Тіл - тас жарады...

Ауыспалы мағнадағы сөзді қашан, қалай қолдануды білмесең қолданып нең бар?

  • Ауыспалы мағнадағы сөзді қашан, қалай қолдануды білмесең қолданып нең бар?

    Ауыспалы мағнадағы сөзді қашан, қалай қолдануды білмесең қолданып нең бар?

ЖАҢАЛЫҚТАР ТІЛІ


Айтсам жаным ашығаннан айтам. Мұздай темір құрсанып, егеулі найза қолға алып ұрысқа шығудың қажеті жоқ. Ата жауың мен емес. Біле-білсең мен де сол маңайдың нанын жеп суын ішкем. Қорғанғың келсе өзіңнен, кəсіби мешеулігіңнен қорған!

Бар саналы ғұмырымның қазақ телевизиясында өткенін талай рет жазып жүрмін. Соның он бес жылын жаңалықтар бағдарламасына сарп етіппін. Радиода болсын, телевизияда болсын, ақпараттық бағдарламалардың қалай жасалатыны, ерекшеліктері маған жақсы таныс. Бұл жолы радио жаңалықтарына байланысты біраз ойларымды ортаға салмақ ниеттемін. Əрине мен қызмет еткен кезең мен қазіргі кезді салыстыра алмайсың. Техникалық мүмкіншіліктер, журналистердің кəсіби деңгейі - бəрі əлдеқайда озық екені қуантады.

Алайда айдың бетінде де дақ бар. Жауырды жаба тоқу жөн болмас. Нашар жағына қарай өзгеріске түскен бір нəрсе барын айта кетсем Ізбасар іні-сіңлілерім өкпе арта қоймас деп үміттенем. Ол - тіл сауаттылығы, ой түнықтығы, сөз нақтылығы. Кеше Қазақ радиосының кешкі 17- дегі жаңалықтарында "ажалдың кемесіне тағы бір чемпионымызды мінгіздік" деген сөйлем айтылды. Бұл не сөз десек мəтін авторы тағы да бір чемпионымыздың кісі қолынан қаза тапқанын айтқысы келгенін ауыспалы мағнадағы сөзбен əрлеп жеткізгені екен. Айналайын-ау, ауыспалы мағнадағы сөзді қашан, қалай қолдануды білмесең қолданып нең бар? Тыңдарман сенің түпкі ойыңда не жатқанын қас-қағымда қағып ала қоятын əулие деймісің? Түлкі бұлталаңға салмай-ақ, тағы бір чемпион кісі қолынан қаза тапты деп, ойыңды ашып айт. Бітті!

Жаңалықтың тілі нақты, ойы анық болуы шарт. Айтылған сөз сол мезетте қаққан шегедей санаға сарт етіп құйыла кетуі тиіс. Сөйлем мүшелері "адаспай", бастауышы мен баяндауышы өз орындарында тұрсын. Ой шашырап, сөйлем ауыспалы мағынадағы сөз тіркестерімен қойыртпақталса, тыңдарманның санасы сансырап, қағыс естиді, айтпағыңды аулай алмай қалады. Түсінбеген тұсын қайта оқып алатын газет емес. Бір сəтте сырғып өте шыққан жаңалық мəтіні шұбырған салалас, құрмалас сөйлемдер мен мақал-мəтелдерді, бейнелі сөзбен шұбарлауды, шыли ділмəрсуді, шешенсуді көтермейді. Жаңалық көркем əңгіме емес. Стандарт бөлек. Ол жүргізушінің эмоциясын да қажет етпейді. Салиқалы үнмен салмақты оқылып, жинақы баяндалған жаңалық қана діттеген жеріне дөп тиеді. Тыңдарманның құлағына құйылып, жүрегіне сіңе кетеді. Қазір қалай екенін білмеймін, біздің кезімізде жаңалықтар мəтіні жазылып, бірнеше сүзгіден өтіп барып эфирге жол тартатын.

Уақытымның əжептеуір бөлігін өткізетін ас үйде саңқылдап тұрған қазақ радиосы сенімді серігім секілді. Кəсіби маманның көзіне сахнадағы балет бишісінің қалт еткен кемшілігі бадырайып көрініп тұратыны секілді радиодан берілген жаңалық мəтіндерінің жоғарыда айтылған талаптарға сай келмей тұрған тұстары құлағыма түрпідей тиіп, жүрегіме шаншудай қадалатын кездері жиі болады. Жаңалықтардың атқарар жүгі ауыр. Басқаны тыңдамаса да, жұрттың жаңалықтарға жаны үйір. Əсіресе онсыз да не орыс бола алмай, не қазақ бола алмай, əрі-сəрі дүмбілез күйде жүрген жастар естігеніне орай ой түзеп, сөз саптайды. Сондықтан радио ойбұзар, тілбұзар тетік емес, керісінше көркем ойдың қайнары, көсем сөздің айдары болса деген тілек бар.


Гүлмәрия Барманбекова

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1100    Пікірлер: 0

жұма, 23.11.2018, 10:34

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    3 Қыркүйек, 10:40
    Министр мықты екен...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31