Түрмеде қиылған некелер

Түрмеде қиылған некелер

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің бүгінгі 25 жылдығында жадымызда мақтанышпен сақталатын әрі қазіргі жас ұрпақ үлгі тұтатын тағылым аз емес. Соның бірі – Желтоқсан шырғалаңында жазықсыз сотқа тартылып, отқа түсіп, итжеккенге айдалған сүйіктілерінің артынан іздеп барып, түрменің кермек дәмін бірге татысып, некелерін тар қапаста қиған қазақ қыздарының асқақ рухы.
Әрине, мұндай жайттардың бас­қа елдердің та­ри­хында кездес­кенін білеміз. Дегенмен Ресей де­ка­бристерінің әйелдері ит тұм­сығы өтпес, сұры сұсты, табиғаты суық Сібірдегі ерлерінің артынан ба­­рып, ауыртпалығын бөліскені – бөлек әңгіме. Се­бебі ғашық жі­гіті әділетсіздіктің салдарынан сот­та­­лып кетіп, әрі-сәрі күй кешкен, он екіде бір гүлі ашыл­маған қазақ қыз­дарының тағдыры тіптен басқа. Бұл жер­дегі таңдау да өте қиын соқ­қаны анық. Сүйген жігі­тіне деген ің­кәр­ліктен бұрын махаббат пен ғадауат, ада­лдық пен арамдық, ұят пен ар қатар шарпысып, қиын тү­йін шешілген іспетті. Таңдау қате­лес­тірмепті. Кү­ні кеше ешкімнің сөзіне қа­рамастан, тек өздерінің ақы­лына жүгінген аруларды бүгінде қалай мақтасақ та жарасады.
Бес жылға сотталған ғашығы Ра­сылхан Құдай­бер­геновті сонау Ресей­дің қияндағы Чита қаласына іздеп барып қосылған Роза Арипова және үш жарым жылға сотталмай тұрғанда сөз байласқан Бақтыбек Иманқожаевпен Қызылжардағы түр­­меде некесін қиған Сапаргүл Құл­дәулетова, ал төрт жылға сот­­та­лып, жазасын Ресейде өткерген жолдасы Құр­манғазы Айтмұрзаевтың жанын­да болып, екінші ұлдарын түрмеде босанған Алма Ашықбаева және 14 жылға сотталған сүйіктісі Жамбыл Тайжұмаев түрмеде отыр­са да, оның ауылы – Жамбыл об­лы­сы, Жамбыл ауданы, «Пионер» кеңшарындағы Тай­жұмаевтар әу­ле­тінің босағасына келін болып тү­сіп, дәстүр бойынша бетін ашып, со­с­ын Жамбыл Тайжұмаевпен Қос­та­найдағы Құсмұрын түрмесінде неке­сін қиған Шолпандар – өс­келең ұр­паққа шын мәнінде өнеге. Енді осы өнегені қысқаша өрнектеп көрсек.
Расылхан мен Роза
Расылхан Омарұлы Құдайбергенов 1964 жылы 5 сәуірде Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Аудандағы мектеп-интернатты бітірген соң, Алматы кино техникумына оқуға түседі. Желтоқсан көтерілісі кезінде аталған оқу орнының ІІІ курсында оқып жүреді. Алаңға шығып, тоталитарлық жүйеге қарсылық білдіргені үшін бес жылға бас еркіндігінен айырылған. Кейіннен ақталды. Қазір Алматыда тұрады. Расылхан Құдайбергенов басқа­ра­тын «Азамат-құрылыс» компаниясы Жел­тоқсанның 20 жылдығына орай Алматы қаласындағы Желтоқсан және Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы «Тәуел­сіз­дік таңы» ескерткіш кешенін тұрғызған. Ол Желтоқсан кө­терілісінен кейін қатты қысымға ұшырап, нақақ жазаланғанымен, еліміздің ертеңгі күндері бәрібір Тәуелсіздікке жеткізетіндігіне үміттенгендігін айтады. Әрі сол бір қиын-қыстау шақта сүйген қызының қасынан табылып, жігер­лендіргені «селкеу түскен көңілге сенім ұялатып, үлкен демеу болды» дейді ол.
– Желтоқсан менің жап-жас өмірімді мүлдем күтпеген әрі күрделі соқпаққа бұрып жіберіп, бұла тағ­дырымды ылаңға түсіріп, тәлкекке ұшыратқаны­мен, шүкір, мұқалта алмады. Ең бастысы – түбі әді­леттіліктің салтанат құратындығына деген сенімімді жоғалтуға күші жетпеді, кемел келешекке деген үмітімді ұрлай алмады. Бұл жолда сол кездегі сүйген қызым, бүгінде аяулы жарым Розаның соншалықты қиындықтар мен көптеген кедергілерге қарамастан, қасымнан табылып, қазақ қыздарына тән қайсарлық танытып, кіршіксіз махаббатқа деген адалдығы мені сол бір тар жол, тайғақ кешуден адастырмай алып шықты десем, ешқандайда артық айтпаған болар едім.
1986 жылы ойымызда ештеңе жоқ, өзіммен бір курста оқитын сүйген қызым Роза Ариповамен отау құрмақ болып уағдаласып, әке-шешем келін түсіру қамымен дайындалып жатқан еді. Алайда Желтоқ­сан аласапыраны – «байтал түгіл, бас қайғы» деген жағ­дай бұл ойымызды кейінге шегергенімен, одан бас тартқыза алмады. Роза мені Читадағы түрмеге іздеп келіп, екеуміз сол жерде некемізді қидық.
Бұл ретте осы бір сын сәттердегі жағ­дайларды өз басынан қалай өткергені мен қалайша сезінгені турасындағы Розаның өзінің төмендегі қысқаша естелігі оқыр­манға қызғылықты болар деген ойда­мыз.
«Тобымыз өте ұйымшыл, барлық іске бір адамдай араласатын. Мен үшін өз тобымда оқитын Расылханның орны бө­лек болатын. Көбіне ойымыз да, пікіріміз де бір жерден шығатын. 16 желтоқсан күні тобымыздан біраз жастар алаңға шықтық, ондағы болған қырғынды өз көзімізбен көрдік. Сол күні Расылхан соққыға жығы­лып, оны қала сыртына апарып тастады. Бірнеше күннен соң оның үстінен қыл­мыстық іс қозғалып, бес жылға бас бостан­дығынан айырылды. Қимай қоштастық. Келер жылы біз оқуымызды бітіріп, мен ауылға келіп, жұмысқа орналастым. Студент­тік өміріміздің ең қызық кезеңін бірге өткізген Расылхан екеуміз хат жазы­сып тұрдық. Біз бірге шаңырақ құру туралы шешімге келдік. Бұл ойымды мен ата-анама айттым. Әрине, менің бұл шешімім олар үшін тосын жағдай болғаны анық. Қай ата-ана болмасын өз баласына тек жақсылық тілейді ғой. «Ата-ананың ақылы қазулы қара жолмен тең» деп баба­ларымыз текке айтпаған болар. Ойласа келе анам Гүл­майрам мен әкем Мұрат ақ батасын беріп, мені шығарып салды. Сөйтіп, 1989 жылы Расылханның артынан Ресейдің Чита қаласына қарасты Макка­веева стансысына жол тарттым. Баз біреу­лердің «Сотталған адамның артынан кет­кені несі, ата-анасы қалай жіберді?» де­ген сөздері мені тоқтата алған жоқ. Менің­ше, адамның ең үлкен бақыты – күресе білу, басқалардан қалыспай, өмірге ілесу. Менің өмірден түйгенім: ең қиын маман­дық – адам бола білу. Біз Расылхан екеуміз Маккавеевада отау құрдық. Осы жылы Мұхтар Шаханов ағамыздың араласуымен Расылханның жазасы қысқартылып, ақтал­ды. Біз елге оралдық. Бүгінде шаңы­рағымызда үш бүлдіршініміз өсіп келеді. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан олардың бақытты болатынына менің сенімім мол».
Иә, Расылхан мен Розаның ел Тәуел­сіздігін алуы жолындағы орнатқан ең еңселі ескерткіштері – кеңестік тоталитар­лық жүйеге қаймықпай қарсы тұрып, сол «ұлтшылдық» үшін алған жазаны бірге абыроймен өткізгендерінде болса керек. Дегенмен де еліміз Тәуелсіздігін алып, тәубе еткеннен кейінгі уақыттан бері Расылханды азамат ретінде мазалап жүрген жайттың бірі – желтоқсандықтар рухына арналған лайықты ескерткіштің бой көтеруі еді. Оның ойынша, желтоқсан­дықтар ерлігі қандай дәріптеуге де, марапат­қа да болсын лайық. Бұл ретте Желтоқсанның жиырма жылдығы қар­саңын­да құтты орнына қондырылған (Желтоқсан және Сәтбаев көшелерінің қиылысы) «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші қазақ рухына айбын беріп, жалпы, бұл тақырыпқа жаңа тыныс, соны серпін әкелгендей әсер еткені бар. Ал осы игілікті істі атқаруға Расылханның басқаруындағы, кезінде желтоқсандық жігіттердің бастамасымен құрылған «Азамат – құрылыс» компаниясының үлесін қосқаны өзінше үйлесімді. Өйткені күні кеше Расылхандар тікелей бастан өткерген Желтоқсан көтерілісінің маңызын терең сезіну арқылы осы ескерткіш көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.

               Құрманғазы мен Алма    

Жамбыл мен Шолпан
Жамбыл Тайжұмаев – алғашқы болып сотталған желтоқсандықтардың бірі. Оны жазасын өтеуге Құсмұрын түрмесіне жібереді. Бұл кезде сөз байласпағанымен, көңілі жарасқан қызы Шолпан (оның фамилиясын еш жерден кездестіре алмадық) шалғай ауылында жүреді. Жам­был­дың басындағы жағдайды естіген Шолпан бар жұмысын тастап, Жамбылдың туысқандарына жолығып, түрмеде жатқан оның өзіне барып, мән-жайды біледі. Содан ешқандай кінәсі жоқ, нақақтан-нақақ күйген Жамбылды қайткенде қара күйеден арашалап, түрменің ауыр азабынан құтқаруды алдына мақсат етіп қойған Шолпанның қадамын құптаға­нымен, оның таңдап алған тағдырымен және жолымен жүруге көптеген қыздың батылы жетпесі анық. Айталық, он төрт жылға сотталған жігіті Жамбыл Тайжұмаев түрмеде отырса да, оның ауылы – Жамбыл облысы Жамбыл ауданы «Пионер» совхозындағы Тайжұмаевтар әулетінің босағасына келін болып түсіп, дәстүр бойынша бетін ашып, сосын Жамбыл Тайжұмаевпен Қостанайдағы Құсмұрын түрмесінде некесін қиған Шолпанның бұл таңдауын екінің бірі жасай қояр ма екен? Талайлардың тәуекелге барып, батылы жете қояр ма екен? Әсілі, мұндай таңдау жасау бір бөлек. Таңдау жасағаннан кейін де әділетсіздікке қарсы тұра алатындай қайрат пен жігер, намыс пен жанкештілік, төзімділік пен сабырлылық қажет екендігін Шолпанның әрекетінен байқар едік. Жазушы, желтоқсан тақырыбын зерттеп жүрген қаламгер Қайым-Мұнар Тәбеев ол турасында «Қазақтың желтоқсаны» кітабындағы «Махаббат жыры» атты мақаласында былай дейді:
«...Алғашқы қиындық – Шолпанның ата-анасының ештеңеден хабарсыздығы өткел бермес құз-шыңырау тәрізді еді. Қай әке-шеше күн тигізбей әлпештеп өсірген бойжеткен қызын түрмедегі қайдағы бір танымайтын көлденең көк аттымен некелесуге қияды? Қимайды, әрине!.. Оларды қалай көндіргені Шолпан­ның бір өзіне ғана аян. Әйтеуір, көп ұзатпай үлкендердің келісімін алды. Енді темір тордың арғы жағындағы торыққан дәрменсіз жігіттің бар үміті, бар сүйеніші өзі екенін жан-жүрегімен ұғынып, сезіне білген ол Астанадағы заң кеңселері орна­ласқан иір-қиыр дәліздерді аралауға кірісті. Ондағы ойы – Жамбылға төлқұжат алу еді. Екінші алдынан кездескен терең шыңырау осы болды. Біріншіден, біздің елімізде жүз жерден өртеніп ғашық болсаң да, төлқұжатсыз тірі адамды некеге отырғызбайтынын екінің бірі білуге тиіс. Екіншіден, күн сайын, аяғыңызды аттап басқан сәтіңізде алдыңыздан шырмауық­тай шұбатылып шыға келетін тамыры тереңге кеткен әкімшіліктің, қағазбас­тылықтың жүрек айнытар мысалдарын бастан өткермеген жан аз шығар. Міне, осындай етектен тартқан ескі тоталитарлық жүйенің небір қиындықтарынан әупірім­мен өтіп, келер жылдың күзінде, яғни 1988 жылдың 21 қазанында Құсмұрын азаматтық хал актілерін тексеру бюросынан Жамбылдың төлқұжатын алды-ау. Бір жылы осылай күреспен өтті...»
Міне, бұл Шолпанның таңдап алған тауқыметті жолының бір көрінісі ғана. Бұдан кейін де Алматыға келіп, Жамбылды және жанында жатқан желтоқсандықтарды ақтау жолында талай саяси шараларға да қатысады. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес жанында аштық жариялаған желтоқсан­дықтарға дем беріп, қолдау білдіреді. Ақыры Жамбылмен бірге оның серіктері­нің ақталуына қол жеткізеді. Осы қым-қуыт үміт пен күдік арпалысқан шара­лардың арасында жүрген Шолпан Жам­был­бектің қайғы жұтып, қамыққан ата-анасын қуантып қоюды да ұмытпайды. Бұл ретте Павлодар облысы Май ауданы Ақшиман селосында туып-өскен, Қыздар педагоги­калық институтының 1-курсында оқыған, бүгінде С.Торайғыров атындағы Павлодар педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы Маржан Баймұханованың (Сарыарқа самалы, 1996 жыл 28 қараша) пікіріне құлақ түрсек:
«Тайжұмаевтың жүрген қызы жайлы айтпақпын. Өкінішке қарай, аты-жөнін ұмытып отырғаным. Тайжұмаев түрмеде жатқанда қызы іздеп барады. Сонан соң Тайжұмаевтың ауылда аңырап жылап отырған ата-енесінің қолына барады, үйлену тойын өткізеді. Ауылдастары жылап жүріп «Тайжұмаев пен әйелінің тойын» жасайды. Қыз шымылдық ішінде жалғыз отырады. Сөйтіп, сол үйде Тай­жұмаев түрмеден шыққанша жолдасының келуінің ақ тілеуін тілейді».
Ал жазушы, желтоқсан тақырыбын зерттеп жүрген қаламгер Қайым-Мұнар Тәбеев ол турасында «Қазақтың желтоқ­саны» кітабындағы «Махаббат жыры» атты мақаласында былай дейді:
«Сол жылдың 15 қыркүйегінде ол ата-баба дәстүрімен Жамбыл облысы Жамбыл ауданы «Пионер» совхозындағы Тай­жұмаевтар әулетінің босағасына келін боп түсті. Бұл өзі халықтық тұрмыс-салты­мызда сирек кездесетін оқиға болған­дықтан ба, жоқ, әлемді дүр сілкіндірген желтоқсан жаңғырықтары алыстағы ауыл адам­дарының да ой-санасын оятты ма – үлкен-кішінің бәрі күйеу жігітсіз өткен сол беташар тойға аса бір ынтазарлықпен қатысып, ең бастысы, түсіністікпен қарады. Ауласында қазаны көтеріліп, төрінде дастарқаны жайылған қара шаңырақтың табалдырығынан оң аяғымен аттаған келіндеріне ауыл-аймағының ерекше ыстық ықыласын аңғарған Қожамжар ақсақал мен Күлшан апайда да ес жоқ. «Қадамың құтты болғай, құтты болғай!..» деп күбірлеп, шашу шашып жүрген жеңгелері де қуаныштан біресе жылайды, біресе күледі»...
Бұл бір өкініш, бір үмітті арқалаған, шынында да, елге айтса сенгісіз оқиға еді. Ол тек Шолпанның ғана қолынан келді. Әділетсіздікке қарсылығын қазақ қыздары Желтоқсан көтерілісінен соң осылай білдіріп жатты.
Бақытбек пен Сапаргүл
Бақытбек Жұмабекұлы Иманғожаев 1961 жылы 10 наурызда Жамбыл облысы Қордай ауданы Қызылсай ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Бақытбек үш жасқа толғанда ата-анасы Алматыға кө­шіп келеді. Әмин Тұяқовтың тәрбиесінде №6 спорт мектебінде оқыған ол 1979 жылы әскер қатарында болып қайтады. 1981 жылы көркемсурет училищесінде Әмен Қайдаровтың мультипликация сыныбында екі жыл оқиды. Одан кейін Театр және көркемсурет институтына оқуға түседі. Үш жыл институттың режис­сурасында оқып, кейін музыкатану факультетіне ауысады.
1986 жылы желтоқсан көтерілісінің ұйымдастырушысы ретінде ұсталып, үш жарым жылға сотталып, екі жыл түрмеде отырып келеді. 1989 жылы Х.Қожахмет, А.Нәлібаевтармен бірігіп, «Желтоқсан» ұйымын құрады. 1991 жылы оқуды бітіріп, Павлодар облысында Қазақ музы­калық драма театрын ашуға атсалысып, Павлодар театрында 12 жыл жұмыс істейді. Қазір республикалық «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Бақытбектің Павлодардағы Ж.Ай­мауы­тов атындағы Қазақ музыкалық драма театрының актрисасы болып істеген жолдасы Сапаргүл Құлдәулетовамен отау құруы оның түрмеде отырған кезімен арнайы орайластырылды десе де болады. Бұл оқиғаның қалай өрбігенін Сапаргүл Құлдәулетованың (Сарыарқа самалы, 1996 жыл 28 қараша) өзі былайша баяндайды:
«Бақытбектен ұзақ уақыт хабар болмады. Ол кезде мен Торғай облыстық драма театрында актриса едім. Оқуды бітіріп, осында қызмет етіп жүргенмін. Торғай қаласында да Желтоқсанның ұшқыны бой көтерді... Кейіннен Алматыда Бақытбектің ұсталғанын, лекцияда отыр­ған жерінен алып кеткенін білдім. Кейіннен соты болып, сотталды да, Қызылжар (Петро­павловск) қаласына жіберілді. Мен Торғай қаласында жүргенде Бақыт­бекпен хат алысып тұрдым. Желтоқсан оқиғасынан бұрын көңіл қосып, үйленсек деген ойын айтып, тойымызды жоспарлап та жүрген бола­тынбыз, аяқ астынан түрменің ішінде өтеді деп кім ойлапты, құдай-ау?
Бір күні Бақытбектен хат алдым. Ол менің келісімімді сұрапты, ЗАГС-тің қағаздарын жіберіпті. Бір жақ бетін өзі толтырып, екінші бетін маған қалдырған екен. Жібердім толтырып... Сонымен, ақпан айында жолға шықтым. Мұның алдында Ташкентте тұратын анама, ағаларыма барып, алдарынан өтіп қайтқан едім. Біз шет жерде жүрсек те, қазақтың ата-баба салтын сақтайтын халықпыз ғой, анам сонда маған батасын бермей, жай ғана «жолың болсын, қызым, басыңды не қатерге тігіп тұрғаныңды білемісің?» деп жылап шығарып салды. Ағаларым рұқсатын берді. Жеңгелерім күңкілдеп сөйлеп жатты.
Қыс ішінде Қызылжарға келдім. ЗАГС-та қызмет ететін әйел жап-жас менің түрімді көріп, басын шайқап, мұндай шешімге келгеніме аяушылық білдіріп, таңғалып жатыр. Таксимен Бақытбек жатқан түрмеге жеттік. Түрме... Сұп-суық темір есіктер сықырлап, шатыр-шұтыр ашылып жатыр. Міне, қыстың қақаған суық күндерінің бірінде түрмеде, №4 бөлмеде Бақытбек екеуміздің үйлену тойымыз өтті. Түрмедегілер қайнатып ішетін чефир деуші ме еді, соны ішіп, түрмедегілер және олардың артынан іздеп келген туған-туысқандарының қаты­суымен той өтті. Айтуға оңай... Одан кейін мен Бақытбекті бір-ақ рет көрдім. Желтоқсан оқиғасына қатысқан Бақытбек кейін түрмеден босап, елге оралды. Албырт көңілмен бір-бірімізді аңсап қосылған махаббатымыз берік болсын деп тілеймін».
Желтоқсан көтерілісі кезінде үш жарым жылға сотталған жігіті Бақтыбек Иман­қожаевпен қақаған қыста Қызылжардағы түрмеде некесін қиған Сапаргүл Құлдәу­летованың аталған ерлігі, сөз жоқ, бүгінгі қазақ қыздарына үлгі.
Құрманғазы мен Алма
Құрманғазы Айтмұрзаев 1963 жылы 7 қаңтарда Түрікменстанның Ташауыз, Тельман деген жерінде дүниеге келген. 1967 жылы ата-бабасы қоныс тепкен жері Жарқамысқа, яғни Қазақстанға қайтып көшіп келеді. 8-сыныпты сол ауылда бітіріп, ал 10-сыныпты Ақтөбе қаласында тамамдаған. 1980 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жанын­дағы 2 жылдық театр студиясына оқуға түседі. 1981-1983 жылдары әскер қата­рында азаматтық борышын өтеп қайт­қаннан соң, Т.Жүр­генов атындағы көр­кем­сурет және театр институтына оқуға тапсырады. 1986 жылы Желтоқсан кө­терілісін ұйым­дастырушылардың бірі ретінде ұсталып, сол жылы төрт жылға сотталып кетеді.
Төрт жылға сотталып, жазасын Ресей­де өткерген жолдасының жанында болып, екінші ұлдарын түрмеде босанған Алма Ашықбаева мен Құрманғазы Айтмұрзаев екеуі де Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ақжар ауылында өскен. Бір-бірін кішкентайларынан біліп, бірге өскен екеуі сезім сырларын да сол ауылдарында бастаған. 1986 жылы Алма Алматыдағы шет тілдер институтын бітіріп, ауылына қайтады. Құрманғазы 3-курста Т.Жүр­генов атындағы көркемсурет және театр институтында оқып жүрген кезінде Жел­тоқсан көтерілісі басталады. Құрманғазы, Бақытбектер Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қолына ал­дымен түседі. Құрманғазының алаңда жүрген суреті олардың қолындағы бұл­тартпас дәлел болып табылып, Құрман­ғазы төрт жылға сотталып кете барады. Әуелі Құрманғазы Мәскеу түбіндегі Потьма деген жердің түрмесіне жіберіледі. Осы уақытта жолдасы Алма ауылда босанып, дүниеге ер бала келеді. Ата-анасы ұлдарының аман келуін тілеп, Ақниет деп ат қойды. Ақниет бір жарым жасқа толғанда Алма мен ата-енесі үшеуі түрмеде жатқан Құрманғазыға жолығып қайтады. Содан Алма Ақниетті ата-енесіне қалдырып, өзі Мәскеу түбіндегі түрмеде жатқан жарының қасына барады. Бір жылдан кейін Құрманғазыны Мордова АССР-інің шағын қаласына ауыстырады. Осы қалада Алма мен Құрманғазының Арытұр атты ұлдары дүниеге келеді. Ары бәрінен биік тұрсын деп ырымдап Құрманғазы ұлының атын өзі қояды. Аталған тауқыметті күндерді жолдасының жанында өткерген Алма Ашықбаева (Сарыарқа самалы, 1996 жыл 28 қараша) былай дейді:
«...Желтоқсанның Құрманғазы екеуі­міздің өмірімізге салып кеткен ызғары – осындай, айтуға бәрі жеңіл сияқты, – қиыншылықтың бәрі артта қалды. Енді балаларымыз, еліміз аман болса екен деп тілеймін. «Қыздар, махаббаттарыңа берік болыңдар. Қиындыққа қарсы тұрыңдар» дегім келеді!..».
Қазақ қыздарына аналық өсиетін айтуға толық құқы бар Алма Ашықбаева Ресей тарихынан өз орындарын алған «декабристердің» әйелдерін еске салады. Отағасы ойламаған жерден нақақтан жаза басқанда, Алма мұңаймапты да, мұқалмапты. Бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, қайта отының шырағын сөндірмей, жолдасы Құрманғазының жанынан табылғаны – кісі сүйсінерліктей-ақ іс.
Міне, бұл 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің бүгінгі 25 жылдығында жадымызда мақтанышпен сақталатын әрі қазіргі жас ұрпақ үлгі тұтатын тағылымның бірі – осы қазақ қыздарының қай­сар­лығы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста