Ашаршылықты әшкерелеген тұңғыш туынды

Ашаршылықты әшкерелеген тұңғыш туынды

Белгілі қоғам, мемлекет қайраткері, жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаев тірі болғанда мамырдың 10-ында 83 жасқа толатын еді

Жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың басқалардан бөлек бір қасиеті – қашанда тың тақырыпқа түрен тартуы десек қателеспеспіз. Оның соңғы «Сұрапыл» романы – 30-жылдардағы ашаршылықты ашына әшкерелеп, кең ауқымда көрсеткен қазақ топырағындағы тұңғыш туынды. Оны оқығанда төбе шашың тік тұрып, тұла бойың түршігетін неше түрлі оқиғаларға тап боласың. Романда суреттелетін, асырай алмай, балалар үйіне өткізілген «Ваня, Таня, Петя, Вера» болып жазылып кеткен балаларын күні бүгінге дейін іздеп таба алмай жүрген ата-аналар әлі бар емес пе?
Қаны сорғалаған сол шындықты шырқыратып, жалғанның жарығына алғаш шығарған соны шығармасын Кәкең көзі тірісінде-ақ баспаға тапсырып, басшылармен келісімшартқа отырып еді. Кезінде тарысы піскеннің тауығы болып, алдында құрақ ұшып, құрдай жорғалаған қулар көзі кетісімен-ақ уәдесін тарс ұмытып, біріне-бірі сілтеп, бірден-бірге ысырып, аттай алты жыл жатқызды. Ақыры, оның досы, ары да, жаны да абзал азамат Хайдолла Тілемісов «Қайнар» баспасынан шығарып берді. Сөйтіп, әдебиеттегі соны тақырыпқа соқпақ салған сирек шығарма оқырманына, бері қойғанда, алты жыл кештетіп жетіп отыр.

Сарбас АҚТАЕВ, Кәкімжан Қазыбаев туралы естеліктерден. «Білім» баспасы, 2007жыл.

Сұрапыл
(үзінді)
Көктем талықсып әрең жетті. Малыбай ор­таққа жиналған 60 жылқының бір тұяғын шы­ғын етпестен «Бастұмаға» оралды. Қос­панбеттің ая­ғының бір башпайы ғана үсіпті, бірақ ауылды көр­іп екеуінің де зәресі ұшты. Тең жартысы тент­і­реп, қаңғып кеткен. Қалғандары тышқан аулап жүр екен. Көктемде бусап жататын даланы жыпырлатып, ін қазып, үйіндіге толтыратын кәдімгі кез­құйрық тышқан қойдан қадірлі болыпты. Қақпан салуды үйренбеген бала жоқ. Әйел атаулы көрші орыс поселкесінің аңызын­дағы көктеген масақтарды теріп кешке дейін жүреді екен. Қыстан шыға алмай, арам өлген, көмусіз малдың денесі күн қызуымен саси бас­таған. Қолқаңды алғанда маңынан жүргізбейді. Адам тұрғай, мал екеш, мал да, оның ішінде төрт түліктің кінә мінезді өкілі жылқы пысқы­рынып тіпті жоламайды.
Кешегі құрылған колхоздан түк те жоқ. Тұрымтай тұсына, бөдене басына. Малыбай мен Қоспанбет айдап келген жылқыны кімге өткізерін білмей састы. Айғаным көктеген масақпен балаларын, әупірім тәңір, әрең ұстап отыр екен. Бәрі жақтары суалып жүдеген. Бұл жағдайды көргенде Қоспанбет етпетінен құлай жылады.
– Мына күйді көрсеткенше, құмның ара­сында неге қалдырмадың, құдай!
– Ей, онда бала-шағаң тіпті тұл жетім қа­латын еді ғой, – деп жұбатқансиды Малыбай.
– Дүлдүл тәтем болмағанда, біздің үй­дің де түндігі ашылмай қалатын еді, – деді өксі­гін баса алмаған Айғаным. – Екі-үш пұттап астық әкеп тастады. Төрем болыс болып тұр ғой, әй­те­уір.
Малыбай мен Қоспанбет Ақылжанның үйленгенін, Қайша деген келіндерінің бар екенін, 27-інші ауылда баласының болыс екенін осы арада естіді. Малыбай омырауынан алты тарам жас аға жылап жіберді.
– Тұла бойы тұңғышымның қызығын осылай көрем деп пе едім. Өмір бойы дайындалып, өмір бойы күткенім сол емес пе еді? Не боп кетті бұл заман?
– Шүкір, шүкір, бұған да шүкір де. Ана есігі ашылмай қалған үйлерді көрмейсің бе?
Қоспанбет енді ағасын жұбатты.
– Кенже аға, – деді ол жұлып алғандай, – ана қара құнанды сояйық. Мына әлсіреген ба­ла-шағаның, тіпті ауылдың бүйірі бір шықсын.
– Не дейді, бұл колхоздың малы ғой, оны сойғанша мені сой. Ертең не бетімді айтам. «Малыбай колхоздың бір құнанын сойып алыпты» дегізбексің бе? Атай көрме!
– Қайдағы колхоз, ойда ізі, қырда қылы қалмаған? Орнын сипап отырған жоқпыз ба?
– Айта көрме, айта көрме! Ана атқа мінген балаға қырсығымыз тиеді. Аштан өлсек те, адал өлейік. Өкіметтің құрығы ұзын, жерге кірсең – желкеңнен, аспанға ұшсаң, аяғыңнан тартып алады.
– Бименді ағаңыз секілді сіз де қалтырауық екенсіз. Ол өз малына қалтырады, сіздікі не?
– Көпшіліктікі болған соң, ортақтікі болған соң қалтыраймын. Қалтырағандық па екен? Қоғамның малында не әкеңнің құны бар?
– Ой, сіздің қоғамыңызды... Аштан өлейік деп отырғанда неғылған қоғам?!
Қоспанбет Малыбайдың бетіне ғұмыры бұлай тіке келіп көрген жоқ еді. Кенже ағасы болған соң ба, Дәмелі жеңгесінің беделі ме, әлде олар елден жырақ көп жүрген соң ба, әйтеуір, сыйлау қалпынан жаңылғысы келмейтін. Қаны басына шауып, өзінің не айтқанын да білмей қалды. Әлде мынау бала-шағаның күйі ме, тіпті күйзеліп кетті.
– Ана мал сүйегінен жасалған тауды көрдіңіз бе? Сол құсап босқа қырылады. Ең болмаса бір құнанның сорпасын ішіп қалайық, жілігі татыса онда да.
– Көкке аузы ілінді ғой, енді қырылмайды, – деп күңк етті Малыбай.
Қоспанбет терісіне сыймай, тағы бірдеңе дегісі келді де, өзін-өзі әрең ұстады.
Арасынан қыл өтпейтін, мынау қыста талай қиындықты бірге көрген ағайынды екеуінің ортасына түскен шұбар жылан ысылдап, тілін жан-жағына жалаң-жалаң еткізеді. Оған шаққызбай, сонау құм арасынан аман жетіп еді. Енді қара құнаннан бастап қаншасын жалмай­тынын бір құдай білсін? Ол жағы Малыбайға да, Қос­панбетке де беймәлім.
– Біреу ендігі ие мен деп қабылдап алса екен, сосын алпысын бір күнде сойып жесе де мейлі, – деді Малыбай қинала.
– Мен қабылдадым. Сіз ана Қарауыл- төбеге, үйіңізге кетіңізші, – деді Қоспанбет күлкі аралас ызамен. – Керек десеңіз, қолхат берейін.
Осы кезде дауласып тұрған ағайынды екеуінің қасына таяғын сүйретіп Шәкен қарт келді.
– Ассалаумағалейкүм!
Малыбай мен Қоспанбет қатар сәлемдесті.
– Сәлемет болыңдар. Бүкіл бір ауылдың орнын сипап тұрсыңдар ма? Біліп ем-ау, бұл сұмдықтың келерін. Солай болып шықты.
– Мал-жан аман ба, ақсақал?
Малыбай ыңғайсыздау сұрақ қойғанын байқамай қалды.
– Неге сұрайсың? Ауру кемпірді бердік. Көк биені бердік. Қу таяқты ұстап қалды деген – осы. Мына ауылдың халі не болды енді? Біржола құрыдық па сонымен. Түндігі ашылмай қалғанға ет үйреніп барады. Нағыз ашаршылық басталды ғой. Тышқан жегенді кім көрген? Бұл зұлматқа амал жоқ па?
Малыбай Шәкен қарттың сөзін «балаң болыс, айтпайсың ба?» деп тұрғандай түсінді.
– Ауданы басқаның алары бөлек пе, Ақылжан тұрған жер шүкіршілік деп естиміз. Кіндік қаны тамып, кіршіксіз балалығы өткен ауылға да көз қырын салсын да. «Ит сиген жерге шөп шықпайды» демекші, алды-артына қарамайтын Анарбай секілдінің содырлығы әкеп құлатқан құз деп білем мұны. Қол ұшын берер ешкімнің қалмағаны ма? Дәмелінің еті тірілігімен біраз көтеріліп қалып едік, қайтадан құладық қой. Олар көшіп кеткенде берекем біржола ауғандай, ішім қан жылап еді. Амал не, амал не? Шамаң келсе, екеуің анау қырылған малдың саси бастаған ет-сүйегін бір жерге көміңдер. Аштықпен қоса, індет тарап жүрмесін.
«Қайран, қартым-ай», – деді ішінен Малыбай. Салалы сақалыңды тарап, әдемі әңгіме бастағанда айналаңды ұйытып тастаушы едің. Сенің баптылығыңмен көк биенің қымызы да балдай тәтті болушы еді. Оған жабайы жоңышқаны орап әкеп бергеніңде де бір ұсынақтылық жатушы еді. Бау-бау етіп үй жанында үйгеніңнің өзі аса бір әдемілік секілді болып көрінуші еді. Бал тамған қолыңмен талай ағаш қасық жасап, талай тостағанды сәндеп қоюшы едің. Олармен ішкен қымызда да бөлек дәм болатын. Сенің шапқан ерің, сенің өрген қамшың, жүгенің кімді таңдандырмады? Ісмерлігіңнің өзі-ақ ғұмыр бойы асырап, ғұмыр бойы кербез етті өзіңді. Мырзалығың да соның арқасы еді. Ағаштан түйін түйген шеберім, сенің де өрісің тарылып, өзегің талған ба? Қабырғаңның қайысқанынан Ажы ауылынан тұқым қалмай ма деген қайғыны көрем бе, қалай? Қара құнанға зыр-зыр өткенде ойлағаным өз қамым, қара басымның беделіне қылау түспесін деген өзімшілдік тар ниет екен-ау. Сендей аяулылар аштан өліп, қара құнан аман қалғанда табар мархабам қандай? Адалдықтан осы не опа таптым, кім бар оны біліп жатқан? О, қайран Шәкем! Мынау аштық сұрқыңды алса да, жаныңның сұлулығына әлі де тие қоймапты-ау! Қоспанбет, менен гөрі сенің жүрегің сезімтал екен. Сой да, жарты етін Шәкеңнің үйіне апарып таста.
– Ал, жігіттер, енді тұрмаңдар, – деді Шәкең қалың ойдағы Малыбайды селт еткізіп.
– Шәке, сонау құм арасынан қанжы­ғамызға байлай келген сүрді Айғаным асып жатыр еді, сорпа-су ішіп кетіңіз, – деді Қоспанбет.
Бұл сөзді құлағы шалып қалған Айғаным тыржың ете қалды.
Өздері әрең жетіп отырғанда бала-шағаның бұл несібесіне мына шалды несіне ортақ етеді екен? Пейілді тарылтатын жоқтық қой, тегі. Әйтпесе Айғаным осы ауылдағы қолы ашық келіндердің бірі еді. Өзге – өзге, Шәкен қартқа олай етпейтін жөні бар-ды. Әй, қу жоқтық-ай, кең көңілді көн ететін, кең пейілді жоқ ететін жолың болмағыр, жоқтық-ай! Басқаны былай қойғанда, Қоспанбет етекке кеткелі, Дүлдүл тәтелері көшкеннен бері екі-үш келіп, халдерін білген, ортасынан қақ бөлінген келісін көгерген масақты түйсін деп құрсаулап берген осы Шәкен қарт емес пе еді? Оның арғы тегі ажы руынан емес. Жас кезінде еліне өкпелеп, біржола кетіп, осында сіңген арғын атаның бір бұтағы. Бірақ оны ешкім «кірме» демейді. Осы ауылға балдай батып, судай сіңіп, қадірлі қарты болды. Қолының өнерімен көпке жақты. Көрдіңіз бе, қу жоқтық осындай адамға да қабақ шыттырып тұр. Бір ішер асының өзін ауырсынады.
Қоспанбет Айғанымға оқты көзін атты. Күйеуінің ашуланғанда сойып салатын мінезін білетін Айғаным жым болды. Шәкен қарт Қоспанбет ұсынысын қабыл алғандай сыңай танытты. Күн де қыза түскен еді, үшеуі әңгімені үйде жалғастыруға беталғандай. Оның үстіне, асулы қазандағы сүрдің иісі шыққалы балалар айнала жапырлап өліп барады, қазанға төніп барады. Ішіне түсіп кете жаздайтындай. Көңілді бұзатын көрініс, көру де тіпті ауыр. Нәр татпағанына екі күн болса, оларға не кінә? Көгерген масақтан тышқақтаған екеуінің көзі әбден кіртиіп кетіпті. Оның үстіне сорпа ішкен соң не болады? Айғанымды мазалап тұрған – осы ой.
Шәкен ақсақал үйге кірген соң, Нарғазының халін сұрады. Біраз дерек алды. Оларда да малдан шығын көп екен. Әсіресе ортақтың малы баудай түсуде. Жанғазы ауылнайлықтан мүлде бас тартып, Нарғазы екеуі әрі көл жағасына қарай көшіп кетіпті.
– Су таусылмай, балық таусылмайды, малдан қайыр кетті. Енді су иесі Сүлейменнің құдіретіне табынбай болмас, – депті Нарғазы.
– О, азаматым-ай, ақыл сонікі, – деді Шәкен қарт.
– Бір орыс тамырларынан қайық тауып әкепті. Жаюлы тұрған екі ау көрдім. Кетерде «қазір союға жарайтын мал жоқ, осыған разы боласыңдар» деп балық сорпасын берді, – деді Малыбай.
– Ондай азаматы бар ауыл амал табады, – деп Шәкен қарт басын ұзақ изектетті.
Әңгіме үстінде Малыбай Шәкен қарттан Қараатанның да жұттың жұтқыншағында кеткенін естіді.
– Малдың көбі осы көктемнің алдында, қыстың соңында қырылды, – деді Шәкен қарт. – Жекеменшіктің көктемге аман жеткен малдарын аткөшектер ұрлады. Көк биені де соның біреуі жетектеп кетті білем.
– Аткөшегі кім?
– Олар да өзіміз секілді адам. Бірақ өзге жерден келген. Өңдеріне қарауға дәтің шыдамайды, адам жеуден тайынбайтын босқындар.
– Сұмдық-ай, бұл не болып барады? – деді Айғаным.
Шәкен қарт алдыға келген еттен сыпайы ғана екі-үш татты да, табаққа түсе жаздап отырған балаларға аяй қарады.
– Heгe алмадыңыз, Шәке? – Қоспанбет шын ықыласымен ақсақалды ет алуға шақырды.
– Бір татып, екі татып жүрген адамға бірден көп жеу – қауіп. Дәтке қуат болса жарады. Мына балалар неше күннен бері тамақ ішпеп еді?
– Нәр сызбағандарына екі күн, – деді Айғаным.
– Онда байқап жесін. Тойып жеймін деп тоңқайып қалып жүрмесін. Әкесі келді, бір амалы табылар, аман болсын бұлар.
...Жұттан қырылған малдың ішінде Қараатанды Малыбай бірден таныды. Жарықтық теңкиіп жатыр екен. Тілін тістеп қалыпты. Үймелеген құрт-құмырсқаның құдайы бір жарылқаған. Жыртылып-айырылғандай қаптаған қара шыбын, көк соналар тіпті ірі көрінді. Борсыған еттің иісіне шыдай алмай, Малыбай мен Қоспанбет ауыздарын орамалмен таңды. Табиғаттың өзі қазған жыраны кеңейтті де, шетінен өлген малды сүйреп әкеп, соған құлатып жатты.
Қараатанның қалған қаңқасының өзі ауыр көрінді. Артқы екі сирағынан тартқанда Малыбай мен Қоспанбет едәуір мық­шыңдады. Малыбайдың көңілі бұзылды. Төрт түлігінің берекесіндей көрінген Сарыатан заузаның осынау тұқымын ортаққа өткізерде бір қиналып еді. Шөлтұмсықтың қиясынан құлап, қиратқан аяғын сылтып басып бара жатқанда жылағаны есінде. Шын жылаған екен ғой. Осындай боларын біліп, Құдайдың өзі соған бастап тұрды ма екен? Қыстаудан жайлауға, жайлаудан қыстауға көшкенді тоқтатқаннан бері түйенің беделі түсе бастаса да, Қараатан осы Бастұманың басты түлігі сияқтанушы да тұрушы еді Малыбайға. Қараатан құлаған күні ақыр­заман да орнайтындай көрінетін оған. Ортақта болғанмен, анда-санда көзіне түскенде көңілі жібіп, Қараатанмен арақа­тынасын жалғап тұратындай бір жіп болушы еді. Енді, міне, сол жіп те үзілді. Өз ырысын ғана емес, колхоз ырысын да қолымен көміп жатқандай көрінді.
Нарғазы ауылында Құдайторының опат болуы, мұнда Қараатанның көмілуі Малыбай үшін малға деген ықыластың ең соңы сияқтанып кетті. Кәріліктен бе, қапыда ма, әйтеуір, Құдайторы мұзға түсіп өлді. Нарғазы оны адамдай етіп көмді. Қазақта «қашаннан азаматтың атын шығарған – жүйрік ат пен ақылды әйел» дейді. Нарғазының Құдай­торысы дегеннің өзі не тұратын еді. Садыр, Матайда алдына қыл құйрықтыны салмады. НКВД-ның қамауынан да қарғып шығып кетті, Бәсібектің әкесінің асындағы бәйгеде Шатырбайдай байдың көріктей кепкен кеудесін басқан да осы тұлпардың тұяғы болатын. Мұның өлімі қайбір жақсы ырым дейсің. Зейнептен перзент көрмеген Нарғазының алданышы жүйрік аты мен жүйрік тазысы, қыран бүркіті еді ғой. Ат табылар-ау, Құдайторы табыла ма?
Қараатанның да ыстықтығы бұдан кем соғып тұрған жоқ. Екі қадірлі малдың өлімінде де бір тұтастық, екеуіне келген опатта бір ұқсастық бар секілді.
– Малдың аты мал ғой, – деді Қоспанбет манадан бергі бүгжеңнен удай ашыған белін жазып. – Адамдарды осылай көміп жүрмейік. Ажы ауылының көрі біреу-ақ боп жүрмесін.
– Тәйт, – деді даусы қатты шыққан Ма­лы­бай. – «Ірігеннің аузынан шіріген сөз шығады» демекші, қайдағыны қайдан айтасың? Сенің аузыңа бір оңды сөз түссеші!
– Қанша қақпаласаң да, малдың жұты адамның жұтына ұласпай қоймайды, – деді Қоспанбет ызалы мақаммен. – Қара құнан емес, ана алпыс жылқыны түгел сойсаң да, аман қалатын ауыл көріп тұрғам жоқ. Ындыны кетіп қалыпты өйткені. Тышқан жеген соң, не сорым?
Көктемнің ұзақты күні, шыжыған ыстығы Малыбай мен Қоспанбетті әбден қалжыратты. Үйге күн ұясына кіре оралды. Келсе, кіші екі баласы ессіз жатыр екен. Айғаным жанын қоярға жер таппай еңіреп жүр. Қоспанбет тамырларын ұстап еді, тіршіліктен болар-болмас қана белгі қалыпты. Кірпіктерін анда-санда ғана бір қимылдатады, ауыздарынан шыққан көпіршік көбік бар. Үрейі ұшқан Малыбай бәйек болды. Кеңесжаны мен Амангүлі де тап осындай сұлық жатқандай көрініп кетті.
– Шәкен қарттың айтқаны рас болды-ау! Манағы ет аш өзегіне түсіп кетті-ау! Бала неме байқамай көп жеп қойды-ау!..
Айғаным біреуін, Қоспанбет біреуін алдарына алды. Жаға қоятын білте шам да жоқ екен. Түндігін ашқанмен, әлі ай тумапты, қайта іңір қою қараңғылығымен үрей әкелді. Қоспанбет ашық шаңырақтан көкке қарап еді, бір жұлдыз ағып түсті. Тұла бойы дір етті.
– Ойбай-ай, денесі суып барады, – деп айғай салды Айғаным. – Құлыным-ау, құлыным-ау, шынымен демің біткені ме?
Қараңғыда оларға қоса үнсіз жылап отырған Малыбайдың көз жасын ешкім көрген жоқ. Демесіннің өн бойынан қорқып, тірі отырған екеуі де шулап қоя берсін. Үй іші азан-қазан болып жатса да, көршілерден бас сұққан біреуі болмады. Жапандағы кәдімгі жалғыз үйдей қайғысына да, қасіретіне де ортақтасатын ешкім жоқ сияқты. Мұндай тылсым жалғыздық бұрын Ажы ауылында болды ма екен? Малыбайдың алғаш көріп отырғаны осы шығар.
– Ал, біреуі аз болса, екіншісінің де тынысы бітті, – деді Қоспанбет ызалы үнмен.
– Не жаздық құдайға, құлындарымды қосақтап алардай не күнәміз бар еді?
– Құдай емес, адам қолдан жасаған аштықтың құрбандары – бұл, – деді солқылдап жылаған Қоспанбет.
Айғаным қараңғыда шыр-шыр етіп жүгіріп жүрген секілді. Есейіп қалған екі бауыры екі бірдей кішкене інілерінің о дүниелік болғанына тұс-тұстан бақырып, үн қатты. Бұған да бүкіл ауылдан құлақ асып жатқан ешкім жоқ сияқты. Бәрі бірдей жусап қалғандай, еш тірлік білінбеді Малыбайға. Шәкен қарттың да осынау қасіретке құлақ түруге шамасы келмей қалғаны ма екен? Жоқ, әлде мынау қараңғылық бәрін: көздің жасын да, ышқынған жанның шырылын да жасырып тұр ма?
Малыбай Қарауылтөбеге қалжырап әрең жетті. Артель малын қыс бойы бағып, аман айдап келгенінен не пайда, немере інісінің екі бірдей баласы көз алдында шейіт болды. Бұрын көріп жүрсе де, сонадайдан көзге ұрған биік төбе осы маңдағы өлгендерді жиып жерлеген обадай боп көрінді. «Қазақ елін қалмақтар жаулап алғанда, қайта-қайта қарсы шығып, маза бермеген жергілікті шапқыншыларды қарауылдап тұру үшін әскер күшімен үйгізген төбе екен» деген ел арасында аңыз бар. Біреулер оны Қарауылтөбе, біреулер Қалмақтөбе деп атайды. Көбірек қолданылатыны – Қарауылтөбе. Соған сай жаңа ұйымдасқан артельді де жер атымен атаған ғой. 27-інші ауылдың орталығы да – осында, өйткені ауылнай осында тұрады. Бір сәт Малыбайға сол төбенің басына Кеңесжанды жетектеп, Амангүлді көтеріп, Дәмелі шығып тұрғандай көрінді. Ақылжанның қолы тимей жүрген шығар. Өзге ауданға қарайтындығынан ба, бауыр басып кеткен Бастұмадан гөрі, бұл жер бөлектеу, бөгделеу көрінді. Айнала тып-типыл, даланың жаны секілді қараң-қараң малдан көзге еш нәрсе ілікпейді. Жансыз бір сурет, жадағай сорайған төбеден басқа ештеңе жоқ. Бұл көрініс онсыз да күңіреніп келе жатқан кеудені жаншып-жаншып жіберді. Әдетте тіршілік атаулыны қозғалысқа келтіріп, көздің жауын алатын көктемде де ажар жоқ. Айналадағы жаңа гүл жарып келе жатқан шөптердің иісі кешегі көмген малдай борсып, қолаңса сасып, қолқаны алатын секілді. Әлде сол көргеннен, сол сезгеннен түршіккен дене алған ауыр әсерден әлі арыла алмай келе жатыр ма екен? Жан жібіткен көктем емес, иықты басқан ауыр бірдеңе.
Өз шаңырағын Малыбай бірден таныды. Дәмелі келе жатқан жалғыз аттыға киіз үй сыртынан тесіле қарап тұр екен. Бүкжие отырысынан-ақ күйеуін бірден білді. Тым бүгіліп кеткен бе, немене?
– Кеңесжан, Кеңесжан, әкең келе жатыр! – деп айғай салды. Қуанышы да, сағынышы да – осы айғайдың ішінде.
Үйден есікті сарт еткізіп, қарғып шыққан қара домалақты Малыбай аудармай таныды. Әбден сағындырған – өзінің Кеңесжаны. Баланың кішісі қашанда әке-шешенің ойынан кетпейді ғой. Мынау күшігі соңғы кезде тіпті түсінен шықпай қойған. Бір қыс көрме­гендіктен бе, есейіп қапты. Кекілі жалбырап жүгіріп келеді. Аттың бауырына кіріп кетер ме екен? Малыбай көргеннен-ақ баласын айнала бастады: «Құдай берген, тәңір берген, бере салған, ие салған». Жүгіріп жеткен Кеңесжанды ат үстінен тік көтеріп алды да, құшырлана бетінен, маңдайынан, тамағынан сүйе бастады.
– Сақал-мұйтың жыбыйлатып жібейді, – деді Кеңесжан «р»-ға тілі келмейтіні анық байқалып. Онысы сөзін тіпті сүйкімді етіп тұрғандай.
– Қыс бойы сен қайда болдың? Қайша тәтеме қойімдік бейесің, ол Ақылжан көкеммен бірге ұйықтайды.
Малыбай мырс-мырс күлді. Бұл ауыл ит асырай ма, асырамай ма, алдынан бірде-бір әупілдек шықпады ғой.
– Ауылда ит жоқ қой өзі.
Малыбай Кеңесжан тағы бірдеңені бүлдірмесін деп, әңгімені басқа жаққа бұрды.
– Иттей аткөшектейден қойқып қашып кеткен. Олай иттің етін жейді.
Малыбайдың жүрегі зу ете қалды. Бастұмада Шәкен қарт «тышқан жеген сұмдық» деп күңіренсе, мына жерде «ит жеген» деген пәле тап болуын қара.
– Бармысың әйтеуір, ат-көлігің аман ба? – деп Дәмелі күйеуін аттан өзі түсіріп алды. Жүзі әбден тотыққан, көзінің қызылы да көбейіп кеткен шалының өңінде үлкен бір кейістік бар секілді. Екі жерден сақалына жолақтана ақ түсіпті.
– Шүйінші, келін түсірдік. Сәл кідіре тұр, киініп алсын, – деді Дәмелі жұмсақ қана.
– Ал, ал, құтты болсын, бақытты болсын! – деді Малыбай жай ғана. Қуанғысы келсе де, көңілін бір ащы сезім тіліп тұрған секілді. Тұла бойы тұңғышы үй болғанда елде болмағаны көңілін жасытты ма, әлде оның үйленгенінің мынадай ауыр кезеңге тап болғаны жанын жаншып тұр ма, әлде кешегі Ажы ауылының сұрықсыз көркі, Қоспанбеттің екі бірдей ұлының аяқасты шейіт болғаны ойын ойран етті ме, әйтеуір, Малыбай ағынан жарыла қоймады. «Келіннің – аяғынан, қойшының – таяғынан» демекші, аяғың құтты болса жарады. Ертерек үйленші», – деп әкесі әлденеше айтқан еді Ақылжанға, қыз таңдап жүріп алды емес пе? Кездескен уақытын көрдің бе? Мейлі, қойны құтты болсын, бір бұларға келген зауал емес қой.
Ішіп-жемдері де жүдеп қапты. Шөлдеп келген бетінде Дәмелі сұлының көжесін ұсынды.
– Ат жейтін сұлыны енді адам жейтін болған ба?
– Бұған да шүкір де, тышқан еті мен иттің етінен жақсы ғой.
– Сұмдық-ау, сендер де сол күйге жеттіңдер ме? Балаң ауылнай емес пе?
– Не, ауылнайдың үйі май құсып отыруы керек пе? Ел басына туған күн оған да туды. Сұлы да болса, үйінде дәні бар, соған шүкіршілік, – деді Дәмелі.
Қайша қысылып, атасына шай құйып отырды. Шай дегенде не, күні кеше дастарқан үстінде көпіріп жататын ірімшік, бауырсақ, майы шыққан құрт атымен жоқ. Сарымай деген ағаш тостағанда төбе-төбе болып үйіліп тұрушы еді. Бұрқыраған аққұйрық шайдың иісі мұрынды жаратын. Өзге қасиетімен бірге, Дәмелі ел арасында тамақты мол, дәмді ұстайтындардың қатарына жататын еді. Сонау Қармыс ауылынан, шешесі Балжаннан қалған мұра. Соған жаман үйреніп қалған Малыбай, әрине, өзгені қалайды. Қайдан білсін, ол мұраға да ашаршылық келгенін.
– Кеңесжан-ей, әкеңнің атын біреу жетектеп кетпесін, – деді Дәмелі ұлына.
– Тапа-тал түсте кім жетектейді?
– Пәле, сен өзге дүниеден келгендей болып отырсың ғой. Көзіңді ілестірмейді, қағып әкетеді. Қазір түске қарай аштар, қайыршылар шұбырады дейсің.
– Ақылжан қайда?
– Ауданға кетті. Шодыр шақыртыпты. Аштыққа қарсы кәмәсия құрылған дей ме. Соның ішінде, әйтеуір. Қайта оралғанша зәреміз кетіп отырады.
– Нарғазылардың халі қалай? Қайын жұртыңмен араздасып келгеннен саусың ба? – деді Дәмелі.
– Сендерге қарағанда олардікі құдайдай. Былқылдатып балық асып жеп отыр.
– Аман болсын, аман болсын! – Дәмелі басын ұзақ изектетті. – Бұл жақта тірі жан қалмай жатқан ауылдар бар. Әсіресе таза қазақтар тұратын өңір сорлап жатыр. Кеудесінде жаны бар балаларды детдом дегенге жинауға кірісіпті. Ана Қайша да сол жинауда бір апта жүріп, кеше келді.
Ол «не нәрсе» дегендей, Малыбай бірінші көрген келініне тесіле қарады.
– Әке, бұл сұмдықты көргеннен көрмеген жақсы еді. Ақылжан мен Шодыр ағаның сө­зін тастамайын деп кірісіп кетпесім бар ма.
Қайшаның көзінен жас көрінді. Басын­дағы қызыл орамалының ұшымен мөлт еткен бірнеше тамшысын тосып алды. Сөйлеуге шамасын келтірмей, бір нәрсе көмейінде тіреліп тұр. Жұтынып арлы-берлі біраз отыр­ды. Малыбай байқап қараса, келінінің кескін-келбеті жаман емес сияқты. Қара торының әдемісі. Сөзі де биязы, өзі де биязы.
Бесікте жатқан Амангүл оянды. Қайша оған тұра ұмтылды. Әрлі-берлі тербетіп еді, уана қойған жоқ.
– Қарны ашып жатыр ғой, жарымай жүр сорлы, – деді Дәмелі кейістене.
Әрине, Малыбай оны бірден түсіне қойды. Балалары тойғанша өзі тамақ ішпейтін әйелі қазір бәрін аузынан жырып, соларға беріп жүр ғой. Әлденіп тамақ ішпеген соң, емшектен сүт шыға ма?
– Емізіп көрейін, – деп келінін шай құюға жіберді.
Қуырған бидай, ақтаған сұлы дәні – шайдың бар жемі осы ғана. Дегенмен шөлдеп келген Малыбай қара шайдың өзін біраз ішуге ыңғай білдірді. Қайшаның әңгімесін одан әрі жалғастыруын күтті.
– Әнеугүні райкомның тапсырмасымен он ауылды араладық. Соның төртеуінен бір тірі пенде таба алмадық. Түгел қырылған. Бәрін бір жыраға көмдірді. Екі ауылда ешкім жоқ, қаңырап қалған, босып кеткен болуы керек. Ал қалған төрт ауылдан тірі тапқанымыз отыз шақты әлсіреген екі мен онның арасындағы жас бала. Әке-шешелері өздері өлгенше ең соңғы дәмін ауыздарына тосып, ұрпағын артында қалдырған болуы керек. Кей үйлерден қазанда асулы қалған тышқан еттерін көрдік.
(Жалғасы бар)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста