«Неменеңе жетістің, бала батыр, қариялар азайып бара жатыр...» Мұқаңның жүрек сыздатар жырын оқыған сайын, келместің кемесіне мініп, жағадан алыстап бар жатқан қарт майдангерлер еске оралады. Орағаң жазғандай, тылдағы жандар да – даңққа лайық іс атқарғандар. Олар да – сол заманның қаһармандары. Ұрпағы үшін қара тұяғынан хал кеткенше тырбанып, арттағы ағайынның амандығын тілеген осынау халық еңбек адамдарының айғағы – араға жылдар салып алыстай түссе де, тарих парағынан өшпек емес. Себебi бұл – 1414 күн мен түнге созылған азап пен ажалдың, алапат арпалыстың, жанқиярлық өрлiк пен ерлiктiң арқасында 35-40 млн адамның құрбандығымен келген қасиеттi де қастерлi Жеңiс.
От пен оқ құсқан қан майданмен қатар, тылдағы буыны қатпаған балалар, ер-азаматының ауыр бейнетiн көтерген аналар, қайраты қайтқанымен, қажыры қожырамаған қариялар таңды таңға ұрып бел шешпей белсенiп, жансебiлдiкпен еңбек еттi. Аузындағысын жырып, астындағысынан түсiп, жылысы мен жұмсағын, қимасы мен қымбатын, iшер ас, киер киiмiне дейiн «Бәрi де майдан үшiн, бәрi де Жеңiс үшiн» деген ұранмен ұрыс аймағына жөнелтiп жатты. 1943 жылдан бастап «Қорғаныс қорына» атаулы қаржылай көмек беру қозғалысы қарқын алды. Осы бастамаға елдiң алды болып Сталин атындағы ферманың меңгерушiсi Қыдыр Мәмбетов – 500 мың, атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы – 100 мың және Шымкент ауданы (қазiргi Сайрам ауданы) Қайнарбұлақ бөлiмшесiнiң шопаны Мыңбай Қарзақов 100 мың сом аударған.
Былтыр Облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Қабылбек Төретайұлы 1943 жылы жазылған «Қарзақов қарттың қамқорлығы» атты хабарды архивтен іздеп тауып, «Өз қаражатымен танк жасатқан» атты мақала жазған болатын. «Мыңбай Қарзақов биыл 62 жаста. Ол – Шымкент ауданындағы Қайнарбұлақ колхозының стахановшы малшысы. Мыңбай баққан қой азбайды, азаймайды, семiредi, өсе бередi. Демек, ол бақытты тоқ тұрмыс иесi. Мыңбайдың жатса-тұрса ойлайтыны – жауды жеңу. Отан үшiн, Жеңiс үшiн ол еш нәрсесiн аямайды.
– Менiң жақын туысқандарымның алтауы майданда немiс қарақшыларымен шайқасып жүр, – дедi ол жақында колхозшылардың жалпы жиналысында. — Олар Отан үшiн қасық қанын, қадiрлi жанын қиып жүргенде, бiзге аянатын не бар?! Мен еңбекпен тапқан бар қаржымды «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасын жасау қорына қосамын, банкiге 100 мың сом салып, Сталинге хат жазамын. Колхозшы жолдастар, сендердi менен қалыспауға шақырамын!
Мыңбайдың шақыруын қостап, 66 жастағы Жүнiсбеков Қанай – 10.500 сом, колхоз председателi Бөлешов 20 000 сом бердi. Колхоз бойынша 140 000 сом ақша жиналып, банкке құйылды. Қаржы әлi жиналып, көбейе түсуде. 8 январьда Мыңбай қарт қалаға келiп, банкiге 100 000 сом салды. Сталин жолдасқа телеграмма соқты. Ол өзiнiң хатында: «Менiң ақшама жасалған танкiге қазақ халқының ержүрек ұлдары мiнсiн де, фашист арамдарды таптап, жаныштасын», – дедi.
Қарзақұлы Мыңбай ақсақалдың жоқ-жiтiктеу, қолы қысқалау, кембағал, жұқаналарға жәрдемi көп тиген. Сол ауылда талай жыл мектеп директоры болған Қалқоз Төлтебаев үйленетiн болып, «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесiз қыз болмайды» дегендейін, ырым жасау керек болыпты. Той-томалақ, киiт, жол-жобасын жасауға қажет қаражат жоқ болғасын қинала-қинала Мыңбай атамызға барып қарыз сұрапты. Сөзге келмей, бiр уыс ақшаны будасымен санамай берiп жiбердi. Міне, қазаққа тән жомарттық. Риза болмай көр енді.
«Ат ауыздығымен су iшiп, ер басына туған күн» сонау бүкiл халықтық сұрапыл сыннан сүрiнсе де құламаған, қиналса да жыламаған асыл ерлердiң арқасында келген Ұлы Жеңiске тылда жүрiп қаржылай қомақты үлес қосқан асыл азаматтардың ардақты аттары ешқашан ұмытылуға тиiс емес.
Шымкенттік ауқаттылар бір танкіні «көтеріп» алды
09 мамыр 2013, 13:50
