Сағи Жиенбаев: Жалғыз тамшы жанарымнан түсті еріп...

Сағи Жиенбаев: Жалғыз тамшы жанарымнан түсті еріп...

Сағи Жиенбаев (1934–1994) - 15 мамырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында дүниеге келген. 1955 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты бітіргеннен кейін, Жезқазған кенішінде мұғалім болып қызмет істеді. Сол кездері өлеңдері республикалық баспасөзде жариялана бастады.

1956 жылдан бірыңғай әдеби жұмыспен айналысты. «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болды. Көп жылдар «Жазушы» баспасының поэзия редакциясын басқарды.

Ғазиза Жұбанованың «ЕңлікКебек», Базарбай Жұманиязовтың «Махамбет» операларының либреттосын жазған. Бірнеше ән текстерінің авторы. Ақын өлеңдері туысқан халықтар тілдеріне аударылған, шет ел тілдерінде басылған.
А.Пушкин, М.Лермонтов, О.Туманян, В.Брюсов, Я.Смеляков, Р.Ғамзатов, Д.Кугультинов, М.Қаноатов өлеңдерін аударып жеке кітап етіп шығарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған.

Шығармалары: Қарлығаш. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1959; Сыйлық. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1960; Дала гүлі. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1961; Теңіз сыры. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1963; Таң алдында. Өлеңдер. А.,»Жазушы», 1964; Менің көршім. Поэмалар. А., «Жазушы», 1965; Қайырлы таң. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1965; 1966; Ақ толқын. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1967; Ор киік. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1969; Алтын қалам. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1971; Жадымдасың, жас күнім. Таңдамалы. А., «Жазушы», 1972; Әлия. Лирика. Поэма. А., «Жазушы», 1973; Оймауыт. Жырдастандар. А., «Жазушы», 1975; Ақ самал. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1976; Құралай салқыны. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1979; Бозторғай. Өлеңдер. А., «Жалын», 1980; Іңкәр дүние. Таңдамалы. А., «Жазушы», 1981; Жарық жұлдыздар. Поэмалар. А., «Жалын», 1983; Нан мен тұз. Өлеңдер мен поэмалар. А., «Жазушы», 1984; Бақ құсы. Таңдамалы лирика. А., «Раритет», 2002; Алтын қалам. А., «Атамұра», 2003.

 


           * * *

Көп болды ғой мінбегелі құр атқа,

Шарт түйіліп шықпағалы қыратқа.

Асауларды ақ сорпа ғып келетін –

Қайран кездер қалып қойды-ау жырақта.

Сол бір кезді еске алушы ем сағына,

Міне, бүгін кездестім мен тағы да.

Көңілім толқып, көрейінші дедім де,

Создым қолды көкбестінің жалына.

«Сен сағынсаң, мен де сені сағындым,

Мен де көптен шабысымнан жаңылдым.

Кең далаңда кесіліп бір көрейін,

Шықпай жүрген терін алшы жанымның.

Арқыратып ат мінбеген — кісі ме,

Кісі еместің біздерменен ісі не?!

Құмарыңды тарқатшы бір, бауырым,

Әкетейін көк сағымның ішіне!...»

Дегендей ол, ауыздығын тістеніп,

Тұла бойын кетті оның да күш керіп.

Неде болса басып қалдым қамшыны,

Жалғыз тамшы жанарымнан түсті еріп.

Кете бардым азыната жарып жел,

Көз алдымда бұлдырайды сары бел,

Жаны қалмай, қолын созып тұс-тұстан,

«Байқашы!..» — деп дауыстайды қалың ел.

Қыз-келіншек жаралғандай ақ гүлден,

Сол бір сөзді қайталайды тәтті үнмен.

Бір көгілдір дүниені бетке алып,

Ақ жұлдыздай ағып бара жаттым мен.

Шыр айналып, мені сүйіп-құшардай,

Бір қарлығаш келеді алға түсе алмай.

Айдалада құласам мен,

Жалма-жан

Қанатына мінгізіп ап ұшардай.

Кірпігімде мөлдіреп бір тұрды шық,

Кең жазықта ағып барам нұр құшып.

Мен жығылып қала ма деп абайсыз,

Туған далам келе жатты бірге ұшып...

 

БҮГІНГІ ДАЛА СУРЕТІ

Жер менен көкті жалғаған —

Ақ жолақ жатты тартылып...

Адырда тұрған аруана

Қарады бір сәт маңқиып.

Майысып,

Әлсіз бұралған, —

Қамыстар үкі тағынып,

Айдын көл аэродромдай,

Құс келіп жатыр ағылып.

Қалтырап,

Қорқып, дүрлігіп,

Құрбан боп кетпей теп-тегін,—

Киіктер жонда иіріліп,

Күтіп тұр газих өткенін...

Сәулені кешіп,

Жел желпіл,

Көңілде үрей-дық қалмай,

Дәуірдің барлық перзенті

Бір-бірін үнсіз ұққандай...

 

ТАБА НАН

Жас кеттім туған үйімнен;

Көп кездім қала жатағын,

Әйтеуір —

бала күнімнен

Басталды менің сапарым.

Жататын -

үйді жылытып,

Жол қамын жасап анашым,

Қып-қызыл шоқты үгітіп,

Қыздырып қара табасын.

Абдырап.

Іштей сүйініп,

Ұстатып нанды қолыма,

Тұратын ұзақ

Сыйынып

Даланың қара жолына.

Таба нан -

анам пісірген

Бір жүрді талай жолдарда,

Аман-сау қайтып...

Ішімнен

Сыйынушы едім сол нанға.

Жыл сайын —

ұшып келем мен

Ауылға барып,

ойнақтап,

Аспан ғой қанша дегенмен,

Келеді түрлі ой қаптап.

Отырам бірақ жайланып,

Қызықтап таудың ақ басын,

Анамның ыстық ақ наны

Бірге ұшып келе жатқасын...

 

           * * *

Әженің жайлы арқасы

Секілді мамық құстөсек,

Жабысып, Қолдар айқасып,

Ертеден кешке түспес ек.

Шешеге бір сәт ұнамай,

Түнере қалса бұлт келіп,

Әженің бауыры —

ұядай,

Кетуші ек соған зып беріп.

Сәні еді

Ауыл-үйдің де.

Жүруші ек оны пір тұтып,

Жеткізген бізді бұл күнге

Жабағы жұлып,

Жүн түтіп.

Текемет басып,

Тері илеп,

Көрпеше құрап қиықтан,

Әжелер —

бізді жер үйде

Саусағымен-ақ жылытқан.

Тағдыр да

Берген пейілді,

Қолына қонған береке.

Ол жүрген жерде —

Көңілді,

Ол жүрген жерде —

мереке.

Әжесіз күй жоқ, асылы,

Әжесіз үйдің —

аз әні.

Аруана тектес асылым,

Ақ әжем

Елдің ажары.

Ақ әжем —

Асқар тауымдай.

Шуданы тастап шумақтап,

Жататын оның жанында

Бозала бұлттар будақтап.

Болмайтын қаяу,

Кіршік те,

Жатушы ем мен де жайланып,

Үйірген әжем ұршықпен

Дүние қоса айналып...

 

КЕМПІРҚОСАҚ

Көктемде Бұлттар асығып,

Селдетіп өте шығатын,

Артынан шайдай ашылып,

Дүние балқып тұратын.

Малшынып шилер нөпірге,

Қайтадан гүрлеп ошақтар,

Аспанға шығар көпірдей —

Тұратын кемпірқосақтар.

Тұратын ауыл шетінде,

Жету де қазір оңай-ақ.

Ұшушы ек алтын көпірге

Жүйріктер кілең -

желаяқ.

Қазір-ақ қолға қонардай,

Жетелеп,

Сүйреп сан қырға.

Тартатын

Сиқыр бояулар

Құбылып көздің алдында.

Асушы ек зымырап белдерден,

Қанша жер кеттік -

аңдамай,

Жақындап келе бергенде,

Жылжитын тағы әрқарай.

Тоқтамаушы едік

қызынып,

Бәйгеге қосқан аттарша,

Қуалаушы едік қызығып,

Сілеміз әбден қатқанша...

Дүние

Зымырап ұршықтай,

Арбайды көзді,

Дуалап.

Құмардан әлі бір шықпай,

Келеміз соны қуалап...

 

АНА ҚОЛЫ

Атырдық танды көз ілмей,

Арылдық біраз кірбіңнен.

Сонау бір —

Сәби кезімдей,

Қолыңнан ұстап тұрдым мен.

Көрінді жүдеу маған ол,

Қалды ма келіп құрғыр жас.

Қолыңның үсті —

Қара жол,

Қиыр да шиыр,

Қым-қиғаш.

Қиялмен жүріп сан жылым,

Қолыңа —

көптен қарағам.

Мен жүрген жолдың барлығы

Қолыңда тұр ғой,

Жан анам.

Бәрі тұр —

Қайда барғаным,

Түскенім қандай қыспаққа.

Осы ғой мені,

Ардағым,

Жеткізген мына ұшпаққа.

Жатыр ғой талай жол артта,

Тұрады бәрі жаңғырып...

Оралдың бір күн

Орақтан

Саусағың басын алдырып.

Көруге батпай қолыңды,

Көзімнен жасым тұрды ыршып.

Онсыз да жарым көңілді

Оңдырмай соқты бұл қырсық.


Сауылмай қалды сиыр да,

Жағылмай қалды жерошақ.

Үйіріліп ұшты құйындар,

Сыпырып күлді жел асап.

Қабағы түннің салбырап,

Дүние кенет қушиып,

Жанарда тұрды жаудырап

Жалғыз-ақ ұрттам тіршілік...

Менің де

сәби көңілім

Сезді ғой —

соның тұсында

Тұрғанын барлық өмірім

Бір ғана саусақ ұшында.

 

АУЫЛ ҚАРТТАРЫ

Дүниеге келер бір рет,

Дария-кеуде,

Тау-мүсін,

Құрыштан құйған құдірет –

Қарттарым,

аман-саумысың?

Өздерің болсаң жанында,

Ел іші жомарт,

Еңселі,-

Дән иісі жүрген қанында

Даламның бір-бір бөлшегі.

Арада жылдар жөңкіліп,

Алыстап кеттім біртіндеп,

Айта алмай ауыз толтырып,

«Ассалаумағалейкум!» деп.

Өзге бір менде жоқ тілек,

Өздерің

көзбен баққаным,

Жайлы жер іздеп кетті деп,

Жазғыра көрме,

қарттарым.

Ердім бір сиқыр қаламға,

Шығардым белге жыр көшін.

Болғам жоқ алаң,

Даламда

Әулие қарттар жүргесін.

Жанды ғой бағы даланың,

Сендерге қуат,

дем берсін.

Киесі де оның сендерсің,

Иесі де оның сендерсің.


Алдында жүрші көзімнің,

Асылым,

алтын қазынам.

Ауыра қалсам,

өзіңнің

Пейіліңмен-ақ жазылам.

Сағынтып талай жыр туар,

Оралар әлі-ақ сан жыршы.

Даламның иісі бұрқырап,

Қарттарым,

аман-сау жүрші!

 

СҮТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Көшті талай көк аспанның бұлттары,

Көпті жұрттың көзіндегі шықтары.

Төрт жыл бойы асыраған —

бірақ та

Таңдайымнан кетер емес сүт дәмі.

...Көктем шығып,

Жер-дүние жылынып,

Жан біткеннің аузы көкке ілініп,

Көкжиектен құлаушы еді бір табын

Кешкі мұнар арасымен шұбырып.

Бәрінің де жұмырланып бүйірі,

Бәрінің де биіктеген иығы...

Ең алдымен жетуші еді елпілдеп

Біздің үйдің қызыл қасқа сиыры.

Қалай ғана шыдайды екен күнімен,

Есі шығып,

Еміреніп үнімен,

Келе сала,

Жалап-жалап бұзауын,

Жылтыратып қоюшы еді тілімен.

Одан басқа көрмейтін ол жанды да,

Не қойсаң да, қарамайтын алдына.

Тұлабойы дір-дір етіп,

жас бұзау

Тығылатын енесінің баурына.

Осы кезде

Балбырап ол тұратын,

Жанарына бүкіл дала сиятын.

Осы кезде -

үлпілдеген үрпінен

Бір ақ жаңбыр нөсерлетіп құятын.


Ақ жаңбырдың иісінен-ақ шат болып,

Тұратынбыз бойымызға дәт көріп.

Көтеретін көңілді де,

Көзі де

Ақ шелекте бұрқыраған ақ көбік...

Сауу керек үшінші рет,

Соңғы рет,

Бұзауы тұр жіберсе екен енді деп,

Ол да — бала,

Мен де — бала бүлдіршін,

Екі бала елеңдейміз мөлдіреп.

Жауып-жауып,

өте шыққан бұлттардай,

Үшінші рет...

Қояды енді түк тамбай,

Жалғыз ғана өзіне аян бір сырды

Жануарың ішке бүгіп тыққандай.

Мыңқ етпейді -

Секілденіп жоқ есі,

Әлсіз ғана қалтырайды денесі.

Ең нәрлісін,

Ең дәмдісін —

Соңғысын

Бұзауына сақтайды екен енесі.

Соңғы иінді...

Ең қиыны осы ара,

Осы арада —

Арбасады қос ана,

Екеуінің екі түрлі тілегі.

Екі тілек қосылмайды -

не шара?!

Жануарың жасыра алмай сезімін,

Жаутаңдайды қарашығы кезінің,

Ене байғұс ойлайды тек бұзауын,


Ана байғұс ойлайды тек өз ұлын.

Біздер үшін арпалысып,

тіресіп,

Тұрады екеу...

Бірі алданып,

бірі өсіп.

Түк жоқ ойда,

Мәз боп бара жатамыз

Екеуіміз екі анаға ілесіп...

 

           * * *

Аспанды кенет тарылтып,

Ауылды жерге бұқтырып,

Астан да кестен...

Сабылтып,

Жарқ етіп...

өте шықты бұлт.

Селк етті дала суынып,

Шағылдың іші суылдап,

Шилердің белі бүгіліп,

Шалғынның үсті шыңылдап.

Топырлап сол кез күш бермей,

Балалар шулап ұшты кеп,

Аспаннан алтын түскендей,

«Әнеки, жасыл түсті» деп.

Қашаннан -

ауыл шетінде,

Көктемде құстар толатын.

Орманнан келген өкілдей

Жалғыз бір терек болатын.

Жүретін қарттар қорғаштап,

Қияңқы қулар барса оған,

Тұратын сосын ол да асқақ,

Түсіпті жасыл дәл соған.

Күл басып кеткен маңайын,

Жапырақ жатыр шашылып.

Денесі түгел қарайып,

Бұтақтар қалған асылып.

Құлардай қазір үгіліп,

Қалмапты өрттен сау жер де,

Тұмсығы құмға тығылып,

Балапан жатыр әр жерде.

Қимылдап жатыр кейбірі,

Секілді тірі қалатын.

Кейбірі әлсіз жерді ұрып.

Жия алмай жатыр қанатын.

Шыр ете қалды біреуі,

Біреуі соған қосылды.

Біреуі шөпке сүйеніп,

Қайталап жатты осы үнді.

Әкетті жел де өсіріп, .

Барады жүрек суылдап —

Балапан құсқа қосылып,

Даланың өзі шырылдап...

 

СЫРТТА БОРАН ҰЛЫП ТҰР

Сыртта боран ұлып тұр,

Қырық жамау терезені ұрып тұр.

Қоңыр кеште

қоңыр үйдің ішінде

Қарсыласар пенде жоғын біліп тұр.

Пеш түбінде бүрісіп,

Төрт балапан отыр бойы құрысып.

Бірін-бірі демдерімен жылытып,

Бірін-бірі көздерінен ұғысып.

Ошақтағы сөнген от,

Барады аяз тұла бойға өрмелеп,

Бір-біріне жабысады төртеуі,

Көз алдында көгілдір шар дөңгелеп.

Долы боран жыны ұстап,

Дүниені тұншықтырып тұр ұстап.

Бір уыс боп бара жатыр төрт бала,

Бір көрпенің төрт шетінен уыстап...

Етек-жеңін түрініп,

Қайран ана жетті, міне, жүгіріп,

От құшақтап кіргендей ол,

шу етті

Сұлық жатқан төрт балапан тіріліп.

От та бірден лаулады,

Балапандар отқа қарай аунады.

Естіртпеді боранның да гуілін

Сарт-сұрт жанған сары қамыс баулары.

Көкжиектен күн қарап,

Дүниені тұрғандай бір гүлге орап,

Көктем шығып келе жатты кенеттен

Бұрыштағы мұз-қыраулар сырғанап.

Үрей-дүлей өтті ұшып,

Көкірек те, қоңыр үй де кетті ысып...

Бір ананың құшағына таласып,

Бірін-бірі аунатып жүр төрт күшік...

 

ОҢ АЯҚ

Күн ұзаққа шөп шауып,

малды бағып,

Таң алдында жантайып қалғып алып,

Отыратын бір мезгіл кілең жесір

Құйттай-құйттай сәбиін алдына алып.

Жадау жүрген көңілді желпіндіріп,

Талпындырып сәбиді, серпілдіріп: —

Келер ме екен көкешің, құлыншағым,

Оң аяғың көтерші,— дейтін күліп.

Көзін алмай барлығы, тынып іштен,

Оң аяққа қарайтын сүйінішпен.

Қыбыр етсе баланың башпайлары,

Кететіндей жуылып күйік іштен.

Қадалатын ынтығып бәрі үзіліп,

Сан құбылып жүздері,

сан бұзылып,

Оң аяқта тұратын осы кезде

Жалғыз арман,

жалғыз ой,

жалғыз үміт.

Әлгі бала талпынып тұрған күліп,

Жалғыз өзі маңайын нұрландырып,

Көтеретін бір кезде оң аяғын,

Үйдің ішін мәз-мәйрам, думан ғылып.

Жеткізгендей хабарын ағалардың,

Мәз-мәйрам боп тұратын бала балғын,

Сәби жүрек сезе ме,

аз да болса,

Көтергенін көңілін аналардың.

 

ХАТ

Қолыма қалам алғалы

Екі-үш ай өткен арада...

Хат жазу -

барлық арманым —

Майданда жүрген ағама.

Қанша әріп білем,

бәрібір,

Сөз емес маған о л жағы.

Әзірге білген әрібім

Хатыма жетсе болғаны.

Сәбиге біткен кәдімгі

Күнәсіз әппақ көкірек...

«Амандық хат!»— деп алдымен,

Астынан сыздым екі рет.

Содан соң, —

әжем саулығын,

Апамның аурып тұрғанын,

Ағайын-тума -

барлығын

Бастарын қосып жинадым.

Айтылмай қалса біреулер,

Өкпелеп жүрер маған деп,

Ауылда кім бар —

түгелдей

Аттарын тіздім...

аман деп.

Шұбырттым...

Егін орғанын,

Алғанын жинап шөптерін,

Басқарма кімнің болғанын,

Әскерге кімнің кеткенін.

Тұрғанын аяз сақылдап,

Түскенін қалың мұз-қардың,

Аттарын айттым жақында

Тұрмысқа шыққан қыздардың.

Бұрышта қырау жылтырап,

Азынап тұрса да үйіміз,

Жатса да қарным шұрқырап,

«Жақсы,— деп қойдым, күйіміз!.

Үлкейдім деген мен енді...

Бір сезім бар ма, күш кіріп,

«Шөп тасып жүрмін...» дегенді

Жібердім хатқа қыстырып.

Жаздырмай жұртқа хатымды,

Өзім-ақ жазар келді күн...

Алғашқы...

және

ақырғы...

Ең ұзақ хатым болды бұл.

Не керек,

Іштей маздадым,

Көңілім сонау жүр көкте...

Талайдан бері жазғаным

Толмады бірақ бір бетке.

Мейлі ғой,

Сол-ақ жетеді,

Толмай-ақ қойсын, несі бар,

Әйтеуір, менің көкеме

Айтпағым қазір осылар.

Қалмады менің сабырым,

Жеткендей ұлы мұратқа,

Жанымның орап жалынын

Жөнелттім Сталинградқа...

Содан соң,

«Сырын» біліп ап,

Ұшырдым талай хаттарды.

Хат жазып беріп ұлына,

Қуанттым қанша қарттарды!

Қадалып түнде...

елеңдеп,

Қарсы алып таңның арайын,

Көкешімді ертіп келер деп,

Өлеңмен жаздым талайын.

Қайтпады бірақ жауап та,

Хабарсыз кетті барлығы.

Почташы қарттың —

далақтап,

Алдынан шығам әр күні.

Алқынып, тулап жүрегім,

Көзіме хаттар елестеп,

Ойлаймын іштей —

біреуі

Таппауы мүмкін емес деп...

Оралды бір күн...

Даланың

Сіңіріп жалын, аптабын,

Сабылып майдан алабын,

Сарғайып кеткен хаттарым.

Сарғайып кеткен зар-мұңнан

Секілді менің сыңарым,

Бауырыма қысып алдым да,

Құшақтап барып құладым...

 

ДӘН ЖҰПАРЫ

Самалдап, сағымданып туған аймақ,

Тамызда кетуші еді

жылда жайнап...

Ішіне шыт көйлектің жел толтырып,

Жүруші ек кілең «батыр» қырман айдап.

Тұрғасын сүйеу көріп,

елің сеніп,

Ерге де ер жігітше қонушы едік.

Халықтың қасиетті ырзығы деп,

Әр дәнді торғайдан да қорушы едік.

Қалжырап,

қолымыздан әл де қалып,

Кірпіктер айқасқанда,

сәл демалып,

Жамылып жұлдыз толы көк аспанды,

Ұйықтаушы ек ұмар-жұмар дәнге оранып.

Далада бірте-бірте дыбыс артып,

Ауада бозторғайдың үні шалқып,

Тұрушы ек таңғы сәуле арасында

Жас дәннің үстімізден иісі аңқып.

Аралап кең даланың бар қуысын,

Қуалап жылғалар мен сайдың ішін,

Қоңыр жел —

күндіз-түні қырман жақтан

Ауылға әкелетін дәннің иісін.

Сол кезде мәз болатын ауыл-аймақ,

Жүзіне қан жүгіріп, жаны жайнап,

Қарайтын қырман жаққа... қариялар

Ақуыз балапанның бағып ойлап...

Жыл сайын байтақ өлкем -

Шуақтанып,

Қырынан ағыл-тегіл сый ақтарып,

Әлемге дән жұпарын тарататын
Тұрады қызыл қырман сияқтанып!

 

* * *

Асықтық сауық,

тойларға

Ұмытып жадау жоқтықты,

Еркін бір шалқып ойнауға

Мұршамыз келген жоқ тіпті.

Той жақын деген үмітпен

Желбіреп,

Желмен шайқалдық.

Ат қылып ойнар шыбықпен

Шапқылап бұзау қайтардық.

Жаңбыр мен терге жуындық

Денеміз қызып дуылдап,

Қырманға қарай жүгірдік

Бозала таңнан зуылдап.

Ұйқысын бұзып сан қырдың,

Ауаны шумен шайқадық,

Шашырап шықтар,

Шалғынды

Шалғы орақпенен жайладық.

Ақ борандарды қасарған

Алдынан шығып тоқтаттық,

Арқырап жүрген асауды

Арбаға жегіп,

шөп тарттық.

Ұмыттық шалқып ойнауды,

Бір үйдің бір-бір көзі боп,

Тездету үшін тойларды,

Ержету үшін тезірек...

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста