Алаш ақыны

Анар Шамшадинова: Кешірем сенсіз келген көктемдерді...

  • Анар Шамшадинова: Кешірем сенсіз келген көктемдерді...

    Анар Шамшадинова: Кешірем сенсіз келген көктемдерді...

* * *
Мұңнан қашпан жеңе алмас,
Ғашықтықты қайтаратын дәрі бер.
Маған ешбір тәуіп көмек бере алмас,

Сағынышты тарқата ма дәрігер?

Жаңа гүлдеп өмірімнен түңілдім,
Бақыт алдап қашқақтайды әрі-бер.
Тәнім бүтін, көкірегіме үңілдім,
Жанымды емдеп жаза алмайды дәрігер.

Мама, мен де махаббаттан алдандым,
Құрбан болып қайталанбас шақтарым.
Үміт үнді шыққанымен алдан мың,
Адасады арман құшар ақ таңым.

Мен егілсем, дүрмек дүние қыңбады,
Көңіл суып, тәнім суық әбігер.
Жасымды сүрт, өлеңімді тыңдағын,
Мама, маған шақырмағын дәрігер...

 


* * *
Ақындыққа о бастан-ақ бекінгем,
Өлең - өмір, өлең - менің тағдырым.
Енді ешқашан ештеңеге өкінбен,
Жүрегімде бар ғой менің ақ жырым.

Сағынышпен қоныстанған кеудемде,
Өлеңімнен басқа түк жоқ, жыламан.
Айлы түнді есіңе алма ей, пенде,
Бақыт сұрап қайғы-қасірет құраған.

Көктемеде кербез күйді кешкенмін,
Шабытыммен бірге шалқып көңілім.
Әке, сенің үмітіңмен өскенмін,
Қалай ғана мұңға толды өңірім?

Сан сүріндім Бекет қана сақтады,
Тәңірім де тауыспады тұзымды.
Әке, сенің арманыңды таппадым,
Кешір жырға жанын берген қызыңды...

 

 

* * *

Мама !

Мен бәрінен шаршадым.

Әл бермес әрнені аңсадым.

Жылатпай жұбатшы, жалынам

Көзімнен жас емес, тамса мұң.

 

Шаршадым, жабайы сезімнен

Тас емес, таразы төзімнен.

Сүйем деп сүрініп күйемін,

Қателік кетеді өзімнен.

 

Сағындым біреуді, бір елді

Көмейге құмарлық тірелді.

Еліткен, еріткен жерітпей,

Сағымдар шалқайып жүр енді.

 

Өзімнен, сөзімнен алдандым,

Тізерлеп төсінде жалғанның.

Ұмтылып, биікке құлшынып,

Соңында жалғыз қап сандалдым.

 

Бәлкім мен ақын да емеспін?!

Қасында қаңғырған елестің,

Мама, менбәрінен шаршадым

Енді өмір – тамаша демеспін...

 

***
Өмірімнің төріндегі ең,
Көңілімнің көгіндегі күн.
Сағыныштан салған әнім сен,
Жазымыштың жазғанына беу...

Тамшысымын қара қаныңның,
Бауырыңда балапаныңмын.
Бар жылуын алақаныңның,
Бердің әке.

Өтер өмір қасқағымдай-ақ,
Дүние шуақ шашқанымен де.
Басты бейне – дастанымдағы,
Сенсің әке.

Жазылмайды сенсіз жыр менде,
Жалғыз жүрек сен дер кеудемде.
Атар таңнан үміт жоймадың,
Сапарларда сені ойладым.

Тәңірімдей табынарым - сен,
Тағдырым да, бағым, барым - сен.
Адам бол деп күнде сұрадың,
Сеніміңді ақтау - мұратым.

 

 

* * *

Алматы, кешір, таң мен кештерімді,

Өткізген сенен жырақ.

Білмеймін, не істерімді?

Кеш күлген арманыма кеудем –тұрақ.

 

Үмітсіз жүрмін жылап,

Алыстап сенен бәлкім кеткенімнен?!

Жаныңа баурап алдың, бірақ,

Күлкі емес, мұң тамғаны текке ернімнен.

 

Бәрібір құшағыңда,

Тоңбас ем қарашаның күндерінде.

Сағыныш сені-дағы тұсады ма?

Жібектей Жетісудің түндерінде.

 

Қарайсың өкінішпен,

Қоштасқан бір ақынға сырың азық.

Мамырда махаббат - гүл, көгерішпен,

Күткенде оралады жырын жазып.

 

 

* * *

Қысқы шаһар. Ұзын көше. Түнгі шақ

Өзім деген өлең үміт тым жырақ.

Әйнегімде қырау биін қалдырған

Бүгін маған жалғыздығым құндырақ.

 

Сен келмейсің. Жеткізді оны суық жел,

Суық желмен жалғыздықты қуып бер.

Тоңғаным ба, құшағыңды аңсадым,

Ақ мамық қар мұңдарымды жуып көр.

 

Аспан алыс, одан сәлем мамық қар,

Қайың, терек күтулерден жалыққан.

Сені неге сонша сүйген екенмін?!

Дауа болмай дәрігер мен тәуіптен.

 

Жазға жетпей, күзге кетпей мұңдандым,

Енді қашан дауысыңды тыңдармын?!

Ақ болсаң да, бақ таппадым жалғыз қап,

Кешір ақ қыс, жесір бақсыз жындандым.

 

 

* * *

Бойымда байырғы аза мұң,

Ақымақ хаттарды несіне жазамын?

Өзіңе кезігіп,

Сезімге күң болдым

Десем де күнәдан тазамын.

 

Сәттерде есімнен жаңылам,

Ойда – өлең, құшақта жаңыл-ән.

Сені ойлап ұйқымнан қағылып,

Құштарлық төсіне таңылам.

Көруге ынтықпын таң сайын,

Күтумен өтуде қанша айым?!

Сен ғана іңкәрім іздеген,

Мен сендік ханшайым!

 

Болмайды жолыңда қаза мұң,

Жауапсыз хаттарды несіне жазамын?

Жарқ етіп жолығып,

Зар еттің көрінбей

Сағыныш – торында азамын.

 

 

* * *

Көргім келген шақтарда

Өлгім келген...

 

Көргім келген шақтарда сізді ғана

Өлгім келген қиялдың көрпесінде.

Тірлігім мен ұйқымды бұзды қала,

Мендік бітпес мұңдардың өлкесінде.

 

Сағынғанда сезімге дауа болмай,

Жалынғам да бейнеге қабырғада.

Жалғыздықтан жынданғам жауап алмай,

Өлеңімнен Бағынбас сабырға да.

 

Қиналғанмын,

Кеште әсем сізді көрмей.

Жиналғанмен бармадым.

Жандыңыз ба?

«Келер» деді үмітім үзілердей

Өлең жаздым шашуға алдыңыздан.

 

Көргім келген шақтарда сізді ғана

Өлгім келген...

 

 

* * *

Жолыңды тосудан жалықтым,

Менде енді үміт те өледі.

Қалың ел бәріне қанық-ты,

Жоқ бірақ көмегі.

 

Ақ қырау кештен де жоқ қайыр,

Тұрғаны әп-әсем расында.

Білмей ме, білер-ау, көк тәйір,

Жәйімді сағыныш басынған.

 

Жолыңды тосудан шаршадым,

Ол жақтан жол жоқ па қайтатын?

Көліктер бармай ма қанша мың?

Көшеде босқа өлең айтатын.

 

Жағада тұрамын жыларман,

Шағала шырылдап зеріккен.

Даусыңды есту де бір арман,

Телефон соқпайсың неліктен?

 

 

* * *

Кешірем менсіз атқан таңдарыңды

Кешірдім менсіз жатқан түніңді де.

Несіне айта берем жанда мұңды?

Сен – мендік, мен –сендікпін бүгінгіде.

 

Кешірем сенсіз келген көктемдерді

Бір хабар жеткізбеген өктем желді.

Мұңсыз күн сені-дағы кешіремін

Асқақ Ай аласарып өпкен жерді.

 

Тірлігім сенсіз рас қиындады,

Алайда Алла жазған сыйым бар-ды.

Кеудеге күтулерден дерт толғанда,

Кешірдім сен тойлаған жиындарды.

 

Ақындық о бастағы жүгім міне,

Тағдырым қалдырмасын түгімді де.

Кешірем тек сен үшін барлығын да

Ертеңді, кешегіні, бүгінді де.

 

 

* * *

.... Олай болса, кел сезімді жерлейік

Несі қалды өлмеген?

Көрін қазып, топырақ сап терлейік

Жарай қоймас, көмбеген.

 

Сағыныш пен бақытты да жерлейік

Тоз-тоз болған үмітті.

Дымсыз қалып, сөйтіп біздер ерлейік,

Бізге кімдер күліпті?!

 

Құрылмаған шаңырақты жығайық,

Тәңір төнбес елжіреп.

Екеуміз де тәуелсіз боп шығайық,

Тезірек!!

 

 

* * *

Қар жаның

Тәнімді жуады.

Ардағым –

Сендегі күлкінің шуағы.

 

Ән-жырды

Қалайша өзіңнен аярмын?

Тағдырдың

Тағы сын сағатын кешуге даярмын.

 

Сен үшін

Ет кесем етімнен, орын ал санамнан.

Мен үшін

Сендей жан табылмас ғаламнан.

 

Құдірет,

Алыстап жүргенсің жақында.

Үкім ет,

Шабытқа шомылған ақынға!

 

 

 

* * *

Сұрамаймын мейірім сенен жылап,

Тәкаппарлық әлі де солмағандай.

Махаббат па?

Ол бүгін менен жырақ,

Алғашқысы, соңғысы болмағандай.

 

Тал бойымды талдырған сағынышқа,

Салынғаным көзімді жұмып алып.

Жалғыз еткен тағдыр ма, жазымыш па?

Ең бақытты шағымды сылып алып.

 

Өшкен кезде өртенбей аппақ сезім,

Теңіз тыншып, көк күлмей, тұман далам.

Шаршап жүрмін, шағылып шақпақ төзім,

Өзгеге де, өзіме күмәнданам.

 

Жалғыз жүрмін – тілегің орындалды,

Ең мұңлысы қаланың хас бүгінгі.

Аялаудан арманды қолым талды,

Құшып болдым көрпемді, жастығымды.

 

Өлеңімнен іздеймін бір емімді,

Күлімдейді жастарын көзім сарқып.

Сен бәрібір ұқпайсың жүрегімді,

Сезім түгіл, бір ауыз сөзім артық.

 

Түн-тамұқты тәрк етіп, таңды аламын,

Зорға сүйреп тірлікке құр денемді.

Кеш қалаға кіргенде сандаламын,

Жоғалтқандай ең қымбат бірдеңемді.

 

 

 

* * *

Ақша қар да, аппақ арман қуантпас,

Енді мұңнан қорғай алмас құшағың.

Ыстың тәнің, қыстың әні жұбатпас,

Темір төсек –құшарым.

 

Арашала тәңір сыйы – жарық Күн,

Айсыз түнде адасқаным анық-ты.

Кешіре алсаң, жылуыңа қарық қыл,

Күнә тұнған жастарымнан жалықтым.

 

Сіз –дастансыз, мен –бір қағаз өлеңмін,

Сіз –бейхабар, мен бәріне қанықпын.

Сіз келгенше сағыныштан өлермін,

Бақ қуам деп көште жалғыз қалыппын.

 

Жаны жыртық, әлі үрпек қыз екем,

Таптап өтіп, сіз кетесіз қайтадан.

Өлең – өзім, мендік өмір – сіз екен,

Жерде, төрде, көрде Сізбен бақ табам.

 

 

* * *

Барар едім, өмірді өртеп көргісіз,

Хат жазар ем, мекен - жайың белгісіз.

Ән салар ем, тәңір дауыс бермеген,

Жыр оқимын, тұла бойды кернеген.

 

Жайланар ем, жаным десең жан еркем,

Аймалар ем, күнмен бірге таңертең.

Терезеде қырау болам қысқы кеш,

Ерітетін екі демнің ұшқыны.

 

Барар едім итке тастап тірлікті,

Мұңымды орап сәнін бұзған шырқымның.

Табар ма едім шарлап шықсам құрлықты?

Тым болмаса бір сынығын күлкіңнің.

 

Елесіңді құшып тұрып қалғанмын,

Нұр бейнеңе есімді алған тоймаумен.

Ұмытам деп тырысқанмен, алғанмын

Көз шырымын сені ғана ойлаумен.

qalamger.kz




Көрілген: 5331    Пікірлер: 0

жексенбі, 05.04.2020, 00:09

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30