Балаларым орыс тілін білмейді: Ерлі-зайыпты Девивые отбасы Қазақстандағы өмірі жайлы айтып берді

28 маусым 2022, 19:26

Егер жүрегің қазақ деп соқса, жеке куәліктегі “ұлт” бағанының ешқандай маңызы жоқ. Қарағандылық Виталий Девивые мен оның жары Наталья Осипова осылай дейді. Ерлі-зайыптының айтуынша, бес баласы тек қазақ халқының дәстүрі бойынша тәрбиеленуде. Бойларында неміс және татар халқының қандары барына қарамастан жасөспірімдер тек қазақ тілінде сөйлейді екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Облыс орталығынан жүз шақырым жердегі әсем Сарыарқаның жайлауында Виталий Девивые мен Наталья Осипова мал өсірумен айналысады. Ерлі-зайыптылар тіпті бір-бірімен тек қазақ тілінде сөйлесіп, жергілікті дәстүрді ұстанатын көрінеді. 

Қазақ тілін балабақшада үйрендім. Маған ешкім арнайы үйреткен жоқ.  Топта орыс балалары болған жоқ. Мен жалғыз болдым. Анам –  татар, ал әкем –  неміс. Бірақ біз өзіміз мұсылманбыз. Ауылда бізді ешкім бөлмейді. Бір үлкен отбасы сияқты өмір сүреміз.

Виталий мен Наталья орыс тілі әлі де естерінде екенін айтады. Ал бес баласы тек қазақ тілінде ғана сөйлейді. Мектепте де қазақ тілінде оқиды. Қыздары үй шаруасына көмектесумен қатар өлең жазып, би билеп шығармашылықпен айналысады. 

“Биыл Альбинамен бірге байқауға қатысты. Би байқауында қыздары 1 орын алды. Жалпы, біз Девивые отбасымен көрші болумен қатар, жақсы әріптестерміз. 2000 жылдан бастап араласып, дос болып алдық. Өте үлгілі отбасы және балалар тәрбиелі, белсенді”, – дейді көршілері Меруерт Амантаева. 

Кіші ұлы Рашид – әкесінің басты көмекшісі. Отағасы күн жылына салысымен жайлауға аттанады. 

“Атқа мініп, қой қараймыз, су алып келеміз бұлақтан, биелерді қараймыз, сиырларды қараймыз”, – дейді ұлдары Рашид. 

Шаруамен айналысатын отбасы жерді жалға алады. Виталий ұлты неміс болғанына қарамастан, жүрегі қазақ деп соғатынын айтады.

“Біз қазақтардың арасында өстік, тек қазақша сөйлейміз. Жұбайым қазақ мектебін бітірген. Балаларым үйде орыс тілін естімеген. Тіпті, білмейді деп айтсам болады. Қазақша өлең жазады, оқиды. Конкурстарда жеңіске жетеді”, – дейді Виталий Девивье. 

Ерлі-зайыптылар балаларға қазақ мәдениеті мен тіліне деген сүйіспеншілікті ояту керек деп ойлайды. Ұлы дала олар үшін үйге айналған және отбасы бұл жерден көшпейтіндерін айтады. Олар туған жер күш береді дейді. Сүйікті істерімен айналысу үшін жер алсақ деп армандайды.