Қазақ музыкасын түлеткен талант

Қазақ музыкасын түлеткен талант

Мұқан деген есім әр қазақ үшін аяулы. Төлебаев фамилияcы – жалпыхалықтық сипат алып, бұқаралық биікке көтерілген санаулы тектердің бірі. Бұл аты-жөн қарапайым еңбеккер мен лауазымды қызметкердің арасындағы мың сан адамның жадынан орын алған. Еңбектеген бала мен еңкейген кәріге дейінгі аралықтағы миллиондаған адамдар оның жанын тербеткен әуенмен тәрбиеленіп өсті.

Біздің бұлай асқақтата айтып отырға­нымыз алғашында ҚазКСР Мемлекеттік әнұраны болып, кейіннен ел Тәуелсіздігін алғанда тұңғыш Әнұранымыз болған әйгілі елұран екенін біліп отырған болар­сыз. Е.Брусиловский, Л.Хамиди, М.Төле­баев үштігі тудырған осы әнұран күні кеше­ге дейін мемлекеттің басты әні, қа­сиет­ті рәмізі болып келді. Бұл әнұран әуен-сазының ерекше көркемдігімен Кеңестер Одағындағы алдыңғы қатардағы әнұран болғаны біз үшін зор мақтаныш болды.
ХХІ ғасырдың алтыншы жылында уақыт талабына сай әнұран өзгерді. Ендігі жерде киелі есім күнделікті аталмайды, ән сәт сайын айтылмайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда қатарымызды толықты­рып, санымызды арттырып жатқан бүгінгі жас ұрпақ тұлғаны кім деп таниды? Рас, Төлебаевты Төлебаев қылған бір бұл шы­ғарма емес. «Кестелі орамал», «Келші, сәу­лем», «Сағыну», «Тос мені, тос», «Бақыт вальсі» сынды бірқатар әндері қарапайым халықтың көңілін көлдей толқытып, жанын тербетіп келеді. Алдағы уақытта да ұлтпен бірге жасай беретініне күмән жоқ.
Бірақ Мұқан Төлебаев феноменінің негізгі асыл қазынасы келесі тарапта екені даусыз шындық. Ең аяныштысы, көрнекті композитор шығармашылығының шыңы саналатын «Біржан-Сара» операсының классика екенін көрген жұрттың айтуы арқылы білетіндердің саны көзбен көріп, құлақпен тыңдағандардан анағұрлым көп екені белгілі. Жасырып жабатыны жоқ, біздің бүгінгі қоғамның театр мәдениеті драма театрдан көтеріле алмай тұр. Ха­лық­тың белгілі бір бөлігі ғана тамашалай­тыны болмаса, опера бізде әлі күнге бұқаралық сипат алған жоқ. Опера және балет театрын жолай өтіп бара жатып сырт­қы келбетін көргені болмаса, босағасын аттап, ішіне енбегендердің де басым екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ал осындай қоғамдағы театр репертуарынан түспей келе жатқан «Біржан-Сара» – ұлт­тық қана емес, әлемдік классика. Кеңестер Одағының кезінде сол қоғамның ірі табы­сы саналып, ресми мойындалып, жоғары бағаланған. Қазақ КСР тарихындағы: «Бұл шығарма өзінің идеялық мазмұн-мағына­сының тереңдігімен, музыкалық құрылы­сының өзіндік сонылығымен советтік және дүниежүзілік музыка өнерінің ең тамаша туындыларының қатарынан орын алады» деген пікір көп нәрсені аңғартса керек.
Мұқан Төлебаев турасында айтылғанда анасы Тәжібала мен нағашы ағасы Апыр­бай­дың есімдері қоса аталады. Өйткені тұлғаның бойындағы қасиеттердің ашы­луы­на, жетілуіне ықпал етіп, тәрбиелеген – осы екі аяулы адам. Және перзент бойындағы кез келген қасиет әкенің қаны мен ананың сүті арқылы даритыны ақиқат. Нағашы жұртынан қонған әншілік, сазгер­лік қасиетін М.Төлебаев қазақы қаймағы бұзылмаған ауылда құнарлы өнер түрлері­мен сусындау арқылы дамытады. Демек, тұлғаның бойындағы талант ұлттық құнар­дан тамыр тартқан деуімізге толық негіз бар. Бойындағы осындай өнерін еуропа­лық біліммен ұштастыру әркімнің маңда­йына жазыла бермейтін бақыт. Сол бақты Жаратушы Ие Төлебавтың тағдырына жазыпты.
Оның Мәскеу консерваториясының жанындағы студияда оқып, әйгілі ұстаздар Б.С.Шехтер мен Р.М.Глиэрден тәлім алуы жаңа көкжиекке шығудың төте жолы еді. Еуропалық музыка мәдениетінің кеңістігіне шығуы, онымен кеңірек танысуы ұлы ком­позитордың шығармашылық өміріндегі бетбұрыс кезеңі болып саналады. Ұлттық құнар мен әлемдік құндылықтың астасуы қазақ топырағына жаңа өнердің келуіне ықпал етеді.
Әйгілі сазгердің студияны бітіру жылы Ұлы Отан соғысының басталуымен тап келеді. Енді ғана таланты ашылып, табиғат берген дарыны пісіп-жетіліп, шығармашы­лықтың жеміс берер шағында М.Төлебаев өзге отандастарындай бәрін тастап, халық жасағының құрамына кіреді. Осы тұс ұлт музыкасына төнген зор қауіп еді... Майдан даласындағы оқ пен оттың ортасы ажал құрсауының айналасы емес пе? Мұқанды соғыспен байланыстыра ойлаудың, елес­тетудің өзі қорқынышты. Рас, талап бәріне ортақ. Біреуден біреудің жаны артық емес. Дегенмен сарбаз көп, Төлебаев жалғыз еді... «Қырық жыл қырғын болса да...» деп басталатын мәтелдің жалғасын білетін қазақпыз. Дегенмен Төлебаев өзге май­дан­ның жауынгері екені анық. Ол ұлт мәде­ниетін қорғауға тиіс қас батыр. Ұлт­тың бағына туған ерді Тәңірі де аяса керек, М.Төлебаев денсаулығына байланысты соғыстан босатылып, Қа­зақ­станға қайта оралады. Ендігі жерде ол Отанын қарумен емес, қаламмен қорғаушы­лар­дың қатары­на енді. «Соқ, барабан!», «Жорық», «Сем­сер» сынды әндерімен елге рух беріп, жігерін жаныды. Сол жылдарда  Е.Бруси­ло­вс­кийден сабақ ала жүріп, 1942-1944 жылдары Қазақ­тың халық аспаптары оркест­рінің дирижері болып қызмет атқа­рады. Бұдан кейінгі уақытта өнерін ұштап, білімін жетілдіре түсу үшін М.Төле­баев Мәскеу консерваториясына түседі. Бұл жерде профессорлар Н.Я.Мясковский мен Б.Г.Фереденнің композиция сыныбын бітіріп шығады. Осы жылдар М.Төлебаев­тың классикаға қадам басу жылдары болып саналады. Ол белгілі композитор Е.Брусиловскиймен бірігіп «Амангелді» операсын жазады. «Амангелдіден» бас­тал­ған соқпақ ұлы мұраттың жолындағы тұлғаны әлемдік музыка мәдениетінің кеңістігіне самғатады. Ол жазып қалдырған мұралар (бас-аяғы 100-ден аса шығарма) ұлттық музыка мәдениетінің таусылмас қазынасына айналды.
М.Төлебаев шығармашылықпен қатар, қоғамдық қызметтерде де елеулі еңбектер жасады. Ұстаз ретінде жас дарындардың талантын ұштауда, білімін жетілдіруде аян­бай тер төкті. Ол тәрбиелеген шәкірттер ұлттық музыкамыздың дамуына елеулі үлес қосты. Осы тұрғыдан алғанда ұлттың біртуар ұлы қазақ әуен-сазының жаңа бағыт­тағы дамуының, кәсіби тұрғыда қалып­тасуының көш басында тұр деуге толық негіз бар. Қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры, Қазақстан Компози­торлар одағының төрағасы қыз­мет­­терінде де өзінің азаматтық болмысымен жарқырай көрінген. КСРО Жоғарғы Кеңесі­не депутат болуы да көп нәрсені аңғартса керек.  Осын­дай әрқилы қызметтерімен ол қоғам қайрат­кері атанды.
Ердің жасы елуге толмастан, небары 47 жасында бақилық болған М.Төлебаев азғана ғұмырында өлшеусіз іс тындырып, толайым мұра қалдырды. Және оның бұл еңбегі дер кезінде өз бағасын алды. Отыз алты жасында КСРО Мемлекеттік сый­лығын алса, 46 жасында КСРО халық әртісі атанды. Кел­те ғұмырында ерте оянып, барын сала еңбек етіп жанкештілік таныт­қан тұлға­ның берері де көп еді, бергені де аз емес. Аяқталмай қалған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мен «Нияз бен Раушан» опералары Төлебаев шығар­машы­лы­ғының алдағы асуларынан хабар беріп тұр.
Ұлт жүрегінен орын алған М.Төле­баевтың өмірі оны көрмеген бүгінгі ұр­пақ үшін ертегі болса, өзі – аңыз адам. Оның теңіздей терең, асқардай биік тұлғасы қазақ руханиятының айсбергі сынды елестейді.

Ана зары

Кестелі мынау сенің орамалың,
Шақырам не себептен оралмадың.
Жетпістің жетеуінде кесте тіктім,
Қолымнан келген менің бар амалым.

Сен үшін орамалды анаң тікті,
Кестеге мөлдіретіп жасын төкті.
Балқаштың толқынындай тулағанда,
Сипарсың орамалмен бұл жүректі.

Көзімнің қарашығы жаным бала,
Сағынып сені ойлаған Тәжібала.
Кестелі орамалдың күйін тартшы,
Күйсандық пен Алатауды шыр-айнала.

Кестелеп орамалға жазған хатым,
Анаңыз Тәжібала менің атым.
Жас төгіп орамалды шимайлаған,
Сөзімді оқып көрсін жамағатым.

Жасымда жетпіс жеті тіктім кесте,
Аларсыз оқығандар мұнымды еске.
Көзімнен қырық тоғызда ғайып болған,
Қайғырып перзент үшін ерте-кеште.

Отанның шын перзенті адал ұлы,
Қайғыртты барлық елін осы жылы.
Елінің қайғысына мен де үн қостым,
Мінеки, сұрасаңыз сөздің шыны.

Артында айдар қалды жалғыз жетім,
Ендігі ішімдегі менің дертім.
Айдарым жеткен кезде оңалармын,
Оңғарса Компартия оның бетін.

М.Төлебаевтың анасы Тәжібаланың күнделігінен

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста