Мәселе

Үйлену мәселесі жаңа көзқарасты талап етеді

  • Үйлену мәселесі жаңа көзқарасты талап етеді

    Үйлену мәселесі жаңа көзқарасты талап етеді

Қазақстанда неке қию саны аза­й­ып,­ ажырасу фактілері көбейіп, үй­ленудің орта жасы ұзарып келеді. Сен­бейсіз бе? Дерекке сүйенейік. «АХАЖ Тіркеу пункті» ақпараттық жүйесінің мәліметінше, 2013 жылы 167 411 неке қиылып, 51 305 жұптың заңды некесі бұзылған екен.


Аталған көрсеткіштер жыл сайын нашарлап, 2017 жылы 141 785 жаңа шаңырақ пайда болып, 54 948 неке сәтсіз аяқталыпты. Бар болғаны төрт жыл ішінде некелесу саны 26 мыңға азайса, ажырасудың пайыздық көрсеткіші 31%-дан 39%-ға артқан. Отбасылы болудың орта жасы да бір орнында тұрмай, 1 жылға кейінге шегерілген. 2013-2014 жылдары жігіттер 28 жаста үйленіп, қыздарымыз 25 жаста тұрмыс құрса, өткен жылы үйленудің орта жасы ерлер үшін 29, әйелдер үшін 26 жас бол­ған екен. Әдетте осы мәселе қозғалғанда аға буын өкілдері бірден тәрбие негіздерінің шайқалуын айтады. Жігіттердің бұзық­тығына, я әлсіздігіне төзімділікпен қарай­тын біздің қоғам көбіне қырық үйден «тыйылмаған» қыздарымызды сынап-мінеп жатады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, қамқорлық, еңбекқорлық, жауапкершілік жүгін бірге арқалау секілді нақылдардың төңірегіндегі әңгіме болса, бұл ойды орынды деп білеміз. Алайда біздің көретініміз, саны жоқ салыстырулар мен сөгулер: сенің жасыңда біз өйтпегенбіз, бүйтпегенбіз, біздің уақытымызда бұлай болмаған, сендерде қазір барлық жағдай бар және тағысын-тағы. Бұл уәждің дұрыстығына күмән келтірмейміз, дегенмен жоғарыда аталған трендтер бүгінгі дамыған қоғамның бәріне тән екендігін бір сәт ескерсек дейміз. Жастар неліктен үйленуге асықпай­ды? Некеге тұрған соң, не себепті айы­рылысады?


Тарихқа үңілсек, некеге тұру, балалы-шағалы болу тұрмыстық тұрғыда тиімді болған. Ер әйелге, әйел ерге мұқтаж болды. Отағасы мал табады, бәйбіше ошақ қасында, ұлдар – шаруаға жарайтын қосымша жұмыс күші, қыздар – анасына көмекші. ХХ ғасырда отырықшылық пайда болып, қалада тұру қалыпты жағдайға айналғанымен, аталған әлеуметтік үлгі қатты өзгере қоймады. Либералды құндылықтар кеңінен насихатталған ХХІ ғасырда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері артты. Сонымен қатар технологиялық дамудың әсерінен ерлердің де әйелдерге деген тұрмыстық мұқтаждығы азайды. Дәл бүгінгі қоғамда жігітке тамақ істейтін, киім жуатын, үй жинайтын, сиыр са­уып, сүт қайнататын «арнайы адам» аса қажет емес. Қыздарымыз да қаржылық тұрғыда тәуелсіз бола бастады. Ерлермен бірдей жалақы алады, бірдей көлік мініп, бірдей ел аралайды. Олар да қара күшке зар емес, ақша болса кез келген қызметті сатып ала алады. Мансабы жүріп тұрған, пәтері мен қымбат көлігі бар 28-30 жастағы бойдақ жігіт пен қызды елестетіп көрелік. Қымбат киімін киіп, бағалы заттарын тағып құны жоғары көлігімен жұмысына барып, кешке үйіне келеді де, одан әрі жақын достарымен қыдырып, сауық құрады. Демалыста ұйқысын қандырып, кино көріп, туыстарын іздейді. Өз уақыты өзіне тәуелді. Жағдайы жақсы мұндай адамға отбасын құру қосымша жүк, жайсыздық болып көрінеді. Саналы түрде үйленуді дұрыс көреді, бала сүйгісі келеді, жұрт қатарлы болғысы келеді, бірақ бейсаналы түрде мұның бәрін кейінге шегере береді. Өйткені сол жағдайы оның көңілінен шығады, ол оны өзгертуге қатты ынталы емес. Үйленгісі келмейтіндердің жайы түсінікті делік, ал үйленіп алып ажыраса­тындарға не көрінді деуіңіз мүмкін. Алаңдауыңыздың жөні бар, себебі бүгінде әрбір 3 некенің біреуі айыры­л­ы­­сумен аяқталуда. Әлеуметтік және тұрмыстық себептерден бөлек, бұл жерде де құндылықтар қақтығысы байқалады. Либералдық құндылықтар бәріне бірдей келе қоймады. Кешегі ұстанымдармен өмір сүріп отырған жастар бұрынғы отбасылық рөлдерді қабылдап, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Дегенмен жа­­ңа заманға жылдам бейімделген, бірақ ата-ана мен қоғам қысымының әсерінен асығыс үйленетіндер де аз емес. Оның үстіне жастардың бәрі бірдей отбасылық өмірге дайын бола бермейді: көбі үйленудің тек жағымды жақтарын елестетіп, ауыртпалықтарына ойша да­йындала қоймайды. Осының әсерінен үйленген соң когнитивті диссонанс болып, тұрмыстық қиыншылықтарға шы­дамаған жастар екі жаққа кетіп жатыр. Кешегі қоғамның адамдары түгелдей тәрбиелі, бәрі бірдей отбасылық өмірге дайын болды демес бұрын, бір жайтты қаперде ұстағанымыз орынды. Егер сол кездің жастарында бүгінгі білім мен мүмкіндіктер болғанда, жағдай қалай болар еді? Күйеуінен оңбай таяқ жеп, еліне баруды ұят санаған талай әйелдер тағдырдың жазғанына көнуге мәжбүр болды емес пе? Жоғары білімі болып, ешкімнің көмегінсіз өзін асырай алатын жағдайы болғанда қазір үбірлі-шүбірлі болып отырған аталарымыз бен әжелеріміздің өмірі қалай болар еді? Қалай дегенде де, заман өзгерді және соған сәйкес құндылықтар да жаңаруда. Сондықтан неке мәселесін реттеудегі қоғамның талабы мен мемлекеттің сая­сатын да жаңа құндылықтарға қарай бейімдеген жөн секілді.


Дархан Өмірбек, «Егемен Қазақстан»


egemen.kz




Көрілген: 683    Пікірлер: 0

бейсенбі, 01.02.2018, 20:36

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31