Есенбай Дүйсенбаевтың эпиграммалары

01 шілде 2022, 23:59

Әбіш Кекілбаевқа

Жапырақ төгіп күрең бет күз,

Жанып-сөну ізі міне...

Елу жылда бір енбеппіз

Ең болмаса тізіміңе.

 

Кеудемдегі күй бөтен бе,

Кеуілі жұртқа аян дана?!

Мен жазып ем Имекеңе

Алпысыңда баяндама.

 

Келемін ғой балап Сізді

Кемел сөздің көсеміне.

Тарлан дейсіз талантсызды,

Қанатсызды арлан дейсіз,

Косса да олар өсегіне.

 

Ақын жаны нәзік қой, ұқ,

Біресе бұл, біресе ондай...

Қолтаңбасын жазып қойып,

Қолы тимей жүр Есенбай.

 

Рымғали Нұрғалиевқа

Уайым, күмəн еселенді,

Артқа салдық неше белді...

Жас жылдарга қайтпайсың ба,

Жан сөзіңді айтпайсың ба? –

Тарттым саған «Пешенемді!»

 

Таусылмаған татар дәмі,

Мен – ақынмын қатардағы.

Сен – атақты академик

Рымғали аталғалы.

 

Өліп-өштім талай рет,

Мен өлеңнің малайы боп.

«Біздің жастық шағымыздың

Бір кішкентай Абайы» деп.

 

Үлкейтуші ең баяғыда...

Келді өмір аяғына.

Сүйене бер дейсің бе сен

Тағдыр-шалдың таяғына.

 

Рафаэль Ниязбековке

Ей, Рафка, есенсің бе?

Екі жаққа да ғажапсың:

Қап тауында - шешенсің де,

Ақтауымда -  қазақсың.

 

Именной қанжар-сапылысың,

Иесісің найман әйелдің.

Ичкерия батырысың,

Ақынысың қай елдің?

 

Қазақстан желпіндірмес,

Омырауды оқалап.

Шет ел асып кетіп жүрме,

Шешен қыздан тоқал ап.

 

Орыстың кім дұшпаны анық,

Орынсыз ой толғатпа.

Террорист деп үстап алып,

Тергеп жүрер ол жақта!

 

Базарбай Исаевқа

Өлең де бір өртін жайған

Қанды қырғын, қызыл майдан.

Жүректерге хат тасушы -

Менде үлкен шен болсын қайдан...

Полковник Исаевқа -

Ефрейтор Есенбайдан.

 

Келсең біздің мекенге де,

Табасың бұл кеңседен сен...

Ей, Базеке, екен деме

Ефрейторлықты ең төмен шен!

 

Бүккен тізе Гитлерге

Бүкіл герман әскерлері...

Мен доспын адам итімен де,

Пайгамбарлық жас келгелі.

 

Ол от төгiп төбелерден,

Ортеді әлем қалаларын...

Оқ шығармай... мен өлеңмен

Дүниені жаулап ала аламын.

 

Мен жүректер тас болмасты

Ойлап жүрер жолым бөлек.

Бар ғаламға Бас Қолбасшы

Поэзия болу керек!

 

Дүйсенбек Қанатбаевқа

1.

Құрдас деп көкірегімнен күй селдетсем,

Алжаспан «жер тәңірісін» сүйсем деп мен.

Сапарлап Сапармұрат Ниязовқа,

Аман-сау оралдың ба, Дүйсенбек сен?!

 

Жастыққа тимей кеше жар құлағың,

Жоғынды деуші ең қалай бар қыламын?

Қазаққа «Рухнаманы» қүран қылып,

Міндің бе Түрікпенбашы арғымағын?!

 

Қалай деп неғылайын тақтың пұлы,

Алладан жоғары емес Хақтың құлы.

Яссауи қылуеттегі мен болайын,

Мақамда сен болып қал Мақтымқұлы!

 

2.

Жапырақсыз қалған бейне құр бүтақ

Жақсы жырдың бәйтерегі тұр жұтап.

«Жаңа жинақ» деп жүргенің – баяғы,

Сол баяғы бір кітап қой, бір кітап.

 

Өтірік деп айтасың ба осымды?

(Өкпелету ойымда жоқ досымды!)

Өзгергенмен қосылғыштар орыны,

О, Дүйсеке, өзгермейді қосынды!

 

Байбота Қошым-Ноғайға

Құлының да құлбазардың

Оқуы көп, көзі ашық-ты.

Оразбайы бұл заманның

Бұрынғыдан оза шықты.

 

Ойлап алдың, артыңды да,

Ойын-күлкің сарқылды да,

Жүйесіз сөз иесін таппай,

Жүйкең сымдай тартылды ма?!

 

Көп жасаған данышпандай

Көрінесің кәрі боп тым...

Мыңмен жалғыз алысқанда,

Абайдан да әрі кеттің!

 

Ұлықбек Есдəулетке

Жастайынан атқа мінген Ұлықбек,

Жас ақындар датқа білген Ұлықбек,

Ұлық емес, ұлы шайыр болсам деп,

Жыр сұраған Хақ-Тәңірден Ұлықбек,

Қағанаты - қазақ әдебиеті,

Жамағаты жатқа білген Ұлықбек

Тұма жыры мөлдіреген тұнық көк.

 

Көрмеген түк түйір жұтап Ұлықбек,

Көре алмасқа - мүйіз кітап Ұлықбек.

Алағайға қарсы қарап тұратын

Қарағайда - иір бұтақ Ұлықбек.

Талай рет тапталса да табанға,

Киесі бар «Киіз кітап» Ұлықбек.

 

Мүйізін де қаға алмаған, қақпаған,

«Киізін» де болашаққа сақтаған...

Бірақ, бірақ... шаштан сүйреп әйелді,

Бас терісін күн отына қақтаған

Байғұстардың қара табан, ақ табан

«Шаңырағын» шалқасынан түсіре,

Шарт сындырып, трактормен таптаған

Тар кезеңде тағы да осы Ұлықбек

Қаламгерде қала әкімін жақтаған?!

 

Ойға түсіп сан сапалақ, ой, Алла-ай,

Күмілжимін күмәнімді жоя алмай...

Ақын Ұлықбек , атқамінер Ұлықбек -

Жүр екеуі бір Ұлықбек бола алмай!