Төтенше жағдай

Өрт қауіпсіздігіне қатысты талаптардың күшейтілуі төтенше жағдайдың алдын алады

  • Өрт қауіпсіздігіне қатысты талаптардың күшейтілуі төтенше жағдайдың алдын алады

    Өрт қауіпсіздігіне қатысты талаптардың күшейтілуі төтенше жағдайдың алдын алады

Бүгінде еліміздің түкпір түкпірінен өрт сөндіру бөлімдері көптеп ашылуда. Бұл олардың алыстан сабылмай, жақын жерде болған өрттерге тез жетуіне, халық қауіпсіздігін дер кезінде қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ олардың техникалық жағынан қамтамасыз етілуі, заманға сай жарақтануы да талапқа сай. Әйтсе де елімізде өрт оқиғалары азаяр емес. Жаңадан құрылған өрт сөндіру бекеттері өрттерді тез ауыздықтауға септігін тигізгенімен, өрт оқиғаларын азайтуға ықпал ете алмауда. Осы тұрғыдан алғанда мамандар «техниканың жаңартылуы, жаңадан өрт бекеттерінің ашылуы жақсы-ақ, алайда өрттің салдарынан гөрі, алдын алумен айналысу маңызды. Өрт қауіпсіздігіне қатысты тұрғындарға талапты күшейтіп, оларды өрт қауіпсіздігіне қатысты ұдайы ақпараттандырып отыру керек» деген пікірде. 


Статистикаға сенсек, жыл өткен сайын елімізде өрт оқиғалары жиілеу үстінде. Шамамен алғанда елімізде жыл сайын 15 мыңнан астам өрт оқиғалары тіркеледі екен. 2015-2018 жылдар аралығында елімізде өрттен үш мыңнан астам адам зардап шегіп, 1500-дей адам көз жұмған. Ал жалпы елімізге өткен үш жылдықта өрттен келген материалдық шығын 12 млрд теңгені құраған. Аз шығын емес. Сондықтан төтенше жағдайдың алдын алу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр.




Көліктер де өртенгіш болып кетті...


Басқа басқа темір екеш темір де өртке шыдамсыз болып бара жатқандай. Соңғы уақытта автокөліктердегі өрт оқиғаларының жиілеуі соны көрсетеді. Автокөліктегі өрт оқиғаларының алдын алу мақсатында жыл сайын Төтенше жағдай қызметінің мамандары көліктер жиі жиналатын базар, автовокзал, жанармай бекеттері мен басқа да мекемелер аумағында арнайы рейдтер жүргізуді әдетке айналдырған. Сондай-ақ төтеншелік мамандар өрт сөндіру көлігі және автомобиль жолдары бөлімшесімен бірлесіп автопарк иелерімен өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу шараларын түсіндіруде. Қоғамдық көліктерге де көліктегі өрт қауіпсіздігі бойынша арнайы түсіндірме парақшалар жабыстырылуын бақылауға алған. Осы орайда белгілі заңгер Мырзабек Бекберді «көліктегі өрт өте қауіпті саналады. Сондықтан өрт сөндіргішті қол жетімді жерде ұстаңыздар. Оны тек арнайы дүкендерден ғана сатып алып, жарамдылығын тұрақты түрде тексеріп отырыңыз. Көлігіңізді уақыттылы техникалық байқаудан өткізіп, электр сымдарын жарамды күйде ұстау қажет. Өрт бола қалған жағдайда көлікті тоқтатып, өрт сөндіру қызметін шақырып, 112 немеме 101 нөміріне хабарласу керек. Өрт қоғамдық көлікте орын алса, оны жүргізушіге тез арада хабарлаған жөн. Тыныс алу мүшелерін, бетті орамалмен, көйлектің жеңімен немесе кез келген матамен жабу арқылы өз өзіңізді қорғаңыз. Салонда өрт басталғанға дейін де көлік жүргізушісі көліктің ішінде бір жарым минуттан көп отырмауы керек екен. Көпшілік орында өрт тұтана қалса қоғамдық көліктен шығару үшін авариялық люктер мен бүйір әйнектерін пайдалануды есте ұстаңыз. Егер өрт автокөлік капотында болса, оны өрт сөндіргішсіз ашпаңыз. Эвакуациядан кейін автокөліктен барынша алыстаңыз, отын багы жарылуы мүмкін екенін әрқашан есте ұстаңыз» дейді. Көлік жүргізушілері осынау қарапайым қағидаларды есте ұстау арқылы көліктегі төтенше жағдайдың алдын алуына әбден болады. Алайда көбінесе өртті көргенде көлік жүргізушілері қарапайым қағидаларды білмеу салдарынан көлігін тастай қашып, немесе капотты ашып қалып, айналасындағыларға қауіп төндіріп жататын көрінеді.




Тұрғындар «өртпен» ойнайды...


Иә, иә тұрғындардың өртке қатысты жеңіл көзқарасы осындай ойға жетелейді. Төтеншелік мамандар жыл сайын қыс айы алдында пештерді тексеріп бару кезінде, есігін ашпай қойып, түрлі айла-тәсілдермен барынша төтенше жағдайлар қызметі мамандарын үйлеріне кіргізбеуге тырысады екен. Сондықтан тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін жоғарылату керек. Жыл бойына мамандарға пешін тексертуге құлықсыз тұрғындар төтенше жағдай орын ала қалса, ең алдымен өзін емес, өзгелерді кінәлап шыға келеді. Төтеншелік мамандардың ең алдымен тұрғындардың өзінің қауіпсіздігі үшін қауіпсіздік ережелерін талап ететінін ескере бермейді.


Сөзіміз негізсіз емес, елімізде орын алатын өрттің 70 пайызына дейін жеке тұрғын үй секторларында орын алады екен. Өрттердің негізгі бөлігі қауіпсіздікке тиісті деңгейде көңіл бөлмеу салдарынан, электр құрылғылардың, пештердің ақаулығынан, сондай-ақ балалардың отпен ойнауынан туындап жататын көрінеді. Төтеншелік мамандар «нақ осы тұрғындармен көбірек жұмыс жүргізудің өрттің алдын алуда маңызы зор» дейді. Сондықтан төтенше жағдай қызметінің мамандары жеке тұрғын үй секторларында жиі жиі рейдтік жұмыстар жүргізіп отырады.




Ормандарымыз да өртсіз емес...


Құзырлы орындар берген мәліметке сүйенсек, 2015-2018 жылдар аралығында елімізде екі мыңнан астам табиғи өрт оқиғалары тіркеліп, 1,4 гектар жерді жалын шарпыған екен. Үш жыл ішінде орманды алқаптарға келтірілген шығын 674 млн теңгеге бағаланған. Жалпы орман және дала өрттері кезінде 17 адамның өмірі қиылып, 11 адам жарақат алған. Жалпы еліміздегі орман, дала өрттерінің жиілеуі осы салаға ерекше назар аудару қажеттігін талап етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар өздерінің қарамағындағы орманды жерлерді тілсіз жаудан қорғауда жауапкершілігін жоғарылатпасақ, ормандарымыз өртеніп таусылатын түрі бар.


Осы орайда атап айта кетер жайт, көктем келе сала тауға ағылатын демалушылар, жаздың ыстық күндерінде де тауға, орманға қашады. Әйтсе де олардың өрт қауіпсіздігі ережесін жеткілікті деңгейде сақтамауы салдарынан, жаққан оттарын дұрыс өшірмеуі демалыс соңының өртке ұласып, орманды алқаптардың жалынға айналуына, тауда жиі өрт тұтануына себепші болып жатады екен. Сондықтан табиғатқа жанашырлықпен қарамай, өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаушылардың жауапкершілігін әлі де болса көтеру қажет.




Балалар да өртке жиі себепші болып жатады


Балабақшалар мен мектептерде балаларды тәрбиелеуде олардың жауапкершілігін көтеруге, өртке себепші болмауы үшін осы бағытта көбірек ақпарат беруге мән беру керектігі байқалады. Әсіресе өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру ең алдымен ата-аналардың негізгі міндеті болып саналуы тиіс. Мәселен электр аспаптарды тоққа қосылған жағдайда қараусыз қалдырмай, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды үйде жалғыз қалуына жол бермей, розеткалардың да балалардың қол жететін жерінде тұруының алдын алып, газ плитасы мен тұтанғыш заттардың, сіріңкенің балаларға мүлдем қолжетімсіз болуын есте сақтау қажет. Балалар көбінесе қолы бос, жаз айларында төтенше жағдайға себепші болып, өздері де төтенше жағдайға жиі ұшырап жатады екен. Сондықтан жыл мезгіліне қарамастан қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері әрдайым сақталуы тиіс. Балалардың жүріс-тұрысының белгілі бір ережелерін ұстансаңыз төтенше жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі жоғарылай бермек. Балалар да төтенше жағдай кезінде ең алдымен хабарласатын, жедел құтқару қызметтерінің «101» және «112» нөмірлерін жатқа білуі тиіс. Орын алатын төтенше жағдайдың басым бөлігі балалардың үлесінде екенін ескере отырып, осы бағытта балалармен де көбірек жүмыс жүргізілуі керектігі байқалады.


 


Тұрғындардың өздері төтенше жағдайдың алдын алуға мүдделі болуы тиіс


Төтенше жағдай мамандарының айтуынша іске жарамсыз розеткаларды, қосқыштарды және ұзартқыштарды пайдалануға болмайтындығын көптеген тұрғындар біле тұра елемейді екен. Соның нәтижесінде төтенше жағдайлар орын алып, қайғылы оқиғалар тіркеліп жатады. Сондықтан дәрігер Балханым Нұрсейітқызы «тұрғындардың қауіпсіздікке көңіл бөлуі жеткілікті деңгейде емес» дейді.


Балханым Әбілдина, отбасылық дәрігер:


- Өрт қауіпсіздігінің алдын алуды кез келген тұрғын білуі тиіс. Сондықтан төтенше жағдай қызметінің мамандары «- ешқашан төсекте жатып шылым шекпеңіз; - балаларды отты қолдануға үйретіңіз; егер сіз оларға әбден сенбесеңіз, олардың қолына сіріңкенің түсуіне жол бермеңіз; - қосылған электрқұралдарын қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе үтіктерді, жылытқыштарды, теледидарларды; - қолдан жасалған электр құралдарын қолданбауға тырысыңыз; - бір розеткаға үлкен қуатты бірнеше тұрмыстық құралдарды қоспаңыз; - газ плитаның үстіне лактарды және бояуларды қыздырмаңыз, плитаның үстінде киімдерді кептірмеңіз; - шатырларға, жертөлелерге, балкондарға, эвакуация жолдарына бөтен заттар қойып, шашпаңыз, балкондарда жанатын заттарды сақтамаңыз; - тек өзіңіздің пәтеріңіздің қауіпсіздігіне ғана емес, үйдің, ауланың қауіпсіздігіне көңіл аударыңыз: шатырлар және жертөлелер кездейсоқ адамдардан жабық болуы керек; тұрғын үйдегі кез келген шаруашылық жұмыстар, атап айтқанда жертөледегі шеберханалар, дәнекерлеу жұмыстары қауіпті» деп ескертеді. Ескерте кетер жайт, өртте адамдар оттан емес түтіннен өлетінін статистика көрсетіп отыр. Кейде түтінді бірнеше рет жұту улануға жеткілікті. Сондықтан отты сөндіру кезінде барлық әдістермен түтіннен қорғаныңыз, ал егер ол мүмкін болмаса – жанған бөлменің және пәтердің есігін жауып, пәтерден шығыңыз. Түтінделген бөлмеде жылжығанда өзіңіздің үйіңізде де адасып қалуыңыз мүмкін – осы қауіпті есте сақтаңыз. Сулы шүберектен демалыңыз. Түтінделген дәліздерден еңбектеп немесе жорғалап өтіңіз – төменде түтін азырақ болады. Осы секілді қарапайым қағидаларды жиі насихаттау керек. «Білмеген у ішеді» дегендей, білместікпен орын алған қайғылы жағдай орны толмас өкініштерге ұрындырып жатады.




Қуаныш Ерсұңқар


 




Көрілген: 253    Пікірлер: 0

жұма, 16.08.2019, 11:42

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    11 Қыркүйек, 23:51
    Шомылу маусымы аяқталды

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30