«Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ҚХР Төрағасы ризашылық білдірді
Қазақстан Президенті – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жеделхат келіп түсті. Онда Си Цзиньпинь Қытай Коммунистік партиясының 19-шы Бүкілқытайлық съезінің өтуімен және Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы болып қайта сайлануымен құттықтағаны үшін Қазақстан Президентіне ризашылық білдірген.
ҚХР Төрағасы екіжақты қарым-қатынастың даму қарқынына оң баға беріп, саяси өзара сенімнің үздіксіз нығайып келе жатқанын, сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бастамасын бірлесе жүзеге асырудың нәтижелілігін атап өткен.
«Қытай Коммунистік партиясы мен «Нұр Отан» партиясының өзара ынтымақтастық байланыстары екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуда аса маңызды саяси роль атқарады.
Қазіргі халықаралық және өңірлік жағдайда екі елдің игілігі үшін Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытудың, сондай-ақ өңірдегі және бүкіл әлемдегі өркендеу мен тұрақтылықты қолдаудың маңыздылығы артып келеді. Мен Сізбен бірге партияларымыз бен елдеріміз арасындағы жан-жақты және терең дамыған қарым-қатынастарымызды одан әрі жандандыра түсу үшін күш жұмылдыруға әзірмін», – делінген жеделхатта.
Алаш айнасы