Азаматтық қоғам – демократия дамуының көрсеткіші

21 сәуір 2022, 13:09

Азаматтық қоғам –тәуелсіз жұмыс істейтін және саяси үкіметке ықпал жасауға қабілетті адамдар мен әлеуметтік топтардың қауымдастығы. Азаматтық қоғамы ілгерілемеген елдің заман талабына сай дамуы қиын. Себебі, мұндай жағдайды саяси үкімет пен азаматтық қоғам арасында тепе-теңдік болмайды.

 

Негізі азаматтық қоғамның нақты бір анықтамасы жоқ. Десе де, әлемдік әлеуметтік-философиялық ғылымда азаматтық қоғамды зерттеудің екі түрлі көрсеткіші бар. Біріншісі бұл феноменды әлеуметтік әмбебап категория ретінде қарастырады. Яғни, олар мемлекетке, үкімет құрылымдарына қарама-қарсы қойылған қоғамдық қарым-қатынастардың жиынтығын осы ұғымға сыйғызады. Екіншілері азаматтық қоғам ұғымын нарықтық-демократиялық қарым-қатынастардың қалыптасуымен байланыстырады. Яғни, олар азаматтық қоғам деп жеке тұлғаның және мемлекеттік емес ұйымдардың дамуына қолайлы жағдай туғызатын әлеуметтік тәртіп түрін айтады. Мемлекеттік емес ұйымдар арқылы жеке адам әлеуметтің даму жолына әсерін тигізе алады. Жалпы алғанда, азаматтық қоғам арқылы мемлекет пен азамат арасындағы диолог қалыптасады.

 

Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы 2000 мыңыншы жалдардан бастау алды деуге болады. Ал, тоталитарлық қоғамнан нарықтық қоғамға өткен, аумалы-төкпелі 90-жылдарда қоғам дамуына үлес қосатын қоғамдық институттардың жұмысы тіптен кенжелеп қалды. Өйткені, сол уақытта азаматтарымыз Кеңес Одағы тұсында қалыптасқан масылдық идеологиядан арыла алған жоқ болатын. Кеңес Үкіметі кезінде үкімет асырау керек деген сана қалыптасты. Бұл азаматтарымыздың нарықтық қоғамға бейімделуіне кедергі келтірді.

 

Базбір сарапшылардың пікірінше, біздің елде азаматтардың нарықтық қатынастарға бейімделуі әлі де болса төмен. Кәсіпкерлік сана толықтай қалыптаспаған. Әлі де мемлекетке мойын созатындар көп. Азаматтық қоғам дегеніміз, ең алдымен бұл – халықтың қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-рухани және саяси мәдениеті. Әрбір азаматты «Мемлекет маған не береді?» деген сұрақ емес, керісінше «мен мемлекеттің дамуы үшін не істей аламын?» деген сауал мазалауы тиіс. Өкінішке қарай, бізде мемлектің дамуына үлес қосатындардан гөрі, тапқан табысын мемлекеттен жасырып, салық төлеуден жалтаратындар көп.

 

Десе де, «көш жүре түзеледі» демекші, мемлекет азаматтық қоғамды қалыптастыру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға айрықша тоқталды. Президент мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуі, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғырту - мемлекет алдында тұрған міндеттердің бірі екенін айтты. Сонымен қоса, Мемлекет басшысы қоғамның жан-жақты дамытуындағы Қоғамдық ұйымдардың рөлі маңызды факторлардың бірі екенін тілге тиек етіп, олардың маңызды әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, кешенді түрде шешудегі жұмыстарына оң баға берді.

 

Сондай-ақ Президент ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың ашық талқылануын қамтамасыз ете отырып, реформаларды әзірлеу және жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділерін тарту қажеттігін айтты.

 

«Елімізде азаматтық белсенділікті жандандыра отырып, мемлекет пен қоғамның серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сондықтан орталық және жергілікті органдардың, квазимемлекеттік сектордың жанындағы қоғамдық кеңестерді одан әрі дамытуымыз. Өйткені, бұл кеңестердің институционалдық әлеуеті зор. Сондықтан оны толығымен жүзеге асыру керек», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.       

 

Сонымен қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі қоғамдық кеңестерді өз айналасына топтастырып, билік пен халық арасында дәнекер  болатын, құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Ұлттық құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастырады және Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастыратын болады.

 

Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы аста-төк қазба байлықта емес, белсенді азаматтық қоғамның қалыптасуында. Ал азаматтық қоғамның белсенді болуы адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуында.

 

 

Қалдар Кумекбаев