Қазақ спортының 20 жылдық жетістігі

Қазақ спортының 20 жылдық жетістігі

Қазақстан Республикасы Тәуелсіз мемлекет болғалы бергі 20 жыл ішінде ел спорты ауыз толтырып айтарлықтай ерен жетістіктерге қол жеткізді.

Абай ОМАРОВ (коллаж)
Қазақстан Республикасы 1992 жылдан бастап халықаралық дүбірлі додаларға егеменді ел ретінде қатыса бастады. Спорт­шыларымыздың осындай маңызды дода­лар­дағы жеңістері мен жетістіктерінің арқасында Қазақстан дүниежүзіне танымал бола түсті. Бұл, әрине, мемлекетіміздің беделінің артуына да зор ықпалын тигізіп келеді. Жалпы, үлкен спорт – әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірден-бір көрсеткіші, патриотизм мен халық бірлігінің нышаны. Бұл орайда Қазақ елі Тәуелсіздік алған алғашқы күндерінен бастап-ақ бірден көзге түсіп, халықаралық аренада орасан зор беделге ие болды. Халықаралық олимпиадалық қозғалысқа белсене араласып, оның халықтар достығына бастаған қағидаларын қолдап келеді. Елімізде бүгінде 80-нен астам спорт түрлері бойынша ұлттық (республикалық) федерациялар жұмыс істейді. Халықаралық спорт қауымдас­тықтары мойындаған олардың бірқатары халықаралық деңгейдегі федерация­лармен бірлесе жұмыс істеуде.
1992 жылдан бергі уақытта Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарында аса жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Егеменді ел болғалы Қазақстан спорт­шылары 1994 жылдан бері өткен бес қысқы Олимпиада ойындарында бір алтын, үш күміс және екі қола медаль же­ңіп алды. Барлығы – алты медаль.
Жазғы Олимпиада ойындарына Қа­зақстан егеменді ел ретінде алғаш рет 1996 жылғы Атланта қаласына қатысты. Бірақ 1992 жылғы Барселона Олимпиа­дасына да қатысып, бес жүлде еншілеген. Кеңес Одағы ыдырап, әр ел тәуелсіздігін жариялап, жеке-жеке шаңырағын көтере бастағанда 1992 жыл есіктен аттаған. Сол кезде КСРО құрамындағы 15 мемлекеттің спортшылары біраз сергелдеңге түскен болатын. Себебі бұл елдердің спорттық ведомстволары өз мәртебелерін анықтап үлгермеген-ді. Осылай Каталония жерін­дегі жазғы Олимпиадаға Кеңес Одағының Балтық жағалауы елдерінен басқа 12 мемлекеті бір команда болып қатысты. Жалпы, жазғы Олимпиада ойындарында олжалаған жүлделеріміздің жалпы саны – 44 (10 алтын, 18 күміс, 16 қола).
Ел спортшылары 20 жыл ішінде жазғы Азия ойындарына бес рет қатысып (1994, 1998, 2002, 2006, 2010 жылдары), бар­лығы 397 медальға (110 алтын, 119 күміс, 168 қола) жеңіп алды.
Осы уақыт аралығында біздің спорт­шылар қысқы Азия ойындарына да бес рет қатысып (1995, 1999, 2003, 2007, 2011 жыл­дары), барлығы 164 медаль (69 ал­тын, 51 күміс, 44 қола) иеленді.
1991 жылдан бері олимпиадалық спорт түрлері бойынша 32 спортшымыз әлем чемпионы атанып, 26 спортшы күміс және 49 спортшы қола жүлдегер атанды. Яғни олимпиадалық спорт түрлерінен Әлем чемпионаттарында еншілеген жүл­делеріміздің жалпы саны – 107 медаль. Дәл осы күндері ауыр атлетикадан Париж­де өтіп жатқан Әлем чемпионатында бақ сынап жатқан толағай қыз-жігіттеріміздің бұл көрсеткішті арттыра түсетіндіктеріне сенімдіміз (З.Чиншанлоның алтыны мен М.Манезаның күмісін қостық).
2010 жылы Сингапурда тұңғыш рет жасөспірімдер арасындағы жазғы Олим­пиа­да ойындары өтіп, бұл сында Қазақстан жеткіншектері екі алтын, екі күміс, екі қола медаль еншіледі. 
Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту мақсатында елімізде төрт жылда бір рет Қазақстан Республикасының жазғы және қысқы Спартакиадасы, сондай-ақ, жастар ойындары жүйелі түрде өткізіліп келеді.   
Жас мемлекетіміз үшін осының бәрі аз жетістік емес. Спортшыларымыздың айту­лы жеңістері Қазақстанның әлемдегі беделін арттыра түсті. Азия Олимпиадалық кеңесіндегі мәртебеміз өсіп, үлкен спорт­тағы осындай сүбелі жетістіктеріміздің арқасында Астана және Алматы қалалары VІІ қысқы Азия ойындарын өткізу құрметіне ие болдық. Қазақ топырағында тұңғыш рет қысқы Азия ойындарының өте жоғары деңгейде ұйымдастырылуы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан тұрақты дамып келе жатқандығына айқын дәлел бола алды. Мысалы, спорттық нысан­дар мен ғимараттардың әзірлігіне және сапасына, сондай-ақ Ақ Азиаданың ұйымдастырылу деңгейіне тәнті болған Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге мырза «Қазақстан 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткер бола алады», – деп сүйсініп кетті.
2008 жылы қасиетті Олимпиада алауы тұңғыш рет қазақ топырағына жеткізілді. Себебі Бейжің Олимпиадасының ұйым­дастырушылары мәртебесі жоғары «шы­рағдан шеруін» Алатау бөктеріндегі әсем Алматыдан бастады. Көрші жатқан Қытай елі бізді «бірлік пен ынтымақтастықтың үлгісі, экономикалық шарықтау мен саяси тұрақтылықтың символы» деп танып, қонақжай қазақ елімен достық қарым-қатынасын нығайту мақсатында қолдарына тиген Олимпиада алауын ең әуелі Қазақ­станға әкеліп, үлкен қуаныштарымен бөліс­ті. Бейжің Олимпиадасының алауы эстафе­тасы Алматыда өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көп елге үлгі болды.
Шетелде еліміздің абыройын асқақта­тып, қазақ ұлтын төрткіл дүниеге паш етіп жүрген командаларымыз да аз емес. Со­ның бірі – 2006 жылы құрылған «Аста­на» велоклубы. Елбасымыздың тікелей қол­дауы­мен құрылған клуб бүгінде дүниежү­зін­дегі ең үздік командаларының бірі бо­лып есептеледі.
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылғы №93-7.63-тапсырмасы негізінде 2009-2011 жылдары 26 қазақстандық жас футболшы Бразилияда теңбіл доп өне­рінің қыр-сырына қанығуда. «Оле Бразил» футбол академиясында білім алып, спорттық шеберліктерін шыңдап жатқан жас таланттарымыздың бірі (Рауан Сариев) Бразилияның азулы командаларының са­пына алынып, бұл жоба әлден жемісін бере бастады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста