Өндістердегі апаттың алу үшін жүйелі тексерулер кестеге сай жүргізіледі

20 шілде 2022, 20:32

Өндіріс ел экономикасының өзегі дейтін болсақ, сол мекемеде қызмет атқаратын маман өндірістің негізгі қозғаушы күші. Сондықтан әрбір маман өмірінің қауіпсіздігі жан-жақты қарастырылуы керек. Өйткені өндірісте болатын келеңсіз жағдайлар, әртүрлі апаттар талай маманның өмірін қиып, қаншама шаңыраққа қайғы әкелді. Еліміздегі өндіріс орындарына Төтенше жағдайлар министрлігі  белгіленген кестеге сәйкес тексеріс жүргізіп тұрады. Тексеріс барсында өндіріс ошақтарында техникалық талаптар сақтала ма, қауіпсіздік  ережелері ескерілген бе, қоршаған ортаға зияны тиіп жатқан жоқ па деген сияқты көптеген жағдайлар жіті қарастырылады.

Жалпы кез келген өндірістік мекемеде мамандардың қауіпсіздік бойынша кәсіби дайындықтан өтуі, ең алдымен өз қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуі бірінші кезекте тұруы керек. Қауіпсіздік туралы арнайы білім мамандардың еңбек етуі барысында әртүрлі жарақат алудан және тағы басқа да қауіпті жағдайлардан сақтануына көмектеседі. Сондықтан өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтауда қызметкерлерді оқыту, нұсқау беру және білімін тексеру, қайта даярлау, біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру жұмыстары үнемі атқарылып тұруы керек. Кәсіпорында немесе өндірісте еңбек өнімділігі мен пайда емес адам өмірі бірінші кезекте тұруға тиісті.

Міне осы бағытта еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстар бойынша департаменттері үнемі қауіпсіздік жөніндегі тәртіптердің сақталуы бойынша тексерулер жүргізіп, барлық қауіпті жіті қадағалап, көптеген келеңсіз жағдайлардың алдын алып келеді. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығына байланысты тексерістер жасау жұмысы да кестеге сай басталды.

Атап айтсақ Қарағанды облысы  бойынша  департамент «Транскөмір» ЖШС-ның  өндірістік  базаларын және техникалық құрылғыларын тексеріп тиісті шешімдерін шығарды. Аймақтағы департаменттің мемлекеттік инспекторлары биылғы екінші жартыжылдықта өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында сақталуға тиісті шараларды айрықша тәртіп бойынша тексерді.  Кестеге сәйкес аталмыш мекеменің қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғылары қаралды. Ашық әдіспен көмір өндірумен айналыстын мекеменің автокөлік жолдары, таужынысы  үйінділері сияқты тоғыз нысаны сараптамадан өтті. Тексеріс барысында қауіпсіздік жөніндегі заңнама талаптарын бұзудың он алты нұсқасы анықталды. Мемлекеттік инспекторлар анықталған келеңсіздіктерді жою туралы шешім шығарып,  «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөліміне сәйкес айыппұл төлеу керек деп ұйғарды. Өйткені  өнеркәсіп кенжарларына арналған паспортта жұмыс алаңдарының көлемі,  арнайы жасалған кемерлердің өлешемі мен биіктігі, еңістің бұрыштары көрсетілмеген,  яғни талаптар сақталмаған.  Автокөлік жолдарының ені кейбір жерлерде көрсетілеген өлшемге сай емес. Еңістер мен іргетастарда, арнайы көліктерді түсіру орындарының қауіптілігі жөнінде ескерту белгілері қойылмаған.  Жыныс үйінділерін түсіруге жасалған алаңдарда сақтық үшін орнатылған қоршаулардың биіктігі  көрсетілген жобаға сәйкес келмейді, тіпті кей орындарға қойылмаған. Кеніштің аймағында адамдардың жүріп-тұруы үшін арнайы жағдай жасалмаған. Міне осы сияқты басқа да талаптар сақталмағандықтан тексеріс  қорытындысына сәйкес кәсіпорын өкілдерімен арнайы кеңес өтті. Кеңесте анықталған кемшіліктердің себептері талқыланып, оларды жою үшін арнайы уақыт белгіленді. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы заңнаманың талаптарын кеңінен түсіндіру жұмыстары жасалды.

Сонымен қатар ТЖМ-ның облыстық департаменті «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментіне қарасты «Восточная» ОБФ-ға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Ол осы мекемеде наурыз айында анықталған қауіпсіздік талаптарының бұзушылықтарын жою туралы нұсқаманың орындалуын бақылау мақсатында жасалды. Бұл жолы 43 нысан қайта тексеріліп, бұрын анықталған келеңсіздіктер толығымен жойылмағаны белгілі болды. Инспекторлар анықталған талап бұзушылықтарды  жою жөнінде ұйғарым жасап, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік құжат толтырылып, осы облысқа қарасты Абай аудандық сотына жіберілді. Бұл кәсіпорында да мамандармен  арнайы жиын өткізіліп өнеркәсіпте сақталуы тиіс талаптар толық түсіндірілді.

Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің әр облыстағы департаментінің мемлекеттік инспекторылары өздеріне қарасты өңірлерде орналасқан өндірістерге қатысты тексерулерді кезең-кезеңімен жүргізіп келеді. Атап айтсақ, Ақтөбе облысындағы «SCHACHTBAU Kasachstan/ШАХТБАУ Қазақстан» ЖШС-на кестеге сәйкес тексеру жүргізілді. Ол мекемеде де қауіпті өндірістік нысандар мен қауіпті техникалық құрылғылар тексерілді. Алты нысаннан өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі заңнаманың 12 талабы орындалмағаны анықталды. Осындай келеңсіздіктерге сәйкес мемлекеттік инспекторлар заң жүзінде арнайы іс-шаралар қабылдап, мекемені айыппұл төлеуге міндеттеді. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының талаптары жан-жақты түсіндірілді.

Міне осындай жүйелі жұмыстар жасалғанда ғана, адам өмірінің қауіпсіздігі сақталып, өндірістердегі аппаттың алдын алуға болады.

Нұрлы Еділов