Спорт

Пауэрлифтинг саңлағы Тұрсынай Қабыл: Тағдыр үшін тауымның шағылғанын қаламадым

  • © ҚазАқпарат

    © ҚазАқпарат

Дубайда өткен Азия ойындарының жеңімпазы Тұрсынай Қабыл өмірге ғашық жүрекпен өзгені таңғалдырып қана қоймай, ерік-жігерімен көпке үлгі болып жүрген бірігей спортшы. Оның жеңіске деген құштарлығы бүгінгі таңда Тұрсынайды Қазақстандағы пауэрлифтингтің жарқын жұлдызына айналдырып отыр. Адам болып алға жылжу үшін бойдың емес, ойдың керек екенін өмірімен дәлелдеген Тұрсынаймен орай келген сұхбатты «ҚазАқпарат» оқырмандарына ұсынамыз.


- Тұрсынай, Азия ойындары туралы кеңірек әңгімелеп берсеңіз. Ол сайыста ең басты қарсыластарыңыз кім болды?


- Шыны керек, бапкерім екеуіміз өте қатты алаңдадық. Сескенуіміздің өзіндік себебі бар еді. Жарақат алғаннан кейін бар-жоғы 4 ай ғана дайындалдым да, облыстық чемпионатта ғана бағымды сынадым, сол жолы екінші орынға ғана іліктім. Облыстық дәрежедегі сайыста Павлодардан келген спортшыға есе жібердім. Алайда жарақат алмас бұрын одан мерейім үстем болып жүрген еді. Одан кейін Азияның паралимпиадалық ойындарына дайындық жұмыстары басталып кетті де, мен жарақат алған қолыммен қалайша ірі жарысқа түсетінімді ойлап, қатты алаңдағаным рас. Қарсыластарымның ешқайсысы әсте осал емес еді. Әрине, жүлдеге ілікпей қаламын ба деген уайымым болды. Үрейдің кеселі негізгі дайындығымның қалпын бұзып жібере ме деген секес қалмай жүргенімен, мені жаттықтырушым рухтандыра білді.


- Үлкен спортқа қалай келдіңіз? Пауэрлифтингті таңдауыңыздың себебі неде?


- 4 жасымнан бастап әр түрлі спорттың түрлерінде бағымды сынап жүрдім. Гимнастика, карате, бокс, ережесіз жекпе-жек дейсіз бе - бәрін де сынадық. Бірақ, оларда өзімді келешекте көре алмағаннан кейін спорттан қол үзе бастадым. Бұдан кейін би үйірмесіне барып жүрген уақытта 2015 жылы өзімнің жаттықтырушыммен кездестім. Осылайша, пауэрлифтингке қойып кеттік. Бар-жоғы бір жылдың ішінде Қазақстан чемпионатын төрт рет ұтып алдым да, одан соң Якутияда өткен «Азия балалары» сайысында топ жарып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алдым. 2017 жылы Дубайда өтетін Әлем Кубогына дайындалып жүргеніммен, 2016 жылы автобус қағып кетіп, осының салдарынан маған екі мәрте ота жасалды. Басымнан өткен қайғылы жағдайдан соң қайта қалпыма келу өте қиынға түсіп, өмір мен үшін бір орында тоқтап қалғандай сезімде жүрдім. Дәрігерлер «егер спортпен айналыссаң қолыңның ауруы одан ары асқынып кетеді» дегеннен кейін спорттан қол үзе жаздадым. Бірақ, алға қойған мақсаттың орындалуы үшін дәрігерлердің сөзін елемей, өзімнің күш-қуатым мен жаттығуымның тұрақтылығына сенім арттым. Бір қызығы, спортқа оралған соң қолым қайта қалпына келіп, өзімді жақсы сезіне түстім. Спортқа оралмай тұрып қолымды жан-жаққа сермеу мүмкін емес еді. Құдайға шүкір, қазір бәрі де қалыпқа келе жатыр.


- БАҚ сізге «қазақстандық Дюймовочка» деп ат қойып алғаннан хабардар боларсыз. Осынау есімге қатысты ойыңыз қандай?


- Мен Инстаграмдағы парақшама бір күні «Өзімді Дюймовочка секілді сезінемін» деп жазғаннан кейін көпшілік мені осылай атай бастады. Осыдан кейін-ақ, «қазақстандық Дюймовочка» туралы жаңалықтардың легі жариялана бастады. Мені осылай атағанда айтарлықтай қуанып қаламын. Неге екенін білмеймін, солай атағандары өзіме өте ұнайды.


- Қазақстандағы паралимпиядалық спорттың жалпы дамуына ойыссақ. Соңғы жылдары паралимпиялық спорт түрлері Қазақстандағы алға қадам басып келе жатқан секілді. Бұған қатысты не айтар едіңіз?


- Шынымды айтсам, мен дені сау адамдардың да, паралимпиядалық ойындарда да бағымды сынап көрдім. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың спортының дамуының келешегі зор. Біздің Қазақстанда паралимпиядық спорт түрлері өте қарқынды түрде қанат жайып келеді. Кедергілерге қарамастан, көптеген мүмкіндігі шектеулі жандар ірі сайыстарға қатысып, топ жарып жүр. Біздің бұл қатардағы спортшылардың халықаралық жарыстарда алып жүрген алтын медальдары жетерлік. Осы жетістікпен мақтана отырып, ерекше қажеттілігі бар адамдар екі қолын бос қойып үйінде отырмас деген сенімдемін. Олар да спорттық, мәдени шараларға белсене атсалыса алады.


- Алдағы уақытта алдыңызға қойған мақсаттарыңыз қандай?


- Аяғымнан тік тұрып, Әлем Кубогы мен әлем чемпионатында топ жарып, әлемнің көптеген мемлекеттерін аралағым келеді. Әлбетте, ең басты арманым - Олимпиада чемпионы болу. Паралимпиядалық ойындардың бір емес, бірнеше мәрте алтын медаліне ие болғым келеді. 2020, 2024 және 2028 жылдардағы Паралимпиадаларға қатыссамын деген ойым бар. Қартайғанша спорттан кеткім жоқ. Жақындарым мен туыстарыма жеңісім арқылы жігер беріп, тек алға жылжу керектігін ісіммен көрсетсем деймін.


- Өзіңіз балалығыз туралы айтып берсеңіз...


- Мен өте мейірімді әрі әңгімешіл, бірақ өкпелегіш адаммын. Мінезім берік болғаннан кейін болар, спортқа қайтып келіп жүргенім. Бала шағымда маған мұрынын шүйіре қарайтын адамдарды түсінбей дал болатын едім. 12 жасқа толғаннан кейін бұл мәселеге ойлы көзбен қарауды үйренгеніммен, өкпем бәрібір тарқамайтын. Мен осының барлығын еңсердім де, кемшілігімді алға жылжытар артықшылыққа айналдыруға тырыстым. Бұл менің ерекшелігім болғандықтан, мені өзгеден ерекшелендіріп тұратын осынау қалпымды қабылдай білдім.


- Кей кезде мықты адамдардың жетістігі өзгелерге дем мен рух беріп жатады? Ал сізге осындай қанат бітірген адам бар ма?


- Мүмкіндігі шектеулі болса да, мақсат-межесіне жетіп, билеп, өмірге деген махаббатын көрсете білетін адамдар баршылық. Оларға қарап отырып, өзім де рухтана түсемін. Дәрігерлер баласы өмірге келген кезінде «тірі қалмайды» деп айтқан бір ана бар. Ақыры, әлгі бала бір ай бойы инкубаторда жатты. Осы кезде оның шешесі де сондай күйде ауруханада бас көтере алмай жатқан еді. Анасы баласының өмірі үшін қатты алаңдап, құдайынан тек қана шақалағының жаны аман қалсын деп қана жалына беріпті. Әйелдің есімі Нұрбану еді - ол менің шешем... Дәрігерлер оған қайта-қайта: «Бұл ауру бала. Оның сізге не керегі бар?» деп айта берген көрінеді. Бірақ, тағдырдың тепкісіне қарамастан, мен өмір сүріп кеттім. Тіпті мақсаттарымның шыңын да бағындырып келе жатырмын. Тағдырдың тепкісі екен деп, тауымның шағылғанын қаламадым. Рухтандыра білетін ең жақын адамым - менің анам. Барым да, нарым да - сол жанашырым. Мен бақытты сәттерім үшін Құдайыма, өмір үшін анама зор рахметімді айтамын.


- Сіздің жеңісіңіз сөзсіз көптеген адамдарға оң әсерін тигізіп жатыр. Енді ғана бастаған спортшыларға не тілер едіңіз?


- Клубтарды кезіп, алкоголь ішіп, темекіге әуес болмай спортпен айналысқан дұрыс болады деп айтар едім. Себебі, қазіргі таңда спортта көптеген есіктер ашыла бастады. Сонымен бірге, ерекше қажеттілігі бар адамдарға «менің қолымнан түк келмейді» деген ойдың мүлде пайдасы жоқ екенін айтқым келеді. Олар тек қана алғы жылжуы керек.


- Жаңа жылда қазақстандықтарға не тілер едіңіз?


- Келе жатқан жаңа жылда барлық қазақстандықтарға, барша бауырларым мен қарындастарыма бақыт пен махаббат, қуаныш пен еңбекте жеміс тілеймін. Барлық жамандық ескі жылмен бірге кетсін. Сонымен бірге, біздің елде бәрі ойдағыдай болсын деп тілер едім.


- Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!


 




Көрілген: 647    Пікірлер: 0

сейсенбі, 02.01.2018, 10:39

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30