Келіс РАХЫМЖАН: Мезгілмен қоштасу

Келіс РАХЫМЖАН: Мезгілмен қоштасу

Жазғы таң ағарып келеді
Жұлдыздар біртіндеп сөнеді.
Әлемнің жарығы молайып
Ақ сәуле тарала береді.

Біртіндеп қараңғы сейілді
Алыстан таулар да көрінді.
Сарыарқа төсінде қап қойған
Сағындым мен туған жерімді.

Со жерде туғанмын шыр етіп
Со жерде өскенмін ер жетіп.
Ойыншыл балалық кезімді
Келемін жүректе тербетіп.

Сол жерден әкем де нәр алған.
Анам да көз тартып таранған.
Табанға бататын тікені
Шөңге боп маңдайға қадалған.

Со жерден сапарға аттанғам
Тұлпар боп со жерде бапталғам.
Бойымда дәл қазір не қалды
Керемет арманшыл шақтардан.

Оқи ма мен жазған өлеңді
Адамдар мен жайлы не дейді.
Туған жер сағым боп бұлдырап
Көзімнің алдында көлбейді.

Сауықшыл, арманшыл, жырқұмар
Жүр ме екен сүйкімді құрбылар.
Үзіп ап сыйлаушы ек қыздарға
Баурайда өсетін гүлді бар.

Олар да кім білсін ұмытты
Кездерді қыймастай қызықты.
Туған жер ойымда жүресің
Балалық шағым боп қылықты.
29.05.2013
***
ЖАСАСЫН ӨМІР МӘҢГІЛІК
Өтеді күндер өтеді.
Келмейді қайтып өткен соң.
Қызуыңды алып кетеді
Қызығын бірге шеккен соң.

Асығып күндер өтеді
Аптығып мың жыл жүрмессің.
Желдіріп күндер кетеді
Желпініп жүріп білмессің.

Сынақпен төлеп өтемін
Амал не өмір өтеді.
Көрсетіп қысқа екенін
Қайрылмай күндер кетеді.

Жарқырап тұрған бұл шақта
Жастықтың күні сөнбесін.
Жалғасып ұрпақ ұрпаққа
Мәңгілік ғұмыр өлмесін.

Бақытты мынау өмірге
Өлем деп адам келмейді.
Өзеурей өсіп көңіл де
Өзгеге бейіл бермейді.

Өтесін күндер өтемін
Ойлантып солай тұрмасын.
Өмірдің мәңгі екенін
Жырласын ақын, жырласын.

Бақыт қой өмір дегенің
Өтерсің жыр ғып, ән қылып.
Қабылдап ұрпақ сәлемін
Жасай бер адам мәңгілік!
22.04.2014
***
КЕЛЕШЕККЕ ХАТ
Шақырады алдыға мені алыс күн
Оны ойласам көзімде жанады ұшқын.
Кешіріңдер кешіксем алыс күндер
Қанат байлап сол жаққа келеді ұшқым.

Қош айтысқан ескімен бойдағы бар
Ұлан едім жасымнан ойға құмар.
Бүгініме күншілдер түкірген соң
Алға ұмтылдым талаппен айғағы бар.

Шыққан күнмен жарқырай амандасып
Алға кеттім аршынды қадам басып.
Әлі де тұр алдыда кедергілер
Мызғымайтын қамалдай табандасып.

Сен қандайсың тұрғыны алыс күннің.
Ойларымды жарықпен жарыстырдым.
Аяғынан әл кеткен жүйріктейін
Жұрттан кейін қалуды намыс қылдым.

Менен бұрын сен жаққа сөзім жетіп
Талабыңа кетпесін көзім өтіп.
Тәуба қылып жүрсем де тағдыр маған
Ештеңені бермепті жеңіл етіп.

Сен де жаңар деген соң сөз жаңарды
Алыс қырға тіктім де көз жанарды.
Саған арнап сөз жаздым келер ұрпақ
Көпке бұлдап жатпай-ақ азғанамды.

Мүмкін айтқан сөзімді қабылдарсың
Жігер оты бойыңда жалындар шын.
Жалғаншылық дегеннің бәрі мына
Келешекке бармай-ақ кейін қалсын.

Ағайынға өкпе артып, шағымданып
Болмайтынға бостан-бос қарызданып.
Қолқа салып қайтемін келер күнге
Тірі болсам қайтармын өзім барып.

Қайта алмасам егер де өзім барып
Тым құрмаса қалыңдар сөзімді алып.
Айтқан сөзім ақиқат болмай шықса
Шөлге айналып кетермін сағымданып.

Көз қуанып жас ұрпақ, көрер күнге
Жер бетіне басқа өмір келер мүлде.
Ұрпақ үшін бақытты сол заманда
Мың жыл тұрар мезгілдік солар гүл де.

Беріп болып бойдағы берешекті
Армандаймын келер күн келешекті.
Тірлігімнің тамтығын жеткізе алмай
Күдер үзіп кетпесек болыпты әйтеу,
Көре-көре тағдырдан көрешекті.
23.04.2014
***
Ойында жұрттың не барын
Сезем деп қайтем білем деп.
Бар ма одан сірә, табарым
Басқаның жоғын түгендеп.

Бағым да, сорым өзімде
Іздейін бәрін өзімнен.
Өмірдің қилы кезінде
Болайын кешкен сезіммен.

Шашылып қайтем төгіліп
Шалқыған шабыт табам деп
Шабылып қайтем желігіп
Көктегі айды алам деп

Менікі онсыз емес пе?!!
Жердегі бақыт, осы өмір.
Дүние-бақыт елес те –
Алдыда жатқан неше бір.

Бақыты жайлы досымның
Қиналам өлең жазам деп.
Бақытымды іздеп өзімнің
Кенішін ойдың қазам кеп.
12.04.2014
***
ҚУАНДЫҢ-АУ КЕЛДІ ДЕП...
Қуандың-ау келді деп ұлым менің
Ең бақытты күнім деп бүгін менің.
Бар бақытын қызықтап жүрсе екен деп
Көп өткізген өзіңмен күнім менің.

Қызыл-жасыл дүние-ай сылаңдаған
Қысқа ғұмыр адамға бір арман- ән.
Қабақ шытсам қатайып қалатұғын
Жырымды оқып қанша рет қуанды анам.

Кезі көп-ті көңілі жайланатын
Ертеңге елтіп кей-кейде ойланатын.
Қараң қалғыр қаланы қайтесің деп
Шашу шашып, қыдырып той баратын.

Айтпаушы еді сендердің қамдарың деп
Сезілетін сөзінен арманы көп.
Кешір ана, шуақсыз шақта сол бір
Күндер болса шындықтан жалғаны көп...

Көп шомылып нұрыңа, шуағыңа
Естіледі сол үнің құлағыма.
Ренжіген шақтарың есімді жоқ
Жауап таппай тірліктің сұрағына.

Есімді тек күлгенің, қуанғаның
Келешекті көңілге жиі алғаның.
Өзіңе арнап жыр жазсам қуанамын
Орындалып қалғандай бір арманың.
6.02.2014
***
Ойланам ылғи, ойланбай өткен күн кұрсын
Одан да тіпті, ойсыздық жақсы, кім білсін.
Отауымда ылғи оңаша тігіп жүргенде
Қасарған тағдыр сыртымнан істі тындырсын.

Сезеді ішім сезімсіз жанның не дерін
Дегенін десін жазылар бірақ өлеңім.
Ақиқат мені жетелер болса со жолға
Ажалыма да асықпай бір күн келемін.

Ойланам солай ойсызды көзім көрмесін
Ойменен батыл қиялға қанат сермесін.
Қанатым талып, соғылар болсам жартасқа
Қиялым менің сол жерде қалсын өлмесін.

Ойланам солай сағатпен, секунд, минутпен
Жарысам солай уақыт атты жүйрікпен.
Жарысып жүріп өмірім жайлы жазармын
Алысып жүріп алапат мынау тірлікпен.
3.04.2015
***
Көрген сайын жүзіңді ойланамын
Сездірмеудің табамын айла-амалын.
Көзім түссе жүзіңе қарап қалып
Бір аяулы сезімге байланамын.

Алдамаса екен деп сезім мені
Нұр ұшқынға қараймын көзіңдегі.
Керемет үн ғайыптан тіл қатқанда
Күйге елтимін аяулы кезіңдегі.

Үнің қымбат, сонан соң бәрі қымбат
Жалт қаратқан көркіңнің нәрі қымбат.
Ақ жолыңа келеді беріп кеткім
Алаулаған жанымның жарығын ап.

Сайран өлкем жайғанда жапырағын
Арай нұрын шабыттың шақырамын.
Азабыңа өртеніп түндер бойы
Отқа оранып жыр жазып отырамын.
27.04.2015
***
Өмір деген ойыншы күйге шебер
Ойнамайды ойыңды білмесе егер.
Үйіріліп ойнай бер ұтамын деп
Тал бойыңды толқытып билесе өнер.

Қандыр оның құмарын қалағанша
Болып жатсын дегенің бола қалса.
Базар барып бақ сынап болып кеткін
Біреулерге қызығып қарағанша.

Тұрмыс ауыр несіне қан жұтасың
Сәті келсе кім білед сен де ұтасың.
Тәуекелге түгіңді тікпей тұрып
Қылған іспен немене мандытасың.

Солай, солай ойнатар ойыншы өмір
Орағандай мойынға шойын темір.
Шегіншектеп тартынып тұра берсең
Қорқыныштан таразың болар жеңіл.

Есебіңнің шотқа сал дұрыстығын
Қатең өзі көрсетер қиыстығын.
Тәуекелмен кей сәтті күту қызық
Болады деп тамаша бір іс бүгін.
24.09.2015
***
Білмеймін қалқам, бармысың мынау қалада
Сағынтып бізді зулайды күндер арада.
Қиырға шалғай шақырып мені тұрғандай
Көзіме ыстық суретің қалып санада.

Сезімін ашқан біреуге әлде жар ма едің
Өзіңе ғашық бір жанды әттең көрмедің.
Сағынған сәтте жұбаныш қылып айтар деп
Жүректен арнай жыр жазып саған бергемін.

Ұмытпай еске ап айта жүр қалқам сол әнді
Қоңыр күз өтті, ақ қарға қала оранды.
Өзіңе қарай ап ұшқан аппақ сезімім
Махаббат атты дастан боп қайта оралды.
16.11.2015
***
Жаныңмен де, өңіңмен де сұлу ең
Жаралғандай туған жердің гүлінен.
Сол сұлулық табылмады іздеп ем
Саған ұқсас арулардың бірінен.

Табылмады мен іздеген қазына
Үңілсем де көктеміне, жазына.
Күн сәулесі сүйсе-дағы аймалап
Жете алмады сенің сұлу назыңа

Жайқалғанда қызғалдақтар қырдағы
Айтылғанда табиғаттың нұрлы әні.
Мейірімге дала жүзіп жүргендей
Әлдилейтін махаббаттың жырлары.

Қанат беріп, періште боп жебеген
Сөзге сыймас әлем едің не деген.
Сол көркіңді жаным сүйіп тұрған соң
Сезім жайлы жаза алмадым мен өлең.
20.11.2015
***
Кешкен өмір бақыт қой отан үшін
Ондай жанның биікте атағы шын.
Қасиетін отанның сезіне алсаң
Бас тартасың жүруден атақ үшін.

Отанды сүй, қуат ал сол отаннан
Шұғыласын шомылып ала таңнан.
Диқан болып жер жыртып жүрсең-дағы
Қандай бақыт бақытты жан атанған.

Өз-өздерін керемет зорға балап
Өткенімен тірліктен далбасалап.
Сыйламайтын отанын қадірсізді
Өмір өзі құртады орға қамап.

Ондай болсам отаным кешір мені
Заманымнан адаммын көш ілгері.
Кеуде қақсам елемей елдің сөзін
Бірақ үрлеп шаладай өшір мені.

Мен мықтымын Отаным өзің барда
Сүю деген бойымда сезім барда.
Жүрегімді жылытшы мейіріңмен
Көңіліңді көтерер сөзімді ал да.
14.12.2015
***
Маған адал бастан кешкен күндерім.
Мен олармен әрбір сәтте біргемін.
Өмірімнің тынысындай содан да
Қуанышым, күйінгенім, күлгенім.

Маған адал ойға алған арманым.
Ататұғын арайы мол таңдарым.
Сонда менің күрсінісім, күйім де
Жалынды оттай алау болып жанғаным.

Маған адал дос жаранның сенімін.
Ардақ тұтар таза қардай көңілім.
Өзгелерге бақыт берсін, нұр берсін
Сәулесі мол шұғылалы өмірім.

Мен білемін туған елдің ниетін.
Өмір кешу бақыт қой деп білетін.
Жырларыммен аялаймын достарды
Адалдықты арқа тұтып жүретін.

Туған елдің маған ыстық таңдары.
Биікте оның жарқырайды арманы.
Жана-жана жақсылар да көкке ұшып
Жұлдыз болып кететіндей жандары.
05.01.2012
***
Тағы міне, жаз келді күлімдеген
Қабағынан салқындық білінбеген.
Таңды атырған бозторғай әуенімен
Айналаның тіршілік күйін көрем.

Жылылық кеп еседі дәл іргеден
Салқын еді сарсытқан сәуір деген.
Масайраған мейірге мас қылатын
Қауыштық-ау керемет дәуірменен.

Қағып салып көрпесін, кілемдерін
Сұлу дүние сән алып реңдерін.
Жылы леп, нұр сәуле тірілтеді
Оңып кеткен даланың гүл-өңдерін.

Жылу неткен, мына күн қызу қандай
Жан-жануар жерге аунап қызынғандай.
Ту тіршілік тұрып ап табанына
Рахат дүние шеңбері сызылғандай.

Ақ сәулеге аспан да, жер де күлген
Көк күмбезі көк шатыр төңкерілген.
Қуанышқа адамзат бәрі шат боп
Дүниеде түк жоқтай жек көрінген.
6.06.2012.
***
Ұйықтасам бір түрлі шаршап тұрам
Тынығуды алаңсыз аңсап тұрам.
Ұмытылмас жастық шақ, қайран күндер
Қайтып ұйқы бермесін сол сәтте ұғам.

Кетпейді екен қол үзіп неге менен
Махаббат қой жас күнде елемеген.
Тереземнен қарайды телмірген ай
Қорқынышты бір түстер көре берем.

Өзгелерден бөлек түн, бөлек күнім
Ақиқат қой өмірге керектігім.
Қалжыраған жаныма тыным керек
Ұйқы керек маған да керек тыным.

Үмітімді тонаған аямастан
Ойларымды алысқа ала қашқан.
Жылдарыма қараймын аянышпен
Кінәлідей жаңылып жаза басқан.

Көзімде жас, келер ме ұйқым менің
Ұйықтасам баладай сүйкімді едім.
Сәбидейін сезімнің құшағында
Тынымымды тербетсін бұл түн менің.

Жас күнімдей армансыз ұйықтасам
Сонда бәлкім таулармен иықтасам.
Көтеріліп кір басқан дүниеден
Аспандағы ақ бұлтпен жуықтасам.

Сезіміңді сертке бер суытпасаң
Жуытпағын қасыңа жуытпасаң.
Ақ махаббат, періштем аман болшы!
Тынышымды күзеткен ұйықтасам.
9.04.2014
***
Қымбаттым сені қуантсам-ау деп сыйлықпен
Мереке менің кездерім рас шын күткен.
Гүлдердің саған қайсысы ұнар екен деп
Базарға тартам сұранып өзге тірліктен.

Құлпырған гүлдер артық-ау бірі- бірінен
Қызыға түсіп қараймын оған үңілем.
Ал өзі келсе қайсысын таңдар еді деп
Толғанып қоям көңілдің нәзік күйімен.

Қымбаттым міне, қабыл ал сыйлық гүлімді
Көңіліңе алма абдырап қалған түрімді.
Жүрегімде үлкен гүлзар бар саған арналған
Алда5ы тойға дайындық деп біл мұнымды.
7.03.2015
***
СЫЙЛЫҒЫМ САҒАН ОСЫ ЖЫР
Ән салар едім дауыспен саған ұнайтын
Мен ақын болсам қиналмас едім бұлай тым.
Әнді де айтып, жырды да тербеп өзіңе
Сен жайлы ғана толғанар едім шырайлым.

Махаббат жайлы толғар ем шабыт жетсе егер
Сені жайлы айтсам басқалар бірақ өкпелер.
Басқаны қайтем жанымда жаным сен барда
Сол маңда ешкім болмаса екен жек көрер.

Жек көрген жандар жек көрсе екен тек мені
Мен үшін саған болмасын басқа өкпелі.
Қымбатсың деп те айтпай-ақ қойсаң болады
Сыйласаң болды сенетін адам деп мені.

Айтылар әлі-ақ айтпаған асыл сөздерім
Айтсам да сөзге сыймасын оның сезгемін.
Ештеңе деме білдіріп соны тұрсын тек
Не айтатынымды білетін қара көздерің.
7.03.2016
***
Ауылға бардым ауасын жұттым саумалдай.
Саумалдан ішіп, денем бір қуат алғандай.
Ауылдан кетіп, қалада жүрген жылдарым
Көрген түстей боп қол бұлғап алыс қалғандай.

Жолдарым мені ауылға тағы келді алып.
Жүректен шыққан жырымды бердім толғанып.
Аттанар сәтте жанымның отын лаулатып
Өшпейтін жылдар жанымда менің жанды анық.

Ауылға келдім көңілді бастым сағынған.
Сар далам жатты сары алтындарын тағынған.
Жиылған қауым лүпілін сезді кеудемнің
Тамылжып қайта сайрады бұлбұл бағымнан.

Ауылға келдім аспанды көрдім мөп-мөлдір.
Естіліп жатты бағынан бұлбұл төккен жыр.
Сары алтындарын тағынған сары далама
Оралып қайта келгендей болды көктем бір.

Даланың желі сипады келіп маңдайдан.
Күндерін айтты сарыла күтіп сарғайған.
Көгалды қуып Қалғұты жақтан ойнақ сап
Балалық шақтың үндері жетті шалғайдан.

Ілесіп кетіп алыстан жеткен сол үнге.
Апырай осы түсім бе дедім өңім бе.
Атына мініп алдымнан атам шығардай
Өткен өмірлер ой салып кетті көңілге.

Аңызын тыңдап әкемді көрген шалдардың.
Құранға мүлгіп қорымға талай барғанмын.
Олардың-дағы азайып енді қатары
Ескіні білер естіні іздеп қармандым.

Ауылға бардым тамыры соққан тоқтамай.
Анамның орнын тұра алмады әжем жоқтамай.
Алдының бәрін тып-типыл еткен сұм тағдыр
Тұра ма енді біздерге сұғын сақтамай.

Ауылға бардым, білетін жандар қарсы алды.
Өзгерген таныс, туыстар қанша ой салды.
Ойнақтап жүрген кешегі жап-жас құрбылар
Немере сүйіп ата-ана бопты байсалды.

Ата жұртына сағынып келген алыстан.
Ауылды көріп басылды көңіл ап ұшқан.
Шарқ ұрып ойлар ертеңнің күйін іздейді
Ескіріп қалған естеліктермен табысқан.
***
КЕЛ ДОСЫМ
Кел досым көтеріп қояйық
Қимастық көңілдер үшін бір.
Мынау шақ осы өмір білгенге
Байлық қой деме сен түсім бұл.

Мына шақ жайлы күн жазымен
Күн әне елжірей тұр күліп.
Жазымен жайдары назымен
Бақыттың не екенін білдіріп.

Жүректен ақтарып сырыңды
Айт сен де арманды шыныңды.
Аялап, қолға алып жүргейсің
Көңліңде солмайтын гүліңді.

Міне дос, қоштасар шақ келді
Тағы да қауышар күн қашан.
Жып-жылы тілекпен бұл сәтті
Бола ма еске алып тұрмасаң.

Оп-оңай қош деуге бола ма
Көңілде қимастық тұр сөздер.
Оны да айтармыз арада
Сағынып табысқан бір кездер.

Кел досым, қоштасып қоялық
Мына тост жүрердің алдында.
Қимастай достықтың бары анық
Сыйла оны алдында дардың да.

Білемін сүйесің жарыңды,
Сүйем деп айтасың балаңды.
Досыңды сыйламау бола ма
Бола ма еске алмау анаңды.

Кел досым, мәңгілік ұмытылмай,
Жүректе тұрсын тек сол сезім.
Сағынып жүрейік осылай,
Өмірдің аяулы бар кезін.
***
Бір жақсылық күтемін айналадан.
Шыққан күннен сәуле боп аймалаған.
Бақытты ғой жүзіне күлкі үйріліп
Сүйгеніне құшағын жайған адам.

Бір жақсылық күтемін болған істен.
Әрбір шаққа қараймын толғаныспен.
Бір білместік жолымды кесіп өтсе
Үміт артам ертеңге алданышпен.

Бір жақсылық күтемін ертеңімнен.
Таңсәріде күн болып ерте күлген.
Сенеді ғой адамдар жақсылыққа
Айырма тек тәңірім сол сенімнен.
***
Айтам деген ақынның айтары бар.
Айтсын, айтсын мінбеге қайтарыңдар.
Ұнамаса ақиқат іздеп шығып
Айтқызып ап шындықты жай табыңдар.

Бөгемеңдер ақынды айтып қалсын.
Болашаққа адамдар айтып барсын.
Тіршіліктің тайталас базарына
Беті қайтқан адамдар қайтып барсын.
Бөгемеңдер ақынды айтып қалсын.

Жұртты айтады ақындар өз мұңым деп.
Дәмді, түзу талассыз сөзді ұғын деп.
Алтылықпен оп-оңай басады олар
Қарамастан қырттарды көзірің деп.

Жырмен емдеп көңілін сөзбен емдеп.
Жағымпаз боп жүрместен ербелеңдеп.
Ақындардың кезегін ел күтеді
Отырады ол айтар сөзге елеңдеп.

Бақ табам деп баз кешіп бұл далаңнан.
Талай ақын тірлікте қудаланған.
Өлімші боп жүріп-ақ өрге жүрген
От мінезді осылар қайдан алған.

Көсеп қойып төзімін шоққа жанған
От мінезді ақындар оттан алған.
Ақыны жоқ аяулы арманды жұрт
Шындық үшін жар кешіп жатқа барған.

Қастерлім деп емініп еміренген,
От мінезді ақынға елі берген.
Адам болып өмірден өту үшін
Ар алдында солар ғой тебіренген.
***
ӨЗГЕ
Өзім деп жүріп өзгені.
Ойынан шығып өзгенің.
Өзіме тиіс нәрсені
Өзгеден біліп сезгемін.

Өзге боп өзім дегенім
Өзгеден азап шектім де.
Өзім боп барлық көргенім
Өзімшіл болып кеттім бе.

Өзімде барды өзгеден
Қуана біліп жүрдім де.
Өзім деп жүріп сырт берген
Өзімшіл барын білдім бе.

Өзекке солай от түсті
Өзім деп жүрген өзге көп.
Ойланбай біреу сөйлейді
Осы да сірә, сөз бе деп.

Өзіңдің берік сезінгін.
Өзіңмен өзің жүр дейді.
Өзгені сүйген көңілдің
Әуресін әттең білмейді.
***
Қош боп тұр ата жұрт аяулы
Амал жоқ қоштаспай нетермін.
Тауларым құшақтап сендерді
Келеді төбеме көтергім.

Дертімнен айығып бойдағы
Жатайын көгалда шалқалап.
Іштегі мұңымды қайғымды
Әкетсін ақ бұлттар арқалап.

Қол созған алыс бір арманға
Үміттер күш болып дарысын.
Ата жұрт өмірде сен барда
Ғажайып бақыттың бары шын.

Мақамы еш әнге бергісіз
Таңырқап тыңдаймын торғайды.
Жапырақ қол беріп белгісіз
Сүрлеу жол ізімді жалғайды.

Көк шалған ізетпен бас изеп
Хош иіс сыйлайды гүлдер де.
Құсты да сезінем жақын деп
Туған жер өзіңде жүргенде.
***
Жаныма ой маза бермейді
Неден ол тыным табады.
Қиянға қанат сермейді
Япырау қайда барады.

Сезбесті сезіп көңілім
Жақсылық кімнен күтеді.
Өзгерер ме екен өмірім
Тоқтайды әлде бітеді.

Тағдырдың мынау күні шын
Тынбайтын алға жүгіріп.
Тоқтатып әлде тынысын
Ажалға барар жүгініп.

Достарға арнар жылы сөз
Қалар ма әттең айтылмай.
Жүрекке ыстық жылы кез
Бола ма енді япырмай.

Өмірге нендей сый бердім.
Разы қылар достарды.
Бостан-бос әлде жүргенмін.
Айта алмай өмір дастанды.

Болмаған, болған қызықты
Көріп те шетін көре алмай.
Әуре етіп босқа жүректі
Жанатын сәтте жана алмай.

Өкінбен тағдыр солай ғой.
Өкінбен өткен күн үшін.
Өкінем әттең жазсам деп.
Жаза алмай кеткен жыр үшін.
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста