«Даланың бозторғайы» ән салғанда...

«Даланың бозторғайы» ән салғанда...

Ән жайлы Абайдан артық  айтқан адам жоқ. Ол өзінің алты шумақтан тұратын өлеңі арқылы әннің бүкіл табиғатын  ашып берді: «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Үннің тәтті оралған мәні  оятар. Кейі – зауқы, кейі мұң, дертін қозғап, Жас балаша көңілді жақсы уатар...» Бекзат болмысты Жәнібек Кәрменов – осы қасиет­терді  бойына сіңірген әнші. Осындай қасиеттерді көре білген қазақ әнді де, әншіні де төбесіне көтеріп, хандай күтеді, айдарлап ат тағады. Бұл – өнерге елітіп, сөз қадірін білетін халық үшін заңды құбылыс. Жәнібек Кәрменов те – көпшіліктің осындай құрметіне, ыстық ықыласына ие әнші. Ән айтудағы шеберлігіне, әнді таңдап, оны халыққа ұсыну­дағы ізденісіне тәнті тыңдау­шы оны көзінің тірісінде-ақ «таңдайына бұлбұл ұялаған әнші», «даланың бозторғайы»  деп еркелетті. Небәрі 43 жа­сын­да жол апатынан қай­тыс болған әншінің орындаушылық шеберлігімен қоса,  халық арасында айты­латын қаламгерлік, шешендік қырларына зер салып, әр еңбегіне үңілген сайын ол кісі жайлы алғашқы түсінік тереңдей береді.
«Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» (Абай), «Дені саудан дені сау ән шықпақ», «Жаны кірдің әні кір» секілді әнші ұстанымдары одан дәріс алып, Жә­кең­нің алдын көрген шәкірттердің аузында жырдай айтылады.  Шашубайдың «Аққа­йы­ңын», Ғазиздің әнін, Сейітжан сал сал­ған «Қанатталдыны», Біржанның және Жа­рыл­ғапбердінің әндерін, Мұхиттың,  Ақан­­­­ның,  Естайдың,  Исаның,  Әсеттің, Жам­­былдың, Сәкеннің,  Кененнің, Қасым­ның әндерін өз мәнеріне жеткізе орындай­тын Жәнібек Кәрменовтің репертуарында  300-ден астам ән болыпты. Сазгерлік қырын енді жолға қоя бастаған тұлға қалың тыңдарманға  «Жеңеше», «Жаса, елім», «Ағалар», «Өмір туралы толғау» сияқ­ты әндерді ұсынып кетті. Әншінің артында қалған ұрпақтары да «Ойламаң­дар, жігіттер, Баста дәурен тұрмайды», «Қарашада қара үй тұр, Қарайлай жүр артыңа», «Өмірдің соңы – өкініш, санамен ойлап білгенге», «Желігіп келсең өмірге, Жерініп бәрібір өтерсің», «Байлықты қусаң базарлап, түбінде саған сол – қайғы», «Қулықпен тапқан мал арам, Түбінде қа­йыр болмайды», «Жолдас болма жаман­мен, Көзің жетпей парқына», «Жалғыз шық­па сапарға, Өкініште қаларсың», «Қайырым түбі – даналық, Жақсылық етпе есеппен» деп кеткен әке аманатының өзде­ріне асқақ арман мен биік мұрат жүктейтінін айтады.
Қазақ әнші-сазгерлерінің қарқыны мен болашақ беталысына қарап, орыс ғұлама­сы Г.Потаниннің: «Енді 50 жылдан кейін қазақтар астана сахналарына әншілер мен музыканттар даярлап беретін болады. Бәлкім, олардың ұлт ретінде қайта тууының өзі осыдан басталатын болар», – деп айтқан сөзіне қанат біткендей. Оған Жәнібектей асқан талантты орындаушылар – дәлел. Ендеше, Жәнібек Кәрменовтің өмірден озғанына 20 жыл болса да, оның талғампаз өнері мен тұлғалық бейнесі көз көргендер­дің естеліктері арқылы халықтан, халықтың киелі өнерінен еш алыстамақ емес.

«…Ел, халық болған соң, оның ұлттық нақыш-сазы, өзіндік үн-тілі, әуенділік тілі болады. Сол ұлттық әуен, ұлттық нақыш-сазға әншілер арқа сүйей отырып, олар өздерінше өрнек құрайды. Егер бейнелеп айтар болсақ, кең-жазира алқапты белгілі бір ұлттың ән өлкесі деп есептеңіз. Сол ән өлкесінде өскен алуан түрлі гүлдер орындаушы әншілер сияқты. Сол топырақтан нәр алып өскен гүл, яғни әнші-орындаушы кімнің де болса көңілін қуанта алады. Ал өскен, нәр алған топырағынан тамырын үзген әнші-орындаушы жұлынған гүлмен бірдей». («Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» кітабы, 218-бет).


Тұрар Тұрсынханова, Ж.Кәрменовтің жары:
Достары бізді сыртқа тепкен емес
– Жәнібекпен 20 жыл бірге өмір сүр­сем, Жәнібексіз ғұмырыма да 20 жыл­дың жүзі болыпты. Тағдырдың жазуына не шара?!
Жәнібек өмірде өте қарапайым бол­ды. Жастарға – аға, үлкендерге іні бола білді. Өзі ауылда өскендіктен, ауыл адамдарымен өте жақсы тіл табысатын. Концерттермен ауыл­дарды көп аралайтын. Менің  де ол кісіге ілесіп, бір-екі рет ауыл­дар­ды аралаға­ным бар. 1989 жылы Шәкәрім қажының 130 жылдық мерей­­то­йына бардық. Сонда көргенім ол кісінің кез келген адаммен емен- жарқын арала­са кететіні еді. Кез келген киіз үйге кіріп барады да, жастыққа жантая кетеді. Үстінде үтіктелген таза концерт­тік кос­тюм­дері бар. Ол умаж­далады деген­дей. Оны қайта үтіктейтін жер де жоқ. Біз кірпиязбыз баяғы. Бізге орындық керек, жерге отыра алмай­мыз. Келген­нен кейін: «Үстіңнің бәрін қыр­тыс­тадың, неге жерге жата кете­сің?» – деп ренжимін. Сонда ол кісінің айтаты­ны бар еді. «Қара киізге жатсам да, ол маған майдай жағады, сол күндерімді мен сағынамын, шіркін-ай!» – дейтін. Жәкеңнің патриоттық сезімі ерекше еді. «Бүкіл қазақтың мыңғы­рған малы, кісінеген жылқысы­на дейін менікі», – дейтін рақаттана күліп. «Ол қалай сенікі?» – деймін мен. Ол кісі сол кезде: «Респу­бликаның кез келген облысынан, қаласам бол­ды, маған кез келген адам өзі малын әкеліп бере салады. Мен сұраншақ емеспін. Бірақ  бұған сондай сенім­дімін», – дейтін. Малшыларға, шо­пан­дарға барса болды, құрметтеп, жібермейтін.  
Қазақта «әкең өлсе де, әкеңді көр­ген өлмесін» деген қанатты сөз бар ғой. Құдай­ға шүкір, Жәнібектің доста­ры балаларға әкесіз қалғанын сезін­дір­ген жоқ. Кенже баламыз әкесінен екі жарым жасында қал­ды. Әкесін қатты сағынып жүрді. Жәкең­нің достары бізді тойларға, қонаққа бірге алып барып, қайтар жолда үйге қалдырып кетіп жүретін. Сондай күндердің бірінде Шәкәрі­міміз Тұрсын Жұртбайдың мойнынан қатты құшақ­тап алып, жібер­мей: «Сен бүгін менің үйіме қонасың», – деп бәрімізді жылатқаны бар еді. Сондай достары әрқашан да бала­ларды жетім­сіретіп, мені жесір деп сыртқа тепкен емес, бізден қашқақ­таған жоқ. Керісінше, Жәнібекке қатысты іс-шаралар­дың бәрінің басы-қасында шапқылап жүре­ді.
Жәнібектің қолы өте ашық бола­тын. Қазір қарап отыр­сам, ол кісі өзіне сыйлаған Мұхтар Әуезовтің домбыра­сын да, ұстазы Жүсіпбек Елебековтің де домбырасын көңілі қалап сұраған достарына сыйлап жіберіпті. Жәнібек карта ойнағанды қатты жақсы көретін. Преферанс дегенді күнді күнге салып ойнайтын. Жәкең аңшылықты жақсы көрді. Соңына түсіп кетпесе де, ара-тұра аңға шығатын. Кейін ойлаймын, ол, бәлкім, шығармашылығына да керек бол­ды ма екен...

Несіпбек Айтов, Ж.Кәрменовтің досы, ақын:
Шешендігімен ерекшеленді
– Жәнібектің шешендігін елден артықшылығы дер едім. Бір айтқан сөзін екінші жерде қайталамайтын еді. Мен мұндай шешен адамды ауызекі сөзде әлі көрген жоқпын. Талай шешенді көріп жүрміз, бірақ Жәнібекке жетері жоқ. Жас кезінде той басқарып жүргеннен кейін мен онікі жаттанды шығар деп ойлай­тынмын. Сөйтсем, ол ойым қате екен. Жүре келе, көре келе, араласа келе, оның шешендігінің табиғи, қанына сіңген қасиет, ерекше дарыған қабілет екендігін байқадым.
Мен Жәнібекті 1969 жылы Алматыға оқуға келгенде көрдім. Содан бастап дүниеден озғанша жолдас болдық, қатар жүрдік. Талай сапарға бірге бардық. Оның тағы бір ерекшелігі – Абай айнала­сындағы көнекөздердің шежіре оқиға­ларын іздеп тауып, сонымен таны­сып, зерттеп, өзіне сіңіріп жүргендігі.
Жәнібектей әнді жеріне жеткізіп айтатын, әнді буынға дәл түсіріп айтатын әнші кемде-кем. Ол әнді көп уақыт өзінде сақтап, пісіретін. Бас салып бірден айта бермейтін. Ақселеумен бірге жүргізген әндер туралы хабарлары терең мағыналы болатын. Әнді орындағанда ол Манарбекке де, Жүсіпбекке де ұқсамай орындап, өзі бір жаңадан жол салып келе жатыр еді. Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуын, Ақтамбердінің «Күмбір-күмбір кісінетіп» деген әндерін өзінше өрнекпен айтып, енді ғана ашылып келе жатқанда үзілді.  Амал не, сұм ажал арамыздан осындай талантты ерте алып кетті.

Шаһ-Керім Кәрменов, Ж.Кәрменовтің ұлы:
Әкемнің журналистік жолын жалғадым
 –  Мен әкемнен  екі жасымда қалған­дықтан, ол кісі жайлы естеліктер ойымда  тек елес ретінде қалды. Әкемнің кім екенін, қандай адам болғанын анамның, достарының әңгімелерінен білдім. Мен үшін әкемнің болмысын сезіну үлкен мұраттай көрінеді. Ол кісіні туғаннан бас­тап өзімше зерттеп, зерделеп келемін. Бірақ әлі түбіне жетер емеспін. Мен оның әлеміне үңілген сайын ол кісінің азаматтық болмысы, әкелік бейнесі асқақтай береді.  Есейген сайын сол асқақ тұлғаның өзің үшін керектігі айқын сезіліп тұрады, сағы­на­сың. Әпкем екеуміздің арамыз 16 жыл болғандықтан, мені ол кісі үлкен сағы­нышпен асыға күтіпті. Әкемнің арқа­сында тілім де ерте шығыпты. Анамның айтуын­ша, үш жарым айымда «ата» деп­пін. Әкем өзін ата деп айтқы­зыпты. Бір жасымда Абай атамыздың «Қайран елім, қазағым, қалың жұртым» деген өле­ңін жаттатқы­зыпты. Мұның бәрі, әрине, құлаққа бір түрлі естіледі. Бірақ, анамның айтуынша, ол кісі менен үлкен үміт күтіпті. Қонаққа барса да, бір кісілермен кезде­суге барса да, мені қасына ертіп алады екен. Әкемнің жұмыстан келер уақытында мен де екі тәпішкемді құшақтап алып, есіктің аузында отырады екенмін. Бұл көрініс маған бүгін бұлдыр сағым секілді оралады.  Жұмыстан келген бетте: «Далаға кеттік», – деймін. Әкем сөзімді жерге тастамастан, далаға алып кетеді. Сонда менен ол кісі: «Балам, саған не әпе­рейін?» – деп сұрайды екен. Кейде қа­сын­да дос-жарандары болады.  «Балмұз­дақ әперейін бе?» «Жоқ, керек емес». «Кәм­пит  әпере­йін бе?» «Жоқ, керек емес». «Ойыншық па?» «Жоқ». «Енді не?» – дейді ғой. Мен еш бөгелместен: «Маған қатын әпер», –  дейді екенмін. Оған бәрі балаша мәз болып, күлетін көрінеді. Енді өзі үйретіп қойған сөзі ғой әкемнің. Әке жайлы әдемі естелік көп. Ол таусылмақ емес.
Әншілік Алланың бұйрығымен келетін талант десек, сол өнер бізге қон­баған­дықтан, әкемнің ең болмағанда жур­налистік, жазушылық жолын жал­ға­йын, ол кісінің тұлғасын зерттейін деген оймен журналист мамандығын алып шықтым. Дипломдық жұмысымның тақы­рыбын «Жәнібек Кәрменовтің публицистикалық мұрасы» деп алдым. Зерттеп отырсам, әкем очеркті көп жазыпты. Өнер саласын­дағы құрдастары, одан бөлек Нұрғиса Тілендиев, Кәукен Кенжетаев, Шәкен Айманов, өзінің ұстазы Жүсіпбек Елебеков жайлы көптеген мұра қалдырды. Очерк – ол кісінің шығармашы­лы­ғының бір саласы ғана. Ол кісінің жаз­ған үш сүбелі еңбегі бар, оны білесіздер. Одан бөлек үйде «Аяқталмай қалған күй» деген ро­ма­ны бар. Алла жазса, батыл­дығым жеткен кезде оны да қолға алып, аяқтар­мын деп ойлап жүрмін. Әкем дү­ние­ден өткеннен кейін анамның, доста­рының атсалысуымен «Жәнібек» деген естеліктер кітабы шықты. Одан бөлек біраз еңбегі жинақталуда. «Махаббат әні» кітабы қайтадан басылып шықты.
Әкемнің қара домбырасы иесіз қал­масын деп, 7-сыныпта Абай оқу­ларына қатысып, домбыраны өз бетімше  үйрен­ген жайым бар еді. Біздің үйден ол кісінің әндері үзілген емес. Ол әндер үйде үнемі шырқалып тұрады. Сондықтан әндегі ұстазым да әкем дер едім. Сол кісінің үн­тас­паларын тыңдап отырып, домбыраны  үйреніп, «Абай оқуларына» қатыстым. Содан кейін ол кісінің туған жері Қарауыл­ға барып, бас жүлдені жеңіп алдым. Бірақ өзімді әнші деп есептеуге қақым жоқ. Ортан қол дауысым бар. Кәрменовтің тегін алып жүріп, ортанқолдық мүмкін­дікпен әнші болып кету мен үшін  ұят деп ойлаймын. Сондықтан әкемнің журна­лис­тік жолын жалғап, қолымнан келгенше елге қызмет еткім келеді. Бірақ немереле­рінің арасынан болса да, Кәрменовтің әншілігі қонатын бір дарын шығатынына еш күмәнданбаймын.

Құныпия Алпысбаев, Ж.Кәрменовтің досы, филология ғылымының докторы, профессор:
Мәскеуге жиналған жұртты  аузына қаратты
– КазГУ-да оқып жүргенде Жәнібек екеуміз сол оқу орнының көркем өнерпаздар үйірмесіне бірге қатыстық. Сол кезден есте қалған  әдемі бір естелік бар. 1975 жылы университет тұңғыш рет Дүниежүзілік университеттер ассоциа­ция­сына мүше болып қабылданатын болды да, соған байланысты Мәскеуде МГУ-да үлкен форум болды. Соған біздің оқу орны арнайы музыкалық бағдарлама дайындап апарды. Ол бағдарламада Жәнібектің сахна сыртынан шырқап шығатын номері бар еді.  Мен залда көрермен болып отырдым. Сол көрініс әлі көз алдымнан кетпейді. Жәнібек сахна сыртынан шырқап келе жатқанда бір кездегі Әміренің Париж төрінде шырқап, француздардың аузын аштырған сәті ойға оралды. Исаның «Жел­дір­месінің» әуелгі айғайы сахнаның сырты­нан басталып келе жатқанда ел ерекше тамсанып қалды. Жәнібектің тынысының кеңдігі, дауысының тазалығы тіпті оны күнде тыңдап жүрген біздің өзімізді таңғалдырды. Зал  бірден шапалақ ұрып кетті. Оның дауысы микрофонға жетпей, сахна сыртында тұрып-ақ, осылайша  зал­ды жаулап алған еді.   Одан кейін де Жәні­бек сол биігінен еш төмендеген емес, бірақ бүкіл әлем елдерінің басын қосқан форум­да Әміреден кейінгі қазақ өнеріне, қазақ әніне, қазақ әншісіне деген шетелдіктердің құрметін сезіндірген бұл қойылымның орны біз үшін қашанда ерекше. Оның әр сахнаға шығуы жұртты тамсандырмай қой­май­тын. Ол ХХ ғасырдағы ұлы әншілердің бірі болды десек, еш қателеспейміз. Тыңдаушысын қатты құрметтейтін. Жәнібек оның алдына ерекше дайындықпен келетін. Дауысым бар деп, кез келген әнді немқұрайдылықпен сахнаға алып шыға салмайтын. Өзінің сол талғампаздығын, ізденімпаздығын, қарапайымдығын кейін ұстаз болған кезінде өзінің шәкірт­терінің бойына сіңірді.
Өте аңғал, кісіге сенгіш еді. Достыққа адал болды. Біреуге жақсылық істеуге ниетті болып тұратын. Қалжыңды да жақсы айтатын, дос-жаранның арасында ортаның көрігін қыздырып жіберетін. Дауысы саңқылдап, әр ортада топ жарып тұратын. Көңіліне жақпаған қылықтарды көрсе,  бетің бар, жүзің бар демей, айтып сала­тын. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген түсінікті жігіттің жігітіне таңатын болсақ, біздің Жәнібек сол теңеуге әбден лайық жан еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста