Үлкен жүректі ұлы дәрігер еді...

Үлкен жүректі ұлы дәрігер еді...

Аса көрнекті хирург, ҚР Президенті Іс басқар­масы Орталық клиника­лық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаевтың дүниеден өткеніне – ертең қырық күн.
30 жылға созылған дәрігерлік ғұмы­рында сан мыңдаған адамды ажалдан арашалап қалған Нұртас Кәкімжанұлын әріптестері де, былайғы жұртшылық та «қолы алтын хирург» дейтін. Айтса-айт­қандай, Нұртас Кәкімжанұлы өте күрделі оталардың өзін мінсіз жасап, ең ауыр науқастардың өзін аяғынан тұрғызатын. Сол себепті де хирургия бөліміндегілер тіпті «науқастарды екі категорияға бөлуге болады, яғни олар – Нұртас Қазыбаев ота жасағандар және соны армандайтындар» деп орынды қалжыңдайтын да. Орны толмас бұл қаза Нұртастың бағасын біле­тін, қадірлейтін қалың жұртшылыққа өте ауыр тиді.
Жоғары білікті кәсіби маман екендігі өз алдына, Нұртас Кәкімжанұлы нағыз жанып тұрған шағында, халқына әлі де берері көп кезінде кенеттен дүниеден озды. Еңбек жолын бастаған Қалқаман ауруханасында істелген ондаған мың, соңғы қызмет орнындағы өз қолымен жасалған 10 мың, тікелей басшылығымен істелген 9 мың ота, операция үстелі жанында тікесінен тік тұрған күйі 7-10 сағатқа созылатын хирур­гиялық сағаттар, демалыссыз, ұйқысыз өткізілген талай тәуліктер дәрігер денсау­лығына сызат түсірмеуі мүмкін емес болатын. Яғни өзгенің өміріне мейлінше жауапкершілікпен, жанашырлықпен қа­раған ол өзіне соншалықты көңіл бөлген жоқ. Басқа-басқа, мұны анасы анық біледі. «Үйінде де еркін демала алмайтын. Енді келіп шешіне берсе, телефон соғылады. Бір қалтасынан біреуін алып сөйлесіп, енді қоя берсе, екінші қалтасынан тағы біреуі шырылдайды. «Қан кетіп жатыр», «өліп барады», «ауыр науқас келді, не істейміз?», – дегендей бізге үйреншікті болып кеткен сөздер естіле бастағаннан менің ашу шақырып: «Болды, өлмес, басқа дәрігер­лер бар ғой, тама­ғыңды іш», – дегеніме қарамай, жалма-жан қайта киініп: «Мама, мама, қазір келем», – деп бетімнен сүйіп, алдап кете­тін. Сол кеткеннен кейде апталап көр­меймін. «Сені хирург оқуына бекер берген екенбіз, не үйде, не тойда, не қонақта бір сағат отырмайсың, балаңмен де, келін­шегіңмен де еркін сөйлесе ал­майсың», – деймін. «Мама, мен дәрі­гермін. Ол – менің өмірім», – дейді, соны­мен сөз бітетін. «Балам-ай, өмірің не өмір? Үнемі екі қолың – қанда, күндіз-түні науқастың ішек-қарнын ақтарып, ішекке өскен етін сылып, жамбас сынығын қа­лыпқа келтірем деп жүріп, өз ден­сау­лығыңа қарамайсың, кейде ақсаңдап, кейде толып, кейде сылынып қалып жүргенің, өзіңді ойла, мені жылатып кетпе», – дегенімде: «Еш же­рім ауыр­май­ды», – дейтін... Мінеки, ақыр соңы осылай болды», – дейді жүрегі қан жылаған Орынша апай.
Текті әулеттің перзенті
Алматы медицина институтын бітір­геннен кейін білімін Мәскеуде жалғас­тырып, Кеңес хирургиясының мэтрі В.И.Стручковтан тәлім алған, кандидаттық диссертация қорғаған Нұртас Кәкімжанұлы еңбек жолын Қалқамандағы клиникалық аурухананың жедел хирургия бөлімінен бастайды. Диссертациялық жұмысын қорғау кезінде Мәскеудің небір атақты ғалымдарының Нұртасқа берген жоғары бағасын естіген Кәкімжан Қазыбаевтың ұлын қай ауруханаға, қандай қызметке болсын орналастыруға беделі, әрине, жетіп тұрған. Алайда көреген әке ұлының біліктілігі, шеберлігі қызу жұмыс бары­сында, еңбектің қайнаған қазанында шың­­далатынын түсінгендіктен де ондай әрекетке бармайды. Ал Қалқаман қаладан әжептәуір қашық. Сол сәттерді анасы: «Ол кезде автобустар сирек жүреді. Нұртасым таңғы 5-те тұрып, ауруханаға кетеді, ұй­қысы қанбайды. Кеш келеді, кейде ауруханада түнеп қалатын. Тамақтануға да уақыты болмай, аш жүретін күндері көп еді. Сонда да ренжімейтін. Қабағы ашық, ақкөңіл, жақсылықтан жаралған бала еді. Өзіне қастық жасап жүргендерді де досына айналдырып, кеудесін соғып, «мен сон­дай­мын, пәлен дегеннің жақынымын» деп келгендерді кішірейтіп жіберетін қа­сиеті болатын», – деп есіне алады.
Шынымен де, текті әулеттің бекзат болмысты перзенті – Нұртастың хирургтік кәсібі сол кезден бастап-ақ жанқиярлық еңбекпен астасып жатты. Тәулігіне 15-20 отаға дейін жасауға тура келетін кездері көп болды. Науқас қандай үмітсіз жағ­дайда жатса да, оның өмірі үшін соңғы мезетке дейін күресу Нұртастың басты ұстанымына айналды. Кейіннен ҚР Пре­зиденті Іс басқармасы Орталық клиника­лық ауруханасында қызмет еткен жылда­рында да Нұртас Кәкімжанұлы өзінің бүкіл қажыр-қайратын, білімі мен іс-тәжірибесін халқына қызмет етуге арнады. Мединс­титуттан бірге келе жатқан досы, әріптесі Әшім Қуанышбековтің пікіріне жүгінсек, Нұртас Қазыбаев аталған аурухананың материалдық-техникалық базасының жақсаруына көп ықпал еткен. АҚШ-та, Швей­царияда тәжірибеден өтіп, Германия, Израиль, Франция сынды өркениетті елдерде болып, ол жақтағы озық техно­логияларды осы ауруханаға енгізуге тырысатын.
Өз кәсібінің аса білгірі
ҚР Президенті Іс басқармасы Орталық клиникалық ауруханасы еліміздің көрнекті мемлекет қайраткерлеріне, белгілі ақын-жазушылар мен өнер адамдарына, ға­лымдарға медициналық қызмет көр­сетуімен ерекшеленеді десек, солардың ішінде Нұртастың шарапаты тимегені кемде-кем. Мысалы, К.Нұрпейісов, Ө.Бәй­гелді, К.Ормантаев, К.Нәрібаев, Д.Иса­беков, А.Кока, С.Локшин, С.Сматаев, Р.Ны­санбайұлы сияқты басқа да көптеген танымал тұлғаның өзіне немесе туған-туысына қатысты мәселе бойынша Нұртастың көмегіне жүгінген кездері болған. Соның бірін Орынша апай былай­ша әңгімелейді: «Бір жылдары, сірә, 1997 жылы болуы керек, Рәтбек қажы Нысан­байұлы телефон соқты. «Әйелімді ажалдан алып қалған – сіздің балаңыз Нұртас, сізге рақмет айтып әрі кешірім сұрағалы тұр­мын, алдымен істің мән-жайын түсін­дірейін, тыңдайсыз ба?» – деді. «Әрине, тыңдаймын». Рәтбек қажының сондағы айтқан әңгімесі: «Әйелім түнімен ауырды, Нұртасқа әкеліп едім, қолымен бүйірін сипап көріп: «Тас тұрып қалған, дереу опе­ра­ция», – деді. Шошып кеттім. «Әу, жігітім, не деп кеттің? Ине салмайсыңдар ма, бірден ішін жару деген не сұмдық?» – деп ашуландым. Ол менің сөзімді құлағына да ілген жоқ. Қасындағыларға: «Тезірек, дереу операция залына», – деп бұйрық берді. Мен ашумен бас дәрігерге келдім. Өзім дірілдеп тұрмын. «Бірден ішті жарып тастаймын деген не сұмдық? Анау жігіт кім өзі? Әйелімді өлімге итермелеп...» – деймін. Бас дәрігер: «Қорықпаңыз, Нұр­тас­­тың ең үлкен қасиетінің бірі – ол ауру­дың диагнозын бірден дәл қояды. Екін­шіден, отаны өзі жасаса, біріншіден, Аллаға, екін­шіден, Нұртасқа сыйыныңыз. Әйеліңізді аман-есен тік тұрғызып, қолыңызға бе­реді», – деді. Көңілім жай­ланғандай бол­ды. Аурухана ауласында біраз жүрдім. Дегенмен қорқамын. Дәрігерлердің бірі: «Алаңсыз үйіңізге қайтыңыз, ота біткен соң шақырамыз», – деді. Амал жоқ, үйге кел­дім. Бір кезде «әйеліңіз аман, келіңіз» деп телефон соқ­қан соң бардым. Дәрігерлер бөлме­сінен күлімсіреп Нұртас қарсы алды, екі алақаны толған – ірілі-ұсақты тастар. «Бұл не?» деймін көзім бадырайып. «Ба­уыр­дан алынған тастар». «Қой, мүмкін емес», – деп сенімсіздік білдірдім. «Өзіңіз біліңіз», – деді Нұртас нық сөйлеп. Нұр­тастың өз мамандығын жетік меңгерген, атағы бүкіл Қазақстанға белгілі хирург әрі Кәкімжан Қазыбаев ағаның ұлы екендігін кейін білдім, жеңгей. Өзім қажылыққа кетіп барамын, әйелімді Нұртастың қа­рауына қалдырып, көңілім жайланды. Сіз­ге сыйға өзім аударған Құран Кәрімді беремін», – деді. Сол Құран Кәрім бүгінге дейін жазу үстелімнің үстінде тұр...».
Ондай жан өмірде сирек туады
Танымал қоғам қайраткерлерімен қа­тар, Нұртас Кәкімжанұлына ауылдан келіп емделетін қарапайым еңбек адамдары да көп болған және де бүкіл халық қолы шипалы, ұлы дәрігер ретінде оны жақсы көретін. Орынша апайдың бұған куә болған кездері де, жетіп-артылады. Соның бірін апайдың өзі: «2008 жылдары Оқжетпеске демалысқа бардым. Әрі өтсем де, бері өтсем де, танымайтындар тоқ­та­тып: «Апай, мен Оралдан едім» десе, енді бірі: «Ақтөбеден», «Атыраудан», «Алма­тыдан», «Астанадан едім», – дейді. Сонда бәрі де: «Сіздің балаңыз маған ота жасап, өлімнен қалдым. Сіздің Нұртастың мамасы еке­ніңізді естіп, сәлем бергелі тұрмыз. Нұр­­тастай баланы өмірге әкелген алып ананы көрдік деп ауылымызға айтып ба­рамыз» дегенді айтатын», – деп әңгі­мелейді.
Шын мәнісінде, Нұртас Кәкімжанұлы өз мамандығын мейлінше меңгерген білікті дәрігер еді. Алдына келген адамдар­дан ешқашан көмегін аямайтын. Әр жастағы науқастар, оның ішінде қария адамдар да Нұртастың құдды өз әкесіндей еркелеп келіп, ауруханада еркін жатып, дәрігерлік көмек алып кететін. Кейбір басшылардың «Зейнеткерлер ауруханадан шықпайтын болды» деген сөздеріне Нұр­тас Кәкім­жанұлы: «Кезінде олардың еңбегі сіңген. Енді демалсын. Оларды сөз қыла­тындай мәселе жоқ», – деген уәж айтатын. Осын­дай үлкен жүректі ұлы дәрігер қызмет еткен аурухананың беделі кейінгі жылдар­да қатты өсіп, айрықша деңгейге көтеріл­ген. Нұртас Кәкімжанұлы­ның тікелей бас­шылығымен коронаро­графия бөлімі ашы­лып, қаншама жүздеген адам жүрегіне ота жасатып, тірі қалды. Тізесі кілтілдеп, сіңірі үзіліп немесе басқа да тосын жарақат алып қалғандарға жедел көмек көрсететін травматология бөлімі, көзіне шел қаптап кеткендер мен көзі көрмей қалғандар үшін офтальмология бөлімі жасақталды. Осы­ның басы-қасында жүріп, маман дәрігер­лерді іздестіру және оларды орналастыру, жаңа ашылған бөлімдерді медициналық жабдықтармен, аппарат­тармен қамта­масыз ету, шетелден мамандар шақырып, олардың тәжірибесін үйрету, қызметкер­лерді шетелде оқыту – бәрі-бәрі Нұртас Қазыбаевтың мойнында еді. Осындай жұмыстардың барлығын ол айқай-шусыз жасайтын және соны «мен жасадым» демейтін. Соны білетін әріп­тестері бүгінде: «Ол нағыз азамат еді. Ондай жан өмірде сирек туады», – деп сөзсіз мойындайды.
Өзіне ешкім араша тұра алмады
Нұртас Кәкімжанұлының тағы бір ерекше қасиеті – ол керемет ұйым­­дас­тырушы болатын. Көшбасшылық қабілеті институт қабырғасында жүрген кезінен бастап-ақ көрініс берген ол бұл қырымен қызметтестерін де мейлінше тәнті еткен. Жұмысының басынан асып жататынына қарамастан, ол әртүрлі мерекелерде кеш ұйымдастыруға да, ұжымымен Қапшағай­ға, Ыстықкөлге барып, бір күнге болса да демалып қайтуға да уақыт табатын. Үл­кенді де, кішіні де өзіне магниттей тартып, жа­нын баурап алатын, ешкімді алала­майтын. Бұл жағынан алғанда, Нұртас Кәкім­жанұлының адаммен, оның ішінде нау­қаспен сөйлесуі, қарым-қатынас жа­сауы ешкімге ұқсамайтын. ҚР ҰҒА ака­демигі Көпжасар Нәрібаев айтпақшы, ол науқасты өзінің дәрігерлік ем-домымен ғана емес, терең адамгершілігімен де емдейтін. Әрбір отаны үлкен білгірлікпен, бар мейірімін төге жасауымен қатар, науқас қашан құлан-таза жазылып кеткен­ге дейін өз бақылауына алатын. Осы орай­да Орынша апай: «Сөйтіп жүріп өзінің денсау­лығын­дағы ақауды байқамады, білсе де, мән бермеді, үні кейде қарлығып шығатын, кейде түрінен шаршау бай­қа­латын. Соған қарамастан этаждан-этажға жүгіріп жү­ретін...» – деп, ұлының өмір­ден ерте кетуін өз кәсібіне шексіз беріліп кеткен­дігімен байланыстырады.
«Бірақ тағдырға не шара?! Нұртастың сондай жауапкершілігі мол, ақкөңіл, қайы­рымды да мейірімді, ел-жұрттың бағына туған бала екендігі кішкентай кезінен-ақ байқалған. Ол бала болып ешкіммен тө­белеспейтін, қайта төбелескендерді тату­ластырып, жөнге салып жүретін. Мектепте үлгілі әрі тәртіпті оқушы болған. «Есте сақтау қабілетінің күштілігі сонша, мұғалім­дерді жақсы тыңдап келгендіктен, үйде ертеңгі сабаққа бар-жоғы бір сағат қана дайындалатын. Бір күні тарихтан берген тапсырманы он минутқа жетпейтін уақытта аяқтады. Мен оны сынау үшін «Мазмұнын айтып берші» дедім. Нұртас оқулықта жазылғанның бәрін тәптіштеп тұрып айтып берді. Сонда әрі таңғалып, әрі ұялғаным сонша, баламның сабағын одан кейін тексермейтін болдым», – дейді анасы.
Үлкен-кішіге бірдей сүйкімді, алғыр да ізденімпаз Нұртас Кәкімжанұлы жас күні­нен бастап спортпен де айналысқан. Күн сайын жаттығу жасаған, жүгірген, күреске қатысқан, футбол ойнаған. Салауатты өмір салтын ұстанған. Ең өкініштісі, айналасына шуағын төгіп, тек қана шарапатын тигізген және де бар ғұмырын хирургияға арнап, үзілуге жақын талай үміттерді қайта үкі­леген шын мәнісіндегі ұлы дәрігердің өзі­нің ажалына ешкім араша тұра алмады...

Біз білген Нұртас осындай еді...                                                                                           
Кеңес АУХАДИЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері:
Биік адамгершілігі көрініп тұратын
– Есімде ерекше қалғаны – Нұртас аман­дасқанда жылы шыраймен, жымиып тұ­рып амандасатын. Ол түр-әлпеті бір қа­раған­да-ақ есіңде қалатын адам болатын. Мы­салы, біздің алдымыздан көп адам өте­ді. Кейбіреу­мен амандасасың, тіпті ара­­ласып та жүресің. Соның көбі есіңде қала бермейді.
Кейіннен тіпті «түрі қалай еді» деп те ойлай­сың. Ал Нұртастың бейнесі бір көр­геннен-ақ көз алдыңда қалып қояды. Оның жылы шырайы ар жағындағы биік адамгер­шілігін көрсетіп тұрғандай бо­латын. Өмірі қысқа болғаны өкінішті-ақ. Не дейміз, мар­құмның иманы серік, жат­қан жері жай­лы болсын...


Көпжасар НӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі:
Нұртасқа қандай атақ берілсе де артық емес
– Нұртастың әкесінен қабылдаған кере­мет бір қасиеті – ол кісі де елге, халыққа жақ­сы­лық жасап жүретін. Нұртаста әкесінің сол қасиеті, тектілігі бар. Нұртас осы үлкен әу­лет­тің сенімін ақтады, Қазыбаевтар әу­летінің абы­­ройын асырды, мерейіне мерей қосты. «Е, мынау Кәкімжанның ба­ласы екен ғой, Қа­зыбаев екен ғой» деген­дей үлкен абы­ройға жетті. Және тек қана әулеттің емес, бү­кіл халықтың, елдің, қа­зақтың аза­маты бол­ды.
Қызмет істеген ұжымы, дәрігер достары бар, Нұртасты есте қалды­ратындай шара­ларды жасауы тиіс. Мысалы, хирургия бө­лімшесіне ме, басқаға ма, Нұртастың атын берсе, жақсы болар еді.
Күнделікті көрген, білген, араласқан әріптестерінің естелігін жинап, кітап етіп шығарса, жақсы болар еді. Нұртасқа қандай атақ берілсе де, нендей сый-құрмет жасалса да артық емес.


Әшім ҚУАНЫШБЕКОВ, ҚР Президенті Іс басқармасы Орталық клиникалық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі:
Жастарды үйретуден жалықпайтын
– Нұртас әдепті, сабырлы, өте білімді бо­латын. Шетелдіктер оны жұмысқа шақы­рып, жақсы жалақы төлеп, барлық жағ­дайын жасаймыз дегенде де, туған Отанын тастаған жоқ. Қайта мүмкіндігі болғанша аурухананы көтеруге барын салды. Нағыз патриот еді. Интернеттен шетелдік жаңа­лықтарды бақылап, егер операция жасау­дың жаңа үлгісі, жаңа методикасы шықса, дереу сол елге барып, оны үйреніп, осында енгізуге тырысатын. Бізді үйрететін. Мұн­дай жігіттер бүгінде кемде-кем. Қазір еш­кімді ешкім үйретпейді. Тіпті біліп тұрса да, оны қолданудың жолдарын айт­пайды. Се­бебі ертең өзіне бәсекелес болып, зияны тиеді деп қорқады. Ал Нұртас қайта жастар үйренсе екен, білсе екен, соңғы техноло­гия­ларды меңгерсе екен деп жүгіріп жүре­тін. Халықаралық конференциялар ұйым­дастырып, шетелден білікті мамандар ша­­қырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жа­сайтын. Бір ерекше қасиеті, ол атақты адамдардың бәрін танитын, тіпті аты-жөн­деріне дейін жатқа білетін еді.
Мәселен, кешкі уақытта үйіне қайтарда ауру­хананың бесінші қабатынан төртіншіге түскенде үл­кен жазушы немесе ғалымды көрсе, мін­детті түрде сәлем беріп, жағдайын сұрап, мә­селесі болса, дереу шешіп бере­тін. Үшін­ші, екінші, бірінші қабатқа түскен­де де со­лай. Жалпы, ол аурухананың қақпасына же­тем дегенше бір-екі сағат уақыт кететін. Алдынан шыққан адамның барлығының халін сұрап, егер мәселесі болса, шешпей кет­пейтін...


Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Медколледжге атын берсе, құба-құп
– Нұртастың қазасымен бірге еліміздің денсаулық сақтау саласының бүтіндей бір қабырғасы опырылып түскендей болды. Өте өкінішті. Оның орнын басатын жігіттер жоқ деп айта алмайсың, бар шығар. Бірақ дәл Нұртастай бола ала ма, жоқ па? Атадан келе жатқан қасиеті бар еді, тектілігі бар еді. Азаматтығы жүрегімізде мәңгі сақта­лады. Үлкен ғалым, үлкен маман, үлкен аза­мат еді. Оны ұлықтау үшін атына бір көше берсе де, артық болмас еді. Оның жасаған еңбектерін талдау, оны жұртқа түсіндіру мақсатында өз алдына жеке монография жазса да орынды. Сол сияқты Алматыда аты жоқ медициналық колледж­дер толып жатыр. Солардың біреуіне атын берсе, құба-құп болар еді.
Қалай болғанда да Нұртас Қазы­баевтың атын мәңгіге есте қалдыратындай бірдеңе жасау керек және ол соған тұрады.


Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, ҚР Халық әртісі:
Нұртасқа қарап сабаға түсетін едік
– Адамгершілік қасиет азайып бара жат­қан мынадай қасқыр мінез, қасап заманда, қайырымсыз кезеңде Нұртастай азаматтар көп болса, еліміз де баяғы атадан балаға дәстүр болып келе жатқан жақсы мінезіне қайтып оралар еді ғой, тәйірі. Бүгінгі жас­тарымыз шыбық тимес шыңқ етер. Осы Нұртастар, міне, соларға үлгі бо­ла­тындай еді. Мысалы, өзіміздің де міне­зіміз жетісіп тұрған жоқ. Бірақ сол Нұртасқа қарап са­баға түсетіндей едік.Нұртаспен дидар­ла­сып, оның үнін тыңдап отырып, «қазақтан ұлылық, тектілік кеткен жоқ, міне, біздің осындай азаматтарымыз бар» деп шү­кіршілік айтушы едік. Осының бәрін ой­лаған кезде ішің ауырады, жүрегің қан жы­лайды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста