат Хиуаз апайдың ерлігін паш ететін «Успеть бы поклониться» атты деректі фильм түсіріп, халық назарына ұсынды. Хиуаз апайдың өзі көзі тірісінде бұл фильмді көріп, авторларға алғысын айтқаны көңілге бір демеу. Атырауда Жеңістің 65 жылдығында Хиуаз Доспанова бюсті тұғырына қойылды. Қазақтың батыр қызын ұлықтау мақсатында атыраулық журналистердің жергілікті, республикалық газеттердегі мақалалары 2012 жылы, Жеңіс күнінде «ЭйрАстана» әуе компаниясы өзінің тұңғыш жекеменшік ұшағына Хиуаз есімін беруімен үндестік тапты. Қазіргі күні аталған әуе комапниясында Дина Нұрпейісова, Күләш Бәйсейітова, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Роза Бағланова,Әмина Өмірзақова есімдерімен аталған үлкен және шағын ұшақтар көкте қалықтап ұшып жүр. Бұл ұшақтардың қатары поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова есімі берілген ұшқапен толығарына сеніміміз мол.
Бүгінгі ақиқат, Елбасы ардақтаған қайсар қыздың есімі соңғы жылдары тағы да көлеңке тұста қалып келеді. Әлі күнге дейін мектеп пәндерінде Хиуаз Доспанова туралы бірде –бір дерек жазылмады. Бұның өзі, біз секілді келешек ұрпақ та тұңғыш әскери ұшқыш қазақ қызы туралы ешбір дерек білмей өседі деп пайымдауға негіз болып отыр.
Осы орайда, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың:
– Хиуаз Доспанова – қазақтың ұлы қыздарының бірі. Ол – қазақ даласынан ұшақпен соғысқа аттанған алғашқы батыр қыз. Жастық шағын Отан үшін от пен оқтың ортасында өткізген Хиуаздың ерлігін көзі тірісінде де тиісті деңгейде бағалай алмадық, ел болып құрмет-қошемет көрсеткеніміз де аз. Бүкіл Орта Азия елдерінің ішінде жанқиярлықпен соғысқан, үлкен батылдық көрсеткен қазақтан басқа қай ұлтта Хиуаздай қыздар бар еді? Оның атына қандай құрмет көрсетсек те, артық емес. Туған жері Атыраудағы халықаралық әуежайға Хиуаз атын беру туралы бастаманы сондықтан да қолдаймын. Хиуаз, Әлия, Мәншүктердің аттарын біз аспандатпасақ, келер ұрпақ алдында айыптымыз. Өйткені біз олардың бірінің көзін көрген, бірінің ерлігіне қаныққан соңғы ұрпақтың өкіліміз. Хиуазға арнап үлкен ескерткіш салу керек деп ойлаймын. Атыраудағы әуежайдың алдында ма, басқа бір көрнекті жерде ме, батыр рухын биікке көтерердей алып ескерткіш бой көтерсе, дұрыс болар еді. Өйткені Хиуаздай батыр қыздар – ұрпаққа үлгі-деген сөзі бізді ойландыруы тиіс.
PS: Қазақтың үш батыр қыздарын бір-бірінен бөлектеп қарауды тарих жүгі әсте көтермейді. Әлия мен Мәншүк халқымен қалай табысқан болса, Хиуаз да дәл сол биіктен көрінуге лайық тұлға. Осы орайда, соңғы жылдары халық арасында қоғамдық пікір туғызған, осы мақала авторының «Атырау халықаралық әуежайына» қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Хиуаз Доспанова есімін беру туралы бастамасы Үкімет тарапынан қолдау тапқан жағдайда, Хиуаз есімі өз биігінде тұрарына халық сенімді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста