Қанша қазақ өзбекке айналды?

Қанша қазақ өзбекке айналды?

Өткен тарих бүгінгі саясаттың ығына қарай жығылып зерттелмеуі тиіс. Егер бұл бағытта саясат тұрғысынан еңбек етсек, тарихтың шынайы ақиқатын аша алмаймыз. Мәселен, бұрынғы дәуірлерде біздің арғы ата-бабаларымыздың түп-қазық қоныстары – қазіргі Ресей құрамындығы Алтай өлкесінде, Монғолия мен Қытайдың батыс облыстарында жатыр һәм олар аталған мемлекеттердің иелігіне айналған. Жылқы баққан қазақтың омбы қар кешіп жүріп, «Омбы» деп атаған жерін сол орыстар басып алғанда – Омск боп, «Төмен» деп ныспылаған орманды алқабы – Тюмень боп, Томбы – Томск, Қорған – Курган, Орынбор – Оренбург, т. б. қалалар, өңірлер басқыншылардың «родной городтары» мен «родной крайлары» боп аталып кеткендері де тарихтан мәлім.1864 жылы қытай-орыс шекарасы белгіленген кезде қазақтың әлімсақ мекені – Тарбағатай мен Алатаудың шығыс тарапы екі алып мемлекеттің жер бөлісу саясатының кесірінен Қытай жағында қалып қойды.

Көңіл жабырқататын мұндай тарихи фактілер кеңес одағы тұсында да көптеп орын алды. 1955 жылы Жоғары кеңестің қаулысымен Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданының жалпы көлемі 7049 гектар оңтүстік бөлігі РСФСР-ға қарасты Астрахань облысының Владимир ауданына берілді. Ал 1932 жылдың өзінде-ақ коммунистер ықылымнан қазақ жері болған, тұрғындарының жартысынан астамы қазақтар боп табылатын Қарақалпақ -станды Өзбекстанға қосқан-ды. 1936-37 жылдары Өзбек КСР-ына уақытша берілген Мырзашөл каналының оң және сол жағалауларындағы 329 мың гек- тар жерді қазақ жазған со кезде-ақ уысынан шығарған. 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Киров, Келес, Сарыағаш аудандарының оңтүстік, оңтүстік-батыс бөліктерінен жалпы көлемі 421300 гектар жер Өзбекстанға бөлініп берілді. Ол аздай, 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын жер жәннаты – Бостандық ауданын, 1963 жылы ұлан- ғайыр алапты алып жатқан Киров, Мақтарал, Жетісай аудандарын сол республиканың қарамағына өткізді. 1971 жылы соңғы үш аудан кері қайтар- ылғанымен, бір кездері оларға қараған орасан көлемдегі аумақ түгелімен бері өтпеді. Жызақ маңындағы күллі Мырзашөл аймағы өзбектерге қалып қойды да, олар сол өңірлерден жаңадан екі облыс, ондаған аудандар ашып алды. Ал тұрғындарының 95 пайызы қазақ боп келетін Бостандық ауданы жат елдің құрамында мәңгілік қалды.

Бұл – қазіргі жұрттың көбі білетін ащы тарих. Десек те, осы өңірге қатысты бүгінгі базбір тарихшылар мен кейбір білімпаз жандар болмаса, жалпы жұрттың бәрі бірдей біле бермейтін тағы бір сырлы тарих бар. Ол – Ташкенттің қазақтың көне шаһары екені, оның өңірі қазақ жері болғандығы жайында айтылмай жүрген сыр.

Әлбетте, Ташкентті қазақтар тұрғызған деп кесіп-пішіп айтпаймыз. Оның негізі түркі тектес халықтардың әрқайсысы өз алдарына ұлт болып қалыптаспай тұрғанда қаланған. Заманымыздың басында Сыр мен Шыршық алабын жайлаған Қаңлылардың бір тармағы сол кезде суы мол Салар бұлағының бойында үйлері ылғи таспен қаланған қыстақ тұрғызған. Уақыт өте келе, ол қыстақ үлкейіп, Тастыкент (Тасты қала) атанған. Осы Тастыкент атауы алға озған заманның тілдік үйлесімділігіне орай – Таскент, кейін қарлұқ диалектісіне сай Ташкент боп қалыптасқан.

Кейбір жазбагерлер Ташкенттің байырғы атауы Шаш болған деп шатасып жүр. Шаш – Ташкенттің іргесінде болған басқа көне қала. Ол Шыңғысхан шабуылы кезінде қиратылған. Шаш қиратылған соң оның тұрғындарының көпшілігі одан он-он бес шақырым жерде орналасқан Ташкентке орныққан. Осы себепті Ташкентте халық көбейіп, көлемі кеңейеді. Ақсақ Темір дәуірінен кейін оның солтүстік бөлігі бұрынғы Шаш қаласының орнына дейін жетеді. Сөйтіп Шаш атауы бірте-бірте ұмытылып, Ташкенттің аты жаңғыра бастайды.

Ташкент Х111-ХҮ ғасырларда қолдан-қолға өтіп, біресе Шағатай ұлысына, біресе Ақсақ Темір әулеттеріне қараған. ХҮ ғасырдың екінші жартысында, яғни Қазақ хандығы жаңа құрылып жатқанда, ол – Моғолстан хандығының шаһары болатын. Халқының дені сол заманнан 12-16 ғасыр бұрын (б. з. б. 2-ғасыр мен б. з. 3-ғасыр аралығы) бүкіл Сыр бойы мен Ферғана жазығында жеке мемлекет құрған Қаңлы жұртының ұрпақтары еді. Керей мен Жәнібек қазақ хандығының туын алғаш көтергенде өздерімен ілесіп келген және де орда тіккен Шу бойындағы рулар болмаса, басқа жақтағы ру-тайпалар бірден олардың жанына ұйыса қоймағаны секілді, Ташкент маңындағы қаңлылыр да әп дегенде Алаш ұлысына қосыла қойған жоқ. Бұл кезде Ташкенттің айналасында арғы да, бергі де тегі қазақ боп есептелетін өзге рулар да көп-ті. Бірақ олардың бәрі қаңлымен қатар тағы бір үлкен топ – қатаған-шанышқылылардың көлеңкесінде қалып, аттары онша шықпайтын.

Керей мен Жәнібек жеке елдің отауын көтергеніне он жылдан аса уақыт өткенде, нақтысы, 1468 жылы бұрынғы Алтын Орданың шығыс бөлігіндегі Көк Орда аталған ұлыстың билеушісі Әбілхайыр өзінен бөлініп кеткен қазақ жұртын шауып алу мақсатымен қисапсыз әскер ертіп, Шуға қарай аттанады. Әбілхайыр Сырдың төменгі ағысымен бойлай жүріп, Созақ шегіне жеткенде аялдайды да, Моғолстан билеушісі Жүніс ханға бағынышты болғанымен, одан дербестік алуды ойлап жүрген Ташкент қаңлыларына «Қазақтарды бірлесіп шабайық» деп жаушы жібереді. Алайда қаңлы-шанышқылылар бұл аттанысқа ермейді. Осы бір тарихи деректі өзбек тарихшылары былай деп сипаттайды: «Ол кез – Моғолстан билеушілері өзара қырқысқа түсіп, ұлыс бірнеше бөлікке бөліну жолына түскен уақыт еді. Қаңлылар да Ташкент аймағын жеке уәлаят етуге әрекет етіп жатқан. Осы себепті қаңлылар Әбілхайырдың айтқанына жүрмеді». Анығында қаңлылар Әбілхайырға еріп, түбі бір туыс ел – қазақтарды шабудан бас тартқан.

1487 жылы Моғолстан ханы Жүніс қайтыс болғаннан кейін Ташкент аймағы үшін Жүніс хан ұрпақтары мен Темір әулетінің арасында үздіксіз соғыс басталады. Бұған үшінші жақтан бұл өңірді көптен бері басып алуды жоспарлап жүрген Мұхамед Шайбани араласады. Ол Жүніс хан ұрпақтарымен келісімге келіп, 1470 жылы қазақ ханы Керей барлық өлкелердегі тегі Алаш боп келетін руларды өз ордасына қаратып алу мақсатымен басып алған Созақ пен Сауран қалаларына шабады. Көп ұзамай Жәнібектен кейін хан болған Бұрындық Сырдың сол жағалауындағы қалалардың барлығын қазаққа қайта қаратады.

ХҮ ғасырдың аяғында Түркістанның батыс бөлігін қайтадан Шайбандықтар басады. Ал Ташкент өңірі мен Сауран қаласының маңы қаңлылардың көмегімен билік басына келген Жүніс ханның ұрпағы Махмұд сұлтанның құзырына өтеді. 1530 жылдары Ташкент Шайбандықтарға да, Моғолстан билеушілеріне де бағынбайтын қаңлы-қатағандар иелігіне айналады. Содан 1567 жылы Бұқар хандығының тарихында ең құдіретті хан боп есептелетін екінші Абдолла басып алғанша, бұлар дербестікте болады. Бірақ осы 37 жыл ішінде қаңлы-қатағандардан қандай билеушілер шыққаны жөнінде ешбір тарихи дерек жоқ.

Абдолла Ташкентті алған соң оған өзінің туысы Баба Сұлтанды билеуші етіп тағайындайды. Билік қолына тиген Баба Сұлтан қаңлы-қатағандардың ержүрек һәм мол әскеріне сүйеніп, арада көп уақыт өтпей-ақ, Абдолладан теріс айналады және Ташкент аймағын жеке хандық деп жариялайды. Абдолла оған қарсы екі-үш мәрте ләшкер аттандырады. Бірақ жеңіліс табады. Осыған масаттанған Баба Сұлтан енді қазақ иелігіндегі Түркістан өлкесіне шабуылдайды. Қазақтың сол кездегі ханы Хақназар Абдолламен келісімге келіп, оның көзін жоймаққа кіріседі. Өзінің тығырыққа тірелгенін сезген Баба Сұлтан дереу қулыққа басады да, Хақназарға жаушы шаптырып, бейбіт шартқа отыруға ұмтылады. Сонымен бірге өзі басып алған Түркістан өлкесін у-шусыз қазақтарға қайтарады, сондай-ақ Абдолла ханды бірлесіп шабуға Хақназарды көндіреді. Бұрынғы хандар сияқты қалайда Ташкент өңіріндегі қазақ руларын Алаш ордасына қосуды армандаған һәм Бұқар ханын әлсіретпейінше бұл арманға жету ауыр болатынын білген Хақназар оның ұсынысына қолдау көрсетеді. Сөйтіп ол Ташкентке әскерімен алаңсыз барады. Бірақ алдамшы Баба Сұлтанның жендеттері Шыршық бойында түнемелікке түскен хан шатырына тұтқиылдан шауып, Хақназарды өлтіреді.

Хақназарға опасыздықпен ажал құштырған Баба Сұлтан қайтадан Түркістан тарапты жаулайды. Қазақ билігін қолына алған Шығай хан онымен аяусыз күреске түседі. 1582 жылы Тәуекел бастаған қазақ сарбаздары Түркістан түбінде оның айтулы ләшкерінің тас-талқанын шығарады. Баба Сұлтанның басы кесіледі. Бұған разы болған Абдолла Шығай мен Тәуекелге Ходженд қаласын, Зарафшандағы Адыркент аймағын сыйға тартады. Дегенмен Тәуекел хан сайланғанда Ходженд пен қазақ даласын бөліп тұрған, ілкі заманнан қазақ рулары жайлаған, тұрғындарының бәрі Қазақ Ордасына бүйрегі бұрыс, өзінен бұрынғы хандардың дерлігі бауырына басуды армандап өткен, сауда ісі мен қолөнері дамыған Ташкентті Алаш жұртының құрамына қосуды ойлайды. Алайда ол үшін құдіреті күшті Абдолла ханмен текетіресу керек. Бірақ тәуекелсіз мақсаттың орындалуы екіталай. Тәуекел өз әскерінің айбындылығымен қатар Ташкент, Шахрухиа (бүгінгі Тойтөбе), Ходженд маңындағы қазақ руларының өзіне көмек көрсететініне сенеді. Осы сеніммен 1588 жылы аталмыш аймақтарға жорық бастайды. Расында, «Тәуекел Бұқарға соғыс ашқанда Ходженд, Шахрухиа, Әндіжан төңірегіндегі баяғы Мұхамед Шайбаниға еріп келген керей, найман, қыпшақ, қоңыраттар, Ташкенттегі қаңлы-қатағандар, дулат-сіргелілер қазақ жағына шығып кетті» деп өзбек тарихшысы Н. Икрумов жазғандай, Тәуекелдің жорығы сәтті шығып, аталған жерлер қазақтарға өтеді. Осы тараптағы қауіпсіздікті біржолата орнықтырып кету мақсатымен Тәуекел жорығын ары қарай жалғастырып, Абдолланың жеңілмейтін делінетін әскерін ұрыстың бар даласында тұқыртып, Самарқан мен Бұқар қаласына дейін жетеді. Бұқар түбінде өзі ауыр жараланады. Осыған және бұқарлықтардың бітім туралы жасаған ұсыныстарына байланысты әскерін кері қайтарады. Бұл бітімнің негізінде Ташкент қаласы бүкіл уәлаятымен, Ферғана жазығының солтүстік бөлігі Қазақ Ордасының құрамына кіреді.

Сонау Керей-Жәнібектен бастап соңғы ханымыз Кенесарыға дейінгі қазақ билеушілерінің қайсысының болмасын, тарихы мен іс-әрекетіне зер салсаңыз, ешқайсысының да жат жерді, бөгде елді жаулап алуды ойламағанын, сол жолда соғыс жүргізбегенін байқайсыз. Өзінің төрт жүз жылға таяу тарихында қазақ хандары өз жері мен елін қорғау мақсатында сыртқы басқыншыларға қарсы айқасумен өткен. Жат жерге басып кірген жаңа біз жоғарыды айтқан Тәуекелдің, сол бұқарлықтармен жиырма жыл ұдайы соғысып, ылғи жеңіске жеткен Есім мен Тұрсын хандардың жорықтары ғана. Дегенмен бұлар көбіне қарсы шабуылға шықты және есте жоқ ескі заманнан қазақтар жайлаған, Алаш ұлының атамекені болған жерлерге иелік етуге талпынды һәм басынған жауды қайта бас көтерместей күйретуді жоспарлады. Десек те, бұрынғының ақылман хандары аманаттап қалдырған, бекітіп берген талай-талай қала-шаһарлардан, дала-алаптардан кейін күш-қуатымен қатар береке-бірлігі азайған, түрлі шапқыншылықтардан зәразәп болған, оған қоса, ғасырлар бойы сыртқы елдер тарапынан жасалынған қысым мен саясаттың, кейде баққұмар төре-сұлтандардың елдік мұраттан гөрі жеке бастың мүддесін көбірек ойлайтын таяздығы кесірінен рухы төмендеген жазған қазақ мәжбүрлі-мәжбүрсіз түрде айырылып қалды.

Ежелден шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке кіре тартқан керуендер жолының торабы, бір кездері ұлы Жібек жолының кіндік тармағы атанған, қай заманда да Орта Азияда стратегиялық һәм экономикалық маңызы аса жоғары болған, ал уақыт өте бүкіл бір географиялық аймақтың орталығы санала бастаған Ташкентті иелену – кімге болмасын, басты мұрат болғаны тарихтан мәлім.Тәуекелден кейін бұқарлықтармен үздіксіз соғыс жүргізген Есім ханның жорықтары да көбіне-көп осы Ташкентті қорғау мүддесінен туындаған. Бірақ Есім хан игеріп отырған аймақ тым байтақ еді. Сол байтақ жердің ең қауіптісі, өзбек хандары түгілі сонау Иран шахтары да көз қадап отырған сол Ташкент уәлаяты-тын. Сондықтан жан-жақтан жау қысқан қазақ жерін қорғау жолында бір тыным таппай, біресе шығысқа, біресе батысқа аттанатын Есімге Ташкент тарапты мекем ұстап тұру үшін ол шаһарға бір сенімді адамды бек етіп қою керек болыпты. Ол бұл лауазымға өзінің туысы Тұрсынды таңдапты. Тұрсынның кезінде Ташкентте қаңлылардың дәрежесі төмендеп, үстем орынға қатағандар шыққан болатын. Міне, осы қатағандардың бек-оғландарына арқа сүйеген ол, 1624 жылы Шахрухиа түбінде өзінен жеңілген Бұқардың Имамқұлы ханымен келісім жасасып, Ташкентті жеке уәлаят, ал өзін хан деп жариялайды. Көп ұзамай Ташкентте өз атынан теңге шығарады, Есімнің Шығыс Түркістанда жүргенін пайдаланып, Түркістан, Сайрам қалаларын шабады. Оның бұл әрекеті – жер аумағы біршама айқындалып, тегі бір жұрттың бір ұлтқа, яғни қазаққа біріккен кезде елді екіге жарып, алауыздық тудырған кешірілмес опасыздығы еді. Бірақ ұлт ұйытқысын бұзған сатқынға қашанда зауал табылған. 1627 жылы Есім хан оның басын найзаға шаншиды, оған жақтас қатағандардың тоз-тозын шығарады. Ташкентке хәкім етіп, қаңлы Бақтышты (өзбектер Пахташ деп жазған) тағайындайды.

(жалғасы бар)

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы.  

rgmedia.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста