Төтенше жағдай

Төтеншеліктерге босаңсуға болмайды

  • Төтеншеліктерге босаңсуға болмайды

    Төтеншеліктерге босаңсуға болмайды

Күнделікті өмірде аяқ асты түрлі төтенше жағдай орын алып жатады. Сондықтан еліміздің Төтенше жағдайлар қызметінің міндеті сан салалы деуге болады. Аяқ асты тұтанған өртке де, жан жағын жайпап өткен дауылға да, жер сілкініп, адамдар жаппай уланса да, аттракцион мен батут аударылып, өндіріс орнында жарылыс орын алып, адамдар суға кетсе де, кен орнында қауіпті жағдай туындаса да ең алдымен төтеншеліктер атқа қонып, көмекке ұмтылады. Сондықтан барлық салада қауіпсіздік ережелерінің сақталып, төтенше жағдай орын алмасы үшін еліміздің төтеншелік мамандары күндіз-түні тынбай еңбек етеді. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін кез келген жерде тұрғындармен жұмыс жүргізіп, қауіпсіздік ережелерінің сақталуы үшін барлық мекемелермен жұмыс жасайды. Төтенше жағдай орын ала қалса, жедел төтенше жағдайдың салдарын жою, халықты қауіпсіз жерге көшіру, төтенше жағдай қайталанбауының алдын алуға тырысады.

Сондықтан саланың қызметкерлерінің тірлігі ширақ. Қысы-жазы жұмыс саябырсыған емес. Төтеншеліктер тек өрт қауіпсіздігінің алдын алып, тілсіз жаумен күресіп қана қоймайды. Олардың қызметі сан салалы. Жаз келсе тұрғындармен «Суға шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша» жұмыстар жүргізілсе, қыс келсе «жеке тұрғын үйлерде пешті қолдану ережелерінің бұзылмауы үшін», көктемде «су тасқынының алдын алу», күз келсе «орман және дала өрттерінің алдын алуға» жұмылатын төтеншеліктердің сан салалы міндетіне сай еш босаңсуына мүмкіндік жоқ. Осы орайда жақында ғана жарты жылдық жұмыстарының қортындысын жасаған Төтенше жағдайлар қызметі басшылығы қарамағындағы қызметкерлеріне төтенше жағдайларға дер кезінде ден қою және тиімді алдын алу жұмыстарын жүргізу бойынша нақты тапсырмалар берді. Демек алдағы жарты жылда да елімізде қандай да бір төтенше жағдайдың орын алмасы үшін, тыныштығымыз бен амандығымыз үшін төтеншеліктер үздіксіз еңбек ете бермек.

Статистиканы сөйлетсек, биылғы жылдың 6 айында төтенше жағдайды жою үшін Төтенше жағдай комитеті күштері авариялық-құтқару жұмыстарына 33 мыңнан астам «жорыққа» шыққан. Және осы жұмыстар нәтижесінде 6 мыңнан астам адам құтқарылып, 11 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Сондай-ақ 2 мыңнан астам зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, төтеншеліктердің «112» шұғыл қызметінің телефонына халықтан 3 миллионнан астам қоңырау шалынған. Осынша қарбалас тіршілікке дер кезінде әрекет жасап, талапқа сай жауап беріп отыру оңай емес. Сондықтан атына сай төтеншелік мамандар әрқашан талапқа сай болуға тырысып, төтенше жағдайдың алдын алуға көбірек көңіл бөледі.

Мемлекет тарапынан еліміздің аумағында болуы мүмкін табиғи және техногендік төтенше жағдайлардан туындайтын мәселелерді шешуге септігін тигізетін жүйе құру үшін барлық күш-жігер жұмсадуда. Экономикамыздың өсіміне орай ел қазынасынан қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында қажетті қаражатты бөлу мүмкіндігі де жыл өткен сайын артып келеді. Төтенше жағдайлар қызметінің техникалық мүмкіндігі талапқа сай болуы үшін олардың техникалық базасын жаңартуға көңіл бөлінеді. Сондықтан табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларға жедел түрде ден қою үшін авариялық-құтқару бөлімшелерін заманауи техникалық ресурстармен қамту үшін жыл сайын еліміз бойынша түрлі техникалық құрал жабдықтар сатып алынады. Өйткені төтенше жағдай кезінде еске техника айтарлықтай қорған бола алмайды. Сондықтан жыл сайын саладағы заманауи техникалық құралдарды жаңартып отыру уақыт талабы болып отыр. Яғни төтеншелік мамандардың техникалық жағдайы мамандарына әрқашан сай болуы керек. Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен жер жерден өрт сөндіру бекеттері ашылып, өрт жағдайында жедел әрекет етуге көңіл бөлінуде.


Төтенше жағдайдың жауапкершілігі сан салалы

Адамдардың қаза табуы мүмкін, олардың денсаулығына, күнделікті өмір сүру жағдайына кесірін тигізіп, тұрғындарға айтарлықтай дәрежеде материалдық шығын әкелген, апатты жағдай, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдайды төтенше жағдай ретінде қарастырамыз. Төтенше жағдай пайда болу себептеріне қарай табиғи сипаттағы және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға болып екіге бөлінеді. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайға жер сілкінісі, су тасқыны, сел, көшкін, табиғи өрт, халық арасында туындаған індеттер мен малдың жұқпалы аурулары, құстар мен балықтардың түрлі кеселдерден қырылып қалуы, ауылшаруашылық өсімдіктерінің, ормандардың кеселдері жатады. Ал техногендік сипаттағы төтенше жағдайға өнеркәсіп, кен орындарындағы апатты жағдайлар, өрт, күшті әсер ететін улы, радиоактивті және биологиялық жағынан қауіпті заттардың ауаға таралуы, үйлер мен ғимараттардың кенеттен қирауы, бөгендердің бұзылуы жатады. Елімізде туындаған төтенше жағдайлар ҚР Үкіметінің 2004 жылғы 13 желтоқсандағы №1310 Қаулысымен бекітілген «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жіктемесіне» сәйкес жіктеледі.

Төтенше жағдай орын алған соң арнайы комиссия құрылады. Комиссия тексеру барысында болған оқиғаның мән жайын анықтайды, зардаптарды жою және осындай жағдайлардың қайталануын болдырмау жөнінде іс-шаралар белгілейді, апат кезіндегі қирау және келтірілген материалдық шығын мөлшерін анықтайды. Сондай-ақ комиссия 10 күн ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың туындауына әкеліп соққан төтенше жағдайдың себептерін тексеру актісін жасайды. Ал, өңірлік және жаһандық ауқымдағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды ҚР Үкіметінің шешімі бойынша құрылатын комиссия тексереді. Мүмкіндігінше еліміздің төтенше жағдайлар қызметінің мамандары төтенше жағдайдың пайда болу қатерін мүмкін болғанынша азайтуға, адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға, залал мен материалдық шығын мөлшерін кеміту мақсатында жұмыс жасайды.


Төтеншелік маманға талап жоғары

Төтеншелік мамандар көбінесе осы мамандыққа бала кезінен аңсап, армандап келеді. Осы орайда құтқарушылар мен өрт сөндірушілер негізінен, құтқару миссиясын жүрек қалауымен таңдаған жандар деуге болады. Біз сөзге тартқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылар «бала кезден өрт сөндіруші болу, адамдарды құтқару арманым болды. Үнемі өзімді батыр сезінгім келетін» дейді. Барлық уақытта кәсіби дайындықта жүретін, еліміздің барлық саласындағы төтенше жағдайға төтеп беруге даяр тұруы керек төтеншелік мамандарға қойылар талап та жоғары. Мәселен құтқарушыларға қойылатын кә¬сіби талаптардың бірі – қызметкердің дене бітімі шымыр, шыныққан болуы керек. Қайратты, төзімді, шымыр құтқарушы кез келген төтенше жағдайда ұтымды әрекет жасайтыны заңдылық.

Бірақ өмір мен өлім қатар келіп жатқан қас қағым сәтте есеңгіреп қалмай дұрыс шешімге келіп, тікелей келген ажалдан өзгені де, өзін де құтқарып қалу үшін кейбір сәтте мұның өзі аздық етуі мүмкін. Сондықтан әрбір құтқарушы теориялық білім, психикалық дайындық, физикалық жаттығулардан өтуімен қатар үнемі тәжірибе жинақтап отыруы керек. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі кейде арнайы өртке қатысты, адамдарды су тасқынынан құтқаруға қатысты, зілзала кезінде биік ғимарттардан алып шығуға қатысты үнемі төтенше жағдай орын алмаса да оқу-жаттығу жиындарын өткізіп отырады. Бұл ең алдымен төтенше жағдай орын ала қалса төтеншелік мамандардың асып саспай қимылдауы үшін, өздерінің техникалық құрал жабдықтарын сынау үшін, белгілі бір деңгейде тәжірибе жинақтауы үшін керек әрекеттер деуге болады.

Әрбір құтқарушы белгіленген нормативтер бойынша дайындықтан өтеді. Ол үшін құтқарушыларды оқытатын арнайы курстар, жаттығу орталықтары бар. Жаттығулар, жиындар, жарыстардың нә¬тижесінде кәсіби дайындық, практикалық дағдылары жетілдіріледі, түрлі жағдайлардағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуде тәжірибелерімен алмасып отырады. Осындай күрделі дайындық жұмыстарынан соң ғана төтеншелік маманды нағыз бабында деп айта аламыз.

Арнат Әлімқожаев, Алматы қаласы өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:

- «Жаттығуда қиын болса, шайқаста оңай болады» деген орыстың атақты қолбасшысы Суворовтың бір қанатты сөзі бар. Біздің күнделікті жұмысымыз осы сөзге тікелей байланысты. Шыны керек біздің оқу жаттығуларымызды көп адам түсіне бермейді. Бейбіт күнде жау шақырып, жарылғыш іздеп не істеп жүр деп жатады. Қазір елімізде бірінен бірі өткен зәулім ғимараттар бой көтеріп жатыр. Оларда өрт бола қалса біздің әрекетіміз қалай болады. Сондай биіктікке су шашуға техникамыздың сапасы, әлеуеті жете ме? Сол үшін кейде бизнес орталықтардағы қызметкерлердің жұмыстарын алдын ала ескертумен тоқтатып, қызметкерлерін далаға шығарып дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Биік ғимараттардан алдын ала адамдарды эвакуациялап көреміз. Қанша уақытта, қанша адамды көшіріп, қанша уақытта өртті ауыздықтау мүмкіндігімізді сынаймыз. Ал ол жердің қызметкерлері ренжіп жатады. Төтенше жағдай бола қалса өзінің қалай құтқарылатыны емес, сол күнгі тыныштығын бұзғанымыз оған маңызды болып көрінеді. Бірақ жаман айтпай жақсы жоқ. Төтеншеліктер үшін үнемі дайындықта жүру маңызды. Бізге босаңсуға еш болмайды. Айта кетер жайт соңғы кездері жаhандық сипаттағы қауіп-қатерге сәйкес бүгінгі таңда азаматтық қорғау қызметі табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою сияқты жарылғыш және химиялық заттарды пайдалану арқылы террорлық акті қаупіне көңіл аударуға көп көңіл бөлуде. Өйткені тероризмнен келетін қауіп барша әлем халқын алаңдатып отыр. Сол талап үдесінен шығу үшін біз де террорлық жағдай кезіндегі төтенше жағдай кезіне қатысты көп дайындықтар жасап жатырмыз. Осы орайда айта кетер жайт, уақыт өте келе қызметтің міндеттерінің түрі өзгеріске ұшырады, бірақ негізгі мақсат – төтенше жағдайдың алдын алу, қорғау, тұрғындарды кез келген төтенше жағдайдан құтқару жұмыстары басты мақсат болып қала бермек.


Осы орайда айта кетер жайт, сапалы өткізілген алдын алу-профилактикалық шараларының арқасында жыл сайын табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шегушілердің санының азайып келе жатқаны байқалады. Демек еліміздің төтенше жағдайлар қызметінің дайындығы заман талабына сай деуге толық негіз бар.


Қуаныш Ерсұңқар

 




Көрілген: 235    Пікірлер: 0

бейсенбі, 18.07.2019, 22:47

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31