Жалпы алғанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің нақты формуласы да, анықтамасы да жоқ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – мемлекет пен жекеменшік сектордың тәуекелдерді, пайда мен шығындарды, құқықтар мен міндеттемелерді теңгерімді бөлу жағдайында өзара тиімді ынтымақтастыққа алып келетін, кәсіпкерліктің дамуына әсер ететін ауқымды бағыттың бірі.
Тарихқа көз жіберсек, «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» ұғымы ең алғаш өткен ғасырдың орта тұсында Америкада білім саласында қолға алынған бағдарламаларды қаржыландырудағы мемлекет пен жеке сектордың бірлесіп жұмыс атқаруынан басталған екен. 1950-жылдары қоғамдық пайдалану нысандарын қаржыландыруда, 1960-жылдары қаланы модернизациялау мен қайта құруда жекменшік кәсіпорындар қатыса бастаған.
Ал Кеңес үкіметінде «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» деген болған жоқ. Бұл ұғым бізге Қазақстан тәуелсіз ел болған 90-жылдарда енді. Алғашқы кезде мемлекттік-жеке меншік әріптестік мемлекеттік активтерді басқару құралы ретінде қарастырылды. Кейіннен мемлекттік-жеке меншік әріптестік 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен, 1995 жылғы 23 желтоқсандағы «Жекешелендіру туралы», 2003 жылғы 13 мамырдағы «Акционерлік қоғам туралы», 2007 жылғы 21 шілдедегі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарымен реттеліп келді.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылдың 29 қаңтарындағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту қажет екенін айтты. Президент Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Үкімет 2011 жылғы 29 маусымда 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жөніндегі бағдарлама қабылдады. Ал 2015 жылғы 31 қазанда «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бүгінгі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аталмыш заңмен реттеледі. Бұл заң мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жүзеге асырылу тәсілдерін, оның жобасын дайындау мен іске асырылуын, шарттарын, құқықтық жағдайларын реттейді.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мақсаты – қоғам мүддесі үшін жұмыс істеу. Яғни, бизнес пен мемлекеттің ресурстары мен тәжірибесін біріктіре отырып, шығындар мен тәуекелдерді азайту, сол арқылы көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту болып табылады.
Бүгінгі таңда, қоғамдағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар мәселелер мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті тиімді жүзеге асуру арқылы шешімін тауып отыр. Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мақсатында арнайы сараптамалық орталық құрылған. Орталықта инвестициялық жобаларды зеріттеп, сараптап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынатын жобаларға консультациялық қолдау көрсетіп отыратын білімді де білікті, аса тәжіибелі мамандар қызмет атқарады.
Десе де, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік төңірегінде кейбір келеңсіз құбылыстар орын алып отырғанын айта кеткен жөн. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік сатып алу жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың тыйылмай отыруы. Әлі де болса, мемлекеттік сатып алу жүйесінде бармақ басты, көз қысты әрекеттер көрініс тауып келеді. Бұл жағдайлар мемлекеттік сатып алу жүйесіне ғана емес мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға да көлеңкесін түсіріп отыр.
Осы жағдайларды ескерген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың бүкіл жүйесін қайта қарауды тапсырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Қазір сыбайлас жемқорлықты жоюдың орнына, бюрократияның белең алып тұрғанын көріп отырмыз. Тапсырысты орындауға өтініш бергендер арасынан жеңімпазды таңдауға бірнеше ай кетеді. Алайда ашықтық пен әділдік жетіспейді. Қандай тендер болсын, оны кім жеңетіні алдын ала белгілі болып тұрады. Мысал ретінде айтар болсақ, "Қазавтожол" техникалық қадағалау қызметі екі жылда 99 сатып алу конкурсын өткізген. Олардың тең жартысын төрт компания жеңіп алған. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі компаниялардың мемлекеттік сатып алуларға сирек қатысуына түрткі болуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында сыбайлас жемқорлыққа қатысты бақылауды күшейту қажет екенін баса айтты. «Мәселені тез арада шешіп, осы саланы реттейтін шаралар қабылдау керек» -деді президент. Сонымен қатар мемлекет басшысы Үкіметке мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңды түбегейлі жаңарту мәселесін қарастыру туралы тапсырма берді.
Қалдар Кумекбаев