Алматыда әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі тексерілді
Алматы қаласында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Нұр Отан» партиясы Алмалы аудандық филиалы Алмалы ауданы әкімшілігімен бірлесе отырып, әлеуметтік нысандар мен мектеп ғимараттарының мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділігін зерттеу мақсатында рейд жүргізді.
«Нұр Отан» партиясының өкілдері ауданда орналасқан №62, №144, №167 мектептердегі мүгедек жандарға арналған жағдайды саралап шықты. Сонымен қатар рейд барысында «Рамстор», «Юбилейный», «Асыл» супермаркеттері, «Меломан» сауда үйі, «Коммеск – өмір» сақтандыру компаниясының сырғыма баспалдақтарын орналасу тәртібіне сәйкес келмейтіні анықталды.
– Мүгедектерге жанашырлықпен қарау биік адамгершіліктің белгісі. Партияның көмегімен қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін қолайлы сезінулеріне жағдай жасалып жатқанына қуаныштымыз. Бұл әсіресе, өз еркімен үйден шығуға мүмкіндігі жоқ жандар үшін маңызды. Мүгедектердің кез келген жерде ешбір қиындықсыз еркін жүріп тұруына және әлеуметтік қызмет көрсетудің сапасының артуына үлес қосуы әрбір азаматтың парызы, – деді «Қазақстан мүгедектері ұйымдары одағының» төрағасы Әли Аманбаев.
«Нұр Отан» партиясы Алмалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нәйла Ордабаева Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға ортаны кедергісіз, қолжетімді етуді тапсырғанын атап өтті.
- Мүгедек жандарға қаламызда қаншалықты қолжетімді жағдай жасалынғанын анықтау мақсатында бүгін бірнеше нысандарға сараптама жүргіздік. Нәтижесінде, аталған мекемелерде бірқатар кемшіліктер анықталып, ескертулер жасалды, – деді ол.
Іс-шара барысында мүгедек жандарға қолжетімді жағдай туғызу мен инклюзивті білімді дамыту мәселесінің қаншалықты деңгейде жүргізілетіні анықталды.