Мұрат Шаймаран: Ажалдай асқақ мәңгілік, Өлең...

Мұрат Шаймаран: Ажалдай асқақ мәңгілік, Өлең...

 

Белгілі ақын Мұрат Шаймаран – 50 жаста!

АРБАТ
Сан ойдың санамда көп сауалы бар,
Қаңғыбас – кезбе тірлік маған ұнар.
Алматы қанша жұмбақ болғанымен,
Арбат деп аталатын алаңы бар.
Қажытқан қайқаң өмір, үй тірлігі,
Көремін есалаң мен «сүйкімдіні».
Мұнда бар аластайтын сыған әйел,
Мұнда бар музыканың сиқырлы үні.
Көгершін қанаттарын желге керіп,
Дән іздеп дамыл алмай сенделеді.
Әлдебір алаңғасар азияттық,
Билейді жалын шашып дөңгеленіп.
Жан-жағың қызыл жалау,
Жасыл жалау,
Арбат бұл арнасынан тасынған-ау.
Қыз жатыр қылығымен көзіңді арбап,
Мұз жатыр Алатаудың басында анау.
Аштықтан аласұрып, іші жанған,
Оралар балағыңа күшік-арман.
Масалаң машинист кеп мазаңды алар,
Егіншің екіленіп ішіп алған.
«Итіндей» Есениннің таңдарға ұлып,
Алды ма тағдыр – шалды шамдандырып.
О, Байрон,
О, Шекспир, қайран Абай…
Кітаптар жылайды олар шаң жамылып.
Алматы биік еді еңсең неден?..
Алматы аласа еді еңсең неден?!
Даңғылда Фурманов деп аталатын
Даланың даналығы кемсеңдеген…
Біз-дағы соңғы өлеңбіз,
Ақырғы әнбіз.
Желкені желге сынған пақырлармыз.
Қасына шақырады мына мені,
Матаға сурет салып отырған қыз.
– Еһ, ағай, самайдағы ақ қанық неден?
Көзіңнен көлбеп жатқан табыт көрем.
Ақынсың?
Мықтағанда адамсың-ау,
Бәрібір суретіңді салып берем.
Суреттер: егістіктер, сарай, құмдар,
Сұрапыл толқындар мен ақ айдындар.
Ақшамдар алабұртқан,
Тылсым түндер,
Жапанда кісінеген қара айғырлар.
Сеземін, соңым – соқпақ, алдым – дауыл,
Аңқымас бозаң жусан, шалғын, жаңбыр.
Суреттер – қылқаламнан ағып түсіп,
Бояу боп тұнып қалған тағдырлар бұл!
Суреттер жанарының нұры сынған,
Бұлқынар Алматының уысында.
Әлемнің әсемдігі көшіп келіп,
Арбаттың тұр болымсыз бұрышында.
Үнсізбін.
Бояу-ғұмыр санамды алған,
Қорқамын тобыры көп алаңдардан.
Мен – мұңмын,
Мен – қайғының суретімін,
Алладан басқа ешкім де сала алмаған.
…Алматы қанша жұмбақ болғанымен,
Арбат деп аталатын алаңы бар.

АНТ
Қайыршы тартқан сыбызғының сырлы сазындағы, Өлең,
Шоқ бұлттың үлпа үкісіне құдіретті қолмен жазылған, Өлең,
Жасынның жүзінен жап-жасыл нұр боп тараған, Өлең,
Ай астында жалы бұрқырап жортқан абадан, Өлең,
Ақ сүті сыздатқан Ана омырауының ырысты үрпісіндегі, Өлең,
Шалықтап жатқан сәбидің жұмақ лебіндей күлкісіндегі, Өлең,
Жұлдыз көзінде,
Бұлақ үнінде,
Жапырақ сыбырындағы, Өлең,
Ару анарында,
Жұпар атқан сұлу бұрымындағы, Өлең,
Жер қазанында,
Аспанның адал уысындағы, Өлең,
Шамырқанған Тәңірдің киелі, тылсым тынысындағы, Өлең,
Тереңде тебіндеп,
Биікте жаратылған, Өлең,
Патша тәжіне саңғыған құстың қанатындағы, Өлең,
Өмірдей ауыр,
Ажалдай асқақ мәңгілік, Өлең,
Жалғызым – Өлең,
Талқыға түскен тағдырым, Өлең,
Мен сені сарай табанына,
Тобыр аяғына тастай алмаспын!..

КӨКТЕМ КЕЛСЕ …
Ұстап тұра алмайды ғой оны ақпан,
Бұлбұлдары сайрап атар әлі ақ таң.
Мен көктемнің күндеріне ғашықпын,
Көкірегінен сел аққан.

Барады, әне, уақыт-арба ышқынып,
Жырлайды кеп түсіме ылғи құс кіріп.
Көктем-қыздың деміндей боп тиеді,
Жыртық үйді ұрған түнгі үскірік.

Есеңгіреп кедейліктің уынан,
Жатыр жарым жас көңілі суыған.
«Көктем келсе, – ұйқысырап қояды –
Жасындардың жарқылымен жылынам».

Көктем келсе жадырармыз, күлерміз,
Тәнімізге жасыл жапырақ ілерміз.
Теңге билер тексіз мынау қоғамда,
Тас ғасырдың адамындай жүрерміз.

Кететіндей ұлы ақыны адасып,
Барлық шырақ тұрар бізге жол ашып.
Сұп-суық сол терезелер тамсанып,
Сенің мәрмәр омырауыңа қарасын.

Гулесер жұрт «жер» ғып және «аспан» ғып,
Айқайлайды Алатауды басқан бұлт.
Еркін өмір сүргеніміз үшін де,
Мың рахмет, О, киелі Бостандық!
Көктем келсе…

ТОЛҚЫН
(Толқын Ақанұлына)

Атың да – Толқын,
Затың да толқын жарға ұрған,
Қайсар боп өстің қаймықпай қатал тағдырдан.
Атажұртыңды аңсаған ұлдың бірі едің,
Асқақтап сенің Алатау шықты алдыңнан.
Жыр болып ағып Майлының апай төсінен,
Ән болып естің Жайырдың қоңыр кешінен.
Сарнатып жеттің сағыныш атты қобызды,
Алдыңда сенің Сарарқа жатты көсілген.
Алты алашыңа «Қазақ еліңді» ал тыңдат!
Маxаббат руxы бойыңнан қалай сарқылмақ.
Есіңде – Есіл, кеудеңде Балқаш шайқалып,
Көзіңде тұрды ақ айдын Каспий толқындап...
Аспанмен астас асқарлы ердің қиялы,
Құлыстай – кеудең,
Ұлыстай досың сияды.
Жалғыз атын да жаяуға түсіп беретін,
Өзіңдей ме екен жомарттың соңғы тұяғы.
Тәңірден нәсіп – азамат болдың тұлғалы,
Жаның да жайсаң,
Сырың да терең жылғалы.
Дертін де емдер, өртін де емдер пенденің,
Өзіңдей ме екен Ибн Синаның барлық
ұлдары...
Шанақтан шалқып, шарқ ұрып кетті күй-көңіл,
Сазына елтіп, сан ырғақ тауып биле, өмір!
Басыңда сенің жыға боп тұрсын жығылмас,
Ұлтаның болсын өз топырағын өле сүйген ұл!

ТҰРАДЫ БІР СӨЗ
Таусылып түгер бір өмірдің соңғы тұсында,
Өсиетімдей көрінген –
Тұрады бір сөз тілімнің ғана ұшында,
Айта алман қазір оны мен.
Сол сөзді туған даламнан ұқтым кеше мен,
Алжыған ойға ес бітті!
Ауырлап барып қара жерге бауырын төсеген
Қобыздың үні естіртті.

Көне бір елес жанымды қанша жылтады?!
Іңкәрмін, әйтеу, мен оған.
Естідім оны тұяғынан ұшқан тұлпардың
Мүжіліп біткен тағадан.

Сол сөзді ана – аспаннан ұқтым тағы мен,
Жұлдызы сынық, күні өлген.
Сол сөзді ана – бұлттардан ұқтым тағы мен
Шаштарын жайып жіберген.

Әуенді аулап жол шектім азап ішінде,
Қалғаны мүлдем жоқ есте.
Сол сөзді –
Менің бейуақта көрген түсімде
Шырылдап айтты нәрестем...

ТҮН
Күнді сүйдім,
Сүйдім мен таң алауын,
Жайдым соған жанымның бар алабын.
...күн батады-ау көзұшы көкжиекте
бұлғап, бұлғап қан қызыл орамалын.
Сыңсыта бір басады әніне Кеш,
Тереземді қағады тағы да елес.
Түпсіз көктен мың жұлдыз оянады,
Оянады...
Дертіме дәру емес.
Қайғы қолы қайнатқан уды ішуді,
кім бұйырды,
Кесесін кімге ұсынды?!
Қоңыр үзік іңірдің іргесінен
Келе жатыр ақық көз түн мысығы.
Тыныштығын алғандай түн ұрлатып,
Түрегелді көп күдік қырын жатып.
Түн мысығы жарамды тырнайды енді,
Балапанын жанымның шырылдатып.
Неге бұлай?
Не үшін?
(сұрақ бұлар)
Әй, шамасы, өлтіріп бірақ тынар...
Қара жаулық жамылған жалғыздығым,
Босағама сүйеніп жылап тұрар.
Қанатым – түн.
Мен қайда барам ұшып?!
Ойсыз тобыр жүр тойлап шарап ішіп.
Жалғыздығым мойнында – ғалам мұңы,
Ал ғаламның қойнында – қара мысық...

 

ӨМІР

Тірліктің аптығын
өзімен бірге алып батты Күн,
Күбірлеп жанымның дұғасы айтылды.
Баяғы жұмақтай жасыл кеш жоқ бүгін,
Қайықтай қалтылдап Ай туды.
Шаштарым ағарған –
теңіздің аппақ жал толқыны,
Жұтады бір бірлеп иірім.
Жығылған желкеннің
(Тағдыры мың түрлі)
Үмітсіз күйімін.
Жалқынын ақшамның сөндірер түн төніп,
Билейді үрейлі елесі іңірдің.
Басына қап-қара жаулығын бүркеніп,
Есікті қағады ғұмыр – Мұң.
…қасыма шақырып аламын мен оны,
Толтырам көзені қайғыма ырым ғып.
Таласар ғаламда онымен, себебі,
Жоқ әсте Сұлулық.
Жұлдыздың салқындау сәулесі төгілген,
Кімдерге жұбаныш?..
Болады кімге азық?!
Бойыма у тарап сол Мұңның ернінен,
Отырам жыр жазып…
Шолпан да оянар жамалы шырайлы,
Тұрады бақ мүлгіп, жатады көше үнсіз.
Мойныма асылып сұлуым сұрайды:
«Түн бойы көз ілмей шықтыңыз не үшін Сіз?!».

ӘЙЕЛ
Ешкім де оған гүл ұсынбады,
Жұлдызы сынды,
Күні өлді.
Қайғыны толы уысындағы
Аспанға шашып жіберді.
Билемес енді бойдағы желік –
сарғайған дәннің сабағы.
Шытынап тұрған айнаға келіп,
Ағарған шашын тарады.
Өзіне қарап күлім қағады
Ескірген күннің жарқылы.
Осындай еді бұрында анары,
Мамық төс, қайың балтыры…
Елес пе әлде?..
Сүзіле берді
Көзінің алды тұмандай;
Жанардан моншақ үзіле берді,
Кірпігі ұстап тұра алмай.
Долы бір ашу жасынын атты,
Тұтанды кектің оттығы;
Шағылды айна,
Шашылып жатты,
Шашылып жатты шаттығы.
Жыртығын көңіл жамауға не сеп?
Өмірдің оңғақ қай ісі.
Күрсініп қалды суынған төсек,
Күнәдан белі қайысып.
…қатты бір серпіп есігін жапты,
Аңсады қандай жолды есер?!
Бұлттардың қаба сақалынан ақты,
Қап-қара нөсер,
Сел – нөсер.

КҮЗ
Салқынды шырайлар,
Салынды Иіндер,
Жаураған ағаштың жалаңаш биін көр!
Жағаны жастанып құлайды жапырақ,
Тұманның ішінде қалқиды сұр үйлер.
Көз алдым боз мұнар – алатау жоқ енді,
Өзімен әкеткен өмірдей өлеңді…
Құстардың дауысындай алыстап кетті арман,
Үмітім ескірді,
Көңілім көнерді.
Жел жұлып қашады бұлттардың қанатын,
Онсыз да кеудемде қалғып тұр қара түн.
Мәйхана төрінде шарапқа мастанып,
«Шаһарды күл қылып өртеймін!» – деді ақын.
Аспанның айқасы,
Жердегі мың бүлік
Көзіме тығылып,
Сөзімде жүр бұғып.
…боз тұман ішінен шықты да ойнақтап,
Ай маңдай бір құлын жіберді шыңғырып.

ҚАРЛЫҒАШ
Жастығым еді, жүрекке кеткен жал бітіп,
Сүюден өзге ойламайтұғын жалпы түк.
…қарағай кесіп үй салып берді атамыз
Шайырдың иісін аңқытып.
Тоғайдың үні толқындап жеткен таңға ұлас,
Көк мұнар шұбап асылар көкке сан құлаш;
Ескі ауыл еді,
Есімде менің төр үйге ұясын салды қарлығаш.
Нәп-нәзік құс – төсінде айдың сынығы,
Бауырлап ұшса – нөсерлі күннің ырымы.
Ұясына оның қарайтын еді қарындас,
Тірсегін соғып бұрымы…
Тамыздың айы, шоқтанып тұрған қыр гүлі,
Самалдың демі,
Бұлақтың былдыр-сыңғыры.
Жасыннан ба әлде?..
Тосыннан біздің ағаш үй,
Лапылдап жанып, өртеніп берді бір күні.
Сақалын талдап атамыз біздің ғапыл-ды,
Әжімді әже иманын іштен шақырды.
Қап-қара түтін қарындастың көзі секілді,
Булығып барып, аспанға қарай атылды…
Сол түні менің төбемнен жұлдыз жиі ақты,
(Ақ тамақ өмір, іздедім сенен миятты)
Есімде менің жалынды жарып ұшқан құс –
сақпының тасы сияқты.
…оралмай кеттім ауылға туған,
(Жол бұрыс)
Көңілде – күзем,
Самайға кетпес қонды қыс.
Түс көрем ылғи: кеудеме келіп қонақтап,
Сайрайды-ай келіп қанаты күйген сорлы құс.
Өлең кетіп барады алматыда…
Өлең кетіп барады Алматыда,
Кеудесінде тұтанбай білтелі арман,
Азырақ сілтеп алған…
Төбесінен қарайды қап-қара аспан
Үркері ауған.
Шаһар шамы бір сөніп, бір қызарып,
Қараша-өмір қалтырап тұр қуарып.
Шақырды оны қарт емен – қаралы емен,
Қызыл-сары алаудау түнді жарып.
Табанымен тобырдың иі қанып,
Мынау аяр қаланың күйі қарық.
Қош бол! – деді Еменге қолын бұлғап,
Мың жапырақ – жүректен сүйіп алып…
Өлең кетіп барады Алматыда,
Адамдарды аяйды күні ғарып,
(Енді ешкім жоқ мұны ұғарлық)
Аспан ұқсап аһ ұрып күрсінді де,
Жердей болып алды ауыр ыңыранып.
Жалған даңқ өлтірген аспаққа асып,
Сарайлардың алдынан асқақ басып;
Өлең кетіп барады шайырларға
Опасы жоқ шаһарды тастап қашып.
Әй, қоналқы таппайды-ау бұл түні өлең,
(Кеңсай барып түнейді ғұрпыменен)
Ал, Алатау жатып ап шалқасынан
Айды түртіп ойнайды мұртыменен…

ӨМІР ГҮЛІ
(баллада)

«…ешкім ұстап қала алмас қалай-дағы,
Мен бәрібір өлемін», – деп ойлады.
Қар жауып тұр далада – алғашқы қар,
Аппақ қылау секілді самайдағы.
Желікпе сөз болардай жанға медет,
Өз тілінде жел сыңсып сарнап әлек.
Ахреттің аспанын тастап қашып,
Құлайды кеп ақ қанат сан көбелек.
Баратқандай іңірдің жаны суып,
Мың бұлқынды жүрегі ауырсынып.
Құсы өлген хұсни дүние сияқтанып,
Қар жауып тұр шашылып қауырсыны.
«Кенеуі кем тірліктің не керегі,
Өлемін мен,
О, ажал, жебе мені!
Сүйегімді күйдіріп у жұтсам ба,
Сүңгітсем бе кеудеме селебені?!
Қызыл-сары төбеттей таңымда ұлып,
Күн шығады шуағын сабылдырып.
Күн шығады қап-қара түн ажарын,
Кеткеннен соң шапшыған қаным жуып.
Жүдеу емен,
Бұтағы сынған қайың,
Азалы күйімді аңсап тұрғандайын.
Мен бәрібір өлемін,
Тау мен тасқа
Өксік атып ұрса да түн маңдайын…».
Жұлдыз ғайып,
Жер түтек,
Ай қараңғы,
Қурай сыңсып шақырар қай боранды?!
Сол бір таныс терезе,
Сол бір дәурен…
Сол бір бейне жарқ етіп ойға оралды.
Сәулесі еді-ау жастықтың ол бір өткір,
Күздің таңғы шығындай мөлдіреп тұр.
«сол көшемен жүрейін ақырғы рет,
Терезеге қарайын соңғы рет бір…».
Шағаладай аңсаған алакөлді,
Сыртқа атылды,
Асықпай бола ма енді…
Тот жеп әбден топсасы тозған есік,
Қасіреттің әнін сап қала берді.
Шырқау көктен кіндігін үзіп алып,
Жылайды қар әжімін сызып ағып;
Табиғаттың тап-таза бояуында,
Кінәмшіл тірлігінің ізі қалып.
Келе жатты алқынып, жан ұшыра,
(сөнбеген-ау сол үміт әлі, сірә?!)
Діңі қатты қара ағаш күбір етті:
«Шыда, шыда, бауырым, тағы шыда!».
Бір сөзі бар…
сол үйге айтар ма еніп?!
Баяғыдай бақ таппай қайтар ма өліп?..
Сол терезе…
Жұмақтай жасыл перде
Елестеді тұрғандай жай тербеліп.
Елестеді ошағы маздап жанып,
Қалды аңырып санасы тозған ғаріп.
Қарлықтырып жанарын бара жатты,
Әйнегінен саусағын созған жарық.
Бір ашылмай немесе бір қағылмай,
Сол терезе томсарып тұрған ұдай.
Ар жағында ақиқат бір сұлба бар,
Шешілмеген жұмақтың жұмбағындай…
Ол бәрібір жоғалар бұл қаладан,
Өле сүйген,
Өлмек ол…
Тыңда, ғалам!
Сен де тыңда, Бейістің бейқам қызы,
Бұрымына қар түстес гүл қадаған!
Тұрды,
Тұрды…
Сосын ол шалт бұрылып,
(шамшыл жүрек бастады қатты бүлік)
Қар үстінде қалбаңдап бара жатты,
Өзегіне өшпейтін от тығылып.
Тәңір қысын мінгізді атқа демеп,
Ұлпасынан сілкініп бақтар әлек.
Сол терезе – қоштаспай қала берді –
Жақтауында қисапсыз ақ көбелек…
Жаназаның күйіндей тарайды әуен,
Қысық қырау көзімен қарайды әлем.
Жанды,
Сөнді;
Қатайды,
Қайталады:
«ешкім ұстап қала алмас қалай да Мен…».
Тағдыр – кесе у толы,
Ішкен қанып,
Қарашығы сенімнің түскенде ағып,
Келе жатты ажалға асыққан жан,
Диуанадай ел кезген бүкшең қағып.
Тапап кеткен мезгілдің салмағы ма?!
Күтті, күдер үзілді…
Ол да куә –
қаусап қалған арманның қаңқасындай
қирап жатқан үйінің шарбағы да…
«Қалай да Мен…»
Өзге жоқ ойында түк,
Жұтып қойған бәрін де жайын – уақыт.
Бауыры – тас,
Байлам жоқ сұм өмірді
Кетпекші енді өліммен мойындатып.
Өз лашығы – күйігі, қызғанышы,
Шам жанбаған, қарсы алды мұздап іші.
Заһар толы шөлмекке қол созып ед…
«Сізді күттім…» –
естілді Қыз дауысы.
Үрей…
Күдік төзімін тауысты ада,
(боламысың, сен де ажал, алыс жаға?!)
«Сізді күттім…»
Дидар жоқ…
Бөлме ішінде
Қараңғы һәм нәп-нәзік дауыс қана.
Есінде екен ғашық күн – аусар күні,
Сағынышы,
Сал өмір,
Сарсан мұңы.
Қараңғының төсінен өніп шығып,
Келе жатты бір құшақ раушан гүлі.
Шұғылалы, шуақты мәңгі күндей,
Қыздың демі ып-ыстық,
сәл дірілдей;
Келе жатты бір құшақ аппақ раушан,
аппақ раушан – кіршіксіз қар гүліндей.
…өлім емес,
өмірдің кесігі ұрды,
(ардақ тұтам, сұлулық, есіміңді!)
Ару ғайып…
Кеудесін гүлге көміп
қала берді ол,
сәлден соң есі кірді.
Еркіндікке жіберсін құсын ғашық,
Көрсет, өмір, сен оған ішіңді ашып!
…жұпар атып тұр раушан сол лашықта,
Иектеген ажалдың мысын басып.

СҰЛУЛЫҚ
Сенің көзің теңіз сынды тым жұмбақ,
Шалқарына шақырады кімді ымдап!?
Көкке шапшып жатқан ақ жал толқынның,
Бір сәтін де тауыса алман мың жырлап.
Жан нұрланар қабағыңда ақ таңмен,
Жүрек сорлы саған асық соққанмен;
Сенің әр тал кірпігіңнен садаға,
Асыл, асыл сөзден інжу таққанмен.
Қалғандайын аласұрам жолда елсіз,
Армандаймын – «тебіренбесе ол менсіз…»
Сенің асқақ сұлулығың алдында,
Болар, бәлкім, Хафизің де дәрменсіз.
Жамалды емес сендей толған Айың да,
Сымбатыңа таласа алмас қайыңдар…
Тәңір сені жаратты да әдейі,
Қайғысы ғып жіберді ме шайырға?!
Гүлден теңеу іздемеймін,
ол семер,
Бағаң сенің немен, қалай өлшенер?!
Мен өлуге дайын едім қазір-ақ,
Ажал шіркін сендей әсем болса егер!
Тыңда мені, тынып жатқан ақ айдын,
Ақ айдыннан алаулайды арай – Күн!
Сен ақынды білмейсің ғой,
Мен саған
Есалаңның көзіменен қараймын…
Құдіреттей тұрған құнын бұлдап-ақ,
Сені даңқ,
Мені тамұқ тұр қамап…
Күйкі өмірде болған үшін көркемдік,
О, Жаратқан, саған-дағы бір мадақ!

 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста