ИНСТИТУТ ЕМТИХАН ТАПСЫРЫП ЖАТЫР

18 шілде 2021, 20:23

Мемлекет пен қоғам екі түрлі мағына бергенмен түп негізі біреу-ақ. Мемлекет қоғамды біріктіріп тұратын құрылым. Бірақ, қоғам көптеген әлеуметтік топтар, көзқарастар мен ұлттардан тұратындықтан мемлекеттік құрылымды басқаратын билік ерекше ролге ие болады. Мемлекеттің функциясын атқару міндеті еріксіз соның қолына тиеді. Билік сол қоғамдағы топтардың, елдің бірлігіи тең ұстау үшін, мемлекеттігін сақтау үшін сақтау үшін өзіне берілген құзыретті қажетінше қолдана бастайды, әртүрлі саяси амалдарға барады, тиым салады, рұхсат береді.

Мемлекет пен қоғамның шартты түрдегі бөлінісі осыдан пайда болады. Бұл барлық уақытта осылай болған, осылай бола береді де. Сол құзыреттерді асыра пайдаланған кезде қоғамда қайшылық пайда болады. Сол қайшылықты тереңдетпес үшін елімізде «еститін мемлекет» ұғымы пайда болды. Оның мақсаты ел ішіндегі барлық процестерді, үдерістер мен қозғалыстарды естіп, біліп отыру, оған мойын бұру, сараптама жүргізу, қоғамдық тыңдаулар өткізу, соның шешімін іздеу. Оның оңтайлы жолы кеңестер мен бірлестіктер институтын құрып, барлық пікір, көзқарастарды сол жерге жинақтау, тұжырым жасау, шешімін іздеу.

Сол себепті де елімізде 2015 жылы «Қоғамдық кеңестер» туралы заң қабылданды. Бұл іске үлкен маңыз беру үшін Республика Президенті жанынан Ұлттық Кеңес құрылды. Прездент жарлығында Ұлттық Кеңестің міндет мақсаты былай деп көрсетілді: «Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау болып табылады.» Осы жарлық пен «Қоғамдық кеңестер» туралы заңның аясында қоғамдық кеңестер еліміздегі ақыл-кеңес институтына айналуға тиіс болған. Ал, мемлекеттік органдар қоғамдық кеңестердің ұсынымдарын қарауға міндеттелді. Ол ұсынымдар бойынша шешімдер қабылдап, қабылдамаса соның нақты жауабын дәлелді түрде беруге тиіс болатын. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсы ұйымдастырған республикалық кеңесте Қоғамдық кеңестердің әлі де үлкен әлеуметтік институтқа айнала алмай отырғаны айтылды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Айда Балаеваның айтуынша, қоғамдық кеңестер инстуционалдық реформаны қозғаушы күшке айнала алмай отыр. Яғни, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есеп беруін қамтамасыз ете алмай отыр деген сөз. Министрдің айтуынша, қоғамдық кеңестердің ұсыныстары көптеген жағдайларда мемлекеттік органдар тарапынан қараусыз қалады. Бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ, министрдің пікірімен сабақтайтын болсақ, мемлекеттік шараларды қоғамдық бақылау әруақытта пәрменді тетік бола береді. Шынында да халықтың бақылауын күшейтудің ең басты жолы осы.

Бұл күндері Президент тапсырмасы бойынша Парламент қабырғасында «Қоғамдық бақылау» туралы заң жобасы әзірленіп жатқан көрінеді. Бұл заң «еститін мемлекет» қағидасын одан әрі тереңдетіп, мемлекеттік органдардың жұмысын қадағалауды күшейтуге тиіс. Әрине, бұл жерде мамандар шешімін таба алмай отырған бір мәселе бар. Ол осы қоғамдық кеңестердің мемлекеттік органдар сатысында алатын орны. Мемлекеттік органдар жоғарыдан төмен қарай тікелей бағынышты сатымен жұмыс істейді.Жоғары органның тапсырмасын орындау- төменгі сатыдағыларға міндет. Ал қоғамдық кеңестің ұсынысы осы тізбектен тыс қалады. Оның инстуционалдық қозғаушы күшке айнала алмай отырғанына бір себеп осы. Қоғамдық кеңес мемлекеттік органға тікелей бағынбайды. Бағынған күні ол өзінің бақылаушы функциясын жоғалтатыны белгілі. Сонда қайтпек керек? Бұл әлі басы ашық сұрақ. Сол себепті де қоғамдық кеңес жұмысын қаржыландыру мәселесі де шешілмей тұр. Мемлекекеттік орган қаржыландыратын болса, онда ол өз талабын орындатуға күш салатыны анық. Қоғамдық кеңес «тәуелсіз» статусын жоғалтады. Бұл да шешілуге тиіс мәселенің бірі. Қоғамдық кеңеске байланысты айтылып жүрген түйткілдің бірі, оның мемлекеттік орган кейпіне еніп бара жатқаны. Оның мүшелері мемлекеттік орган жұмысын сынамайды., қоғаммен белсенді түрде жұмыс істемейді деп жатыр. Өйткені, қоғамдық кеңеске билікке жақын адамдар тартылып жатыр. Ал бұрын қоғам белсендісі болып жүрген адамдар қоғамдық кеңеске мүше болған күннен бастап, дауыстары шықпай қалады дейді қоғам белсендісі Айгүл Орынбек. Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Өмірзақ Мелдеханов ол пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, «оның жұмысы қоғамдық кеңес мүшесінің өзіне байланысты. Кеңес мүшелері әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде жергілікті билікпен тіл табысып жұмыс істейді. Бірақ, әкімшілікке тәуелді емес» дейді қоғам белсендісі. Қалай десең де, «еститін мемлекет» мәселесінде қозғалыс бар. Бірақ, әлі де түбегейлі емес. Қоғам белсенділерінің айтуынша, кеңеске мүше болатын адамды тағайындап, не сайлай салмай, ол өзінің жұмыс бағдарламасын ұсынса дейді. Жұртшылық оны сол бағдарламасы бойынша сайлағаны жөн болар еді дейді. Сонымен қатар, қоғамдық кеңес мүшелерінің құрамына байланысты пікірталас та жоқ емес. Қазіргі қоғамдық кеңес құрамындағы мүшелердің үштен бірін мемлекеттік және атқарушы орган өкілдері құрайды екен. Қоғамдық кеңес мүшелері мұны 20 пайызға азайтуды құптап отыр. Кейбір жерде оны 10 пайызға түсіру туралы ұсыныстар бар. Бірақ, көпшілігінің ойы бір мәселеде тоғысады: қоғамдық кеңеске іскер жастарды көбірек тарту керек. Міне, инстуционалдық реформаны жүзеге асыруға тиіс қоғамдық кеңестерге байланысты айтылып жатқан ойлар әзірге осындай. Басқа ұсыныстар баршылық. Ол осы кеңестің статусын одан әрі көтеру, оның мониторигтік ролін аттыру сияқты ұсыныстар. Ол туралы әлі де тереңірек талқылайтын боламыз. Алдымен қоғамдық институттың жұмысын жүргізу мәселесін сөз ету қажеттігі туып отыр.Әлеуметтік институт – қоғам қызметін жүргізетін адамдардың бірлескен ұйымы мен қызметі деген мағына береді ғой. Әзірше институттың өзі емтихан тапсырып жатыр.

Серік Ақынжанов