ТЖД аптап ыстықта сақтық шараларын күшейтуді ескертті

23 шілде 2022, 19:38

Жаздың ең ыстық айы шілденің аптапты күндері басталды. Еліміздің барлық аймағында ауа температурасы жоғарылап тұр. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті таратқан хабарламада 24-і мен 28-ші шілде аралығында ауа температурасы 38 градусқа дейін жоғарылайтыны жазылды. Ал Алматы облыстық ТЖД таратқан мәлімдемеде 43 градусқа дейін аптап ыстық болатыны айтылған. Шілденің ыстығынан дұрыс сақтанбаса адамға көптеген қауіп төндіруі мүмкін. Төтенше жағдайлар мекемесі қала тұрғындары мен қонақтарына қатты ыстықтан, күн сәулесінен қалай қорғану керектігі жөнінде де хабарламалар таратып, сақтық шараларын орындауға шақырды.

Осындай қапырық ауа райында кез келген адамның көкейінде «күннің ыстығынан қалай қорғанып, оған қайтіп шыдауға болады?» деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Ең алдымен сіз Төтенше жағдайлар мекемесі  таратқан мәліметтерге құлақ түріп, дәрігерлердің арнайы кеңестерін орындауыңыз керек. Тікелей күн сәулесінен және қапырық жерлерден аулақ болыңыз. Ал айналаңыздағы адамдар ыстықтан зардап шегіп денсаулығы сыр берген жағдайда алғашқы көмек шараларын жасай білген жөн. Күннің ыстығына төтеп беру қабілеті мен бейімделу мүмкіндіктері әр адамда әртүрлі.  Негізінен ауа температурасының жоғарылауынан қан тамырлары кеңейіп, тершендік басым болады. Көбінесе жүрек-қан тамырлары және эндокриндік жүйелердің ауруларынан зардап шегетін адамдардың, қарттардың, жүкті немесе бала емізетін аналар мен жас балалардың денсаулығы сыр беруі мүмкін. Күн қатты ысығанда науқас адамдар өздерімен бірге дәрі-дәрмектерін алып жүруі керек. Сондықтан арнайы мамандардың ақыл-кеңесін кеңірек тарата отырып айтып өтпекпіз.

• Әсіресе таңғы сағат 11-ден 16.00-ге дейін күн көзінен сақтанып, далаға шығуды шектеңіз. Егер бұл мүмкін болмаса, көшенің көлеңкелі жақтарында ғана жүріп, күн сәулесінен басыңызды толығымен жауып тұратын кең жиекті қалпақ киіп немесе күннен қорғайтын қолшатырды пайдалануды ұмытпаңыз. Денені жеткілікті ауамен және жылу алмасумен қамтамасыз ету үшін табиғи матадан жасалған ашық түсті, жеңіл киімдерді таңдаңыз. Қан айналымын нашарлататын тар белдіктерді тақпаған жөн. Сондай-ақ, ультракүлгін сәуледен қорғай алатын көзілдірік тағып, күннен қорғайтын арнайы кремдерді қолданып, терінің тыныс алуына мүмкіндік жасаңыз.

• Аяқ киімді де дұрыс таңдаңыз. Ыстықта аяқтың ісінуін болдырмау үшін биік өкшелі аяқ киімнен бас тартқан жөн.

• Үйіңізді салқын ұстаңыз. Терезелер күн түсетін жақта болса күндіз қараңғылап жауып қойыңыз. Түнде сырттағы ауа температурасы үйдегіден төмен болған кезде ашып салқындатып алуға болады.

• Су ішу тәртібін дұрыс ұйымдастырыңыз. Ыстық ауа райында ағзадағы су теңгерімі бұзылып, денеңіз ылғалды көп жоғалтады, сондықтан күніне кемінде 2,5-3 литр сұйықтық ішу керек. Мүкжидек, шие, қарақат және  басқа да қышқыл жидектерден жасалған жеміс сусындары, лимон шырыны қосылған су, газдалмаған минералды су, шай, әсіресе көк шай шөлді тамаша басады. Қантты, газдалған сусындарды ішпеу керек, ал алкогольден толығымен бас тартқан дұрыс. Өйткені алкогольдік сусындар денені құрғатып, күннің ыстығында жағдайды нашарлатады. Темекі шегу қан ұюды арттыратынын есте ұстаған жөн, бұл әсіресе ыстық ауа райында қауіпті. Темекі шегуден бас тартуды қарастырыңыз. Сонымен қатар, қатты мұздатылған сусындарды да ішуге болмайды. Мұздатылған сусындар әртүрлі тамақ ауруларын тудыруы мүмкін. Жүрек жеткіліксіздігі және ісінуі бар науқастар ыстықта ішетін сұйықтықтың оңтайлы мөлшері туралы дәрігермен кеңесу керек.

• Тамақтануды реттеңіз. Ыстық ауа райында көкөністер мен жемістерге артықшылық беріп, тым майлы және тұзды тағамдардан бас тартқан жөн. Сонымен қатар, ыстықта тамақтан улану қаупі артады. Өзіңізді жедел ішек инфекцияларынан қорғау үшін тағамды мұқият пісіру керек. Пісірілген тағамды бөлме температурасында екі сағаттан артық қалдырмаңыз. Сондай-ақ, оны тоңазытқышта ұзақ уақыт сақтауға болмайды. Тек жаңа піскен және тұтас жемістер мен көкөністерді сатып алыңыз. Ішуге, көкөністер мен жемістерді жууға үшін қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдаланыңыз. Тамақтан уланудың алғашқы белгілерінде дереу дәрігермен кеңесу керек. Өзін-өзі емдеу қауіпті және оның зардабы да ауыр болуы мүмкін.

• Жеке гигиена туралы ұмытпаңыз. Ыстықта адамның салқын суға түскісі немесе салқын душ қабылдағысы келеді. Бірақ бұлай жасамаған жөн. Температураның күрт алмасуы қан тамырларының түйілуін немесе жүрек проблемаларын тудыруы мүмкін. Өз кезегінде гипотермия суық тиюге немесе пневмонияға ұласады. Сондықтан жылы, тіпті болмаса бөлме температурасына жақын салқындықта ғана душ немесе ванна қабылдасаңыз табиғи ауа алмасуды жақсырақ сақтап, терінің тиімді тыныс алуына мүмкіндік береді. Душ, ванна болмаған жағдайда, дымқыл сүлгілерді қолданып денені салқын сумен сүртуге және аяқты суға салып отыруға болады.

• Кондиционерді ретімен пайдаланыңыз. Кондиционер күннің ыстығында бөлмені немесе көлік салонын жаныңызға жағымды болатындай салқындатаны анық. Бірақ та оны дұрыс пайдаланбаса денсаулығыңызға қауіп тудырады. Көшеге шығар алдында температураның күрт өзгеруін болдырмау үшін бөлме немесе көлік салоны температурасын сәл реттеп, сырттағы ауа райымен үйлестіріп алу керек. Сонымен қатар, бөлмедегі кондиционер адамнан екі-үш метр қашықтықта және  салқын ауа денеңізге тікелей соқпайтындай болғаны жөн. Әйтпесе тікелей соққан салқын жел созылмалы өкпе ауруларының өршуіне, сондай-ақ жедел респираторлық ауруларын тудыруы мүмкін.

• Денсаулығы нашар адамдар аптап ыстықта көлік жүргізуді тоқтатқаны жөн. Кез келген жағдайда балаларды құлыпталған көлік ішінде қалдыруға болмайды. Өйткені күннің ыстығында көлік салонында өте жоғары температура пайда болады. Бұл баланың денсаулығын нашарлатып, тіпті кей жағдайларда өліп кетуі де мүмкін.

Аптап ыстықтан айналаңыздағы адамдардың денсаулығы нашарлағанын байқасыңыз не істеу керегін, аурудың қандай белгілері болатынын біле жүргеннің артығы болмайды.

Күннің ыстығынан зардап шеккен адамда ауру белгілері бірнеше сағат ішінде пайда болуы мүмкін. Бұл көрсеткіш дене температурасын тұрақты деңгейде сақтай алмаған жағдайда туындап, салқын жерге барғаннан кейін дене температурасы көтеріледі.

Науқастың жағдайына зер салып бақыласаңыз көптеген белгілерін байқауға болады. Басты белгілері шаршау, әлсіздік, ұйқышылдық, құлақтың шуы, бас айналу, бас ауруы, жүректің жылдам соғуы, жүрек айнуы, жиі тыныс алу, дене қызуының көтерілуі.

Егер ауырған адамға осы уақытта дереу көмек көрсетілмесе, онда ол есін жоғалтуы мүмкін. Сондықтан науқасты күн көзінен сақтап, тезірек салқын жерге немесе көлеңкеге апарыңыз. Дене қызуын өлшеңіз. Аяқтарын сәл көтеріп, көлденең күйде жатқызыңыз.  Киімдерін шешіп, үстіне салқын су себіңіз немесе дымқыл жаймамен ораңыз. Жәбірленушінің маңдайына салқындатылған дымқыл дәке қойыңыз. Салқын минералды су ішкізіңіз. Жағдайы нашарласа, жедел жәрдем шақырыңыз.

Ауа-райына сезімтал азаматтар ауа райы болжамын үнемі қадағалап, қолайсыз күндерде күйзеліске ұшырамауға тырысуы керек. Салқын табиғат аясында көбірек серуендеп, мүмкіндігінше қапырық, ыстық жерлерден аулақ болғаны жөн.

Міне, мамандардың осындай ескертпелері мен ақыл кеңестеріне құлақ түріп, денсаулығыңызды күтпесеңіз өте ыстық ауа райы адамға да, табиғатқа да қауіпті. Еліміздің басты байлығы – адам мен оның денсаулығы. Сондықтан жылдың әр мезгілінде болатын қауіп-қатерден сақтанып жүрген жөн.

Нұрлы Еділов