Тіл - тас жарады...

Қазақ әншілерінің дауысы емес, көңілдері асқақтап кеткен-ау

  • Қазақ әншілерінің дауысы емес, көңілдері асқақтап кеткен-ау

    Қазақ әншілерінің дауысы емес, көңілдері асқақтап кеткен-ау

ХАЛЫҚҚА «СЕН» ДЕГЕН

қазақ әншілерінің дауысы емес, көңілдері асқақтап кеткен-ау


«Ұлық болсаң – кішік бол» деген мақал қазақтікі болғанмен, оның мағынасын бізден гөрі жапондықтар жақсы түсінген. Олар кімге болсын иіле біледі. Үкімет басқарғандары халықтың алдында белін бүгіп тұрады. Тіпті, көшедегі жаяулары өздерін жолақ жолдан өткізіп жіберген көлік иелеріне бір иіліп құрмет көрсетеді.

Тоқсаныншы жылдар басында, тәуелсіздіктің елең-алаңында Алматыда жапонның атақты Икуо Хираяма атты суретшісінің көрмесі ашылды. Оған Жібек жолына арналған картиналары қойылды. Суреттерін көріп таңдай қақтық. Сары даладағы түйелі керуен, сосын бір көне қаланың қирандысының қасынан өтіп бара жатқан және бір керуен, Алатау сынды асқар тауларды бетке алған көш, ай астындағы мешіттің көгілдір мұнарасы, тағы басқа суреттер күні бүгін көз алдымызда. Қытай, Ирак, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан аралап бізге келген беті еді.

Сол тұста алпыстан асқан суретшінің өнері бір таңырқатса, өзін ұстау мәдениеті одан бетер риза қалған. Көрмесіне келген әркімді иіліп қарсы алуымен. Үлкен-кішіге бірдей. Сонда «Ұлы жолдағы ұлы суретші» атты мақала жазып, өзіміз қызмет істейтін «Егемен Қазақстан» газетіне жарияладық. Кейін бір кітабымызға шықты.

Жапондар солай. Біздің елдің бірнеше ондаған жыл бұрын сол сыпайылық шеңберін сақтап келгені Мұқағали Мақатаевтың мына өлеңінен байқалатын:

Жалған-ай! Жарасымды-ау ізет деген,

Иілген біз өтпенен, сіз өтпенен.

Қасиетін халқының сыйламайды,

Атасының дәстүрін күзетпеген.

Сол жарасымды ізеттің бүгінде ұмыт болғаны шығар, өнер адамдары өзін халықтан жоғары қоюды әдет етті. Оның бір дәлелі – мына жарнама. Астанадағы автобустан көріп түсіріп алғанбыз. Қыдырәлі бауырымыз бен Қарақат келініміздің концертке шақырғаны екен. Оқыдық. "Елорданы бізбен бірге құттықта". Ойпыр-ай, күллі халыққа «сен» деп жазыпты. Мұны жасы үлкен адамдар көрсе түңілген шығар деді. Мұқағалидың көрмей кеткені жөн болған. Көрмесе де сезгендей екен. Сезген, сосын сақтандырған.

Десек те, жаңа өмір, жаңа заман,

Жақсы ғой бірін-бірі бағалаған.

Түйсіксіз тайлақтардан сақта, құдай,

Тайраңдап алды-артына қарамаған.

Сахнада тайраңдап жүретіндерді қалай сипаттап кеткен қайран ақын!


Қайнар Олжай

2018 жылғы көкектің 10-ы.

Астана.


Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 2153    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 11.04.2018, 13:21

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2018
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30