Құқығыңды білесің бе?

Айгүл БАЙХАНОВА: "Ортақ індетке қарсы күресу – ортақ міндет"

  • Айгүл БАЙХАНОВА:

    Айгүл БАЙХАНОВА: "Ортақ індетке қарсы күресу – ортақ міндет"

д Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «сыбайлас жемқорлыққа мемлекет пен қоғам біріге отырып, қарсы күресу керектігін» әрдайым қадап айтып, әр сөзінде, халыққа Жолдауларында осы өзекті мәселені үнемі назарда ұстап келеді. «Сыбайлас жемқорлық – жай ғана құқықбұзушылық емес. Ол мемлекеттің сенімді тұтастығын ажыратып, ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін» ескертуден жалыққан емес. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Прези¬дентіміз ел азаматтарын, халқымызды осыған шақырады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің ішкі саясаттағы басты бағдарының бірі болып қалыптасты. Қазақстанда ТМД елдерінің арасында алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» күрес туралы Заң қабылданды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы орган құрылды. Осы орган нақты қандай істер атқарады, негізгі мінедттері қандай, бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айгүл БАЙХАНОВА әңгімелеп берді.

–  Айгүл ханым, сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімді әдістері қандай, осы туралы айтып берсеңіз? 


– Тарихқа үңілсек, сыбайлас жемқорлық — адамзаттың дамуымен бірге келе жатқан ең көне категориялардың бірі. Өкінішке орай, бірде-бір қоғамда оны түп тамырымен жоятын идеология әлі қалыптасқан жоқ. Бүкіл әлем осы зұлым¬дықпен күресуде. Мемлекеттер одан арылу үшін өзінің заңдары мен мемлекеттік құрылымдарын өзгертіп, сыбайлас жемқорлықты жоюдың жаңа жолдары мен технологияларын енгізеді, алайда, онымен «жойылып» жатқан «сыбайлас жемқорлық» жоқ, қайта өршіп, жаңаша бағытқа бейім¬деліп алатыны белгілі. Сондықтан да бұл күрес тынымсыз әрі тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Мемлекеттің күші қоғамның қолдауынсыз жеңіске жете алмайтыны да белгілі. Мұндай «өміршең құбыжық құбылыспен» күресуде азаматтық қоғам шешуші рөл атқарары сөзсіз.

Ал, қоғам дегеніміз – сіз бен біз, яғни, заңға, қоғамдағы өзіміздің міндеттеріміз бен моральдық ахуалымызға деген бір-біріміздің қарым-қатынасымыз. «Қылмыс – қалыпсыз қоғамдағы қалыпты адамдардың қалыпты әрекеті», — дейді бұл жөнінде ресейлік жазушы В.С.Пикуля. Демек, зұлымдықтың тамырын қоғамның өзінен іздеген жөн. Біз бұл әлеу-меттік зұлымдықтың себебін өзімізден іздегеніміз абзал: сыбайлас жемқорлықтың неден басталатынын білсек те, неден басталғанын байқасақ та, немкетті қарап, байқамаған кейіпте жүреміз. Кейде оған өзіміз себепші де боламыз. Бәрі содан басталады.

Біз әділетсіздікті көргенде, мемлекетті кінәлап, өз ренішімізді білдіреміз, алайда, сыбайлас жемқорлықпен күресуге келгенде, ешқайсымыз атсалыспаймыз. Көптеген азаматтарымыз күнделікті тұрмыстағы сыбайлас жемқорлықты көре-тұра заңсыздыққа жол береді, оны әшкерелеудің орнына бейқамдық танытады. Кейде олар мұны солай болуы керек деп те ойлайды. Мұндай жағдайда мемлекет те, құқық қорғау органдары да ешнәрсе істей алмайды. Бәрін жазалап, қапасқа отырғызу мүмкін емес. Сондықтан да, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресу үшін оған әрбір азаматтың жауапкершілікті сезіне, белсене араласып, атсалысқаны керек, оны құрықтауға өз үлесін қосқаны керек. Яғни, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа деген көзқарасын өзгертпейінше, тиімді нәтижеге жету мүмкін емес.

– Алматы қаласында, жалпы елімізде жемқорлықпен күресте қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– Сыбайлас жемқолықпен күресу – қоғамның және әр азаматтың ортақ ісі, ортақ міндеті екенін әр қазақстандық, әр отбасы түсінуі керек.

Ұлы Абай атамыз «Ұрпағыңызға асыл мұра ретінде арсыздықты әкелетін бай¬лықты емес, тәрбие, білім, имандылықты қалдыр» деген екен. Сыбайлас жемқорлық – адам табиғатының бұзылуына, адамгер¬шіліктің тапталуына, адамдардың бөлінуіне әкеледі. Бұл — қоғамдық сананың рухани жақтан емес, материалдық тұрғыдан дағдарысқа ұшырауы.

Сыбайлас жемқорлыққа немқұрайлылық – қоғамның ең өзекті мәселесі. Кезінде Карл Маркс те «әлеуметтік жүйенің қақ ортасы іріп-шірісе, онда халықтың саны емес, қылмыстың саны өрши түсетінін» жазған екен. Адам белгілі бір материалдық жағдайға тәуелді болғанда, ол ар-ұят, намысты екінші орынға қояды. Егер, біз осылайша, ар-ұят, намысты екінші орынға қоятын болсақ, онда болашақта тұтас бір ұрпақты жоғалтып алуымыз мүмкін. Біз осыны түсінуіміз керек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресе отырып, өмірімізді одан әрі жақсартып, адамгершілік, рухани байлығымызды жоғалтпай, өркениетті ел құруымыз керек.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылуы мен халыққа қызмет көрсетудің автоматтандырылуы арқасында азаматтар мен шенеуніктердің арасындағы күнделікті байланыстар азайып, сыбайлас жемқорлық көріністерінің төмендегені байқалады. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтер көрсетудің 723 түрін электронды қызметтер көрсету арқылы алуға болады. Жылдан-жылға мемлекеттік қызметтер көрсетуде халыққа қызмет көрсетудің орталықтары мен электронды қызметтер көрсетудің үлестері артып келеді. Мысалы, үстіміздегі жылдың 4 айында электронды қызметтер көрсетудің үлесі 48 пайызды құрады. Бизнес саласында әкімшілік кедергілер күрт төмендеді. Рұқсат беру құжаттары 80 пайызға қысқарып, жоспар бойынша тексеру жұмыстары азайды. Қазіргі кезде бақылау-қадағалау қызметін азайту бойынша Үкімет тарапынан заңдардың жобалары әзірленуде.

Қоғамдық бақылаудың қызметі де ұлғаюда. «Қоғамдық кеңес туралы» Заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік құрылымдардың тұрғындарға есеп беруі міндеттелді және коммерциялық емес ұйымдар мен азаматтар мемлекеттік органдардың барлық деңгейіндегі қызметтер бойынша түрлі шешімдер қабылдауға қатыса алатын болды. Елбасының «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, министрлер, әкімдер, құқық қорғау қызметтерінің басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыру мәселелерін ақпараттандыру, жеткен жетістіктері мен көрсеткіштерін халыққа жеткізу және жоғары органдар тарапынан берілген тапсырмалар мен алдағы уақытта жоспарланған негізгі бағыттар бойынша халыққа есеп беру кездесулерін өткізуге міндетті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі және ауқымды жұмыстар жүргізуде. Біз еңбек ұжымдарымен, студенттермен кездесу барысында Елбасының салиқалы саясатын халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Өткен жылы осындай кездесулерде 7 мың еңбек ұжымы, 500 мың азамат қамтылды. Осындай кездесулерде, сонымен қатар, халықтың көп шоғырланған жерлерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жұртшылықты кеңінен тарту мақсатында түсіндірме жұмыстармен қоса, әрбір азаматтың жадында сақталу үшін жемқорлыққа қарсы жадынамаларды тарату және плакаттар, баннерлер мен билбордтарды көрнекі жерлерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде.

Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіт-насихат жұмыстарын одан әрі жетіл¬діру мақсатында мобильді топ өз жұмысын бастады. Мобильді топ жұртшылыққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіт-насихаттың жаңа модельдері мен негізгі ережелерін және қағидаттарын белгіленген тәртіпке сәйкес түсіндіруде. Топ мүшелері сыбайлас жеморлыққа қарсы мемлекеттік саясатты жүргізумен қатар, қоғамдық қабыл¬даулар (Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, салық және көші-қон қызметтерінде) жүргізуде. Қоғамдық қабылдаулар барысында азаматтардың көкейтесті сұрақтарына толық жауаптар беріліп, олармен кері байланыс, яғни, тығыз қарым-қаты¬нас орнығады. Бүгінгі күнге дейін қоғамдық қабылдауда 245 азаматқа түрлі мәселелер жөнінде ауызша және жазбаша түсініктемелер берілді.

– Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңызы туралы да айтпа отырсаңыз…

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті жастайынан қалыптастыру қағидатына түсіністікпен қарауымыз керек. Егер жастайынан баланың санасына тазалық, жауапкершілік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік қағидаттарын сіңіретін болсақ, есейген кезде оның бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастып, саналы өмір сүруге оның мүмкіндігі жеткілікті болады. Аталған мәселелердің барлығын жүзеге асыратын болсақ, жем¬қорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік қағидаты қалыптасатын болады. Сондықтан, Агенттік пен Білім және ғылым министрлігі, өңірлік әкімдіктер тарапынан өскелең ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен дүниетанымын қалыптастыру бағдары барлық білім салаларында толығымен қамтылған. Атап айтқанда, мектептің оқу бағдарламаларына сыбалас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері енгізілген. Агенттік-тің бастамасымен мектептерде тәрбие жұмыстарына арналған арнайы бағдарлама бекітілген. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында еліміздің 5-11-сыныптарының 4 миллион оқушысы білім алып жатыр. Еліміздің барлық мектептерінде «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылып, оған 900 мың оқушы мүше болып қабылданды. Аталған еріктілер клубында адалдық, жауапкершілік, саудаланбайтын, сатылмайтын қарым-қатынас тақырыптарында сабақтан тыс түрлі іс-шаралар өткізілуде. Еліміздің барлық жоғары оқу орындары мен колледждерінде «Таза сессия», «Адал бол», «Сыбайлас жемқорлықтан тыс университет» жобалары жүзеге асырылуда. Аталған жобалардың аясында студенттер білім мекемелерінде академиялық адалдық қағидаларын басшылыққа ала отырып, жатақхана, шәкіртақы мәселелері бойынша әділеттілік пен ашықтықты жүзеге асыруда өздері бастамашылық көтеруде. Жастар адалдық, әділеттілік пен тазалық қағидаттарымен сусындай отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру шешімдерін өздері қабылдай алады.

– Қоғамдық бақылау түрлі құқықбұзушылықты, соның ішінде жемқорлықты алдын алуға ықпал ете ала ма?

– Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте Агенттік тарапынан атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар оң нәтижесін беруде. Азаматтық қоғамның белсенділігі жыл санап артып келеді. Барлық қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен блогерлер Агенттікпен тығыз ынтымақтастық танытуда. Қазіргі кезде «Атамекен» кәсіпкерлік пала-тасымен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлық көріністері орын алған 16 салада және «Нұр Отан» партиясымен бірлесе отырып, 8 әлеуметтік салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаулар жүргізілді.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру, көліктерге жақсы нөмірлерді беру, т.б. мәселелерді қадағалау мен бақылау мақсатында қоғамдық омбудсмен енгізілді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Бірінші медиа-орталық» республикалық қоғамдық ұйымымен бірлесе «жолдағы жемқорлық көріністерін азайту мақсатында 10 қадам» жобасы жүзеге асырылуда. Ал өткен жылы еліміз¬дің барлық өңірлерінде «Азаматтық бақылау» жобасы жүзеге асырылғаны белгілі. Аталған жоба аясында мемлекеттік сапалы қызметтер көрсетуге қоғамдық бақылау мен мемлекеттік сатып алуды өткізуге мониторинг жүргізілді. Сыбайлас жемқор¬лыққа қарсы іс-қимылға қарапайым жекелеген адамдар да араласуда. Өткен жылы сыбайлас жемқорлық көріністерін уақы¬тында хабарлағаны үшін 180 адамға 27 миллион теңге сыйақы берілді. 2015 жымен салыстырғанда сыбайлас жемқорлық көріністеріне көмектесушілердің саны екі есеге артқанын айта кету керек.

Азаматтық қоғам институтының негізі — қоғамдық бақылау болып табылады. Қоғамдық бақылау биліктің барлық деңгейіндегі сыбайлас жемқорлық сипатындағы түрлі құқықбұзушылықтың алдын алу, болдырмау, ескерту, жемқорлық көріністеріне қарсы бірлесе іс-әрекеттер жасау мәселелеріне араласа алады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, азаматтық қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамдық бақылаудың қызметін көтеру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторинг құруда тиімді құрал болып табылады. Мысалы, Сингапурда қоғам мүшелері мемлекеттік билікке келгенде оны табыс көзі немесе баю жолы деп емес, тазалық, ар намыс жолы деп қарастырады екен. Адалдықты бірінші орынға қояды. Мемлекеттік қызметкерлердің кәсібін тек қана жоғары жалақылы етіп қоймай, сыйлы кәсіптердің біріне айналдырады. Бұл елде мемлекеттік дең-гейде меритократия принципі ұсталынады. Яғни, жоғары қарай жол тек қана ақылды, қабілетті, прогрессивті ойлайтындар алдынан ғана ашыла-тынын дәріптейді. Мектеп қабырғасынан бастап мемлекеттік қызметкер болуға лайықтылар таңдалып, әрі қарай мемлекеттік қызметкер болуына дейін көмекті мемлекет аямайды.

Міне, елімізде бүгінде осындай тәжірибеге қатысты шараларды қабылдау және ұқсас реформаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қадамдар сыбайлас жемқорлық көріністерін төмендету мен жою бағытында үлкен заманауи серпіліске әкелері сөзсіз.

«Біз мемлекеттік органдардың шешімін атқару, оны талқылау және қабылдау ісіне халықтың қатысуына үлкен жолдар ашып отырмыз. Мемлекеттік органдардың жанынан қоғамдық кеңестер құрылуда. Оған, негізінен, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері тартыған. Азаматтық бақылау жемқорлыққа, ысырапшылық пен арам пиғылды шенеуніктерге берік тұсау салады. Біз бұл жолдан таймаймыз, бірақ, бұл мүмкіндіктер Қазақстанның азаматтық қоғамына үлкен сынақ болмақ, олардың қоғамдық кеңестердегі жұмысы кемел ұстаным, халық алдындағы жауапкершілік принциптері негізінде жүруі тиіс», — деді Елбасы.

Біздің басты бағдарымыз да, нық ұстанымымыз да осы.



Әңгімеңізге рахмет!

 






Көрілген: 263    Пікірлер: 0
Пікір қалдырыңыз

сейсенбі, 10.10.2017, 22:51

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    22 Қыркүйек, 21:44
    Семинардың үйретері мол

    Көп ашылған Көп пікір жазылған

    2017
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31