ҚР Қорғаныс күштері қайта құрылымдауды кезең-кезеңімен бастан кешіріп жатыр. Мұндағы жаңа үрдістің бірі – әскердің жалдамалы сипатқа ие болуы. Алты жыл бұрын қазақ әскерінде кәсіби сержанттық құрама құру бойынша реформа қолға алынған-ды. Бүгінгі таңда жаңа сипаттағы осы әскери бағыт қосымша тың қағидалармен толығып та келеді. Нәтижесінде, ел әскері құрамының шамамен 60 пайызын келісімшарттағылар құраған. Бастапқы кезде белгіленген жалақы көлемі – 25-30 мың теңге кәсіби мамандарды қызықтыра қоймады, сондықтан сапаға келгенде, шалыс басып жатқан тұсымыз болмады емес, болды. «Біткен іске сыншы көп демекші» бұл кемшілікті бетімізге басушылар да арамыздан табылып жатты. Алайда төрт-бес жыл бұрын жалдамалы әскердің ақысында күрт өзгеріс орын алып, ол бірден 40 пайызға жоғарылады. Тіпті соңғы кездері келісімшартпен әскери қызметке тұру үшін бойжеткендеріміз де көптеп ықылас білдіре бастапты. Қалай дегенмен де ТМД елдері ішінде Қазақстанның кәсіби әскерінің жағдайы тартымды екендігін көршілер де мойындайды. Әсіресе жалақысы бойынша...
Әскерге ақымен еріктілерді тарту туралы баяғыда, Кеңес өкіметі кезінде сөз қозғалған. Сондықтан тәуелсіздік алып, жағдайымыз дұрыстала бастағанда бұл бастама дереу қолға алуды талап етті. Қазақстан әскерінің келісімшарттағы сержант құрамасы, негізінен, Ақмола облысының Щучинск қаласында орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусынан міндетті түрде білігін арттырады. Мұнда білім алуды тамамдаған соң, олар алты деңгейді қамтитын дайындық курсынан өтеді. Негізінен, қысқа мерзім ішінде кәсіби әскерімізбен мақтанатын жағдайға жетіп қалдық. Төленетін ақы ұлғайтылған соң, соңғы кездері сапаға да айрықша маңыз беріліп, заңнамалық тұрғыда кәсіби әскерді іріктеудің жаңа қағидаттары енгізіле бастады.
Соңғы кездері Қазақстанда қыздардың әскери қызметке орналасуы сәнге айнала бастаған десек те болады. Өйткені жоғары білімсіз бойжеткендер қарапайым өмірде мұндағы жалақыға сай жұмысқа орналасуы екіталай көрінеді. Жалпылай алғанда, еліміздегі әскери құрамның 60 пайызы келісімшарт негізінде десек, оның 30 пайызын нәзік жандылар құрайды екен. Негізінен, олар – медбикелер, байланысшылар, планшетпен жұмыс істеушілер, тылдағы қызметкерлер және т.б. Осы жағынан алғанда, ең алдымен, кәсіби әскерді тартымды ететін жаққа кеңінен тоқтала кетелік, яғни жалақы көлеміне. ҚР Қорғаныс күштері министрлігінің 2010 жылғы мәліметтеріне сүйенсек, біздегі контрактпен әскери қызмет атқаратындардың алатын ақысы мынандай екен (содан бері бұл көлем қатты өзгеріске ұшырай қоймаған болуы керек):
- қатардағы солдат – 43 657 теңге
- кіші сержант – 51 143
- сержант – 68 647
- аға сержант – 81 658
- ІІІ-сыныпты сержант – 93 830
- ІІ-сыныпты сержант – 108 204
- лейтенант – 85 092
- капитан – 108 713
- майор – 128 057
- полковник – 185 542
- генерал-майор – 282 474
Сонымен қатар кәсіби әскер қосымша әскери паекпен, киім-кешекпен, медициналық қызметпен, пәтермен тегін қамтамасыз етіледі.
Енді салыстырмаға келсек, бізге қарағанда Ресей мен Украинаның аталған саладағы мұндай қызметтің ақысы біршама ғана артықтау. Ал Өзбекстанда «контрактник» жауынгердің айына алатыны – 60 доллар, яғни 8 мың теңге. Кіші офицерлері – 120-130 долларды, аға офицерлері – 200 долларды қанағат етеді екен. Мұндағы ресми орташа жалақы көлемі – 220 доллар. Осы жағынан алғанда, өзбектің кәсіби әскері еліндегі орташа айлыққа да үміт арта алмайтын болып тұр. Түрікмендердің ресми бұқаралық ақпарат көздері ондағы жалдамалы әскерилердің жалақысы ТМД-дағы ең жоғарғысы деп мәлімет таратады. Бірақ көз көргендердің айтуынша, мұның барлығы лепірме сөз, жалған ақпарат. Шынтуайтында, түрікменнің қатардағы солдатының қолына тиетіні – 3,5 доллар, лейтенанты – 250 доллар, майоры – 450 доллар, полковнигі – 650 долларға малданады. Ал қырғыз бен тәжіктердің жағдайы тіптен мүшкіл. Мұндағы ақыға әскери қызмет көрсететіндер жалақысын естіртіп айтуға ұялады. Мәселен, тәжік майоры 80 доллар алса, полковнигінің айлығы – 120-130 доллар. Мұның соңғысы – біздің жалдамалы әскердегі сержанттың алатынынан 2-3 есе аз көлем. Қырғыздың майор, подполковник және полковнигінің айлығы да сол 300 долларға барып жығылады. Қатардағы келісімшартпен әскери қызметін өтейтін жауынгердің алатыны не бәрі 65-70 доллар, яғни 8 мың теңге көлемінде. Сондықтан мұнда әскердің жалдамалы түрі де тартымсыз. Бұл келеңсіздікті жою үшін қырғыз билігі «Отан алдындағы борышын өткергісі келмейтіндер 300 доллар көлемінде айыппұл төлеуі тиіс» деп заңға норма да енгізген. Алайда бұл шара қырғыздың әскери қызметкерлерінің жалақысын жақсартуға еш әсер етпепті. Осы жағынан алғанда, Қазақстан қарулы күштерінің кәсіби әскері ТМД елдерімен салыстырмалы түрде ақылға қонымды пұлмен қамтамасыз етіліп отыр деп тұжырымдама жасауға болады. Егер ресми баспасөздердегі мәліметтерге сүйенсек, біздің әскери құрамымыздың саны 70-75 мың адамнан тұрады екен. Демек, жалдамалысының саны 35-45 мыңға барып жығылады.
Қоғамда бұл бағытта көп талқыланып жүрген мәселенің бірі – осы кәсіби әскер көлемін 80-100 пайызға жеткізу жайы. Ол туралы пікір екіге жарылады. Алайда құзырлы ведомства соңғы кездері сапаға көбірек көңіл бөліп, яғни кіл мықтыларды ғана іріктеп алып, ал жалпы көлемді қысқарту керек деген ойда екен. Алдыңғы жылдары Қорғаныс министрлігі біздегі келісімшартпен жұмыс істейтіндердің басқасынан мемлекетке әлдеқайда қымбатқа түсіп жатқанын, сондықтан кәсіби әскер санын қысқарту туралы мәлімдеген еді. Бұл – 2009 жылғы мәлімдеме. Содан бері сан азайды ма, оны білмейміз, бірақ сапаны анықтауда түбегейлі өзгерістер бары анық. Мәселен, офицерлік және әскери қызметкерлер құрамасы бойынша келісімшарт негізінде әскер құрудың енгізілген жаңа қағидасына сәйкес, үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап еліміздің ірі қалаларында әскери қызметке іріктеп алудың 34 пункті жұмысқа кірісті. Одан бері бір жарым айдай ғана уақыт өтті. Нәтиже жоқ емес: 300-ге жуық запастағы офицер және шамамен 280 әскери қызметкерді келісімшартпен жұмысқа тартуға мүмкіндік туындаған. Таяу болашақта мұндай пункттер еліміздің облыс орталықтарында да бой көрсетеді деп жоспарланып отыр екен. Енді бұл саладағы жаңа өзгерістерге келсек. Қорғаныс министрлігі 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап келісімшартпен әскери қызмет атқаратындарды пәтермен қамтамасыз етудің жаңа тәртібін енгізген. Ол бойынша 10 жыл адал еңбек еткендер өз баспанасын жекешелендіруге мүмкіндік алады. Алайда 2013 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша қызметтік пәтерін нарықтың емес, мемлекет белгілеген құн бойынша меншіктей алады. Ал қызмет мерзімі 15 жыл және одан көбін құрайтындар пәтерін 20 жылғы әскери қызметінің өтеуі ретінде тегін жекешелендіруге құқылы. Сондай-ақ осы жылдан бастап қызметтік пәтер ұсынылмаған келісімшарттағы әскерилерге жалдап тұратын баспанасының ақысы төленетін болыпты.
Қалай дегенмен де жоғарыдан түйгеніміз, кәсіби әскер ұстау – қамбатқа түсетін ләззат. Сондықтан бұл ретте мамандар экономикамыздың жылдық түсіміне сәйкес, мұндағы санды қысқартып немесе арттырып, реттеп отыру керек деп есептейді. Бірақ құн жағын тізгіндемеу керек. Өйткені сананы болмыс билейтін нарықтық заманында әскеріміз жалдамалы болғанда ғана кәсіби мамандарға тартымды екенін байқатып отыр. Оған бүгінгі таңда жалпы әскер құрамасының тең жартысы келісімшарттағылардың құрауы дәлел болса керек.
Жалдамалы әскер ұстау нарық заңдылығы ма?
07 мамыр 2013, 13:16
