Жарас СӘРСЕК: Кеудемде жатыр менің намыс жылап...

Жарас СӘРСЕК: Кеудемде жатыр менің намыс жылап...

ҚАРАДАЛА
Аштықты көріп арыған,
Қастықты көріп налыған,
Көзімді ашып көргеннен
киелім сен ең таныған.

Шарын мен Іле арасын
жайлаған шалқар даласың.
Сартоғай,
Ыстық суыммен
Ынтығым болып қаласың.

Бабамнан қалған көз еді
Бау-бағың, тауың, өзенің.
Өңгеріп кетсем дегеннің
өртедің талай өзегін.

Сүмбеден ұшқан сұңқармын,
Сұңқарды көздеп құртар кім?
Жайқалған жасыл ішінде
Жапырақ жайған бір талмын,
Жантайып өскен бір талмын.

Көнеден қалған көз едім,
Өртенер содан өзегім.
Атылмай қалған оқ едім,
Айтылмай қалған сөз едім.

Жырақта жүрмін – шетінмін,
Жете алмай кейде өкіндім.
Шошанай,
Сүмбе – ортағым,
Әкем мен анам секілдім.

Құдай-ау, қандай даласың,
Көнесің әрі жаңасың.
Үзіліп кеткен-дер-ім-ді
аймалап жатқан анасың.

Саған да мейірім көп керек,
Маған да мейірім көп керек.
Желпілдеп барып кейде мен
Мөлтілдеп қайтам өкпелеп...

Қайырылмай кетсем, қарамай
жасыма жалғыз баладай.
Өзіңсің қара шаңырағым,
Далам-ай – Қарадалам-ай!

Көк белдеріңе көктеммін,
Сөз етем несін өткеннің.
Жоғалу үшін кеткем жоқ,
Оралу үшін кеткенмін.
Далам-ау – Қарадалам-ау!
***
ҚАЗАҚЫ КҮЗ
Жапырақ көміп іздерді,
Күз келді, көкем, күз келді.
Сызданып бірге сыз келді,
Қымтану керек бізге енді.

Шат күнім қалды шалғында,
Ызғарлы күнім алдымда.
Тайғанақ менің тағдырым,
Тағы да сынға салдың ба?!.

Жауыннан,
Желден,
Дауылдан,
Шағым жоқ тіптен ауырған.
Еккенім қайда?
Не орам?
Қысылам содан қауымнан.

Не ектім күзге дейін мен,
Күн өтті «кейін, кейінмен».
Не таптым арзан құрметтен,
Не таптым сауық, сейілден?!.

Осындай, көкем, халім бар,
Мақамы мұңлы әнім бар.
Үзілмей қалған бұтақта
жапырақ сынды жаным бар.

Түспесін, көкем, иінің,
Түспесін еңсең, биігім.
Сандалып салқын сыртта жүр,
Бар ма еді жылы киімің?

Жапырақ көміп іздерді,
Күз келді, көкем, күз келді.
Жаз қалды жайлау төрінде,
Қымтану керек бізге енді,
Күз келді, көкем, күз келді...
***
Сан мыңдаған адамды саясына жинаған
Сен байқұсты ойласам ұйқым қашып қиналам.
Жанашырға зар болып қуысымда сыздайсың,
Жүрегім-ай, жүрегім басқа ешкімге сыймаған!..

Байқұсым-ай, байқұсым,
Даяр әркез қызметің.
Аяғынан кетсе де адамдардың сыз өтіп.
Сені аяйтын сонда да ешбірінің жоқ түрі,
Өзімдікі болғасын өзім жүрмін күзетіп.

Сен жүрегі болғасын салдыр-салақ ақынның,
Мау басыма сәулесі кеш түседі ақылдың.
Келіп-кетіп жүргендер кеткен екен кірлетіп,
Енді соның азабын жалғыз тартып жатырмын.

Арбасына тиелген қабындаймыз азаптың,
Ырғатылып барамыз жұртын іздеп азаттың.
Соңы сен ғой дейсің бе жұлмаланған жүректің,
Соңы мен ғой дейсің бе жүрегі ауру қазақтың.

Аралап көр сенбесең, аралап көр ел ішін,
Ентігеді анау дос жеткізбеген жел үшін.
Отан үшін,
Ел үшін ауырады анау дос,
Ауырады мынау дос ұрпақ үшін, ел үшін.

Ауырады ағалар бір басының қамы үшін,
Ауырады балалар бір жапырақ нан үшін.
Уайымнан у ішіп отырғандар мына топ,
Жыртылмаған жер үшін, себілмеген дән үшін.

Өзің айтшы байқұсым, айтшы қане дұрысын,
Байлам болар өмірге бар ма біткен бір ісім.
Шаншып-шаншып қоясың – шамшырағым – жалғызым,
Ауырасың не үшін?
Алаңдайсың кім үшін?!.
***
ҚАСҚАЖИРЕН
Құдай-ау,
Не болғансың Қасқажирен,
Тұрқыңа тұрмын қарап басқа күймен.
Алдымнан мың-сан үйірін өтсін айдап,
Өзіңдей болсын қайдан басқа жирен.

Баяғы қайда қалған таныс құлақ,
Таныс құлақ дегенім қамыс құлақ.
Құдай-ау, не болғансың, не болғансың,
Қамыс құлап қапты ғой қамыс құлап,
Кеудемде жатыр менің намыс жылап...

Жалыңда өзі қалған бала кездің,
Өзіңмен қыр жайладым, дала кездім.
Жер сиған,
Аспан сиған –
Бәрі сиған,
Орнында ойық қапты қара көздің.

Жүргенде қу тағдырдың силығын-ай
арманға кеткен есті жидыра алмай!..
Тойдым ғой,
Қойдым ғой мен, Қасқажирен,
Уақытты уысыма сидыра алмай.

Кезінде ен далама көрік болған
Қасқам-ай, көрінгенге көлік болған.
Сен үшін мына дүние жоқ сияқты,
Сен үшін мына дүние өліп қалған.

Сен ең ғой мына мені қазақ қылған,
Қуғаннан,
Құтырғаннан азат қылған.
Қасқам-ай, қайтсем екен заманыңа,
Заматта дәл осылай мазақ қылған?!

Қасқам-ай,
Қанатым-ай,
Жиренім-ай,
Күйдірді-ау кездескенің күйде бұлай.
Қамалсам – айырып алар Түздегім-ай,
Қаңғысам – қайырып алар Үйдегім-ай!..

Сен желген паң далаға мен сыя алмай,
Мен жүрген тар қалаға сен сыя алмай
барады басымыздан дәурен өтіп,
Қашқан аң,
Ұшқан құсты еш қия алмай!...

Жерде – тоң,
Аспанда – аяз,
Үй – шешесіз,
Қалтырап,
Тоңып күнде күй кешеміз.
Түнерген мынау аспан аясында
екеуміз қалай, қайтіп үйлесеміз?!

Сен қасқа не білесің,
тас қалада,
күніге куә болып масқараға
кешкісін күрсінумен атау ұрттап,
құлаймыз көрінбестен жас балаға.

Сұраймыз аз қылғай деп заман жүгін,
Жылаймыз жұрттың тілеп амандығын.
Баянды бола ма өзі Бостандығым,
Қу көңіл соған тағы алаң бүгін.

Білмеймін,
Білмейтінім көп боп кетті,
Мәлімім көз алдымда жоқ боп кетті.
Өмір деп жүргенімнің көбі өтірік,
Ұлтарақ тұсым тағы шоқ боп кетті.

Дәл сендей мен де бір кез биік болғам,
Бөріксіз басым мынау – иіп болған.
Қас та жоқ,
Қабақ та жоқ қазір менде,
Өртелгем,
Өртетілгем,
Күйіп қалғам.

Мен деген адам дейтін ұяттының,
Сен деген тұлпар дейтін тұяқтының
тұқымы саналғанмен жай-күй мынау...
Бәріне мен кінәлі сияқтымын.

Бәріне біз жазықты сияқтымыз
бәйгеде
озса,
қалса
тұяқтымыз.
Ұзартқан аяғымды қайран Қасқам,
Алдыңда өле-өлгенше ұяттымыз.
Ер-тұрман сенен қалған есекке өтті,
Ешқашан кешілмейтін сияқтымыз.

Шабатын жерің қалмай,
жайылымың
былғанып нәжісіне бай ұлының
осындай заман келді,
Заман өлді
беретін қасқаларға қайырымын.

Көңілім Көптен бүгін шет қонады,
Көлкілдеп шер кеудеге дерт толады.
Адамдар жүрген жердің бәрін де ылғи,
Әйтеуір арғымақтар мерт болады!..

Қараймын қажып саған қайран Қасқа,
Қартпын мен қайраты жоқ ойдан басқа.
Қайманам не біледі қойдан басқа,
Қайманам не біледі тойдан басқа.
Серттескен жұрт сындымыз ойланбасқа...

Жалт етіп өттің-ау, бәрі қас-қағымда,
Жал құшқан,
Жанған шағым,
Тасқаным да.
Әйтеуір кісінегім кеп тұрады,
Осы мен адаммын ба,
Басқамын ба?..
***
Қайран күндер қасыңнан
қалғып-мүлгіп өттім мен,
Ояна алмай көп болды
өлең жазбай кеттім мен.

Қаламымның сиясы
қатып қалған сияқты.
Ақ қағаздан әлде осы
алып қаштым ұятты...

Өз-өзімді ақтаған
амалыма қарашы,
Ақиқатын айтсаңшы,
Иттің ғана баласы!

Мың күнімді өлтіріп,
Бір күнімді келтіріп,
Көп теңселдім көшеңде
қайрат-күшім кертіліп.

Жүргендердің бәрінің
жүрегінен көз іздеп,
Әуеден де,
Жерден де
дем беретін сөз іздеп,

Әуресі көп өмірге
өкпелеумен келем мен.
Суысқаным жөн бе осы
досым болған өлеңмен?!

Арманымды айшықтап,
Соған салып берген ем,
Не жамандық көрдім мен
өзім жазған өлеңнен...

Өзегіме қаламның
көк сиясы құйылып,
Өн бойымнан барады
қызыл қаным сұйылып.

Тамырларым тырсылдап,
Жарылардай болып тұр.
Жаным жарақатынан
жазылардай болып тұр...

Өлеңіммен сәлден соң
ақ парақта беттесем.
Ағытпақпын көмейін
ағып бірге кетпесем...

***
АДАСҚАҚТЫҢ АЙТҚАНЫ
Сыйласар көп сырласқа сыйым болмай,
Жүрген-ай мына күнде күйім болмай.
Сыздаған жүрегіме сырқат жамап,
Дертті еткен қу мінезім қиын қандай!..

Құлаған қиын қандай әлің барда,
Әжімсіз ажарың бар,
Әрің барда.
Сыртымнан сырқатымды емдеп жүрген
сиқыршым,
дәрің бар ма,
дәрің бар ма?

Білмеймін, қазір менде жалын бар ма,
Мәз болам былғанбаған арым барға.
Аспанда ұша-ұша аш құрсақпын,
Алданып ағымдар мен сағымдарға.
Құлдилап құшағыңа келем құлап,
Жер-Апа-ау, наның бар ма, наның бар ма?

Айтпаған,
Айтылмаған әнім де алда,
Әу дейін қу кеудемде жаным барда.
Бір торғай бір жағымда шырылдайды,
Құс патшам,
Дәнің бар ма,
Дәнің бар ма?

Қиялап тартсам деп ем кезеңіме,
Өмірім өрт боп түсті өзегіме.
Аптапта көлеңке іздеп аласұрам,
Су патшам,
Ағыз мені өзеніңе.

Кәрінен уақыт пен замандардың
тал қармап талай-талай аман қалдым.
Қалғу жоқ қазір маған
қайтармаған
алдында қарызым көп адамдардың.
Онсыз да өкінішке толы өмір бұл,
Онсыз да келер бәрін тәмамдар күн.

Қол да аман,
Аяқ – мығым,
Бас – қалпында,
Жан-дүнием жалындайды жас қалпында.
Кез әлі келген жоқ-ау
қыр басынан
қасқайып қарап тұрар тас қалпымда.

Қиялап тарттым, міне, кезеңіме,
Қарамай қарайғанның кезегіне.
Осыдан көлеңке іздеп көзге түссем,
Су патшам, ағыз мені өзеніңе.
***
Жоғалып кетеді көп өлең,
Жоғалып кетеді көп ойлар.
Құдай-ау, бейғамсың не деген,
Өзіңнен басқа оны кім ойлар?!

Кім іздер өзіңнен басқа оны,
Сүрт анау көзіңді жас толы.
Қағазың қалыпты ашығып,
Қаламың қалыпты шашылып
қазанды аңсаумен ас толы.

Талпындың,
Алқындың азырақ,
Жан-жағың бара ма азынап?
Түгенде жоғалтқан дүниеңді
ұйқыңнан азырақ қарыз ап.

Өйтпесең өмірің оңбайды,
Дейсің бе өзге одан сорлайды.
Жек көріп,
Көп көріп өзгені
шет қонып жүруге болмайды.
Болмайды...
Болмайды...
Болмайды...

Өлеңнің жоғалған бағы бар,
Ойдың да жоғалған жаны бар.
Бағы бар,
Жаны бар десек те,
Олар да бастауын сағынар?
Тек ізде,
Табылар...
Табылар...
***
Сені іздеп жүрмін адалдық,
Қай жаққа көшіп кеткенсің?
Қай кеуделерде жаралып,
Қай кеуделерге өткенсің?

Көңілде аяз өзіңсіз,
Өңірде аяз төзімсіз,
Күн кешем қалай өзіңсіз,
Күн кешем қалай көктемсіз?!

Сонымен қайда жүрсің сен,
Қай жақтан табам сабылып?
Сарғайтқан жанды кімсің сен,
Сағынып жүрмін сағынып.

Жанымды неге ұқпайсың,
Жарқылдап алдан шықпайсың,
Келесің қашан елге сен
ашу-ызаңнан арылып?
Өлетін болдым жарылып...

Қай жаққа кеттің қыр асып,
Кімдермен жүрсің жанасып?
Кімдерге жүрсің сыр ашып,
Кімдермен жүрсің жарасып?

Күн жарық еді біз жақта,
Ай жарық еді біз жақта,
Қай жақта жүрсің адасып,
Кімдерге жүрсің қарасып?

Қай жақта жүрсің қастерлім,
Дәл қазір ұшып жетейін,
Қанатым талса қайтейін.
Алдыңнан бір рет өтейін.

«Қайтару үшін құрбан қыл
қара басыңды»,-десең сен,
Деп пе едің артық құлдан құл,
Ғайып боп қазір кетейін...
***
ЖОЛАУШЫНЫҢ КӨКЕЙІНДЕГІСІ
Дала көрдім
тау мен тас,
өзені бар,
Қарағайы,
Қайыңы – өзегі бар.
Неткен ғажап өңір бұл Тәңірім-ау,
Ақпен шайған ауызын өз елі бар.

Неткен ғажап өңір бұл гүл жайнаған,
Перзентінің қанында жыр қайнаған!
Келіп алып кете алмай кері қарай
кер бестімді тізгіндеп шыр айналам.

Қимас қалқам қалғандай қиналамын,
Қиналғаным – емес бұл сыймағаным.
Пұл берсем де жатпас па ем бір жағында,
Бір жағынан жоқ және жинағаным.

Тым болмаса тисін деп пайдам бір шын,
Ақыл айтқан ұлына айлам құрсын.
Туған жердің қадірін туған ұлы
тұрып жатқан шағында қайдан білсін.

Жер қадірін білместен мен де солай
жырақ кеткем жылыстап елден солай.
Өз жеріне өгей боп шерленеді
өмір жолын шиырлап пендең солай.

Туған жердің түсімде түнін көрем,
Күнін көрем көгінде күлімдеген.
Өзге өңірге тамсанып
өз жеріме
өлу үшін барармын түбінде мен.
***
БОЗЫМ
Әй, Бозым,
Әйәй Бозым,
Бозым, Бозым!
Ілескен соңымдағы жалғыз қозым.
Жаныма жаз боп енген жарығым ең,
Жалғаннан бақ таппаспын жалғыз өзім.

Әй, Бозым,
Әйәй Бозым,
Жарығым-ай!
Тұратын шамшырағым жанып ұдай.
Түн болсын,
Түнек болсын іздей қалсам,
Жанымнан табылатын анығым-ай!

Әй, Бозым,
Әйәй Бозым,
Сыңарым сен!
Шырқалған сағыныштан шын әнім сен.
Тұнығым,
Мөлдірімсің мөлтілдеген,
Шөлдесем шөл қандырған бұлағым сен.

Әй, Бозым,
Әйәй Бозым,
Бауырым-ай!
Жалғанның жал сипатпас ауырын-ай...
Өтер-кетер дүниеде келіп-кетіп,
Жүрсең деймін жанымнан табылып-ай!

Әй, Бозым,
Әйәй Бозым,
Атың озсын!
Жақын – жау, заман болған жаты – досы.
Өңір суық болса да, көңіл суып
«кетпесін», – деп қалдырған хатым осы. 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста