Агроөнеркәсіптік кешен - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету кепілі

12 наурыз 2022, 12:31

Әрбір аграрлы ел үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ауылды аймақтардың әл ауқатын арттыру аса маңызды мәселе екені сөзсіз. Өйткені бұл сала елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етді және ел экономикасының ілгерілеуіне елеулі ұлес қосады.

 

Қазақстан - аграрлық-индустриялық ел. Сондықтан да тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл бөлді. Осыған орай бірқатар заңдар қабылданып, бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Сол заңдардың бір 2005 жылы қабалданған Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының Заңы. Аталмыш Заң агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу және жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін айқындайды.

 

Агроөнеркәсіптік кешен дегеніміз не?

 

Агроөнеркәсіптік кешен - ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы өнімдерін өндіруді, дайындауды, сақтауды, тасымалдауды, қайта өңдеуді және өткізуді, сондай-ақ тамақ өнеркәсібін, оларды қазіргі заманғы техникамен, технологиялық жабдықпен, ақшамен, ақпараттық және басқа да ресурстармен қамтамасыз ететін ілеспе өндірістер мен қызмет салаларын, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті, ғылыми қамтамасыз ету мен кадрлар даярлауды қамтитын экономика салаларының жиынтығы.

 

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін не істеу керек?

 

Біріншіден: Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін еңбек өнімділігін арттыру қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығында озық үлгідегі техникалар мен технология қолданылуы тиіс. Сондай ақ, білікті маман даярлау, оларды ауылға баруға ынталандыру қажет. Өкінішке қарай, бүгінде бұл екі мәселе де ақсап тұр. Өйткені озық үлгідегі шетелдік техниканың бағасы аса қымбат. Оны сатып алуға шаруашылықтардың шамасы келе бермейді. Маман мәселесі де мәз емес. Білікті мамандар аз. Бары да ауылға барғысы келмейді. Бір кездері қолға алынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да бұл мәселені шеше алмай отыр.

 

Екіншіден: Қайта өңделген өнім экспортын арттырудың маңыздылығын ескеруіміз керек. Мысал ретінде айтар болсақ, біз етті экспорттаймыз. Бірақ малдың жүні мен терісін өңдеп, кәдеге жарату жағы жолға қойылмай келеді.

 

Үшіншіден:  Ішкі нарықтағы отандық азық-түлік тауарларының үлесін арттыру қажет. Өкінішке қарай, ішкі нарықты қамтамасыз ететін өз мүмкіндігіміз бола тұра, біз сүт өнімдерінің басым бөлігін шеттен тасымалдаймыз. Сол секілді бақша өнімдерінің де басым бөлігі көрші елдерден жеткізіліп отыр.

 

Төртінші: Ауыл тұрғындарының табысын арттыру басты мәселенің бір. Әйтпеген жағдайда жастардың қалаға көшу үрдісі жалғаса береді. Бұл өз кезегінде ауылда жұмыс күшінің тапшылығын туындатады.

 

Бұл жедел шешілуі тиіс мәселелердің бірқатары ған. Ауыл шаруашылығында қордаланған басқа мәселелер де аз емес.

 

Аталмыш мәселелер оң шешімін табу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті билік қоян-қолтық, бірлесе жұмыс атқаруы тиіс.

 

Әрине, Үкіме қол қусырып қарап отырған жоқ. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдады. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, бағдарламаның жемісін беріп жатқанын көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылық министрлігі өкілдерінің мәліметіне қарағанда 2020 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен саласында өсу байқалады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн. теңгені құраған. Оның ішінде тамақ өнімдері өндірісі 4%-ға артқан. Инвестиция көлемі 15%-ға ұлғайған.

 

Шағын және орта фермерлерді субсидиялау тәсілдері өзгертілді. 2025 жылға қарай субсидиялау көлемін арттыру есебінен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды 1,5 есе, минералдық тыңайтқыштарды пайдалануды 1,4 есе, жоғары сапалы тұқым сатып алуды 1,2 есеге арттыру көзделіп отыр. Яғни, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 4%-дан 6%-ға дейін, минералды тыңайтқыштарды қолдану 21%-дан 30%-ға дейін, жоғары сапалы тұқымдарды енгізу 93%-дан 97%-ға дейін жеткізу жоспарланған.

 

Осы мақсатта агроөнеркәсіп кешенінің субъектілеріне екінші деңгейлі банктер, Қазақстанның Даму банкі арқылы кредит беру мүмкіндіктері қарастырылған. Алдағы бес жылда 250 млрд теңге сомасына 50 мың шағын несие беру жоспарланып отыр.

 

Министрлік мамандарының айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігі 2,5 есеге артып, экспорт көлемі мен жұмыскерлердің табысы 2 есеге ұлғаяды.  Сонымен қатар ауыл шаруашылығына 4,1 трлн. теңге инвестиция тартылып, 500 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады.

 

 

Қалдар Кумекбаев