Шәкірттерімен шұғылалы ұстаз

Шәкірттерімен шұғылалы ұстаз

Зейнолла Қабдолов ағамыздың өмір тарихына үңілген сайын «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» принципіне адал қызмет еткенін аңғарасыз. Ол кісінің қазақ үшін қалдырған мұрасы көп. Әдебиет пен ғылымнан бөлек, қаламгерді ілтипаттың асқарына, қошеметтің төріне қондыратын да осы ұстаздық ұстанымы секілді. 
Жүзінен шуақ, әр сөзінен жылылық төгіліп тұратын ұлы ұстаздың дәрісін тың­дау бақыты бұйырған кез келген шәкірттің бүгін ұстазын сағынуы, оған жүрекжарды жылы лебізін білдіруі – заңдылық. Өмірінің 60 жылын арнаған бұл жол Зейнолла аға­мызды шығармашылық тұлға есебінде ғана емес, өз кәсібінің кемеліне айнал­дыр­ды.  «Ең шәкірті көп ұстаз» атанған ағадан дәріс алған кешегі ұл-қыздардың өздері бүгін елге сыйлы, ғылымға, білімге, әде­биет­ке, жалпы рухани кеңістікке өз үлесте­рін қосып жүрген танымал талант иелеріне айналған. «Бейнеттің зейнеті» деген осы шығар, бәлкім.
Зейнолла Қабдолов ағамыздың үйін­дегі Сәуле апайымызға хабарласқаны­мыз­да ол кісі: «Ағаларың жайлы мен кең көлемде, майын тамызып, әдемі естеліктер айта алмаймын, ал мен айтатын тар кө­лем­ге ол кісі сыймайды. Ағаларың бір үйдің ғана адамы болған жоқ. Бүкіл еңбе­гін Алаш жұртына арнады. Ағаң жайлы айтар естеліктердің де  салмағының қалай болуы керектігін «Алаш айнасы» деген атаудың өзі айтып тұр. Ондай  ауыр жүкті атқару мен сияқты сексен беске келген шынашақтай апаларыңның қолынан кел­мейді ау, айналайын. Ұлы тұлғаны ұлықтап жатқан бүкіл қауымға алғысым шексіз», – деді.  Ініге қамқор, ағаға қолғанат бола білген кең жүректі азамат, білім-білігімен, парасат-пайымымен шәкірт жүрегіне жол сала білген ұстаз жайлы айтылар естеліктің жауапкершілігін сезінген Сәуле апайы­мыз­дың көрегендігі – ерін сыйлауға тиіс ел ару­ларына үлгі.
«Карьеризм – жалтыр мұз», – дейтін Зей­нолла Қабдолов ағамыздың өз маман­ды­ғы­на адал, әрі ұзақ жылдар бойы қалт­қы­­сыз қызмет етуі Мұхтар Әуезовтей ұлы­лар салған ұстаздықтың мехнаты мен раха­­тын бүкіл болмысымен сезіне алуында шығар. Зейнолла ағадай сұңғыла ұстаздың өз ма­мандығын жанымен сезініп, алдына келген әр баланы өз баласындай бауырына басуы бүгінде шәкірттерінің арасында үлкен құр­метпен айтылады. Шәкіртке дос, бауыр­дай қарау, талантты жасты танып, оны қа­нат­­тандыру секілді ең ізгі қасиеттер­дің бәрі осы құрметті профессор, Әуезов шәкіртінің есімімен тел ұғымдай қабылда­нады. Ұлы ұстаздың өмірлік мақсат-мұра­тының орын­далғанын осыдан көруге бо­лар. Замандас болған, қаламдас, қанаттас бол­ған шәкірт, бауыр, достарының абзал аға жайлы есте­ліктері мен шығармашы­лығы жайлы айты­лар әңгімелері де талай жыл­дар­ға жүк. Көзі тірі болса, 85 жасын тойлау­ға тиіс ұлы сурет­кер, қайталанбас та­лант, аяулы ұстаз бейне­сі бүгін ағаның  шәкірт­тері­нің естелік­терімен тұлғалана түспек.
Өмірхан Әбдиманұлы, филология ғылымының докторы, профессор:
«Әр сабағы өзінше мектеп еді»
Зейнолла ұстаздың әр сабағы өзінше бір мектеп еді ғой. Бірінші курстың бірінші емтиханы «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен болды. Келесі емтихан қабылдаушылар «Зекеңнен үш алған, төрт алған балаға бес қоя алмаймыз» деп әзіл-шыны аралас ойларын ашық айтатын. Бұл, әрине, Зекең­нің сол кездегі беделі мен білігін танытатын, айбыны мен абыройының көрсеткіші іспетті нәрсе. Ал Зекеңнің ол кездегі білім­ге, ғылымға деген адалдығы берік бола­тын. Оның өзіміз куә болған бір дәлелі – бірінші курстың көктемінде өткен  Сту­дент­тердің сәуір ғылыми конферен­ция­сы.
Мені бірінші курста Алма апай жетектеп әкеп Тұсынбек ағайдың ғылыми үйірмесіне қосқан-ды. Өзі ғылыми жетекшім болды. Тақырыбым «Біржан-Сара» айтысының зерттелуі» деп аталатын. Дайындық кур­сында берілген бұл тақырыпты алдында алғым келмей, басқа бір «жөні түзу» атақ­тылау тақырып сұрап барғанымда Алма апай: «Өмірхан, бұл тақырыптың қызықты жайлары бар. Айтыста «болды», «болма­ды»  деген пікір-таластар өте көп, бәрін салыстыра қарастырып, бүгінгі сол айтыс­тан хабары бар адамдардан дерек жинап, өз ойыңды білдірсең, ұтары көп болады», – деп   ақыл-кеңес берген-ді. Ке­йін тақы­рыптың ішіне енген соң көп нәрсенің ба­йы­бына жетіп, өзім де ізденіске түсіп кет­тім. Әсіресе ұстазымыз Ыбырайым Ма­ма­новтан көп жайтқа қанықтым. Осы тақырыппен әлгі үлкен конференцияға шықтым. Студенттердің сәуір конферен­циясына кафедра меңгерушісі ретінде профессор Зейнолла Қабдолов төрағалық етті. Мұндай жиынға алғаш қатысуымыз, көңіл күпті, ертерек баяндамамызды жа­сап кетсек деген ойда жүрміз. Мен баян­да­мамды жасап болған соң, жиынның ая­ғын күтпей, Мұхтар Шахановпен болатын кездесудің дайындығына кетіп қалдым. Конференция біткен соң кездесуге курста­сым Дос Көшім келіп, менің бірінші, өзінің екінші орын алғанын айтты. Бұл бірінші курс студенттері үшін үлкен табыс болатын. Қуанышымызда шек жоқ. Менің жұмысым жөнінде жетекшімнен басқа Тұрсынбек Кәкішев, Сейділда Ордалиевтер өте жақсы пікірлер білдіріпті. Қорытынды сөзінде Зей­­нолла ағай да көтермелеп сөйлеп, жоға­ры бағалапты. «Бірінші курстығына қарамай, осы балаға бірінші орынды берейік, талабы керемет, біраз жұмыс тындырыпты, алдағы ізденістеріне жол ашайық» деген ойларын алға тартыпты. Ұстазың солай бағалап жатса, қалай қуанбайсың. 
 Міне, ұстаздың шәкіртке деген адал көңілінің әсері қандай боларын осыдан көруге болады. Әсіресе ол Зекеңдей жұрт мойындаған ұлы ұстаз болса. «Ұстаздық – өзгенің бақытын аялау» деп өзі жиі айта­тын қанатты сөздің  сыры осында жатса керек-ті. Сол конференциядан кейін Зекең мені өзінің секциясы бойынша студенттер конференциясының хатшысы етіп алды. Төртінші курсқа дейін екі жыл әдебиетші студенттер конференциясы кезінде қасын­да бірге болдым. Сөйтіп, Зекеңнің жанында жүрмесек те, соңынан еретін бақытқа ие болдық.
Ол кісі мені еркелетіп: «Бұл біздің Валь­д­­хайм ғой», – деуші еді. Сол кезде ООН-ның Курт Вальдхайм деген бас хатшысы болған, мені соған «теңеген» әзілі ғой. Ол да мен сияқты ашаңдау кісі болатын. Зекең не десе де бізге балдай жағушы еді. Ол кісінің әзілі әсте адамды кемсіту немесе кекету тұрғысынан айтылмайтын. Нені айт­са да тауып айтатын. Көбіне әзіл-қалжыңы адамды көтермелеу үшін айтылатын іспетті еді. Қандай отырыс, мәжіліс болсын, айна­ла­сына, мерекелік дәстүрдің салтанатын шашып, жарқылдаған көтеріңкі көңілдің нұрын сеуіп отыратын еді. Бүгінде кезінде Зекеңмен жақсы дос, жарқын жолдас болғандардың біразымен аралас-құралас болып жүрміз ғой, солардың біреуінен «Зекеңе деген бір сәттік ренішін, болмаса біреудің көңілін қалдырыпты» дегенін естіген емеспін. Жаны жарық адам еді ғой ұстазымыз.
Жаңғара Дәдебаев, филология ғылымының докторы, профессор, академик:
«Ғылыми-шығармашылық ойлаудың дара һәм сара жолын салды»
 Ақыл-парасат туралы әркімнің өз түсі­нігі бар. Әл-Фарабидің айтуына қарағанда, қатардағы қарапайым адамдар  пайым­ды­лар­ды ақылды деп есептейді, ал пайымда­ғыштықты, пайымдылықты ақыл деп біледі [2, 227]. Мәртебелі ұстаз кейбіреу­лердің пайымдағыш адамдарды дана деп атайтынына, ал даналықтың дүниеде бар үздік заттар туралы үздік білім екеніне назар аударады [2, 230]. Егерде үздік білім дегеніміздің өзі дүниедегі бар үздіктердің  ең үздігі – адам туралы үздік білім бол­ма­са, онда оған даналық болу міндетті емес. Мұны да әл-Фараби айтады [2, 231].
Екінші ұстаз қалыптастырған қағиданы дамыту арқылы Зейнолла Қабдолов әдебиеттің басты заңдылықтарын анықта­ды. Сол заңдылықтар негізінде әдебиет дегеніміздің халықтың ақыл-ойының, абыройының, ар-ожданының бейнеленуі екендігі, ал халықтың ақыл-ойын, абыро­йын, ар-ожданын шынайы бейнелеу ар­дың ісі екендігі, әдебиеттанудың халықтың ақыл-ойы, абыройы, ар-ожданы жайын­дағы ғылым екендігі туралы қағидаттар жүйесінің негізін қалады. Оны біз әдебиет­танудағы Қабдолов Зейнолланың заңы деп білеміз. Бұл, әрине, И.Кеплердің заң­да­рынан қымбат емес, И.Ньютонның заңдарындай құнды емес. Бірақ ол И.Кеп­лердің заңдарынан ардақты, И.Ньютонның заңдарынан аяулы. Олай болатын себебі – Кеплер мен Ньютонның заңдары секілді заңдар табиғат жаратылысы туралы білім­ге негізделген және табиғатта әу бастан бар. Барды танып, бағалай білудің өзіне де даналық керек.
З.Қабдолов сөз өнерінің теориясы мен әдіснамасы саласында өзіне дейін болған, бар тәжірибелік пайымдаулардың, теориялық қисындар мен қағидалардың, сондай-ақ талдау мен жинақтаудың, бай­қау мен бағалаудың, саралау мен дара­лаудың, ойлау мен ой дамытудың өзіне дейінгі барлық ұстанымдарының, әдістері мен тәсілдерінің толық білгірі ғана болып қойған жоқ, оларды өзінің зерттеу еңбегі үдерісінде асқан шеберлікпен пайдалана отырып, ғылыми-шығармашылық ойлау­дың дара һәм сара жолын салды, әдебиет­тің теориясы мен методо­логиясының не­гізін жасады, ой қорытудың, пікір түюдің, әдіснамалық ұстаным табудың үздік үлгісін қалыптастырды, өзі жасаған заң аясында әдебиеттің ғылыми және практикалық мәні айрықша зор түйінді, іргелі мәселе­лерін ешкімге ұқсамай, дара шешті, ай­рық­ша сапалы жаңа білім өндірді. Осының бәрі елдің игілігіне айналды.
Бағдат Кәрібозұлы, филология ғылымының докторы, профессор:
«Ұлы ұстаз ұлағаты»
Зекең шәкірттерімен қарым-қатынаста адалдық принципті қатаң ұстанатын. Өтірік айту, жылпостық, екіжүзділік оның бойына да, ойына да жат қылықтар болғандықтан, мұндай адамдардан алыстан жиреніп жүретін. Шәкірттерінің ішінде мұндай адам­дар жоқ болғанымен, сөзге еру, топқа қосылу әрекеттерімен көзге түскен шәкірт­теріне қатты ренжитін. Ондайлар өз қате­лерін тез түсініп, Зекеңнен дер кезінде кешірім сұраса, оларды риясыз көңілден кешіріп отыратын. Зекең кешірімшіл, кең. Жақсылық жасауға дайын тұратын оның мінезі босбелбеулік не принципсіздік емес, адамды жақсы көре білу, сыйлай, құрметтей алудан қалыптасқан дағды, әдет болатын. Ол ұят мәселесін әрдайым ескеріп отырар еді. Әр ісіңе егер орынсыз­дау болса, ұялып қалсаң, мұндай сәттерді Зекең байқамаған бола қалатын, сенің ұялғаныңның өзіне оның мән беріп үлгер­генін кейін білер едің. Өте нәзік сыршыл Зекең адамның жан қалтарыстарындағы небір сырларды, жүрек түбіне жасырынған қазыналы құпияларды білуге, оқуға өте шебер. Айта алмай отырғаныңды алдын ала ұғып, сенің сырыңды ашып, ашық әңгімелесуге жағдай жасар еді. Осы сәтті пайдаланып, айтып қалайын дегендей өзің де бар сырыңды оған ақтара салып, ағыңнан жарылып, ағаңмен қалай сырласа бастағаныңды сезбей де қалар едің. Сараб­дал сарбаз ұстаз дәл осындай сәт­терде сыршыл досқа айналып, сенің бар тілеуіңді тілеп отырар еді. Мұның бәрі, меніңше, Зекеңдей ұлыларға ғана тән ерекшелік.
Ғарифолла Есім, философия ғылымының докторы, академик:
«Жақсы адам шырақ секілді»
Академик Зейнолла Қабдоловтың достық көмегі 1994 жылы докторлық диссертация қорғау барысында мейілінше көрінді. Менің жұмысым туралы қауесет сөздер шыға бастады. Ол ғылыми жұмыс емес, Абай туралы тек комментарий деген сияқты. Докторлық диссертацияның тақы­рыбы: «Абай дүниетанымындағы Алла мен Адам болмысы». Шынында, тосын тақырып. 1 шілдеде 45 градус капы­рыққа қара­май, қорғауға Зейнолла Қабдолов бастаған академиктер: Серік Қирабаев, Жабайхан Әбділдин, Әбдімәлік Нысан­баев­тар қатысып сөз сөйледі. Ресми оппо­ненттерден кейін іле-шала мінбеге шыққан Зекең ағыл-тегіл сөз сөйледі, есімде анық қалғаны:
– Ғарифолла Есім философияны ұлттық рельске салды, бұл – ең басты та­быс, ал ұлттық рельске нені, қалай салды, оны Канттың философиясын кантша ша­ға­тын, академик, мына отырған Жабайхан Әбділ­дин баға берсін, – деді.
«Жақсылық жалғасты болсын» деген болуы керек, Зекең мені Ұлттық ғылым академиясына мүше-корреспондент бо­лып сайлануыма белсенді қызмет атқарды, одан бергіде Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған мәжілістегі еңбегі әрі адалдығы естен ешқашан кетпек емес. Осындай жақ­сы істі Зекең өзінің жүздеген шәкірттеріне, інілеріне жасағанының талай куәсі бол­дым, ал мен білмейтін ол кісінің айнала­сына жасаған жан жомарттығы қаншама?! «Жақсы адам шырақ секілді» деген рас сөз. Ол – алыстағы жарық, жақын­­дасаң жылылық береді. Зекең өмірде сондай, жарық шамдай болған жан еді.

Қансейіт Абдезұлы, филология ғылымының докторы, профессор:
«Ұлағатты өнегесі мәңгі өшпейді»
Ұлы ұстаздың ұлағатты өнегесі мәңгі өшпейді. Туған  әдебиетіміз бен әдебиетта­ну ғылымымыздың тұтас бір ғасырына пара-пар еңбек жасап, олжа салған қайта­ланбас ғасырлық тұлғаның ендігі бастау алар рухани өмірі мәңгілік болатынына кәміл сенеміз.
Зекеңнің алғаш студент атанып келген кезімізде кірген байсалды, мейірімді кейпі көз алдымызда. Ол кісі басқа мұғалім­дер­дей әр шәкіртті қыдыңдап түгендеп, аты-жөнін атап, іздеп отырмайтын. Келе-сала бірден лекциясын бастап кететін. Бір лек­ция­сына қатысқан шәкірт екінші рет өзі де ол кісінің дәрісінен қалмайтын. Зекең талантты балаларды бірден тани білетін. Балаларды ешқашан батыс, шығыс, оңтүс­тіктікісің деп бөлген емес. 60 жыл бойы ҚазҰУ-да табан аудармай еңбек етті. Оған әр баланың мінез-құлқы, қабілет-қарымы бірден белгілі болатын. Керемет суреткер кісі еді. Ол кісі сөйлегенде залда қанша студент отырса да, бір қыбыр еткен дыбы­сы естілмейтін...
Қазақ ғылымы мен білімінің, әдебиеті мен өнерінің айдынында қайталанбас қолтаңба қалдырып, қазақ қаламгерлері мен әдебиетші ғалымдарының тұтастай бір буынына көшбасшы болған академик жазушы Зейнолла Қабдоловтың дүниеден озуы жүрегінде ұлттық намысы бар әрбір қазақты бей-жай қалдырмады. Әдебиеті мен өнерін киелі санайтын, жүрегіне жақын тұтатын күллі қазақ жұрты бүгінде ұстаз рухының алдында бас иеді!
Амантай Шәріп, филология ғылымының докторы, профессор:
«Бүтін бітім»
Қазақтың арасында дүниеден қайтқан адам туралы «тірісінде қадірін білмеппіз» деген сөздер жиі айтылады. Бәлкім, бұл көңілді жұбатудың, жанды алдарқатудың, олқыны толтырудың, тағдырды жазғыру­дың немесе қимасты іздеудің дағдылы рәсімі де шығар. Бірақ біздер, Зейнолла ағаның ғылымға баулыған шәкірттері, ол кісінің, өзі айтпақшы, бүтін бітім екендігін ізіне еріп жүрген кезімізде-ақ білдік десек, өтірікші болмаспыз. Өзінің уақытын аяма­ған, өзгенің бақытын аялаған (тағы да өз сөзі) нұрлы жүректі ұстазды сырттай таласа иемденіп, іштей жеке-дара меншік­теуге ұмтылғанымыз кемде-кем. Оның жолын қуғанды, тәлімін көргенді мақтан тұтатын­быз. Бір ғажабы, сөйте тұра, оның ұстаздық мейірімі мен махаббаты, шуағы мен шара­паты айналасындағы бәрімізге түгел жете­тін. Өзі зор, ызғар жуытпайтын ығы да зор еді.
Әрбірімізді тек Зейнолла Қабдоловқа тән жылы, жұмсақ сөздерімен көтермелей бастағанда тап қазір қолтығымыздың астынан қанат өсіп шығып, көкке самғап ұшып кететіндей әсерде болатынбыз. Астарлы да андатпа лебізімен өзімізде жоқ қайсыбір тәуір қасиетті бойымызға әкеп таңып қойғанда да, ішімізден қысылып-қымтырылып отырып, ілгері ұмтылсын, білмесе, үйренсін, кемтігін сезінсін деп ал­дын ала адамшылық «аванс» беріп тұра­ты­нын түйсінетінбіз. Ол кісі кішік болған сайын қайталанбас ұлықтығын мойын­да­ған үстіне мойындай түсетінбіз.
Бір замандасы Ескендір Зұлқа­рнайын патшадан: «Осы сіз әке­ңіз Филипп ағзамға қарағанда ұста­зыңыз Аристотельге көбірек ілтипат танытатын сияқтысыз. Соның сыры неде?» – деп сұрапты. Сонда әлемді аузы­на қаратқан даңқ­ты қолбасшы: «Әкем менің тәнімді тәрбиелеп, жерге түсірді, ал ұстазым, жанымды тәрбиелеп, көк­ке көтер­ді емес пе?» – деген екен. Біз де ұстаз­сыз шәкірттің де тұл екенін түсіндік.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста