Қазақ радиосының кіндік әкесі

Қазақ радиосының кіндік әкесі

Қазақ радиосында қажыр­лы еңбек етіп, «қазақтың Левита­ны» атанған танымал диктор, ҚР Халық әртісі Әнуар­бек Байжанбаевтың туғанына 26 наурызда 90 жыл толды.
Әкесі Нығметжан Байжанбайұлы ақын­жанды, өнерлі кісі болған көрінеді. Шың­ғыс­таудың бөктерінде туып-өскен ол дана Абайдың ауылдасы болған екен. Өнер тұнған өңірдің төл перзенті Әнуарбек Нығ­метжанұлы 1939-1941 жылдары Комму­нис­тік Журналистика институтында білім алған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы бас­тал­ғанда алғашқылардың бірі болып майданға аттанған. 1943 жылы аяғынан қатты жараланып, елге оралған. 1944 жылы Қазақ радиосына дикторлық қыз­мет­ке қабылданып, өмірінің соңына дейін сонда қызмет етті. Майдан хабарларын әуе тол­қы­нында оқығанда көңілі толқып, кейде тіпті көзіне жас та келетін Әнуарбек Бай­жан­баев – 1945 жылғы Жеңіс хабарын Левитаннан кейін эфирде қазақ тілінде тұңғыш жария еткен диктор. Бірегей талант иесі радиодағы қызметімен қатар Қазақ телевизиясы мен «Қазақфильм» киносту­диясында дубляжда да жұмыс істеген. Әйгілі диктордың алтын қорда 400-ден астам жазбасы сақталған. Кезінде еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» газетінің баспаханасында хат, қағаз тасушы болып бастаған Әнуарбек Байжанбаев С.Сейфул­лин, Б.Майлин, М.Әуезов сияқты ұлы тұл­ға­лармен араласқан, ақын Әбу Сәрсен­баев­пен, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рахымжан Қошқарбаевпен жақын дос болған. Сол кездегі мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаевтың өзімен де жақсы сыйласқан. «Қонаев ол кісінің атын атамай, «гүріл­деуік» деуші еді» дейді білетін жұрт.
Қазақ радиосының дамуына өлшеусіз үлес қосып, үлкен қажыр-қайрат танытқан Әнуарбек Байжанбаев жайында көзкөрген қауым бүгінде ерекше ықыласпен сыр шертеді...
Әріптестер көзімен                                                                                                                            
Сауық Жақанова, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
Үнемі кішірейіп жүретін
– Әнуарбек ағамен Қазақ радиосында бірге қызмет істедік. Табиғатынан қарапа­йым, адал, сенгіш, ақкөңіл жан болатын. Аға екеуміз кезінде балаларға арналған «Пионер серігі» атты бағдарламаны жүр­гіз­ген едік. Бұл менің сол кездегі алғашқы бағдарламам болатын. Сол себепті хабар барысында көңілім толқып, даусымның дірілдей бастағанын сезген Әнекең мені жігерлендіріп, демеу көрсеткен. Әнекеңнің қолдауымен намысыма тырысып, бағдар­ламаны ары қарай жүргізгенім әлі есімде. Ұлы бола тұра, үнемі кішірейіп жүретін. Жүрегі өте жұмсақ адам еді, оны мен Әне­кеңнің соғыс туралы хабарларды оқыға­нынан байқадым. Қан майданның хаба­рын оқығанда тебіреніп, ерекше бір күйге енетін. Дауысы қоюлау, қоңыр дауыс еді.
Әнекеңнің жұртқа қамқорлығы, жана­шырлығы ерекше болатын. Сол уақытта еліміздің түкпір-түкпірінен Әнуарбек Байжанбаевқа арнайы хаттар ағылып келіп жататын. Ол кезде жеңіл көлік алу, баланы оқуға түсіру деген қиындау-тұғын. Сол се­беп­ті де үлкен кісілер: «Қарағым Әнуарбек, жинаған аз-маз тиын-тебенім бар еді. Сен анау Қонаевтың жанында жүресің, сол кісі­нің сөзін сөйлейсің, сөзің өтеді ғой, машина алуға көмектесші» немесе «баламды оқуға түсіріп берші» деп, түрлі-түрлі өтініштерін жолдайтын, көмек сұрап алдына келетін. Әне­­кең осы кісілердің  бірде-біреуін кері қай­­­тарған емес. Қолынан келгенше ел-жұрт­­қа көме­гін беріп, қамқорлық жасайтын. Бі­ле­тінімді осы Әнекеңнің мектебінен үй­ренд­ім. Сол кездерде бір ғана радиомен бү­кіл қазақ даласына хабар таратамыз. Күні-түні радиода жүрсе де шаршағанын көрген емес­пін. Маған ағалық қолдау білдіріп жү­ре­тін, «Сауық, сен эфирдің Ақбаяны­сың», – дей­тін.
Жастар біле бермейді, бірақ осы күнгі үлкендердің барлығы: «Әнуарбек Байжан­баевтың даусымен ержеттік» дейді. Әне­кең­нің сөйлеу мәдениетi, адаммен аман­дасуы, тiптi бөлмеге кiрiп-шығуы мен отырып-тұруының өзі үлкен мектеп еді. Эфирге шығатын кездегi сән-салтанаты өзiнше бiр әлем едi. Сонда: «бұл кiсiнi тыңдарман тiптi көрiп те жатқан жоқ, неге сонша сәнденедi екен» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, оның бәрi өнер алдындағы таза­лық, адалдық екен. Хабарды тыңдаушының жүрегіне жеткiзе білу ең алдымен, диктор­дың жан тазалығына, көңiл күйiнiң кө­терiң­кi болуына байланысты екенін кейiн бiле бастадық. Шындығында, Әнуарбек Байжанбаев – радионың ардагерi ғана емес, тiптi «кiндiк әкесi» деуге де лайықты жан.    Негізі, Қазақ радиосының алтын қорынан анда-санда берілетін хабарларда ол кісінің даусы бар. Яғни радио тыңдайтын жұрт Әнекеңнің даусын әлі де ести алады. Дегенмен де еске түсіріп отыру керек. Сондықтан бұрынғы көзкөргендер ол кісі туралы естелік айтудан ешқашан жалыққан емеспіз. Өйткені ол өте талантты адам бол­ған. «Халық әртісі» атағын алған. Бүгінде Қазақ радиосының кіреберісінде үлкен мүсіні тұр. Әнуарбек Байжанбаевқа қан­дай құрмет көрсетілсе де артық емес.


Қазақтың қоңыр үні еді...
Тұла бойына туған топырағының иісін сіңіргені соншалық,  бір өзі бүтін бір ұлтқа айналатын адамдар болады. Өмірде өте сирек ұшырасатын, тіпті кей жұрттың маңдайына бұйырмай да өтуі мүмкін ондай жандар, бір қуанарлығы, қазақ­та аз емес. Соның бірі – аузын ашса, ар жағынан қазақ­тың қою қоңыр үні төгілетін Әнуарбек Байжанбаев. Сонау қойнаудағы ауылда қойын баққан шопан болсын, мейлі күбісін піскен әже немесе үлкен арман жетегінде қалаға кеткен бала болсын Ән-ағаның даусын естігенде, бейне, бесік басындағы ана әлдиіне бөленгендей, бір ғажап сезім билемей қалмайтын...

Қаһарынан қан тамған соғыс кезінде, үнімен ұлтын жұбатып, сөзімен жұртын жылытқан Әнуарбек Байжанбаевтың биыл – 90 жылдық мерейтойы. Тірі болғанда тор­қалы тойын Тәуелсіз елімен бірге той­лар ма еді, бірақ... Жә, мәселе онда емес, Алаштай елі тұрғанда Ән-ағасын атаусыз қалдырмасы анық. Соның бір дәлеліндей, күні кеше, яғни наурыздың 26-сы, сол бір қайталанбас тұлғаның шыр етіп жарық дүниеге келген күнінде қара шаңырақ Қазақ радиосы, жалпы, «Қазақстан» ұлттық телеарна басшылығы Ән-ағаңның аруағына арнап құрбан шалып, Құран бағыштады. Қазақтың бүгінгі зиялы қауы­мының басын қосып ас берді.
Арыстар ашқан құбылыс
Абай туған киелі Шыңғыстау төңіре­гін­де туып-өскенімен Байжанбаевтар отбасы ашар­шылықтан кейінгі жылдары Алматы маңына көшіп келген еді. Заманның қы­сыл­таяң, күнкөрістің қиын тұсы, ел жадау, сон­дықтан үйде жатуды ар санаған Әнуар­бек екі қолға бір жұмыс табуды жөн көреді. Көп ұзамай «Қазақстан» баспасының хат тасушысына айналған ол, қайда жұмсаса да зыр жүгіріп бара беретін елгезектігімен Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин сынды қазақтың біртуар ақын-жазушыла­рының алғысына бөленген. Әнуарбектің үніндегі ерекше әуезді алғаш байқап, өз­дерінің немесе сол тұстағы қаламгерлердің шығармаларын Әнуарбекке оқытып, құ­лақ­қа жағымды қоңыр үнге алғаш елтіген де – Би-аға, Сәкен Сейфуллин, бертін келе Сә­бит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтер бо­лып еді. Ал осындай классик ағаларының арасында жүріп бала Әнуарбек көркем шығармаға ден қойып өсіп, құныға оқитын болып алды. Міне, өмір жолындағы осы оқиғалардың барлығы да Әнуарбек Байжанбаевты болашақ өміріне жетелеп, Қазақ радиосының табалдырығына енгізіп жіберген еді. Солайша аяулы азамат бүтін қазақты таңертең оятып, түнде ұйқыға жат­қызатын, сондай-ақ жылт еткен жаңа­лықтан құлағдар етіп, қайғысы мен қуаны­шын­да қасынан табылатын жылы үнге ай­налды.


Ол туралы
«Жаман неме, жан жүйкемді босатып жібердің ғой. Менің Мыр­­­қымбайым дәл сен сөйле­ген­дей тіл безесе керек! Келіс­ті­ріп-ақ оқыдың!»
                                                                                                                 Бейімбет МАЙЛИН

Cоғысты Мина «бастап», Әнуарбек «аяқтады»
Алдымен әріптестер аузынан шығып, кейін жалпақ жұртқа осындай әзіл тектес, бірақ шындықтан шыққан сөз тараса ке­рек. Расында, айтса айтқандай-ақ, сұра­пыл соғыстың басталғаны жайлы қайғылы хабар­ды сол тұстағы алғашқы қазақ дик­торларының бірегейі Мина Сейітов хабарласа, Ұлы Жеңістің сүйіншісін сұраған Әнуарбек Байжанбаев болса керек. Жеңіс хабарын жеткізгенде де ол кісі оның қадірін, оның маңызы мен дәмін шын жү­ре­гімен сезіне отырып хабарлаған еді. Себе­бі өзі қан майдан көріп, кескілескен со­ғыстың ортасында болып көрген-ді. 1943 жылы жаралы болып елге оралған Ән-ағаң Қазақ радиосына диктор болып 1944 жылы орналасып, содан өмірінің соңы­на дейін елу жылдай ғұмырын осы қара шаңырақтың қабырғасында өткіз­ген.
Асылдың сынығы
Арыс Байжанбаев, Әнуарбек Байжанбаевтың ұлы:
 – Біздің әкей халықтың перзенті еді, халық үшін туып, жан-жүрегімен соған қызмет етті. Сондықтан ол әр адам­ды сүйді. Онысын қарапайым мы­на бір әдетінен-ақ байқауға болады. Кө­шеде кетіп бара жатып, өкшесі қисай­ған бір жолаушы көрсе болғаны, сал­ған жерден жас-кәрі демей, әлгіні тоқ­та­тып алып, «азар болса аз ғана уақы­тыңызды алармын, көкем, аяғың­дағыны шеше ғой, мен тігіп бере салайын» деп, сол жерде қалтасынан жібі мен бізін шығарып, шоңқайманы қайта қалпына келтіре қояды екен. Сондай-ақ жан-жағында жүрген, тіпті танымайтын болса да, адамдардың көңіл күйіне қатты мән беріпті. Қабағы салыңқы жас көрсе, «Қарағым, жүзің сынық қой, неге ренжулісің? Қарның аш па, жүр, тамақ әперейін. Әлде ауы­рып жүрсің бе, дәрігерге қаратайын. Мүм­кін, оқуға түсе алмай, қамығып бара жатқан шығарсың» деп егер әлгі жас, шынында, оқудан құлаған болса, қай оқу орны екенін тәптіштеп сұрап, сосын тап сол кезде өзінің бар жұмысын тастай сала, әлгі баланы ертіп, айтқан оқу орнының басшысына тіке барады екен. Ол кісіні сыйламайтын басшы бол­маса керек, бірақ әкей дөрекілікке салмай, «құлың болайын, көкетай, мына баланы жылатпай оқуыңа ала қойшы» деп, барынша кішірейген түрде қолқа салады екен. Солайша талай қазақ баласының аяқтанып кетуіне мұрындық болған деседі жұрт.

Әкей ән салғанды жаны сүйетін. Қоңыр үнімен Абай әндерін орындаған­да, тұла бойың шымырламай қалмай­тын. Негізі, дауыс әкемізге анасынан берілсе керек. Сондай-ақ көпшілік біле бермейтін тағы бір қасиеті – ол кісі қазақ тілінен бөлек, орысша, немісше, татар­ша, ұйғырша – бес тілде еркін сөй­лейді екен.
Әнуарбек Байжанбаев 1979 жылы қай­ғылы жағдайда қаза тапқан еді. Көше­де келе жатқан беті, кенет қалтарыстан мо­тоцикл шыға келеді. Онда Ән-ағаңның ажалы отырса керек. Бірақ жанды ауырта­тын жағдай – дәл сол кезде емес, Әнекең ба­уыры езіліп, төсекте он жылдай жатып ба­рып, 1989 жылы көз жұмады.

Қай өлеңді, қай туындыны бол­сын, автордан жетік, авторша түсініп оқи алмайсың! Ал бірақ сен менің жыр жолдарыма терең бой­лап, мейлінше жете түсініп, тақ­пақтап бердің.
                                                                                                               Сәкен СЕЙФУЛЛИН

Жұмабай Шаштайұлы, жазушы:
– Жалпы, біздің бүгінгі сөйлеп жүр­ген қазақшамыз бұрынғы ата-әже­ле­ріміздің сөзінен мүлдем жырақ. Қазақ­ша­мыз қан-сөлсіз, яғни ұлт ретінде на­ғыз қазаққа тән қою қоңыр дауыстан айы­рылып қалғанымызды мойындауға мәж­бүрміз. Кешегі Ән-ағаңдар, бүгінгі Сауық Жақанова сынды апайларымыз, Аман­жан сынды азаматымыз – қай­та­л­ан­байтын құбылыс. Өмірге сирек келе­тін сол құбылыстарды қолда барда қас­терлей білейік. Қолдан келгенше олар­дан қазақы әуезде сөйлеуді үй­реніп, әр әріп, әр дыбысымызды қазақ­ша дұрыс айтып, оны ұрпақтан ұрпаққа бе­руді алдымызға мақсат етуіміз керек.

Ән-ағаңның үзік ойлары
Арамтамақтықты жек көрем. Біреудің озық шығармасына сұқтана қараған, суық көзін қадағанды жек көрем. Жалғандықты сүймеймін, менмендікті түйреймін. Маңызсынып, мансап қуғанды қаламаймын.
***
Бос уақытым өте аз. Уақыттың көбі – Қазақ радиосында, «Қазақфильмде», кей-кейде кинотеатрларда өтеді. Шаруадан қол қалт етсе, көңіл хошын келтіріп, ән айтуды ұнатамын. Әсіресе халық әндерін нақышына келтіре әуелете шырқау көңілімді көтеріп тастайды. Әдеби кітаптар оқимын, дос-жарандармен қыдырам.

Мәриям ӘБСАТТАР


Ұлжан САҒЫНДЫҚ, Қазақ радиосының дикторы:
Көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған адам
– Диктор дегенде менің көз алдыма Әнекеңнің бейнесі оралады. Әнуарбек Байжанбаев – өзінің тірі кезінде-ақ аңыз­­ға айналған адам, Қазақ радио­сында 50 жыл бойы жанқиярлықпен еңбек еткен, бүкіл қазақты ерекше дауы­сымен баурап алған біртуар дарын иесі. Әнуарбек ағаның: «Кейде мен халықпен жіңішке, нәзік сым арқылы сөйлесіп тұрғандай боламын», – дейтіні есімде. Айтса айт­қан­дай-ақ, эфирге шыққанда айналасын тегіс ұмытып, арқаланып, нұрланып отырып оқитын.
Оқу табиғатында дыбыс үзілісі дейтін нағыз шеберлікті қажет ететін шаруа бар. Ол – біреудің қолынан келіп, біреудің қолынан келмей жататын дү­ние. Дыбыс үзілісінің қисынын таппасаң, ойың шашы­рап, ел сені түсінбей,  не ай­тайын дегенің­ді өзің де ұқпай әуре бо­ла­сың. Әнекең осы қажеттілікті тамаша игерген және ол кісі үшін бұл әдеттегі нәрсе болатын. Әнуар­бек аға көркем әңгімелер мен очерк­терді, поэмаларды тамыл­жыта, нақышына келтіре оқыған­да туған ауы­лы­мыздың бастауынан су ішкендей мейі­ріміз қанып, рақаттанып қалатын­быз...

                                                                                                 Жансая НҰРБАҚЫТҚЫЗЫ

Байжанбаев – Левитаны қазақтың!

Уа, өмір-ай, сен де бүгін тұрақта,
Тұрақтасаң, жауап табам
                                              сұраққа.
Табиғатпен бірге жасап,
                                            о, ғажап,
Сырын төккен күміс көмей
                                            бұлақ та!
«Алматыдан сөйлеп тұрмыз»
                                            деген үн

Эфирлерден естілгенде құлаққа,
Тербелетін самал желмен
                                             құрақ та.
Зор үніңнің құдіреті болар-ау,
Толқытатын әр жүректі бірақ та.

Ұрпағына үлгі болған бүгінде,
Жайсаңдықпен жарасатын
                                              үніңде!
Қарапайым қазақ болып
                                          тусаң да,
Тектілігің жатыр сонау түбіңде!

О, Құдірет! Жаратқан-ау өзіңді,
Нық сөйлейсің
                    эфирлерден сөзіңді.
Мәтіндерді оқығанда ойнатып,
Оятушы ең ұйықтап
                             жатқан сезімді.

Сыр шерткенде сонау
                          өткен шақтардан,
Әр хабарың жүрек сырын ақтарған.
Ұлтымыздың тілі болып өлмейтін,
Үнің қалды «Алтын қорда»
                                       сақталған.

Таңдап алып бар асылын ғажаптың,
Жүрегіңнен жамандықты тазарттың.
Өнерімен әлі талай жасайды,
Байжанбаев – Левитаны қазақтың!

                                                                           Сайлау ТОЙЛЫБАЕВ

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста