Айбар

Семей полигоны аймағын әскери жаттығу алаңына айналдырған дұрыс па?

  • Семей полигоны аймағын әскери жаттығу алаңына айналдырған дұрыс па?

    Семей полигоны аймағын әскери жаттығу алаңына айналдырған дұрыс па?

Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 21 жыл толады. Өкінішке қарай, сынақтан бас тарттық дегенімізбен, бертінге дейін бұл қауіпті аймақ ашық-шашық жатты. Тек 2008 жылы Үкіметтің бастамасымен полигонның аса ластанған жер телімдерін қоршауға алу бойынша инженерлік құрылымдар салына бастады. Бірақ соған қарамастан, бұл өңірді жергілікті халық мал жайылымы ретінде пайдаланып келеді. Баз бір мамандар бұл жер телімін әскери жаттығу өткізетін алаңға айналдырып, «мал жайылымына шектеу қойсақ қайтеді» деген пікір айтып жүр...

Ұлттық ядролық орталықтың Ядро­лық физика институтының ғылыми істер жөніндегі директорының орын­ба­сары Насурлла Бөртебаевтың айтуынша, Семей полигоны аймағын әскери жат­ты­ғулар өткізетін алаң ретінде пай­да­лануға толықтай мүмкіндік бар екен. Онда сол кездегі әскери инфра­құ­ры­лымдар бүтіндей болмаса-дағы, сақ­талып қалғандары баршылық көрінеді. Бір жағынан, еліміздің жас ұландары кеше әлем әскерін аяғынан тік тұрғызып, ядролық шабуыл қорғанысына жан­та­ласа дайындалуына ықпал еткен осы орасан қарудың орналасқан ныса­нымен де танысып, ұлттық рухын ас­қақ­тата алады.

– Тағы бір жағынан, біздің еліміз атом электр стансысын тұрғызуды ойлас­тырып жатқаны белгілі. Бұл ретте қоғамның пікірі сан-саққа жүгіргенімен, оның өмірлік қажеттілік екені түбінде айқындалып шығады. Сондықтан атал­ған мәселеден айналып өте ал­май­ты­ны­мыз анық. Демек, атом электр стан­сы­сын салатын болсақ, оның қауіп­­­сіздігіне дайын болуымыз шарт. Осы жағынан Қазақстан әскері мұндай қатерге дайын болуы керек. Ал радио­ак­тивті сәулелердің зияндығы, ондай қалдықтарды қалай сақтап, жою керектігін Семей полигоны мұра­жайы­нан толықтай ақпарат алуға болады. Сол секілді соңғы кездері аталған тер­ри­тория атомдық комплекстер өндірісін орналастыруға қолайлы деп те айтылып жүр. Яғни бізге салалық өндіріс ошақ­тары қауіпсіздігіне маманданған әскер­ді даярлау жағын да ойластыру керек секілді, – дейді маман.

Жалпы, бүгіндері Семей полигоны немесе СИЯП туралы насихат аз секілді. Өйткені тарихта «бейбіт жарылыстар» деп айдар тағылған қасіреттерді еске түсіргенде әлем халқы ең алдымен жапон трагедиясын ауызға алады, тіпті халық­аралық бұқаралық ақпарат бетте­рін­де бұл ретте Чернобыль апатының зар­дабы мен салдары да көп тал­қы­ла­на­ды. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1986 жыл­ғы 26 сәуірдегі Чернобыль атом электр стансысындағы апат болған күнді «Радиациялық апаттар мен жары­лыстар құрбандары» күні деп те атады. Шынтуайтында, ғылыми нақты деректерге сүйенсек, Семей поли­го­нын­да жасалған ядролық жары­лыс­тар­дың жиынтығы 1945 жылы аме­ри­ка­лық­тардың  Жапонияның Хиросима қала­сына тастаған бомбасының қуаты­нан 2,5 мың есе күшті. Ал Семей поли­го­нында жасалған 456 жарылыс 116 Чернобыль апатына тең келеді. Демек, адамзат басына түскен ең ауыр қайғы-қасірет еліміздің осы өңірінде орын алды.

Бұл қазақ емес, бүкіл әлем халқы үшін тарихта қашалып жазы­латын қасірет, ұмытылмайтын са­бақ болып табылады. Осы жағынан алғанда, жас ұландарды тәрбиелеу ісінде Семей полигоны аймағын пайдалану керек деген ұсыныс орынды сияқты. Бірақ эколог Мақсат Жақау бұл аймақты әскери жаттығуға пайдаланамыз деп, ауыл хал­қының мал өрісіне тыйым сала алмайсыз дегенді айтады.

– Қазір онсыз да ауыл халқы бұл жерлерді заңсыз мал жайылымы ретінде пайдаланып жүр. Сондықтан ғылыми-зерттеулер жүргізіп, аймақтың ластану деңгейін анықтап, төмен көрсеткіштегі жер телімдерін мал жайылымы ретінде заң­дастыру керек. Әскери жаттығу өткізетін алаңға айналдырудың қажеті жоқ, онсыз да жергілікті халық әскери құпия нысаннан қатты үрейленіп, қорқып қалған, – дейді ол.

Ал саясаттанушы Уәлиханов Төлешов мұндай ұсынысқа мүлде қарсы.

Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:

– «Семей полигоны аумағы зарарсыз, зияны жоқ» деген нақты зерттеу бол­майынша, оны қоршауға алып, жан аяғы баспайтын символикалық мекенге айналдыру керек. Мәселен, жапондықтар секілді. Олар екі қала (Хиросима мен Нагасаки) аумағын бірнеше мәрте де­зактивизациялады. Соның өзінде ол ау­мақта адамдар қоныстандырылмаған. Тек онда жылына бір рет, яғни 2 мамырда сол алапат зардапты бастан өткерген тарихи кезеңді еске алу үшін халық жиналады.

Ал бізде бұл аумақ қараусыз ашық-шашық жатыр. Зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілген шығар, бірақ оның ұдайы жүргізіліп тұратынын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Ол жердің ластану деңгейін анықтайтын қандай да бір зерттеу қорытындысынан да мақұрымбыз. Мұндай жағдайда қалайша өрімдей жастарды ол жерге жаттығуға жіберіп қарап отырамыз?.. Ұрпағымызды бүлдіріп алмайық десек, бұл мәселені қозғаудың қажеті жоқ.

Мемлекет басшысының Семей поли­гоны жабылған 29 тамызды Дүниежүзілік ядролық қарудан бас тарту күні ретінде жариялау жөнінде ұсынысын Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған болатын. Міне, осы күні тарихтағы қасіретті оқиғаны еске алып, кейінгі ұрпаққа оны қайталамауды уағыздауымыз керек.

Қалай дегенмен де соңғы кездері Семей полигоны аумағын небір мақсатқа пайдалану туралы түрлі деңгейде ұсыныс­тар айтылып жүр. Бірі Семей полигонында радиоактивті қалдықтарды сақтайтын қоймаларды ядролық отын банкісі ретінде пайдалану керек десе, екіншісі, бұл тарихи мекенге экзотикалық туристер тартуға бо­ла­тындығын айтады. Осылардың қатарына бүгін Семей полигоны аймағын әскери жаттығу алаңына айналдырсақ қайтеді деген ұсыныс қосылып отыр. Мамандардың пікірі бұл ретте жоғарыдағыдай.




Көрілген: 3645    Пікірлер: 0

сенбі, 05.05.2012, 12:29

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30