Тантайдай батыр болғанын білеміз бе?

Тантайдай батыр болғанын білеміз бе?

Атақты ғалым А.Н.Бернштам өз заманының кемеңгері, Қытайда 14 жыл тұрып, архивтерінде көз майын тауысып, 1821 жылы Бейжіннен 15 түйеге салмағы 400 пұт ескі қытай кітаптарын артып әкелген (Иакинф) Никита Яковлевич Бичурин (1777-1853) туралы «Н.Я.Бичурин (Иакинф) и его труд «Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена» атты шығармасында былай деп жазады:
«Как справедливы слова самого Бичурина, который с горечью писал: «Привычка руководствоваться чужими, готовыми мнениями, неумение смотреть на вещь своими глазами, неохота справляться с источниками, особенно изданными на отечественном языке; своему-то как-то не вериться; то ли дело сослаться на какой-нибудь европейский авторитет, на какого-нибудь иноземного писателя, хотя тот так же не имел понятия о деле».

Аталық дәрежесіне жеткен тұлғалар
Ойлансақ, осы жағдай тура біздің де басымызда бар. Осыған байланысты және жалпы тарих саласындағы көптеген еңбектерді оқи келе ой түйгенім, біздің тарих ғылымында да бірер ескерілмей жүрген мәселелер бар екен. Мысалы, 2011 жылы белгілі тарихшы-этнограф Жам­был Омарұлы Артықбаев «Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз» атты кітабында біздің бабаларымыздың қазақ еліне сіңірген еңбегін, Арыстан бабамыз­дың Хақназар ханның аталығы болғанын, Барқы батырдың Тәуке ханның аталығы, Нияз батырдың Әбілмәмбет ханның ата­лы­ғы болғанын ресми мұрағат құжат­тары­мен әбден дәлелдеп жазып шықты.
Сол шығармада біздің мемлекеттік тари­хымыз туралы жазған өзге ұлт өкіл­дері­нің маңызды мәліметтерді бүгіп қала­тынын, бұра жазудың қаншалықты біздің тарихымызды кейін тартқанын көруімізге болады: «Бір қызығы, ХVІ-ХVІІІ ғғ. қатысты деректерде «аталық» сөзі кездескен күннің өзінде зерттеушілер оны білместікпен бас­қаша түсіндіреді. Мысалы, ХVІІ ғасырдың соңындағы орыстың Петр-I патшасының елшісі А.Неприпасовтың елшілік жазбала­ры­ның ішінде Тәуке ханның жанындағы ақылшысы Барқы аталық Ресейден келген елшілік мәселесінің тағдырына қатысты хан сарайындағы кеңесте сібірлік татар Таушке Мергеннің «нам де до государевых слобод какое дело, хотя де и всех вырубят и пожгут нам де до того дела нет, для того, что де мы люди торговые, а не воинские» деген сөзі үшін ұрысты дейді: «И Тевки ханов лутчей человек Аталык Барху батыр стал его Таушку бранить за то, что он такие непристойные слова говорит. И Тевки хан Таушку Мергеня с товарищи, по его челобитью, в Бухары отпустил, а их Андрея задержав сказал...» (36,с,387). Енді осы дерек Н.Г.Аполлованың «Присоединение Ка­захстана к России» кітабында (Алма­ты,1948) «один из лучших людей Тауке, Берху батыр, стал упрекать Таушку в том, что он непристойные слова говорит» – деп берілген (8,с.126). Бұл жерде зерттеуші екі қатені қатар жіберіп отыр, біріншіден «Бар­ху» атауын «Берху» деп берген, екін­шіден «аталық» лауазымын мәтіннен алып тастаған. Тарихи зерттеу үшін көне дерек­тердегі әр бір сөз қадірлі екені белгілі, егер математика сабағында есепті шығару үшін теңдеу элементтері түгел берілмесе шешіл­мейтіні сияқты тарихи зерттеулердегі сәл ағат­тық, сөзге мән бермеу өз кезегінде үл­кен қателіктердің туындауына себеп бо­лады».
Бұл ғажапқа не дейсіз? Үш-төрт ғасыр бұрын Ресей елшілік құжаттарында аталық деп дұрыс жазылған сөзді, бүкіл түркі мемлекеттеріндегі ең үлкен лауазым аты екенін біле тұра 1948 жылдардан бастап мүлдем алып тастағандарын, тек Нияз аталықты 1740 жылғы Ресей Қазақ елшілік құжаттарында бір жерде ғана «байқамай» «дядька хана» деп аударғанын не деп бағалауға болады?
Бұл жерде бір сөзді алып тастауынан біз Қазақ мемлекеті әкімшілік және идео­логиялық жұмысын ұйымдастырып, ол түгіл ханның өзін ел басқаруға жастайынан тәрбиелеп, жас ханзаданың болашақта ел басқарғанда жүргізетін саясаты мен дипломатиясын анықтап, бойына сіңіріп, кейін хан болғанда бас кеңесшісі болып тұрған аталық тұлғасын жоғалтып тұрмыз, яғни ханның әкімшілік кеңсесі, басқару аппараты, оны ұйымдастыруда бір жүйе бол­ғанынан бейхабар қалып тұрмыз. Н.Г.Аполлова кітабын оқыған адам Ресей­ден келген саудагерге аталық Барқы емес, бір Берху деген батыр ұрысқан екен деп ойлайды және ол адамның кім екенін Ж.Артықбаев түп нұсқадан қарамаса еш уақытта таба алмас едік.
Тек бұл ғана емес, жалпы, шетел тарих­шы­лары, орыс тарихшыларын қоса айтып отыр­мын, бірнеше ғасырлардан бері тама­ша зерттеулер жүргізгендерімен, олардың шы­ғармаларында авторлардың қазақ немесе түркі тілдерін, түркі халықтарының салт-дәстүрлерін, әр ұлттың өзіне тән құн­ды­лықтарын, ұлттық философиясы мен идеологиясын жетік білмегендіктері де көзге ұрып тұрады. Сондықтан, олардың кей­де үстірт тұжырымдар жасауларын және қателіктер жіберіп алуларын ақыры басқа ұлт өкілдері екендіктерінің себебінен деп ойлаймын. Әрине, ол еңбектер болма­са, бізге қазір мүлде қиын болар еді, ол зерт­теулердің құндылығы көп екенін мо­йын­дау керек. Дегенмен де, дұрысы әркім өз тарихын өзі жазғаны және өз тілінде жазғаны абзал ғой, сонымен бірге бізге шетел тарихшыларының еңбектерін ой­лан­бай көшіре бермей, ой жүгіртіп, дұрыс-қатесіне қарап, келіспейтін жер болса, не себепті олай жазғанына сын көзбен қарап пайдалану жетіспейтін сияқты.
Тантай батыр шежіресі
Біз осы мақаламызды жоғарыда аты аталған Барқы аталықпен қатар өмір сүр­ген, аталықтың жақын ағайыны Тантай батырға арнамақпыз. Әуелі қазақ тәртібі бойынша кейіпкеріміздің шежіресінен бас­тайық. Жалпы, Арғын тайпасы Бес Мейрам және Жеті Момын деп екі үлкен топқа бөлі­неді. Бес Мейрамнан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек тараса, Қуан­дықтан Ағыс, Қалқаман, Бөрші, Те­меш, Алтай, Қарпық туады. «Арғынның бір атасы Қуандық-ты, Кезінде қылған екен жуа­ндықты. Аққошқар-Сайдалының зама­нында, Бір көлден қырық мың жылқы суарыпты», – деген атақты Шөже ақынның өлеңін, Арғынның Бесмейрамын қазақтың «Абылай аспас Сарыбел» деп атағанын, Бесмейрамның Қуандығын Абылайдың өзінің «Басынан сөз асырмайтын асауы бар» , «Ә-десең, мә-деп едірейіп тұрған Қуан­дығы бар, Атасынан үзілмеген жуандығы бар,» – деп мойындауын бала кезімізде қариялардан естіп өстік.
Қуандықтан Алтай, одан Сайдалы, ол Сүгірәлі, Арыстан болып екіге бөлінеді. Сүгірәлі батырдан Қабай, Жабай, Әлсейіт, Дүкеней аталары тарайды. Арыстанның тоғызының тірісі Мамадайыр, Мамашық, Барқы, Тоғызақ. Ертеде қариялар осылар­дан жалғыз Барқыдан тұқым бар (одан Мөңке, Нияз, Құлғара), ал Мамадайыр, Мамашық, Тоғызақ үшеуі үш жүз жыл бұрын қалмақпен соғыста жау қолында қалыпты, тоғыз ұлдың қалған бесеуі соғыста өлген, тұқым жоқ дейтін. Олардың «Барқы батыр қарадан хан болған», ал оның ұлы «Нияз батыр Түркістанды билеген» дегендеріне түсінбеуші едік. «Хан да Барқы,қара да Барқы» деген мәтелді де сол кісілерден естігенбіз. Түркістан қайда, Арқа қайда деп ойлаушы едік.
Сөйтсек, көрнекті тарихшы-этнограф Ж.Артықбаевтың «Аталықтар әулеті: Арыс­тан, Барқы, Нияз» атты кітабында дәлелдеп жазғанындай, алмағайып замандарда хан өлгенде, басқа хан сайланғанша аталық уақытша хан міндетін атқарып, елге ат шап­тырып хан сайлар құрылтайға жинай­ды екен. Туған әкесіндей боп өзі тәрбиеле­ген мұрагер ханзаданы таққа отыр­ғызуға аталықтар қаншалықты мүдделі болса, болашақ хан тағынан үміт­кер де тақ үшін күресте аталықтарға соншалықты сүйеніп, әрқалай қастандықтардан сақ болу үшін, ауылымен тәрбиешісінің елінің арасында бірге тұрып, көшсе бірге көшіп жүреді екен. Шапқыншылық жылдарында ел жинау оңай емес, оған кейде бірнеше жыл кетеді, ондай жағдайда аталықтар елді сол қалпы басқарып, елшілерін қабылдап, соғысқанмен соғысып, Орданы құлатпай ұстап тұрады екен. Қарадан хан болмағы сол екен. Ресей патшасы Петр I-ге елші болып барған, Қытай императорымен кездескен елші бабаларымыз, би, батыр аталарымыз бар екен.
Қабайұлы Бақыбек батыр Қанжығалы Бөгенбай батырдың ұстазы болған, Бөген өзенінің бойында жерленген. Ауыз екі әңгімеде қарт батырды өлтіргені үшін Бөгенбай батыр қалмақтан құн алған.
Сүгірәліұлы Әлсейіт керуенбасы, сауда істерімен шетелге жүрген, елші болған, есімі Тобыл архивіндегі XVII ғасырдың аяғындағы Қазақ-Ресей елшілік құжат­тарында «Торговый Казачьей Орды Аль­сейт­ко Шугуров» деген атпен кездеседі.
Дүкенейұлы Олжа батыр 1769 жылы Абылайхан атынан қытайдың Улясутай мекеніне саяси мәселелер бойынша елші болып барған.
Қарамағына үш жүз ғана емес, қырғыз бен қарақалпақ елі қараған, заманы «алтын ғасыр» аталған, қазақ елінің ханы Әз Тәукеден кейінгі хандықтағы екінші тұлға Барқы аталықтың қаншама ұлдарының хан Кеңесі тапсырмасымен шартарапқа бытырап кеткенінен елде қалғандары тек Мөңке би, Нияз аталық, Құлғара батыр ғана.
Нияз аталық туралы 1740 жылдардағы Ресей елшілік құжаттарында көп кездеседі. Генерал-губернатор князь Урусовпен келіссөзді Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан және Нияз батыр жүргізгенін жаза келіп, орыс деректері Нияз батырға көбірек тоқ­талып, ол кісіні «дядька хана» деп, (аталық­ты аударған түрі ғой), «Он пригласил Абуль­мамбета в Туркестан и утвердил его на троне», «Он духом хана владеет» деп жазды.
Ал, Құлғара батыр – ағасы Нияз аталық­тың сенімді серігі болған, орыс жазба деректері бойынша 1742-1744 жылдары екі жас бозбалаға, Әбілмәмбет ханның баласы Әбілпейіз сұлтанға және Нияз аталықтың баласы Әлдеберліге, бас болып қалмақ қонтайшысы Қалдан Цереннің қолында Абылай сұлтанның орнына ақ үйлі аманатта болған атақты батыр, саяси қайраткер.
Мөңке бидің баласы Ақтайлақ би, әрі батыр қытай елшілік құжаттары бойынша 1773 жылы Әбілпейіз сұлтан атынан Пе­кин­ге елші болып барып, қытай императо­ры Еженханмен кездескен.
Соңғы бір-екі жылда біздің ізденістері­міздің арқасында Мамадайыр, Мамашық тұқымдары табылды, олардың бір-екі тобы XVIII ғасырдың орта кезінде шығысқа найман еліне басшылыққа жіберілген Әбілпейіз сұлтанның аталығы, сенімді серіктері ретінде жіберіліп, кейін Шұбартау төлеңгіттерінің ішіне сіңген екен. Оны Әлихан Бөкейханов өзінің кітабында бұлар төлеңгіт емес, Арғын Алтай Сайдалы деп жа­зып кеткен болып шықты. Ол кісі Алтай­дан аталықтар шыққанын білген сияқты. Мәшһүр Жүсіп атамыз жазатын «Арғын болсаң, Алтай бол» – деген сөз сол уақыттан қал­са керек.
Тоғызақтар Ташкент түбіндегі Шыр­шық­та Шанышқылы ішінде екен. Әз Тәуке басқарып кемеліне келіп тұрған қазақ хандығының аталығы, ханнан кейінгі екінші тұлға Барқы аталықтың інісі Тоғызақ та Ташкент түбіндегі Шыршықтың екі өзені­нің арасындағы ең шұрайлы жерді тегіннен қоныстанбаған сияқты.
Барқынның тағы бір інісі Арыстан ата­лық­ұлы Тантай батырдың Қайып ханның жарлығымен 1718 жылы Ресей патшасы Петр I-ге әскери одақ мәселелері бойынша бас елші боп аттандырылғанын Ж.Артықбаевтың «Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз» кітабынан білдік:
«... Біздің кітабымызға өзек болып отырған аталықтар әулетінің негізін салушылардың бірі Арыстан аталықтың деңгейін Қайып ханның 1718 жылы Петр патшаға жазған хатынан кішкене үзінді көрсетіп бере алады «А послал я от себя к Вашему величеству старинного своего слугу и аталыка Араслан-батыря, лутчего человека, сына его Тантая-батыря большим посланником» дейді. Бұл жерде Қайып хан алдымен Арыстан аталық әулетінің Қазақ хандығына сіңірген еңбегін ерекше атаған. Екіншіден, Арыстан аталықтың баласы Тантай батырдың бас елші ретінде Санкт-Петербургке аттанғанына аса маңыз беріп, Петр патшаға да салмақ артып отыр. Үшіншіден, Қазақ хандығының Әз Тәуке хан заманындағы елшіліктерін көп бастаған Тайқоңырдың өзі бұл жолы бас елші Тантай батырға көмекшілікке бекітілгені де көп мәселені аңғартса керек.»
Батырдың жұмбақ өлімі
Тантай батырды Жоңғар шапқан аласапыранда жолда өлді ме, артында тұқым қалмаған, шежіресі үзіліп қалған, ру үшін емес, ел үшін шейіт болған талай есіл ердің бірі ме деп ойладық. Артынан ұрпақ қалмаған. Қалса, қайда екені белгісіз. Есімі Ресейдің ресми елшілік құжаттарында, аты Қарқаралы керуен жолының Бетпақтан өтіп кеп Шуға келгендегі соңғы шоқысы Тантайтауда қалды. Ол Ю.Шмидттің «Очерк казахской степи» кітабының (Астана, Алтын кітап, 2007, 50-том, 110-бет) және Ә.Марғұланның «Тарихи дәуір­дегі қазақ тайпаларының жазу мәдениеті» кітабында (Астана, Алтын кітап, 2007, 8-том, 26-бет) Тантай шоқы­сы, патшалық Россияның ескі әскери топографиялық карталарында Тантай тау. Жанындағы серігі, Россияға талай елші боп барған Құлтабай аталықұлы Тайқоңырдың атында сол маңдағы керуен жолында Тайқоңыр құдық бар, тәрізі екеуі әскери одақ мәсе­лесі бойынша барған. Жобамен 1720-1723 жылдары Ресей сапарынан қайтып келе жатып, Түркістандағы хан Ордасына жете алмай жау қолынан сол жерде мерт болып, Тантай шоқысының етегіндегі 7-8 шақырым жердегі Кісеміс және Бегазы қорымының бірінде жерленгендей. Өзі өліп отбасы жау қолына түсті ме, әлде ата­лықтардың басқа тұқымдары сияқты басқа елге қосылды ма, әйтеуір тірі болса қазір ең кемі он ұрпақ тараған ру болары сөзсіз текті тұқым еді.
Негізі, мұндай тегі асыл ердің тұқымы­ның мүлдем жоғалып кетуі де мүмкін емес қой, бар болса аталықтардың табылып жатқан басқа ұрпақтары сияқты бір жер­ден жарып шығуы тиіс еді деп те ойлаймын. Қазақ жеті атадан кейін тектілік қасиеті қай­таланады дейтін, тірі қалған болса, ата­лық бабалары сияқты ел үшін адал қызмет етер біреу шығар еді.
Осының бәрін талмай зерттеп, жазып жүрген тарихшы-этнограф Ж.Артықбаев­т­ың аталықтар туралы әлі талай дерек шығуы мүмкін екенін айтқан жобасы тура келді. Шынында да, жоғарыдағы еңбек­тер­ден, әскери топографиялық картала­лар­дан Тантайтауды тапсақ, оған қоса еліміздің әр түкпірінен Алтай аталықтар ұрпақтары туралы деректер шықты. Алтай Сайдалы Арыстан аталықтың ұрпақтары қарақалпақ, қырғыз, өзбек, Ұлы жүз, Кіші жүз елдеріне кейбіреуі сұлтандарға ата­лық, кейбіреуі сол елдердегі үлкен ханның тұрақ­ты өкілі ретінде жіберілсе керек. Олардың дипломатиялық міндет атқарып, барған еліндегі хан кеңестерінде елеулі орында болғандықтары жөнінде де мағлұ­мат­тар кездесті.
Құдайдың құдіретімен Арыстан ата­лық­тың үлкен ұлы Мамадайыр тұқымы Хақ­назар­дың ұлы Ахмет-Кереймен Кубань­ға кеткені, Кавказдағы Арғын сайы­ның жанында Мамадайыр селосы болғаны анық­талды. Мамадайыр тұқымы Өмірзақ аталықтың Әбілпейіз сұлтанмен Найман еліне барғанын Қазақстанның Шығыс айма­ғындағы халық біледі. Одан әлдеқай­да бұрын Мамадайырдың баласы Көкен, одан Сүйіндіктің Кіші Жүзге Әбілқайыр ханға аталық боп барғаны жаңа ғана бел­гілі болып отыр.
Совет қысымы кезінде көптеген төре тұқымдары сияқты төлеңгіт атын жамылып жасырынып аман қалған аталық ұрпақтары Атыраудан, сонау Астрахань қаласынан бізді іздеп тауып, байланысқа шықты. Олардың да ізденіп, шежірелерін түгендеп жатқан жайы бар екен.
Кіші Жүз төлеңгіттері ішіндегі Алтай-Арғын Мамадайырлардың арасында Бақы би, Нияз батыр аталарының кездесуі де қызықты дерек. Әбілпейіз сұлтанның Қытайдағы Абақ Керейлер төре қылуға сұрап алатын баласы Көгедай ұрпақтары­мен бірге барған Барқы аталық ұрпақтары Жантекей руына сіңді деген де дерек бар. Сонымен бірге Барқы тұқымы Шанышқылы руының Боқа атасының арасында Барқы тобы болып кездесуі де ғажап. Оның үстіне Бибол және Барқы тобын жалпы Бектер деп те атайды екен. Шанышқылы шежі­реші­лері арғы атасы белгілі, бірақ одан кейін олардан арасы үзіліп қалған, бірнеше ағайынды адамдардан тараған елді топ деп атап, бір атаға кіргізіп отырған екен. Ал Боқаның Шәкерім атамыздың жаугер­шілікте ел Арқаға ауғанда сартпен бірге егін салып жүргенде өзбек арасында қа­лып қойды деп жоқтап жазғанынан біле­міз. Ташкенттік жазушы, Қазақстан Жазу­шы­лар Одағының мүшесі М.Омаров өзінің «Шанышқылы шежіресінде» («Ёзувчи» баспасы, Ташкент, 2000, 190-бет) «Боқа, Тас, Тоғызақ үшеуі қыз алыспайды» – деп жазған еді және «Боқаның шалдары Ша­ныш­қылыға қоссаң қос, бірақ, Тоғызақпен қыз алыспайды деп жаз, әйтпесе шежі­рең­нің керегі жоқ деген еді» – деп Алла аты­мен 2011 жылы Тоғызақтың екі азаматы­ның ал­дын­да куәлік етіп еді. Ал Тоғызақ Арғын Алтай Арыстан аталықтың (Хақна­зар хан­ның аталығы) Тәшкен маңындағы елге үлкен ханның өкілі болған кенже ұлы деп білеміз. Одан үлкені Ресейге елші бо­лып барған Тантай батыр, оның ағасы Тәу­ке ханның аталығы Барқы батыр. Арыстан ата­лықтың үлкен ұлы Мамадайыр ұрпақ­тары­ның Әбілқайыр және Әбілпейіз сұл­тан­дардың аталықтары болғанын жоға­ры­да айтып өттік.
Ираннан Қасымханның Байрам (Мей­рам) атты аталығы болғаны, оның 1513 жылы Қасымханнан әскери көмек сұраған Өзбек хандығының Иран патшасы Исмаил шахпен соғысына қазақ әскерін бастап барып, өзбек Убайдулла ханның кесірінен Қасымханның баласы Әбілқайыр ханза­дамен бірге қоршауға түсіп қаза болғаны туралы деректерді Табризидің «Тарихи Сефевиа» шығармасынан ираншы Ғалия Қамбарбекова тауып әкелді. Сол еңбектің бір тізімінде ол жарықтық бабамыз Мейрамхан аталық деп те жазылған екен, ол кісіден де, Иран тарихшыларынан да Иран шахы Исмаил тарихы туралы шығар­малардың үш нұсқасында да аты толық көрсетілмеген, руының атымен жазыл­ғанға ұқсайды деген жауап алдық. Осы парсы дерек­терін­де Қасымхан ордасында Мейрам аталық есімі ерекше ықыласпен аталатынын атап жазған. Бұл талантты ғалым марқұм С.Қондыбайдың «Арғық­азақ­­тар мифология­сы» шығар­масындағы есенқазақтардың ішінде (бұл да XV-XVI ғасырлар) бір елдің басшысы Мейрамхан деген біреу бар деп, оның әркіммен соғысқанын жазғанына да сәйкес келеді екен. Және «Шетпеден 18 шақырым жердегі «Әләу-Мейрам» әулие деген қос атпен аталған қорымда екі қабір бар, сондықтан Әләу дегеніміз Кіші Жүз Әлім, ал Мейрам осы Мейрам сопы емес пе, Мейрамдар бастаған, абыздық функциясы бар арғын тайпасы Қазақ хандығын құрғанда Алтын Ордаға таяу Маңғыстау жерінен елді бастап Шу бойына кетті, ал олар сол уақытқа дейін осы есенқазақтардың ішінде болды» деген жорамал жасаған еді. Әрине, Мейрам сопының мыңдаған жылдар бұрынғы өте көне атау екенін білеміз, сондықтан ол қорымда жатқан Мейрам сопы емес, осы Мейрамхан аталық болуы керек, өйткені Әзірет Сұлтанға дейін елдің ардақтылары жерленетін пантеоны (әулиелер мекені) Маңғыстау екені белгілі. Ал Кіші Жүз Әлімнің де одан әлдеқайда ертеректегі атау екені анық және Қасымхан уақытында Ноғай Ордасына қараған ел еді, сондықтан бұл қорымдағы екінші қабыр сол Иран мен өзбек соғысында Мейрам аталық әскердің оң қанатын басқарса, сол қанатты басқарған және сол соғыста өлген Алуб аталықтыкі болуы тиіс. Ал оның кім екені әрине, бөлек әңгіме.
Осы тақырыпты зерттеуші Ж.Артық­баев­тың пайымдауынша: «Аталықтар, көбіне өз руларының мүдделерін ба­сымырақ қоятын рубасы батыр, билер сияқты емес, орталық билік үшін, мемле­кеттің мүддесі үшін ханға, елге адал қызмет етіп, өздерін де, ұрпақтарын да сол жолда құрбан еткен, хан баласы қайда барса сонда барып, бірге өлген ұлы тұлғалар, мемлекетке адал қызмет етудің үлгісі». Арыстан аталықтың «тоғыз арыстан» аталған тоғыз ұлынан елде жалғыз Барқы қалып, қалғанының дүниенің түкпір-түкпірінде шашырап қалғаны сондықтан екен...Дана қарияларымыз осыны өсиет қылып, «туғандарымыз ел үшін, мемлекет мүддесі үшін тапсырмамен, ауыр міндет арқалап жан-жаққа кетіп еді, енді солардың тұқымдарын іздеу сендердің міндеттерің, туған жерге қайтып әкеліп, елге қосу керек, шежіресін түгендеу қажет», – деп әңгіме айтады екен ғой.
Бізден бұрын бұл аталарды 1897 жылы «әкем Қаңтарбай батыр елге қайтатын уақыты болды, алдырыңдар деп өсиет қып айтып кетіп еді» – деп болыс атамыз Иса Қаңтарбайұлы іздеген екен. Ол кісінің осыдан 116 жыл бұрын туысқан екенін шежіреден көрсетіп, Шұбартау елінің болысы мамадайыр Меңаяқ бидің баласы Оспанқұлға «Міндеттеріңді артығымен орындадыңыздар, ел риза, енді елге қайтыңыздар, сіздерге жер жетед.Бір өкініштісі, бірнеше ай жүріп, Тәшкенге іздеп барып едім, Тоғызақтар үйреніп қалдық деп қайтпады», – деп жазған хаты мұрағаттан табылды. Мамадайыр, Мама­шық, Тоғызақты тапқаннан кейін, елге қайт­паса да, шежіреде тірі, бар деп атта­рын қалдырмай жазатыны содан екен. Ал қалған бесеуін таба алмаған соң, қал­мақ­пен соғыста өлген екен деп шешкен тәрізді. Әрине, айта берсе мұндай дерек көп.
Ежелгі елшілер тарихы толық зерттелмеген
Біз осы кітаптың көмегімен үш жүз жыл бұрын мемлекеттік тапсырмамен жан-жақ­қа аттанған аталықтар әулетінің біразы­ның тұқым-жұрағаттарының табысу сәтіне куә болдық. Дегенмен жоғарыда айтылған елшілер, тұрақты өкілдер, шетел мемлекеттерімен сауда қатынастарын жүргізген керуенбасылар тарихы осы уақытқа шейін толық зерттелмеген. Тек қана 1683-1799 жылдар арасында Қытаймен және Ресеймен ғана 72 елшілік алмасқан, ал ол туралы жалғыз тізім ғана жарияланды. Мысалы, шетелдіктер біздің елшілерден қазақтың елшілік тарихы жөнінде сұрап қалса, Коллонтайдан бастап жүрмеуі үшін не істеу керек? Қазақтың елшілік институтының бірнеше мыңдаған жылдық тарихы бар екенін қалай дәлел­деп, қалай түсіндіреміз? Қазақ хандығы­ның қарым-қатынасы бар көптеген елдер­де өзінің тұрақты өкілдерін ұстағанын неге зерт­темейміз?
Жалпы уақыт алыстаған сайын тарих ұмытыла беретіні, тарихи тұлғалар жөнін­дегі деректер мен оқиғалардың халық жадынан алыстай беретіні сөзсіз. Мысалы, елдің есінде XVIII ғасырдың басында басталған зұлмат «ақтабан шұбырын­ды­ның» сұмдығының әсерінен сол дәуірден бергі тарихи оқиғалар көбірек сақталған, ал одан әрідегісі ұмытылыңқыраған екен.
Сонымен бірге, кеңес заманында ел жақсыларына қырғын тиіп, қазақ елінің генефонды, яғни көбірек дерек білер текті де білімді тұқымының басым көпшілігінің жойылуы салдарынан халықтың есінде күні кеше осы рудың қолын бастап шыққан, яғни ел ішінде жүрген батырларының әңгімесі ғана көбірек қалған сияқты. Ал мал баққан қара шаруаның есінде қолды болған биесі мен түйесін даулап әперген, көбіне ауыл-елмен бірге, оларды бастап көшіп жүрген, сол рудың есесін жауға жібер­мейтін билердің әңгімесі ғана қалды.
Міне, Тантай батыр туралы деректердің ұмытылуына да осындай себептер бар. Әз Тәуке хан заманында толыққанды өмір сүріп тұрған елшілік институтының тамаша бір өкілі туралы әлі де жазылар деген ойдамыз. «Алмас пышақ қап түбінде жатпайды» деген қазақтың сөзі бар емес пе, аталық әулетінің өзге де өкілдері сияқты Тантай батыр ұрпақтарының да табылатын күні алыс емес деп үміттенеміз.
Серікбай ЖАРКЕШОВ, өлкетанушы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста