Алаш ақыны

Жұматай Жақыпбаев: Тарыдай меңде кетті ме, таба алмай қойған бақытым?!

  • Жұматай Жақыпбаев: Тарыдай меңде кетті ме, таба алмай қойған бақытым?!

    Жұматай Жақыпбаев: Тарыдай меңде кетті ме, таба алмай қойған бақытым?!

Жұматай Сағадиұлы Жақыпбаев 1945 жылдың 30 қаңтарында Алматы облысы, Талдықорған ауданындағы Ешкіөлмес ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын кітапхана меңгерушісі болып бастаған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.


Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде, облыстық радиода және «Жалын» альманахында поэзия бөлімінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. 


1990 жылы өмірден өтті. Алматы қаласы көшелерінің біріне есімі берілген. 


Шығармалары:

- Саратан. Өлеңдер. А., 1979;

- Ләйлә. Өлеңдер. А., 1981;

- Шұғынық гүл төркіні. Өлеңдер. А., 1984;

- Көктемдегі хаттар. Өлеңдер. А., 1994;

- Ләйлә. Өлеңдер. А., «Атамұра», 2002.


 


* * *

Суық тер төккізетін,

Тау жаман қияметтен.

Аттар бар өткізетін,

Қорым тас қия беттен.

Жол барда ор табылар,

Тұяққа жүгіретін.

Аттың да қорқағы бар,

Сақсынып сүрінетін.

Қиқулап жар салдың ба,

Тағдырдай даралайтын

– Аттар бар қарсы алдында,

Құз тұрса қарамайтын…

Жыр елі, күй еліне,

Ат болған алғаш арман.

Мұсаның сүйегіне

Жаяулық таңба салған.

Барына ат алдырған

Атама мұрагермін.

Ақанды Ақан қылған

Тағдыры Құлагердің.

Тайында жыр қып түге,

Мәпелеп жастан баққан.

Атының жүйріктігі,

Жігітті аспандатқан.

Айтамын жақындарша,

Тұрса да дәтім бармай.

Тұлпардай ақын болса,

Тұлпар бар ақындардай.


 


* * *

Көмкеріп маусым біткенде қырқаны гүлмен,

Көк суы – қымыз

Көп ішіп жұрт әрі кірген.

Сарноқай тауда той болды –

Жиренім менің

Кермеде тұрды қалмақтың Бұрқаны мінген

Сетері құсап, көзге ілмей жердегі майда

ит пенен құсты. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.

Айғайдан зеңгіп ақ бұлттар

Күнде өткен аспан,

Ат қайтты-ай, шіркін! Бұрқ етіп

Бір беттен ақ шаң.

Зулады бәрі, заулады жалғыз ат шаңы,

Тұтанған бикфорд шнурының жүрдек те шапшаң

Түтіні құсап, көрсетпей жердегі майда

қозғалыстарды. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.

Аршалы таудан естіді самалды далам,

Құшақтап сүйді осынау хабарды ғалам!

Ала аяқ жирен бәйгеден алдымен келді,

Өткен ғасырдан жолдаған бабамның маған

Сәлемі құсап, елетпей жердегі майда

Күңкіл-шүңкілді. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.

Аспаннан сүйіп жүрсе егер қырқаны қыран,

Оны да сонау атамның ұрпағы қылам.

Ақшамда келіп аулына, атыңды айтып,

Киіз туырлықты қазақтың

Шырқадым бір ән

Ақаны құсап елемей жердегі майда

Поп-музыкаларды. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә.


 


* * *

«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп күн,

«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп түн.

Дүниенің көріп жүрген күллі елін

Көрдім маған күннің қатты күлгенін.

Қатты күлді, әйелдерше күлді кеп:

«Сені тосып жүре ме ол, - деп, - үлбіреп?!»

Құшағы бар аялайтын аялы,

Түн мүсіркеп, түн кеп мені аяды.

Аяды кеп, аялады күлмеді,

Қоңыр үнмен жұбатты кеп түн мені:

«Мәңгі түнге жеткеніңше уақыт көп,

Күлкілі боп жүрісің де бақыт», - деп.

Аямайтын күн болып кел – бәрібір,

Аялайтын түн болып кел – бәрібір.

Сені, Ләйлә, қара көзді киелім,

Қайыспастан қара жерше сүйемін.


 


* * *


Нөсер қылған қой көздің шөкім мұңын,

Қозы мінез бір лирик отыр, күнім.

Отыр, күнім, алдымда, мен айтайын

Ақынның шопырлығын.


Күрмелмеген, күмілжіп бір сəт тілі,

Күлімсіреп алдынан тұрса ақ күні.

Қолын артқан рульден берілгендей

Автоға жұмсақтығы.


Терезеден желемік самал өпсе,

Самал өпсе - сергітер амал етсе,

Зуылдайды сұр "Вольга" асфальтпен

Жатаған самолетше.


Айналамды автодан шолам келіп,

(Зуласа ағаш - көк жасыл боран делік)

Əкем менің əкеткен мейірімді

Жүрмін-ау содан көріп.


Имандай шын жыршыңның осы айтқаны,

Осы айтқаны секілді дос айтқаны...

Анадайдан үш кемпір көрінді де,

Қолдарын шошайтпайды.


Үш кемпірдің тұсына бірақ əлгі

Сусылдаған сұр "Волга " тұра қалды.

– Апа,мін, – деп ашылды айқара есік,

Қалды есте бұ да мəңгі.


Жарып өтіп Жетісу нуын дағы,

Сұр бедеуше автосы зуылдады.

– Қол көтеріп неліктен тұрмайсыздар?..

Диалог туындады.


– Қол құрғырды "Волга" деп көтермедік,

Көтерсек те көкиіп өтер дедік.

Қамшы сабы тірлікте аналарды

Ардақтап өтер ме едік.


Басқамызға сол сөзге кейін күлген,

Сабақтады басқаша ол ойын мүлдем.

– Барлық ана сиятын авто болса,

Шофер боп өтуге де бейілмін мен.


Телеэкран көзімен жайлы əлемге,

Қарай-қарай өзіме айнамен де,

Байқағаным – ұқсастық сол ағаммен

Бар екен, Лəйлə, менде.


 


* * *


Безенбесе, безенер үйі өрнекпен,

Сол шаһарға басымды ием көптен.

Жұпар аңқып-мамырда, ақшам туса,

Жайнайтын неонды отпен.


Жан-жағыма қарауға үлгермей көп,

Өз босағам өзімнің іргем ғой деп.

Асқақ келе жатушы ем, жермен емес,

Аспанмен жүргендей боп.


Көше бойлап қаз-қатар өріктері,

Тауса алмайтын гүлдерін төгіп, тегі.

Қазірде ол ғажайып бір заманда

Мұнан да көрікті еді.


Жүгіртемін мен оны енді əр саққа,

Түтінінен сейілтер желді аңсап та.

Өркендеді, қанша өсті, əсемдігі

Жетпеді сен бар шаққа.


 


* * *

Айтамын жанның басқа әнін,

Дедім де, үміт жоқ енді.

Ыза боп отқа тастадым,

Өзіңе жазған өлеңді.


Қағазды баурап алды да,

Жалын кеп шеттен қармады.

Қалғаны түгел жанды да,

Бес әріп бар тұс жанбады.


Сарғыштау дақ бар бетінде,

Сол үшін өртпен дүрдараз.

Ошақтың қалды шетінде,

"Ләйлә" деп құйттай бір қағаз.


Жұлып кеп алдым ойланбай,

Аз болар бұл сәт ой да тым.

Жүректен өшпей қойғандай,

Отқа да жанбай қойды атың.


 


* * *

Ешкімге мұндай мінез берілмеген,

Күнім ең көптен бері көрінбеген.

Ойымда ештеме жоқ, домбыра ойнап,

Жатыр ем нағашымның төрінде мен.


Үстіне артылған соң дара білек,

Шанақта бір оқшау күй барады үдеп.

Төр. Бөлме. Бір кезде әжем кірді,

Бесінім қаза болып барады деп.


Мұратқа соныменен жетті ме екен?

Бір тілде күбірлеп ап кетті бөтен.

Селк еттім. Не деп кетті? Сөйтсем әжем:

"Ләйлә, илло - алла"... деп тұр екен.


Онсыз да жойылса да саны аз күнә,

Сүреге ұйи қалды сабаз мына.

... Өлең не? Ішінде атың бар болған соң,

Оқығым келіп кетті намазды да.


 


* * *

Кермиығым, мен сені кеш аңсадым,

Қаншама рет тоқтады десеңші әнім.

Ен дәулеттен айрылған сияқтанам

Еске түссе ессіз күн, есер шағым.


Жұтқызбаған жұпарын жалбыз едің,

Жалбыз едің, жанымның жалғызы едің.

Кербез күшпен келдің де билеп алдың,

Келбетіңмен кеудемнің жанды жерін.


Бейнең сенің өңге бір, түсте бір кеп,

Диуаналық жолдарға түскенім көп.

Таусылған соң амалым, тұрам ылғи,

Тағы да бір қиғылық істегім кеп.


Іздегенім сен болсаң – таптым қайғы,

Ондай жанға байыздап бақ тұрмайды.

Қисық, қыңыр болса да мен жүрген жол,

Бақыт үшін күреске таптырмайды.


 


* * *

Сонау жасық, сонау отты кезімнен

Күнім бар ма сені ойламай көз ілген?

Соным үшін шошындым мен басқадан,

Соным үшін шошындым мен өзімнен.


Бұл өмірде үлгірмеген, үлгірген

Қызықтардан осыны ұғып үлгіргем.

Барлық әйел бір - ақ әйел болса егер,

Онда несін ақын болып жүрмін мен?!


Жолын таппай жаралап бір сыңар қыз,

Оны да біз алдарқатқан шығармыз.

Біз сүймесек, сүйісеміз неліктен,

Біз неліктен ғашық емес, құмармыз?!


Сүймей тұрып сүйеміз деп былжырап,

Қасақана өп-өтірік тұнжырап.

Қанша адамды алдаймыз бір өмірде,

Қанша сәби сондықтан да жүр жылап.


 


* * *

Айта алмайтын бағасын кейде ерін дәл,

Мерзімі бар сақталар бейненің де әр.

Күнде естесің – меңің бар ақ жүзіңде,

Биқасап көйлегің бар.


Жадым жақсы, жағымды қинамайын,

Ибасы да асқақтау, илан, айым;

Көзді жұмсам, шығады бір көрініс

Ғажайып кинодайын.


Адам қатар өсірген айламенен,

Айнала – ағаш, жап-жасыл айнала – емен,

Көлеңкеден шығасың...Басталады

Бір фильм "Ләйлә" деген.


Ғажап фильм осынау өңірдегі ең,

Соны көріп мұңаям, көңілденем.

Жазып, қойып, шығарған режиссері

Бар оның Өмір деген.


 


* * *

Айыбым болса, кеше жүр,

Асқақтау жердің маралы.

Жырладым сені неше жыл,

Жындантып неше қаланы?


Траптан түссең алға аттап,

Тәкаппар, асқақ түрменен,

Қалың ел сені ардақтап,

Қарсы алса деп ем гүлменен.


Дүние діні, тілі көп,

Дүрліге жылда той қамдап,

Ләйләнің туған күні деп,

Ләйлісе деп ем мейрамдап.


Жетпеспін сонау арманға,

Жеткенмен менде құдірет.

Ақынның тілін алған ба

Адамзат ауылы бір рет?!


 


* * *

Қиялым едің қаршадай кезден жастанған,

Көретін болдым өмірден енді түрлі сын.

Сүюден сені жоқ еді менде басқа арман,

Қылыққа сол бір қызығып, күліп жүрмісің?


Күле ғой, жаным, күрсініп шыққан өр үнге,

Гәнжәуи жазған жырдағы қызбен аттас ең,

О, Ләйлә, егер болмасаң өзің өмірде,

Басқа мұратты бас қатырсам да таппас ем.


Арманшыл жанның бәрі де қиял мол шақта

Жандарын өртеп, түсетін шығар отты ізге.

Махаббат даңқын шығарар ақын болсақ та,

Өмірде, мүмкін, сүюден опа жоқ бізге?!


Дегенмен, кейде телміріп әрбір асылға,

Жаныңды жұлып, жадағай үміт тонайды-ақ,

Басымды сипап басқа бір қыздың қасында

Далаға қарап отырам сосын сені ойлап.


 


* * *

Ханшадай өзін ұстаған,

Қара алмас көзді, бал ерін,

Басынан құс та ұшпаған,

Бұла өскен асқақ жан едің.


Қара оқа құсап бұрымың

Жарқылдап әрбір талы да,

Жарасып барлық қылығың,

Жараспай пенде жаныңа,


Көңілің балқып тәтті әнмен,

Кірпігің, қасың дірілдеп,

Өтуші ең жасыл бақтармен,

Өтуші ең шалқи күлімдеп!


Жадымда қалды жатталып:

Бек әсем қызыл көйлегің,

Күлуге сол сәт шақ қалып,

Қасыңды керіп сөйлеуің.


Жыр болсын басқан ізің де,

Аңыз боп атың әдемі.

Тәкаппар аппақ жүзіңде

Тарыдай бір мең бар еді.


Жаныма бір мұң жетті де,

Жабығып өтті уақытым.

Тарыдай меңде кетті ме

Таба алмай қойған бақытым?!


 


* * *

Тынып ем, тұнайын деп тыныппын ғой,

Сен мені көрмеген соң ұмыттың ғой.

Жанымда мұң бар еді мың бәлелі,

Мен соған түсе-түсе құнықтым ғой.


Мен қазір көз салмаймын айналаға,

Ләйлә дертін жазар деп Ләйлә ғана.

Елден ерек бұ не бұл? Тәкаппар ұл

Көп ойлап, қиялиға айнала ма?

Бұл мінез ұят болды. Ұят болса,

Мен енді қашайын ба айдалаға?


Бозбала ақын – қай жөнді ес білемін,

Бір арман көкейімді тесті менің!

Көрінгеннен сұрадым – көрінбедің,

Эфирлерден жыладым – естімедің.


 


* * *

"О, Ләйлә, мұңсызбын демеспін,

Қайғырса, қанатсыз емес кім?!

Бірақ та жынданып кететін

Мен саған Мәжнүн емеспін!"
(Бала күнгі өлеңнен).


Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,

Мойныңа жұқа алқызыл шарф байлап ап,

Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,

Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап.


Қарадың солай, қарадың солай, обал не,

Қарамадың ба, жоқ әлде?


Кетіп те қалмай, кетіп те қалмай содан көп...

Керемет бір ой кешікпей маған соғар деп,

Балалық шығар, бармадым сенің қасыңа,

Батырлығым өз басыма пәле болар деп.


Ойладым солай, ойладым солай, обал не,

Қате ойладым ба, жоқ әлде?


Қуаныштан күліп, ойым бір шалқып билемек,

Кеттім мен сосын күнәсіз арман сүйрелеп.

Қап-қара шашты бала ақын болып тұр екем,

Қабырғадағы айнаны көрсем үйге кеп.


Ақын боп кеттім, ақын боп кеттім, обал не,

Болмайын ба, жоқ әлде?


 


* * *

"Я помню чудное..." А. Пушкин


Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,

Көп кещеге қай бетіммен кектенем ?

Бізге бақтың қолы бүгін жетер ме

Мұқағали, Төлегенге жетпеген?


Байлық менің тие алмайды жыныма,

Құдайсызға керегі не пітірдің?

Мені егерде көзге ілмесе құбыла,

Онда мен де құбылаға түкірдім.


Менің жаным мейірімге құмар тым,

Достарым көп шалқар көңіл, сайын үн.

Жез шығатын жерден шыққан бір алтын

Жымиысын жиямын деп байыдым.


Биік әнді сүйе алмайды өзге ерін,

Мұндай бақты тұра алады кім ұстап?

Мен бір гүлдің гауһар мінез сөздерін

Жүрегіме құйып жүрмін уыстап.


Соны көрем өңімде һәм түсімде,

Әлемге үлгі көрсетеді ол әлі.

Ол өкімет орнатқан бақ ішінде

Әкімдіктен ақындық шен жоғары.


Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,

Көп кещеге қай бетіммен кектенем?

Бізге өлімнің қолы, сірә, жетер ме

Мұқағали, Төлегенге жетпеген?!




Көрілген: 3081    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 04.02.2019, 16:12

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31