«Бастау Бизнес» жобасы кәсіпкерлікке оқыту шараларын жүргізеді

31 шілде 2022, 23:10

Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру белсеңді түрде қолға алынып келеді.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша аудандардың мастер-жоспарлары жасалып, кәсіпкерлікке оқыту шаралары жүргізіледі.

Сондай-ақ жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға микрокредиттер мен гранттар беріледі.

Департамент директорының орынбасары Руслан Тілеубаевтың сөзінше, мастер-жоспарлар үй шаруашылықтары мен жергілікті кәсіпорындардың сауалнамалары негізінде жасалады.

Жалпы, 2022-2024 жылдары 163 мастер-жоспар әзірленеді.

«Мастер-жоспарлар негізінде кәсіпкерлерді қолдау «егістіктен сөреге дейін» өндірістік-өткізу тізбегін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Өнім өндірушілер мен сатып алушылардың келісуі, ауыл кәсіпкерлерінің өнімін кепілді түрде сату және сатып алу қамтылады», – деді ол.

Департамент директоры орынбасарының айтуынша, аталған жоба шеңберінде жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде кемінде 6 мың жас азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған.

Оқуды аяқтаған және бизнес-жоспарын қорғаған қазақстандықтар жеңілдікті шарттармен мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алуға мүмкіндік алмақ.

«Бұл ретте, жастардың 20 мыңға жуық өкілін және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жыл сайын гранттармен қамту жоспарлануда. Ал жеңілдікті шарттармен микробизнес ашу және отбасылық фермерлік шаруашылықтарды өндірістік-өткізу тізбектеріне біріктіру үшін аудандардың мастер-жоспарлары жасалып, соның негізінде берілетін болады. Сондай-ақ грант алушылардың санаты да қайта қаралды. 2022 жылдан бастап гранттар жастарға, жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне және қандастарға жеке кәсіпті ашу мақсатында беру жоспарланып отыр», – деп толтықтырды Руслан Тілеубаев.

Оқу 14 облыста, 160 ауданда іске асырылады, сондай-ақ моноқалалар мен облыс орталықтары, республикалық маңызы бар елорда, Алматы, Шымкент секілді қалалар қамтылған. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоба бойынша оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн форматта өтеді.

Бұдан бөлек, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов биыл аталған жоба «Бастау 2.0» жаңа форматында жүзеге асатынын атап өтті. Оның аясында өнім өндіру кезеңдерінің технологиялық карталары әзірленеді.

Бұл технологиялық карталар сұранысқа ие бағыттар бойынша халықты кәсіпкерлікке оқытуға және жаңа салаларды таңдауға көмектеседі.

А.Тайырқызы