Спорт

Винисіз «шайтан арбамыз» шабан

  • Винисіз «шайтан арбамыз» шабан

    Винисіз «шайтан арбамыз» шабан

Сәрсенбінің сәтінде «Жасыл құрлықта» (Австра­лияда) тас жол­да­ғы веложарыстан әлем чемпионаты басталды. Бірінші күні жастар мен әйелдер арасындағы жеке жарыс өтсе, кеше ересек­тер бәйгеге түсіп, көпші­лік­тің делебесін қоз­дыр­ды.



Әуелі 23 жасқа дейінгі жігіттер ара­сын­да­ғы жеке жарыс өтті. Яғни вело­ша­бан­доз­дар сөреден жарыс жолына жеке-жеке жіберіліп, олардың уақыттары (көр­сет­кіш­тері) есепке алынып отырды. Ұзақтығы 31,8 шақырым болып, бәйгеге 26 елден 41 велошабандоз қатысты. Уақытпен жа­рыс­қан бұл жекелей сында АҚШ ве­ло­спор­т­шысы Тейлор Финней үздік шықты. Оның көрсеткіші – 42 минут 50,29 секунд. Люк Дарбридж (Австралия) күміспен күп­телсе, Марсель Киттель (Германия) қола медаль еншіледі. Біздің елдің атынан сынға түскен Даниил Фоминых 24-орынға ие болды. Ол чемпионнан үш минуттай (2 минут 53,87 секунд) қалып қойды.

Әйелдер арасындағы жеке жарыс 22,8 шақырымдық айналма жолда өтті. Ұлыбританиялық Эмма Пули бұл қашық­тық­ты 32 минут 48.44 секунд ішінде жүйт­кіп өтіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері «Жасыл құрлықта» әлем чем­пио­ны атанып, жерлестерін Лондон алты­ны­на дәмелендіріп қойды. Юдит Арндт (Германия) екінші орын алса, Линда Мелани Виллюмсен (Жаңа Зеландия) үшін­ші орынды иеленді. Қазақстандық Елена Антонова 32-орынмен шектелді. Ол Эммадан 5 минут 40,63 секунд қалыс қалды. Осы орайда әйелдер арасындағы жеке жарысқа 24 мемлекеттен 38 спортшы қатысқандығын айта кеткен артық бол­мас.

Ал кеше ерлер арасында жеке жарыс өтті. Велоспорт мамандары мен жан­күйер­лері бұл бәйгені тағатсыз күтті. Бәрін де «жеке жарыстан кейінгі бес жылда ешкімге дес бермей жүрген Фабиан Канчеллара төртінші рет әлем чемпионы бола ма, жоқ па» деген сауал алаңдатты. Әрине, Швей­цария дүлдүлі Канчеллараның жеке жарыс тарланы екеніне ешкім де шүбә келтірмейді. Бірақ қыркүйектің 20-сында аяқталған «Вуэльта» көпкүндігінің осындай жеке жарысында әйгілі Швейцария шабандозы тек үшінші орынға ие болған-ды. Осыған қапаланғандығы соншалық, тіпті «Вуэльта» көпкүндігінде одан әрі бәйгеге түсуден бас тартып, әлем чемпионатына дайындалу үшін кетіп қалған. Телефонын айырып тастап, ешкімге жауап та бермей қойған. Әрине, командаластарының көбі мұны хош көрген жоқ. Сонда «Канчеллараның дәуірі өтті» дегендер де болған. Бірақ Канчеллара бет жыртысып, сол кеткенінде бос кетпепті. Жақсылап дайындалыпты. Австралияда 45,8 шақырымды 58,09 минут ішінде жүйткіп өтіп, төртінші рет әлем чемпионы атанды. Ол бұған дейін 2006, 2007 және 2009 жылғы әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, 2008 жылы Олимпиада чемпионы атанған бола­тын. Екінші орынға оның басты бәсе­ке­лес­терінің бірі Давид Миллар (Ұлыбритания) ие болса, үшінші орынға кейбіреулер «осы жолы чемпион болады» деп үміт артқан Тони Мартин (Германия) орналасты. Естеріңізге сала кетейік, Тони былтырғы әлем чемпионатында да қола жүлдегер атанған. Веложарыстың осы түріне машық Майкл Роджерс (Австралия) бесінші орынға тұрақтаса, Дэвид Забриски (АҚШ) сегізінші орынға табан тіреді. Ал былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Густав Ларссон (Швеция) оныншы орынды қана­ғат тұтып, 2008 жылғы әлем чемпионы Берт Грабш (Германия) он бірінші орынды саялады.

Тас жолдағы веложарыстың осы сы­нын­да Александр Винокуров осы саңлақ­тар­мен тайталасып, жүлделі орындарға сына қағып жүретін. Бірақ биыл Вини әлем чемпионатына барған жоқ. Ал Алек­сан­др­сыз біздің бағымыз жанып, вело­ша­бан­доздарымыз бәйгеде озар емес. Оның орнын басатын ешкім болмай тұр әзірше. Мысалы, осы жолы ел намысын қорғаған Дмитрий Фофонов кешегі жеке жарыста 22-орынды иеленді. Ал Андрей Зейц 34-орынды көңілге медеу тұтты. Ерлер ара­сын­дағы спортшыларды жарыс жолына жеке-жеке жіберетін бәйгеге 42 вело­ша­бан­доз қатысқан болатын.

Енді аламан бәйгелер басталады. Бүгін андерлер (23 жасқа дейінгі жастар), ертең әйел­дер, ал жексенбі күні ересектер аламан бәйгеде қай елдің велоша­бан­доз­дары ұйымшыл және ұшқыр екен­дік­терін дәлелдейтін болады.




Көрілген: 1108    Пікірлер: 0

жұма, 01.10.2010, 10:37

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28