Алаш ақыны

Ақылбек Шаяхмет: Өлең-жырлар – іштен шыққан көз жасым...

  • Ақылбек Шаяхмет: Өлең-жырлар – іштен шыққан көз жасым...

    Ақылбек Шаяхмет: Өлең-жырлар – іштен шыққан көз жасым...

ТӨР

Ат жалын тартып мінер халге жеттім,

Аяқ сап үзеңгіге, ерге жеттім.

Ерім деп еркелетер елге кеппін,

Алпыстай асуды асып, төрге кеппін.



Біреулер отырса да бұзып-жарып,

Төр деген орын емес қызығарлық.

Кісінің төрде отырған көп алдында

Көрініп тұрады екен ізі барлық.



Көз сүзіп отырғандар босағада,

Төр қашан босайды деп тоса ала ма?!

Төр деген биік тұрған төбе-сынды,

Меніңше, бар кілтипан осы арада.



Жібермей жақсы деген адамды алға,

Төбеге ұмтылады жамандар да.

Жарбиып жапалақтар жарға қонса,

Томағаң алынбаса, амал бар ма?!



Жаманның аяқ асты жанса бағы,

Төменде жүргендерді қор санады.

Отырса төрге шығып төре болып,

Сөйлейді аузы қисық болса-дағы.



Жараған қазағымның әжетіне,

Таласқан пысығы да, өжеті де,

Төр деген жер емес пе көрге жақын,

Төрге көп қызығудың қажеті не?!



СЫНАҚ

Кеше ғана бүршік жарып, гүл атқан,

Қазақ жері өтіп жатыр сынақтан.

Қанша кісі төсегіне таңылған,

Жаратқаннан жәрдем сұрап, жалынған.

Көрген кезде ақсақ-тоқсақ, соқырды,

Ақырзаман таяп қалған сықылды.

Көрдіңдер ме жетім менен жесірді,

Қанша адамның армандары кесілді?!

Қанша кісі денесі сау, жаны кір,

Күліп-ойнап, жүзі жайнап әлі жүр.

Кентаврды тәні – хайуан, басы – адам,

Сынақ үшін жаратты ма Жасаған?!

Русалка – балық құйрық, төсі – қыз,

Көрген кезде шықпады ма есіміз?!

Бүгін, міне, сирақ шығып бүйректен,

Екі басты бұзау туып, күй кеткен.

Алаңқайда атом сынап үлгерген,

Өсіп жатыр қой басындай бүлдірген.

Полигонда өтіп жатқан мың сынақ

Көздің алдын тұрған-сынды тұмшалап.

Адамдарды буындырып қылтамақ,

Арсыз ажал кесіп жатыр жаңқалап.

Жұмыртқадан шыққан жылан тауықты

Жұтып жатқан заман қандай қауіпті?!

Жүзген балық, жүгірген аң, ұшқан құс,

Ешқайсысы болмайды екен дұшпансыз.

Кейде миға шайтан келіп ұялап,

Адамға адам жасайды екен қиянат.

Бүгін жайнап тұрғанымен нұр-таңы,

Не болады қарғыс тисе, ұрпағы?!

Біле ме олар келген кезде қиямет,

Алла алдында болатынын қарабет.

Көз ашқалы жаным сүйіп, ұнатқан

Қазақ жері өтіп жатыр сынақтан.



ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Қазақ қызы!

Білім алдың жоғары,

Ару едің, ұстаз болдың саналы.

Сүйікті жар, әже болдың ақылды,

Ел ішінде еңбегің де бағалы.



Төтеп бердің тағдырдың сан сынына,

Арқау болдың ақындардың жырына.

Қазақ қызы!

Қасиетіңнен айналдым,

Ана болдың қазақтың қыз, ұлына.



Қазақ қызы!

Ұйтқы болдың ұлтыма,

Тірек болдың дінім менен ғұрпыма.

Шетке кетсең, жақын қылдың алысты,

Қиналсаң да, шығармадың сыртыңа.



Өрісімді кеңейтетін кіл үлгің,

Арнасы едің шалқар дария – білімнің.

Бесік тербеп айтқан жырдың арқасы

Ана тіл деп аталғаны тілімнің.



Сен сөйлесең, жалғанатын үміттер,

Сен жымисаң жоғалатын күдіктер.

Сен жыласаң, жан-жүрегім егіліп,

Сен ән салсаң, таңдай қаққан жігіттер.



Орындалса көптен күткен арманым,

Шат күлкіге толып тұрса жан-жағым.

Қазақ қызы!

Ырыс-құты елімнің,

Сенің арқаң тәуелсіз ел болғаным.



АЯҚДОП

Осы күні баспен ойлайтындардан аяқпен ойнайтындардың бағы басым. (Сәкен Жүнісов)



Ойыншылар алаңда доп қуатын,

Жұмсайды екен аянбай көп қуатын.

Жүзеге аспай жатса егер ойлағаны,

Тілеуқордың үмітін жоқ қылатын.



Жаттықтырған кісі де таң қалысқан,

Жасыл алаң доп үшін арпалысқан.

Қақпашының қалмайды зәре-құты,

Шыға келсе шабуылшы қалтарыстан.



Отырғанда сәт тілеп жақтасына,

Жанкүйердей күйгелек жоқ па, сірә?!

Ыза болса кейбірі қорғаушыға,

Ренжиді біреуі қақпашыға.



Жаздың күні болғандай қыстың күні,

Төрешінің естілсе ысқырығы.

Айып добын белгілеп, гол соғылса,

Айтады екен жыр қылып үш күн мұны.



Аяқтардың алаңда табы қалған,

Бұл дырдуды көп шығар сағынар жан.

Ойлайтындар баспенен қағажу қап,

Аяғы бар жандардың бағы жанған.



КӨЛ ЖАҒАСЫНДА



Көл маңайы. Қалың тал. Қамыс-қоға – жағасы,

Құжынаған шіркейге толып тұрған арасы.

Тышқандардың індері, құмырсқаның илеуі, қаз-үйректің ұясы,

Таусылмайтын тіршілік қайнап жатыр, қарашы!



Көбелектер ұшып жүр қанаттарын қағатын,

Инелік пен шегіртке, сона да жүр шағатын.

Көл бетінде сұңқылдап қаз-үйректер жүзіп жүр,

Қанатымен ұшса да, құйрығымен қонатын.



Шалқар көлдер тұңғиық жанарындай даланың,

Жоламасын жалғанда деп тілейсің нала-мұң.

Көл жағасы адамның тірлігіне ұқсайды,

Салыстырып қара да, түсініп ал, қарағым!



ЕСТЕ ҚАЛДЫ



Есте қалды жүгіргенім, күлгенім,

Есте қалды ат қып шыбық мінгенім.

Есте қалды базарында жастықтың

Дос-жаранмен қоян-қолтық жүргенім.



Есте қалды сауық-сайран, той-думан,

Есте қалды күндерім де ой қуған.

Есте қалды нала-мұңым, шаттығым,

Қуанышым басым түсті қайғымнан.



Есте қалды тұлпарлардың шапқаны,

Есте қалды қастың құрған қақпаны.

Есте қалды ауылдағы иттердің

Шабаланып, балағымнан қапқаны.



Өткен күндер тартқан шығар көмескі,

Жаным мөлдір, болса-дағы тән ескі.

Тәтті балдай таңдай қаққан шақтарды

Еске алудың өзі бақыт емес пе?!



ҚАЛАМСАП

Көріп жүрмін неше түрлі қаламсап,

Таңдағанда болу керек маған сақ.

Кейбіреуі қанмен жазса шындықты,

Кейбіреуі жылмаңдаған жарамсақ.



Кейбіреуі данышпансып, білгірсіп,

Кейбіреуі өсек жазар көлгірсіп,

Кейбіреудің сырты жылтыр болғанмен,

Іші қуыс, іздегені – кіл қырсық.



Кейбіреуі жазады тек көргенін,

Күліп-ойнап, тойда тойып жүргенін.

Кейбіреуі сөзге сараң, тым тұйық,

Өзегінде не жатқанын білмедім.



Кей қаламсап іздеп жүрсе жаңа айғақ,

Кей қаламсап кібіртіктер, қарайлап.

Ақ қағаздың бетін былғар шимайлап,

Мықты қолдар ұстамаса абайлап.


* * *



Жерді басып жүрдім,

Жер жылуын сездім.

Күн төбеге келді,

Күн қызуын сездім.

Шаршап-талдым, кездім,

Кейін қалдым, оздым.

Адал досқа сендім,

Амал достан бездім.

Ыстыққа да төздім,

Суыққа да төздім.

Өзгерген жоқ қалпым,

Құбылса да мезгіл.

Майын жедім көздің,

Балын жұттым сөздің.

Е,Құдайым, қолда,

Жақсылыққа кез қыл!


* * *

Бөгемей сезім тасқынын,

Жарқылдап өтті жас күнім.

Мойныма кейде батады

Құс жүнін салған жастығым.



Өтсе де зулап неше күн,

Біледі өмір есебін.

Тәніме кейде батады

Түбіттей жұмсақ төсегім.



Жастығым, жанған өрт едің,

Тұманды күн бе ертеңім?!

Соғады кейде суық жел

Астынан қалың көрпенің.



Тұрғанда денем тоңазып,

Кетеді көңіл құлазып.

Жабырқау жанды жұбатып,

Отырам сосын жыр жазып…


* * *

Атамыздан жайлау иісі шығады,

Апамыздан қымыз иісі шығады,

Ақ мамасын еміп жатқан томпиып

Талбесіктен сәби иісі шығады.



Егістіктен дәннің иісі шығады,

Диірменнен ұнның иісі шығады,

Әжем менің пісіргенде бауырсақ,

Ас үйден де нанның иісі шығады.



Кең даладан жусан иісі шығады,

Алма бақтан алма иісі шығады,

Дастарханнан айт күндері жайылған,

Жеміс-жидек, құрма иісі шығады.


* * *

Жылқышылар жүрген жылқы қайырып

Жазық жерде есек те жүр жайылып.

Үйірінен қалды ма екен адасып,

Қыр астында кісінейді тай-үміт.



Жан біткендей тұрған жерге қаңырап,

Енесінен ажыраған қозы-лақ

Емшек іздеп, әрлі-берлі жүгіріп,

Азан-қазан қылады екен маңырап.



Жайлау осы – төрт түліктің мекені,

Күннің көзі қыздырады шекені.

Айдаладан киіз үйді көргенде,

Бал-қымызды ішкің келіп кетеді.


* * *

Жаратқан қолдайды екен баталы ерді,

Өмірге қос немерем қатар келді.

Ұзартып өмірімді ұрпақтарым,

Самрат пен Нұрия атанды енді.



Көрсем де күліп талай таң атқанын,

Күн нұрын төңірекке таратқанын.

Бақ келді құтты айында оразаның,

Мол болсын ырыстарың, қарақтарым!


* * *

Сенгендер мансабына, мал мен баққа,

Ұнатпай сүйенгенді тіл мен жаққа,

Айтылған жыры шоқтай қарыған соң,

Тастапты кітаптарын жанған отқа.



Құл қылып құлақкесті бас ұрғанды,

Сарғайтып сағыныштан ғашық жарды,

Жандайшап сала алмаған тілге кісен,

Қаматқан абақтыға асылдарды.



Айтқанға ақиқатты қауіп басым,

Кезінде қалай айтқан тауып Қасым.

Тілдерін шешендердің кесе алмаған,

Тастаған сол тіл үшін шауып басын.



Болатын, қайран, ерлер, елге тірек,

Сіздерді үлгі қылып ер жетіп ек.

Қалса да өкпесі өшіп, қуат кеміп,

Өкшесін тұрған олар жерге тіреп.



Айтқанды ауырсынса ет пен сүйек,

Кей кезде қойған болса тілге тиек,

Тілімен ары менен жанын қорғап,

Арқасын тұрған олар елге сүйеп.



Қаланың қызып жатқан базарындай,

Халық жоқ жер бетінде қазағымдай.

Шыжғырған шындықты айтқан ақындары

Киелі қазағымның таза арындай.


* * *

Жақсымен де араластым,

Жаманмен де жағаластым.

Алға ұмтылсам құлшынып кіл,

Қызыл-жасыл тіршіліктің

Қызығына шала маспын.



Жақсылармен бірге болып,

Жамандардан ірге бөліп,

Елім деген ерлерім де

Көл қорыған қызғыш құстай

Туған жерін жүр ме қорып?!



Ішіп жүрген арам асын,

Күйттегендер қара басын,

Жеткен жерін шамаласын,

Сыртына айбат көрсеткенше,

Іштің дертін тазаласын.



Оң жағымда – ниетім берік,

Сол жағымда – етім өліп,

Күншығысқа бетін беріп,

Қайран, уақыт!

Ауытқиды

Сағат тілі секілденіп…


* * *

Нан тауып жүр біреулер жұдырықтың күшімен,

Күн көріп жүр біреулер аяғының ұшымен.

Біреу тілмен, біреулер баспен көрген күнкөріс,

Бейімделсе кәсіпке, айыбы жоқ, түсінем…



Арып-ашыр біреу жүр жұмыс таппай сенделіп,

Біреулер жүр тіленіп, жұрт алдында күнде өліп.

Несібені халыққа жатқан кім бар тең бөліп,

Біреулер жүр елді жеп, алдап-арбап, күн көріп.



Аяқасты болғанда тіл мен дәстүр, ар-намыс,

Ойын-күлкі, көп қызық – арамзаға алданыш.

Жұмыр жердің бетінде, жол шеті, жел өтінде

Жүріп жатыр арпалыс, қарбаласқан жанбағыс…


* * *

Адамдар кейде жаман түс көреді,

Дөңбекшіп ұйықтап жатып, тістенеді.

Қалғандай киіміне күйе жұғып,

Түсінен оянған соң сескенеді.



Адамдар кейде жақсы түс көреді,

Алтын тақ, баянды бақ түске енеді.

Қазына жиналғандай қамбасына,

Бармайды байыбына ештеңенің.

Мәз болып шыға қалса тау басына,

Сенеді болмаса да еш дерегі.



Түсіңнің белгілі ме сыры саған?

Күйзелсең, басу айтып, болыса алам.

Ойлама жаманатты, абыржыма,

Шығады, неден қорықсаң, жаның содан.

Сақтайтын кесапаттан сабыр ғана,

Түсін тек жақсылыққа жорыса адам.


* * *

Жұртқа жаққан сөзімен, Һәм ісімен,

Ең керемет, ең ғұлама кісілер

Өмір сүрген секілді

Өтіп кеткен ғасырда.

Жан-сырыңды айтқызбай-ақ түсінер,

Мейірімді, қайырымды кісілер

Жүр ғой, бірақ, қасымда.

Ұмытпайтын жүзеге асқан ісін ел,

Бізден де артық кісілер

Келешекте туары анық, расында.


* * *


Кейбіреулер көтерілсе аспандап,


Оларға да болғаным бар баспалдақ.

Залымдардан жәбір көрсем, жас парлап,

Жайсаңдарға дауыс бердім қос қолдап.



Зерттеп жүріп алуан қырын ғаламның,

Санаспадым сөздерімен жаманның.

Ақиқатты айту үшін жаралдым,

Көріп жүрген көп түйткілге алаңмын.



Ойда жоқта қашқан кезде бастан бақ,

Жігерсіздер қиындықтан жасқанбақ.

Жүрген кезде ауаны да бос қармап,

Жолдас жиып, жүрдім жақсы дос таңдап.



Шыңға шықтым құдіретімен қаламның,

Зейін қойдым пікіріне адалдың.

Мерейі үшін, намысы үшін адамның,

Қабырғаға кірпіш болып қаландым.


* * *

Үлкен жолда жатқан көлік ағылып,

Қарамайды жолаушыға көлдеңен.

Кетпес пе екен жүрісінен жаңылып,

Жол тәртібін, ережесін білмеген.



Асфальт жолды күннің көзі қыздырып,

Танауыңды жарып кетер қарамай.

Сананы да шырмап алар жүз күдік,

Шешесінен таяқ жеген баладай.



Уақыт та өткен шығар бірталай,

Аялдама толып кеткен қоқысқа.

Заулап келе жатқан көлік байқамай

Қаз-үйректі тапап кетті оқыста.



Көзге жылы көрінеді қарайған,

Жол бойынан танып келем әр ізді.

Сым тартылған бағаналар сорайған

Сигареттің жарнамасы тәрізді.



Жол, бәрібір, жетелейді алысқа,

Шыдау керек жыласаң да, күлсең да.

Қатарыңнан сен де ендеше қалыспа,

Арып-ашып, жаяу-жалпы жүрсең де…


* * *

Ағаларың жүрген болса алдыңда,

Ізімен жүр, көп тағылым бар мұнда.



Інілерің келе жатса артыңда,

Сүйеуің бар, алға жүрсең, тартынба!



Құрдастарың тұрған болса қатарда,

Мойымайсың шыққан кезде сапарға.



Бұршақ-сынды ұрып жылдар түйдегі,

Соңғы кезде қатарымыз сиреді.



Қарт азайса – емес өмір мәңгілік,

Жас молайса – мұның өзі заңдылық.


* * *

Әрбір істің соңын күтер сабырлы,

Біткен іс пен піскен жеміс қадірлі.

Отқа түсіп, дастарханға жеткенше

Наннан қымбат емес оның қамыры.

Жапырақ жайып жайқалса да бәйтерек,

Адамдарға көрінбейді тамыры.

Биіктегі жанған шамның, байқасаң,

Дәл қасына түспейді екен жарығы.

От ұлғайса өртке айналар ақыры,

Бар әлемді шарпып кетер жалыны.

Тежеймін деп әуре болма ешқашан

Басылғанша асау аттың арыны.

Кемталанттар балағынан тартса да,

Таланттыны алып шығар дарыны.

Өткен күннен тұрған жоқ па сыр шертіп

Қобыздардың күңіренген сарыны.


* * *

Жаратқан Алла ғаламды,

Жаратқан екен адамды.

Адамға қуат болсын деп,

Жаратқан және қаламды.



Қаламмен айттым сырымды,

Қаламмен жаздым жырымды.

Ізіндей болдым қағазда,

Бабамның өткен бұрынғы.



Жеткізді қалам наз-үнді,

Қаламмен хаттар жазылды.

Арамның түссе қолына,

Қаламмен ор да қазылды.



Қаламмен таптым малымды,

Қаламмен жидым барымды.

Бермеймін айырбасқа да,

Берсең де түсіп тағыңды.



Қаламым менің – киелім,

Өзіңді шексіз сүйемін.

Сен түскен күні қолымнан,

Тоқтауы мүмкін жүрегім.


* * *

Бұл фәниде актерміз біз құбылған,

Құлағымыз босамайды сыбырдан.

Жаралаймыз, табалаймыз біреуді,

Сүрінгенге күліп жатса жығылған.



Көлгірсумен мықтыларға ұнаймыз,

Маска киіп мастанғанға шыдаймыз.

Елге қарап кейде өтірік күлеміз,

Елді көріп кейде өтірік жылаймыз.



Жолыққанда өмір деген өткелде,

Ақиқатты бетке айтқанды жек көрме.

Сыпырылмай кетуі де мүмкін ғой

Аярлардың жүзіндегі бетперде.


* * *

Табиғаттың құбылмалы мезгілі,

Айырықша байқалады күз күні.

Аттың басын бұра алады сол ғана,

Мінген аттың болса кімде тізгіні.



Санадағы толып тұрған үрейді

Саналылар ақылымен күрейді.

Қысты аңсаса шыдамаған ыстыққа,

Тонған кісі жаз шықса деп тілейді.



Өткен сайын өмірдің сан белесін,

Жамандықпен жағаласып келесің.

Етектегі жасыл шөпті аңсайды

Көрген кісі биік таудың төбесін.



Көңіліңді бұзар кейде ой бөтен,

Алда тұрған дария ма, жар ма екен?!

Тіршілікте жаяу жүріп, ат мініп,

Жолдың шетін көрген кісі бар ма екен?



Ұзын жол бар – көтере алмас нар сынын,

Қысқа жол бар – сабындай-ақ қамшының.

Тура жолдан бұрылмасаң болғаны,

Көкейдегі осы менің жан-сырым.


* * *

Нұрландырса өміріңді сан арман,

Қуанасың ұрпағыңа жаралған,

Күн қыздырса, егілген дән көктеген,

Жауын жауса, қара жер де нәр алған.



Бозбаланың дұрыс шықса есебі,

Әже болса бойжеткендер кешегі,

Бұл күнді де аман-есен көрдік деп,

Тәуба қылсаң, көңіл шіркін өседі.



Алыстарға жетелесе жол басы,

Ұрпақ деген ата-ананың жалғасы,

Бір толқынды толқын қуып келесі,

Құрғамайды тіршіліктің арнасы.



Жолаушымыз бәріміз бір кемеде,

Бұл дүние екі айналып келе ме?!

Ден сау болып, қуантсын тек біздерді

Бұл ғұмырды ұзартатын немере.


КӨЗДІҢ ЖАСЫ

Көздің жасы қайғы-мұңды жуады,

Көздің жасы іштің дертін қуады.

Көздің жасы жанарыңнан мөлтілдеп,

Қамыққанда, зарыққанда шығады.



Көздің жасы жүректегі қатқан шер,

Алты ай қыста қары қатып жатқан шер.

Көздің жасы тоңды жарып көк шөптей,

Мұзды ерітіп, асып-тасып, аққан сел.



Қыстың өзі келе жатқан жазға сын,

Көздің жасын сыйлап өтем өз басым,

Жауын – көктің, теңіз – жердің көз жасы,

Өлең-жырлар – іштен шыққан көз жасым.


* * *

Атқа қонған, топтан озған кездерім

Қызғанышы болды кейде өзгенің.

Біреулерге шаншу болып жабысты

Қаңтардың да суығына төзгенім.



Биге шыққан кезімде де екі жеп,

Түсінбедім тұрғанын жұрт не тілеп?!

Көңіл, шіркін, талпынса да жоғары,

Сенім бір күн сала берді сетінеп.



Көп болса да жоғалтқаннан тапқаным,

Жарылса да сірескен мұз қап-қалың,

Қымбат маған асфальт емес, далада

Жусан иіскеп, жаяу жүрген шақтарым.


* * *

Абыржыма, аптықпа, сабыр сақта, ей, досым,

Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін!

Жемісі көп ағаштың бұтақтары иілсе,

Дақылы жоқ масақтар кереді екен кеудесін.



Көрген кісі бетіңді түсіне ме ниетіңді,

Жерде отырған кемеңгер көптің бірі секілді.

Ойы шала болса да, данамын деп күпінген,

Төрде отырған маубастың сөзі болар өтімді.



Мақтанғанда жусаннан биікпін деп бетеге,

Айтқан сөзің, тегінде, құлақт арға жете ме?!

Жүрсе-дағы секеңдеп, сақалы бар екен деп,

Жүні қалың қой біткен бас шұлғиды текеге.


* * *

Тонсаң да қаңтар, ақпанда,

Тап болсаң-дағы қақпанға,

Байқамай отқа күйсең де,

Жамаулы киім кисең де,

Мұз қатқан суға түссең де,

Қатықсыз сорпа ішсең де,

Ауыр жүк сүйреп, талсаң да,

Жапанда жаяу қалсаң да,

Болса да бейнет телегей,

Солардың бірін елемей,

Көңілде уайым аз болса,

Он екі мүшең сау болса,

Өмірің болар базарлы,

Жүзің де болар ажарлы.


* * *

Қаладағы қаптап кеткен шыршалар

Тәуелсіздік мерекесін тұмшалар.

Жасы жетпей қыршынынан қиылмай,

Жақсы еді ғой орманында тұрса олар.



«Ағаштарды тамырынан айырған

Жөн емес!» – деп қызыл тілім ойылған.

Шыр айналып, қу таяққа табынған,

Өзге жұрттан бар ма сенің айырмаң?!



Шыршалардың жасыл түсі сарғайып,

Қалтыраса, кескен жанға бар ма айып?!

Шыбықтарды қызық үшін қырқып ап,

Сол шыршадай көктей солып қалмайық.



ҚАЗАҚТАРЫМ БАР ЕКЕН!

Бағынбаған,

Ел қабағын баққан,

Жағынбаған,

Ел-жұртына жаққан,

Табынбаған,

Қалағанын тапқан,

Қазақтарым бар екен!

Тарылмаған,

Сескенбеген жаттан,

Қиналмаған,

Құрылса да қақпан,

Аман қалған

От пен судан, оқтан

Қазақтарым бар екен!


* * *

Ұқсамаймын неге мен басқаларға,

Басқаларға ұқсауға жасқанам ба.

Тосқауыл боп жолымда тосып тұрған

Тау ма, су ма, орман ба, тас па, жар ма?!



Өліп-өшіп жанады білте неге?

Жарығы жоқ шыққандай күн төбеге.

Бірдей болып сырт көзге көрінсе де,

Ұқсамайды бір төбе бір төбеге.



Кірген сөз де әртүрлі бұл құлақтан,

Ішкен су да әртүрлі мың бұлақтан.

Бірдей болып сылдыры естілсе де,

Ұқсамайды жылға да жылжып аққан.



Ұқсаса да түр-түсім өзгелерге,

Ар-ұяттан күні үшін безген елге

Ұқсамайтын ойымды айтсам деймін,

Тамағыма лықсып сөз келгенде.



Биіктерге теңесер өре қайда?

«Болам десең – ұқсап бақ» деген ойда.

Ұқсаң болды сезімді жүректегі,

Ұқсамасам ешкімге, кінә қойма!



* * *

Тыңдамай ми менен жүректі,

Бағынса нәпсі мен ақшаға,

Қалайша түреді түнекті,

Жегі құрт түспей ме бақшаға?!



Үстіне тұратын үйінің

Алтын мен күмісті жапса да,

Жүректе болмаса мейірім,

Адамды өмірде жоқ сана.



Жүрсе де қи жинап қорада,

Шалжиып мамықта жатса да,

Сәулесі болмаса санада,

Есалаң жалшы да, патша да.


* * *

«Сүйем!» деген асыл сөзді мың айтып,

Сүйгеніңді алып жүрме мұңайтып.

Кейбір сәтте керек емес сөзің де,

Сезіміңді қас-қабағың тұр айтып.



Талай-талай жақсылықты көз көрді,

Жаттап жүрдік тәтті, әдемі сөздерді.

Кейбір сөздің көп айтылған, алайда,

Жылдар өте мағынасы өзгерді.



Бұтақтағы жапырақтар дір еткен,

Долы желдің сесін көрген кіл өктем.

Қатты айтсаң да, айтсаң да сәл жұмсартып,

Ең жақсы сөз – шыққан сөзің жүректен.


* * *

Қуанғанда тәтті жырды жазғанмын,

Кетті бәрі жұтылып.

Қиналғанда ащы жырды жазғанмын,

Шайнап-шайнап, тастады оны түкіріп.



Күле-күле ішегім де түйілді,

Өледі адам көп күлген.

Кім түсінер менің мына күйімді?

Күлкіден де мезі болып кеттім мен.



Инеменен жарып едім жарамды,

Іші толған іріңге.

Күннің көзі қыздырғанда ғаламды,

Тұзы қалды ыдысымның түбінде.



Күн мен түндей өтіп жатқан алмасып

Бір қуаныш, бір қайғы.

Кейде аймалап, кейде жөнсіз жармасып,

Менің алтын уақытымды ұрлайды.


* * *

Айы туса оңынан,

Иілген бас мойыннан

Кесілмес деп ойлайтындар көп білем.

Менің сенен айырмам:

Мықтылардың алдында

Ешқашан да тізерлеген жоқпын мен.



Ат үстінде жүрсе де,

Адаспасын білсе де,

Мігіттер көп тұрған малдай қорада.

Басы дауға қалса да,

Тісі бүтін болса да,

Сөзін бұзып жүргендер бар арада.



Жамау қосқа қонса да,

Тоны жыртық болса да,

Жігіттер бар жаурамаған қаңтарда.

Болса-дағы уайым көп,

Аштан өлер жайым жоқ,

Алты малта қалса болды қалтамда.



Өзі болған жігітке

Серік болар үміт те,

Ауа райы қай кезде де қолайлы.

Атқа жайдақ мінсем де,

Ойнасам да, күлсем де,

Тізгініме ие болсам, жарайды…


* * *

Нұрын шашып тұрған кезде жарық күн,

Ауыр жүкті әйел жүрсе көтеріп.

Күнкөрістен қалжыраған халықтың

Кеткен оған еті өліп.

Өсекшінің ұзын тілі сүйреңдеп,

Күндер жылжып өтіп жатса күйбеңмен.

Қисық аяқ қызыл етік кигенге

Елдің көзі үйренген.

Асыл сезім көкіректе сақтаулы

Түсіп жатқан секілді ғой сынаққа.

Ести-ести шектен шығар мақтауды,

Жауыр болған құлақ та.

Іздейді жұрт тіршіліктің амалын,

Қансыраған қасқырдайын жаралы,

Астан-кестен, алмағайып заманның

Қас-қабағын бағады.


* * *

Бұл заман пенделерді билейді екен,

Ырқына көнбегенді түйрейді екен.

Намысы, жігері жоқ жасықтарды

Саз балшық секілденіп илейді екен.



Бұл заман пенделерді сүйрейді екен,

Шықпасаң озып алға, тимейді екен.

Қырық жыл қырғында да ажалсыз жан

Отқа да жанып жатқан күймейді екен.



Бұл заман байлықты әкеп үймейді екен,

Несібе бұйырғанға тимей ме екен?!

Отырған қол қусырып, қыбырламай,

Жалқауды жатыпішер сүймейді екен…


* * *

Кеше ғана жатқан бала бесікте,

Тілі шығып, жүгіреді есікке.

Аттың жалын тартып мінсең, тәуекел!

Жолда қалма, мақсатыңнан кешікпе.

Жолдың ұшы тығырыққа тіреліп,

Қария тұр таяғына сүйеніп.

Атақоңыс мекен болған әр ұлтқа,

Келешекте кім жасайды иелік?!

Өсімдіктің тамыры мен сабағы

Шіріген соң туған жерде қалады.

Шыбықтардың өспей жатып қураған

Бірақ, кімге болар екен обалы?!



* * *



Қырда, ойда ойын-сауық, ас та көп,

Жиын-тойда шұрқырасар дос та көп.

Тәнің тозып, бірақ, жүйке жұқарса,

Ойлай берсең, уайымың шаштан көп.

Қырау-сынды самайың да ағарса,

Шашың түсіп, қалсаң керек қасқа боп.

Ойын ойнап жүргеніңмен, гол салмай,

Қуып жүрген адамдайсың босқа доп.

Әліңді біл, әлімжеттік жасама,

Толған ыдыс шарасынан аспа көп.

Шамырқанба, адал досқа шамданба,

Басу айтса аспа және таспа деп.

Алыс жерден арнайы іздеп барғанда,

Қалмасын да елжіреген дос жүдеп.


НЕГЕ?

Кейде тыныс бітіп,

Ауаны әзер жұтып,

Ұмтылсаң да қанша,

Аламын деп ұтып,

Жеткізбейді мәре.

Неге,неге,неге?



Ақ желкенді керіп,

Арманыңа еріп,

Толқындарды тіліп,

Алға жүзсең сеніп,

Қайырлайды кеме.

Неге,неге,неге?



Көп кісіні жасық

Қалса мысың басып,

Қарсы келген жауға

Тұрсаң кеуде ашып,

Қадалады жебе.

Неге,неге,неге?



Болсаң да хан, төре,

Жетпегенді жебе,

Жетімдерді еле,

Тыныш жүрсең және,

Жоламайды пәле.

«Неге, неге?» –деме.



Жібек жіптей есіл,

Түйген жіптей шешіл.

Қиналғанға қол соз,

Қастасқанды кешір,

Қисаймасын көшің,

«Неге, неге?» –деме.



* * *

Кей кезде қорқынышты түс көремін,

Түлкінің боғы дейді түс дегенің,

«Апырай, не болды?» – деп сескенемін,

Сол түсім өңім болса не істер едім?!



Оянсам, өзіме өзім келе алмаймын,

Тәтті түс көрсем-ау деп қиялдаймын.

Таң ата жан-жарыма жорытамын,

Жориды жақсылыққа ол әрдайым.



Жабырқап, жан-жағыма алаңдаймын,

Сезімнің жетегіне ере алмаймын.

Өңімде көрген қызық түсім бе деп,

Кей-кейде өзіме өзім сене алмаймын.



Көргенім – таныс жандар, таныс белес,

Жырақта жатқан Шолпан, Марс та емес.

Арасы өң мен түстің жақын емес.

Арасы өң мен түстің алыс та емес.


* * *

Сәбидің жылағаны –

Емшекті анасынан сұрағаны.

Әйелдің жылағаны –

Күйзелген тауқіметтен, сірә, жаны.

Еркектің жылағаны –

Биіктен оңбай жерге құлағаны.

Оларды жұбатуға

Тірліктің табылмай ма бір амалы?!

Бұл өмір шындығында

Жылау мен жұбатудан құралады…


* * *

Бөлінбейтін сандар бар деп екіге,

Көзің жетіп тұрған-сынды көкіме.

Бөлінеді бес пен тоғыз, жеті де,

Ащы таяқ тиген болса етіне.

Бөлінуін бөлінеді, алайда,

Қалдығы оның қалқып шығар бетіне.

Бөлінгеннің болады ғой обалы,

Бөлінбейсің, шыдасаң жел өтіне.

Қалдықты да тең бөлуге болады,

Байланысты тек бөлінер сәтіне.


* * *

Жауыннан соң жатыр ма екен жер кеппей,

Көргің келсе атқа мініп, қырға шық.

Егін еккен жерге жатса су жетпей,

Кей қаланы кетеді екен су басып.



Бетпақ дала күн көзінде қуарған,

Арал анау суы құрып, суалған.

Кейбір жерде жалғыз тал да өспейді,

Кейбір жерде сыңсып тұрса ну орман.



Несібені қоймай ма деп тең бөліп,

Жүргендер бар тұрақ таппай сенделіп.

Молшылықта естен шығып жоқшылық,

Тойғаннан соң жатпайды ешкім мән беріп.



Жылуды аңсап жүрдің кеше суықта,

Лай да іштің қолың жетпей тұныққа.

Құрмет көріп, отырғанда марқа жеп,

Ашта жеген құйқа дәмін ұмытпа!


* * *

Мойында, ақын, мойында,

Берілме, бірақ, уайымға.

Қас-қағым сәттей өмірде

Уақытың кетті ойынға.



Жастық шақ құшақ жайғанда,

Белсеніп кіріп майданға,

Мас болып қызық дәуренге,

Уақытың кетті сайранға.



Қосылған кезде санатқа,

Зымырап өтіп әр апта,

Ас ішіп, аяқ босатып,

Уақытың кетті қонаққа.



Ұнаймын дедің баршаға,

Ақылың өсіп-толса да,

Бағаңды білмес наданға

Уақытың кетті қаншама.



Күлдіріп, кейде жылатып,

Кетті ғой есіл уақыт.

Отырмын соған өкініп,

Өзімді өзім жұбатып…


* * *

Қар жапқан шыңның басына шығып жаңа мен,

Биіктен төмен қарап ем.

Өзім де қатты таң қалдым,

Кісі екенін таныдым сонда мен әрең

Етекте қаптап, қыбырлап жүрген жандардың.



Содан соң төмен түскен соң,

Сағынып таудың самалын,

Бұлақтың суын ішкен соң,

Жоғары жаққа қарадым.

Биікте тұрған кісі ме, тас па, құс па, әлде?!

Ажырата алмадым…


* * *

Қалмайды көктем келсе, қыста қаһар,

Мұзың де көктемде еріп, қыста қатар.

Қанатың қатаймаса, шырқау көкте

Ақиық қырандармен ұшпа қатар.



Күн суып, үсік түспей ағаш солмас,

Жаз бен қыс бір біріне қоңсы қонбас.

Ыстыққа, суыққа та төзе алатын,

Қалдырмас орта жолда, болса жолдас.



Көктемде егін жасыл, күзде сары,

Бидайдың жиналады күзде дәні.

Түр-түсін әр мезгілде өзгертетін,

Ұқсайды табиғатқа жас пен кәрі.



ҰМЫТТЫМ



Шыққан сайын түн түнегін түріп күн,

Бұл жалғанда сайран салып жүріппін.

Ұмытқам жоқ достарымның күлкісін,

Қастарымның табасын ше?

Ұмыттым.



Дәмін таттым ыстық пенен суықтың,

От пен суға түсіп әбден шынықтым.

Біреулерді қуантқаным есімде,

Кейбіреуді жылаттым ба?

Ұмыттым.



Ортасында күдік пенен үміттің,

Орналасқан ұмытшақтау жігітпін.

Сені, жаным, құлай сүйдім, алайда,

Ренжіткен кезім бар ма?

Ұмыттым.



Арасында тазалық пен былықтың,

Өмірдің де қасиетін шын ұқтым.

Жақсылықты өз басымнан өткергем,

Жамандықты тіршілікте көп көрген

Неге, неге, ұмыттым?!


* * *

Көздерім бар, көріп жүрмін барлығын,

Құлағым бар, естіп жүрмін барлығын,

Көріп жүрмін не жегенін сорлының,

Естіп жүрмін не дегенін жарлының.



Көріп жүрмін не істегенін кесірдің,

Естіп жүрмін сөзін жетім-жесірдің.

Байыдым деп басып-жаншып өзгені,

Қазағым-ау, неге сонша есірдің?!



Көріп жүрмін көздің еті өскенін,

Естіп жүрмін жинағанды ішке мұң.

Күні бойы көк жәшікке телміріп,

Кедейлер мәз көргеніне түс керім.



Естіп жүрмін масайраған мастарды,

Көріп жүрмін баспанасыз жастарды.

Тыңдап жүрмін ренішін үлкеннің,

Көріп жүрмін сәбилерді тастанды.



Жаңғырығы толтырса да тау ішін,

Жоғарыға жетпей қойды дауысым.

Әлде соны көріп, естіп жүргендер

Ақылынан кетті ме екен аукысып?



О, Жаратқан! Не тілейді сенен ел?

Жалбарынам! Тілеуімді бере көр!

Керегімді тілмен айтып қалайын,

Біздің қолдан бұдан басқа не келер?!


* * *

Жеріміздің жазылмаған жарасы,

Жерлестердің кінәсі мен күнәсі,

Шоқан менен Ыбырайдың наласы,

Ахметтің, Бейімбеттің ызасы,

Елдес пенен Міржақыптың қайғысы,

Өзімнің де басымда тұр, қарашы!



Ақсұлудың тыңдалмаған жырлары,

Әбілахат ағамыздың мұңды әні,

Өзіп қалған жазудайын құмдағы,

Жайсаңбектің айтылмаған сырлары,

Тағы менің егілтеді жанымды,

Күз келгенде күйзелгендей жыр бағы.



Сахнаға Елубай мен Серке кеп,

Бір жағынан Қапан тұрса ентелеп,

Театрдан Сәбит пенен Ғабитты

Жандайшаптар қуып шықса желкелеп,

Өксік келіп тіреледі алқымға,

Неге елімде жүре алмаймын еркелеп?!



Көсемдер көп, қайсысына ерейік,

Мылжыңдаған езге қалай сенейік?!

Кеңкелестер ақыл айтып данаға,

Арамдардың жүрген жолы кеңейіп,

Қыран ұшқан, арлан жортқан далада

Шибөрілер кеткен екен көбейіп.


 


qazaquni.kz




Көрілген: 1971    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 30.10.2019, 11:01

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30