Тамшылатып суару – тиімді әдіс

12 наурыз 2022, 20:23

Су – тіршілік көзі. Яғни су болмаса, бүкіл тіршілік тоқтайды. Сондықтан да, әлемдегі әрбір ел үшін су мәселесі аса маңызды. Себебі, соңғы жылдарда бүкі әлемде су тапшылығы сезіліп отыр. Ғалымдардың айтуынша, бұған жаһандық жылыну мен жауын-шашын мөлшерінің азаюы әсер етіп отырған көрінеді.

 

Бұл мәселеден Қазақсатан да шет қалып отырған жоқ. Деректерге сүйенсек, елімізде ауданы 1 гектардан асатын 48 мыңға жуық, 1 шаршы км-ден артатын 3 мыңға жақын көлдер, 85 мыңға тарта өзен бар екен. Алайда бұл өзен-көлдер еліміздегі егін алқаптарын суару мәселесін толықтай шеше алмайды.

 

Сондықтан Қазақстан географиялық орналасуына байланысты трансшекаралық өзендеге тәуелді болып отыр. Алайда, бастауын басқа елден алатын трансшекаралық өзендер төңірегінде түйткілді мәселелер көп.

 

Соның ішінде тәжік және өзбек елдері арқылы ағып келетін Сырдария мен Ресей арқылы жететін Жайық өзені. Бастауда отырған елдер өзен суын қалағанынша пайдаланып, бізге жеткенше өзен суы сарқылып қалады. Әрине мемлекеттер арасында келісім бар. Мемлекетаралық комиссия жұмыс жасап отыр. Десе де, барлық тарап келісімді толықтай орындай бермейді. Салдарынан жаз айларында қазақстандық дихандар су тапшылығына тап болады. Тіпті кей жылдары дихандар өнім ала алмай банкротқа ұшырап жатады. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ел экономикасына кері әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан үкімет су тапшылығын азайтып, суды тиімді пайдалану жолдарын қарастырып келеді. Соның бірі – тамшылатып суару әдісі.

 

Тамшылатып суару - суды жіңішке құбырлар арқылы өсімдіктің тамырына жіберу немесе жердің үстіңгі бөлігіне суды бұрқасындатып шашу арқылы жүзеге асыру.

 

Тарихқа үңілсек, тамшылап суару әдісі б.з.б. I ғасырда қолданылған деседі. Ол заманда аталмыш әдіс су толтырылған құмыраның көмегімен жүзеге асырылған екен. Ал заманауи тамшылатып суару әдіс Германияда 1860 жыл тәжірибеден өткен. Ал 1920 жылы бұл тәжірибе кеңейтілген. Жердің үстіңгі бөлігін бұрқасындатып суару әдісі Израильде ойлап табылыпты. Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдерінде тамшылатып суару әдісі қолданыста.

 

Тамшылы суарудың артықшылықтары

 

Тамшылатып суарудың бірқатар тиімді тұстары бар. Тамшылатып суару кезінде тыңайтқыштар мен құнарлы заттардың жоғалуын азаяды. Сондай ақ суды пайдалану тиімділігі жоғары. Оған қоса, ойлы қырлы егін алқаптарын тегістеудің қажеті жоқ. Қайта пайдаланылаған суды қауіпсіз іске асыруға болады. Топырақ эрозяисы мен арамшөптердің өсуі азаяды. Суарудың өзге түрлеріне қарағанда, еңбек құны аз. Сонымен қатар, минималды тыңайтқыштармен де фертигацияны іске қосуға болады және бұл тәсіл өсімдіктерде болатын аурудың алдын-алуға мүмкіндік береді.

 

Тамшылатып суару әдісі 2000 жылдардың басында қолға алынып, ауыл шаруашылығына енгізу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Тамшылатып суару әдісі 2005 жылы республика бойынша 160 га жерге қолданылса, 2009 жылы – 4,2 мың гектар, 2011 жылы – 18,3 гектарға дейін артып, 2015 жылы 50 мың гектарға жеткен.

 

Қазақстан аумағының жартысынан көбі шөлді және шөлейтті аумақ екенін ескерсек біздің еліміз үшін тамшылап суарудың маңызы өте зор. Тамшылатып суару әдісі шөлді және шөлейтті жерлерді игілікке жаратып, бау-бақша егу, жылыжайлар салып, өнім алуға мүмкіндік береді.

 

 

Қалдар Көмекбаев