Алматының қауіпсіздігі бақылауда
Еліміздегі басты мегаполис қалалардың бірі, бейресми деректер бойынша екі миллионнан астам адам тұратын Алматы қаласы тұрғылықты жері жағынан үлкен қауіп қатерге ие десек болады. Қаланың орналасуына қарай зілзала қаупі жоғары екеніне қоса, тау басында орналасқан көлдер де қала тұрғындарының қауіпсіздігіне қатер төндірер қауіп.
Орын алған төтенше жағдайларды санамалап өтер болсақ, қалада 214 өрт тіркелген екен. Ол жалпы орын алған төтенше жағдайдың 88 пайызын құрап отыр. Тіркелген 214 өрттен 126 өрт тұрғын үй секторында орын алса, 35 өрт көлікте, 13 өрт құрылыс алаңдарында және басқа да аймақтарда тіркелген. Жалпы осынау өрт оқиғаларынан келген материалдық шығын 17 млн. 100 мың. теңгені құраған. Төтенше жағдайдың алдын алу және олардың шығындарын барынша азайту үшін, өрт оқиғалары қайталанбасы үшін Төтенше жағдайлар қызметі тарапынан көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Атап айтар болсақ, 2017-2018 жылдардағы жылу маусымы барысында 41 700 жеке меншік тұрғын үй иелеріне сақтандыру шаралары ескертілген. Төтеншеліктер 2,6 мың адам қамтылған 150-ден астам жиналыс өткізіп, тұрғындармен түсіндіру шаралары жүргізілген. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тұратын жерлерде 29 рейдтер жүргізілген. Өрт қауіпсіздігі саласындағы талаптарды оңтайландыру мақсатында, оларды іске асырудағы қолданыстағы мәселелер бойынша тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырылып, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын жыл өткен сайын күшейту қарастырылуда. Жалпы қалада орын алуы мүмкін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін қала әкімінің резервінде 7,5 млрд. теңге сомасындағы қаржылық қаражат қарастырылған екен. 2017 жылы бұл мақсаттағы қаржының көлемі 5,4 млрд. теңге болғанын ескерсек, және алдыңғы жылға қарағанда 1,4 есеге көп екеніне орай жыл өткен сайын төтенше жағдайдың алдын алуға бөлінген қаржының еселеп өсіп жатқанын байқаймыз.
Көктемгі кезеңдерде, көп мөлшерде жаңбыр суынан соң қаланың үстінен айнала ұшқан тікұшақтарды жиі байқаймыз. Олар таудағы көл суының көлемін бақылауда ұстау үшін ұшып жүрген тікұшақтар екені белгілі. Алдын ала халықтың қауіпсіздігін күзетіп жүрген тікұшақтардың тұрақты қызметіне де қаржы қарастырылған. Таулы жерлерде қар көшкіні жағдайын бақылау екі маусымдық қар көшкіні бекеттерінде жүргізіледі. Үлкен Алматы және Кіші Алматы шатқалдарда орналасқан қар көшкініне қауіпті деп анықталған 99 учаскенің 18 –і ықтималды қауіпті болып саналады. 2018 жылы қар көшкіні бойынша 29 мың м3 көлемде 9 профилактикалық түсіру жұмыстары жүргізілген. Тасқынға қарсы іс-шаралар жүргізілген 30 учаскеде 2018 жылы су басу деректері тіркелмеген.
Атап өтер жайт «2017-2020 жылдарға тасқын қатерінің алдын алу және жою бойынша шаралар кешені» Жол картасына сәйкес, Медеу-Шымбұлақ авто жолы бойындағы Кіші Алматы өзеніндегі 1-ші көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Және Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қаланың 8 ауданында 42 км арық жүйесін жаңалауды жүргізген. Қаланың 8 ауданындағы 23 км арық жүйесін және нөсерлік кәріздерді тазалау жүргізіліп 930 м3 көп қатты-тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар шығарылған. Көктем кезеңдегі тасқын судан халықты және қала аумағын қорғау үшін 5763 адам жұмылдырылып, түрлі мақсаттағы 1472 бірлік техника, 30 бірлік жүзу құралдары, 82 мотопомпалар, сондай-ақ 83 бірлік автономды электрстанциялар құрылған. Сондай-ақ, 2018 жылы геоақпараттық жүйені қолданумен «Кіші және Үлкен Алматы өзендері бассейнінің селдік тәуекелі картасы» әзірленген. Төтенше жағдай кезінде қала тұрғындарының да дайындығы маңызды. Осы мақсатта қала халқымен 1370 оқу және машықтандыру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 1068 сейсможаттығу және 61 селжаттығу даайындықтары пысықталған.
Осы орайда Алматы қаласы тұрғындарының төтенше жағдайға алаңдамай, ұйқыларының тыныш, күндерінің алаң болмауы үшін алдағы уақытта да алдын алу шаралары да күшейтіле бермек.