Елбасы «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі жарлықтарға қол қойды
Елбасы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Облыстағы бірқатар нысандарды аралап шыққан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс активінде Түркістан қаласын дамыту жөнінде жиын жасады, - деп хабарлайды Алаш айнасы.
Жиында сөйлеген сөзінде Елбасы ел тарихындағы елеулі уақытта, яғни жаңадан Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алған кезде кездесіп отырғандығын, келелі кеңесте Түркістанның дамуы, болашағы қалай болатыны туралы талқыланатынын жеткізіп, қаланы дамыту туралы ойларын айтты.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Президентке Түркістан қаласын дамыту жөніндегі жоспарын баяндап бас жоспарға лайықты үздік жоба анықталғаны туралы жеткізді. Асқар Маминның мәлімдеуіне қарағанда Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеуге қатысты xалықаралық конкурс ұйымдастырылып, оған қатысқан 22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалыпты. «Таңдалған жоба Сіздің тапсырмаңызда қойылған талаптарға толығымен сәйкес келеді. Соның ішінде Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет Яссауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінді», – деп мәлімдеді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.
Кеңесте Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстың дамуы мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндама жасап, 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталғанын жеткізді. Әкімнің айтуына қарағанда Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 250 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,6%-ды құраған. «Мал басы артып, 3500 тонна ет экспортталған. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,7 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 500 мың тоннаға жуық өнім Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 286,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21 млрд.теңгеге артты. Өңір экономикасына 142 млрд. теңге инвестиция бағытталды. Қазір облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 8 айда құрылыс көлемі 66,2 млрд. теңгеге жетіп, өсім 105,8% болды. Барлық қаржыландыру көздерінен тұрғын үй құрылысына 21,2 млрд. теңге инвестиция бағытталды. 291,8 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, 1922 пәтер іске берілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 137,6%-ды құрады», – деп баяндады әкім.
Жасалған баяндамалар мен мәліметтерді тыңдап болғаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы өңір басшылығы назар аударуға тиіс бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. «– Облыстың қаржылық тұрақтылығын нығайту қажет. Шымкенттің облыс құрамынан шығуына байланысты аймақтың экономикалық базасы төмендеді. Бүгінгі таңда облыс бюджет қажеттiлiктерінің 20 процентін ғана өз күшімен қамтамасыз етеді. Негізгі міндет – өсімнің жаңа резервтерiн және өңір бюджетінiң кiрiс бөлігін толықтыру көзiн табу», – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын бұдан ары дамытып, өнімдерді өңдеп шетелге экспорттау, көлік-логистика қызметін дамытып, туризмге серпін беру керектігін айтты. Түркістанды электр қуатымен, газбен, сапалы көлік жолдарымен, әлеуметтік нысандармен және ауыз сумен қамту мәселелерін шешу жөнінде де тапсырмалар берді.
Түркістанды дамыту жөніндегі алқалы жиының соңында Қазақстан Президенті Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі жарлықтарға жария түрде қол қойды.
Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласындағы «Этноауыл» алаңында ұйымдастырылған «Түркістанға оралу» мерекелік іс-шарасына қатысып, жиналған көпшілікті Түркістан облысының құрылуымен құттықтады. Мемлекет басшысы Түркістанның күллі түркі халықтарының өмірінде де ерекше орын алатынына тоқталып өтті. Сондай-ақ, қабылданған шаралар атқарылғаннан кейін шаһар келбеті тез арада айтарлықтай өзгеріп, өзінің өркендеу жолындағы жаңа биіктерді бағындыратынына сенімі мол екенін жеткізді.