Алаш ақыны

Сайлаубай Тойлыбаев: Байлауы болған бағымның, тағдырға тәлкек шағындым...

  • Сайлаубай Тойлыбаев: Байлауы болған бағымның, тағдырға тәлкек шағындым...

    Сайлаубай Тойлыбаев: Байлауы болған бағымның, тағдырға тәлкек шағындым...

ҚАЗАҒЫМНЫҢ КӨК ТУЫМЕН МАҚТАНАМ…

 

Бірлігім мен елдігімді сақтаған,

Сені көрсем, рухтанам, шаттанам!

Желбіреген көгімізде мәігілік,

Қазағымның көк туымен мақтанам!

 

Күш түскенде жүрек пенен буынға,

Жас ұрпағым, сүй еліңді, суынба.

Қыран құстың қанатымен жарасып,

Күннің көзі жарқырап тұр туымда.

 

Қазағымның өрнегі бар өрілген,

Қасиетіңнен айналайын, көрінген.

Қазақ деген қаным барда, жан барда,

Көк туымды құлатпаймын төрімнен!

 

Әрбір қазақ, игі істер жасарда,

Көк туыңды желбіретіп бас алға!

Ел намысын қорғайтұғын ұрпақ бар,

Көк туымды асқақтатар қашанда.

 

Бола көрме ұрпағыңа сен алаң,

Отан үшін отыңа да түсе алам.

Қасиетіңнен айналайын, көк туым,

Сені көрсем, жігерленем, күш алам!

 

Жарқырайды сеніменен маңдайым,

Елін сүйген, жерін сүйген жандайын.

Жер шарының қай жерінде жүрсем де,

Көк туымды қастерлеймін әрдайым.

 

Бірлігім мен елдігімді сақтаған,

Сені көрсем, рухтанам, шаттанам!

Ұлы елімнің даңқын көкке көтерген,

Қазағымның көк туымен мақтанам!

 

 

 

САҒЫНДЫМ…

 

Әкемді жоқтап сағындым,

Анамды жоқтап сағындым!

Өмірдің қатал заңына,

Еріксіз ғана бағындым.

 

Арайлап атқан таңдарым,

Өшпейді-ау жаққан шамдарың.

Сағынып жүрмін сендерді,

Аяулы, асыл жандарым.

 

Тәңірге жалғыз табындым,

Ауылды аңсап сағындым.

Құшағын жайып қарсы алар,

Бауырды туған сағындым.

 

Балалық менің шағымның,

Достарын адал сағындым.

Сендермен өткен жас дәурен,

Ұшында кетті-ау сағымның!

 

Басына шығып шағылдың,

Сарғайып талай сабылдым.

Алғашқы сүйген махаббат,

Өзіңді еске ап сағындым.

 

Байлауы болған бағымның,

Тағдырға тәлкек шағындым.

Балалық шақтың куәсі,

Туған жерді сағындым!

 

Ішінде жүріп сағымның,

Бақыты болдың бағымның.

Өзіңді көптен көрмесем,

Жаным-ау, сені сағындым!

 

 

 

БЕСІК

«Баланың бесігі – кең дүниенің есігі»  (Төле би)

 

Бабалардан қалған жақсы нәсібің,

Жырға қоссам, оның, сірә, несі мін?

Сәбилерін құндақтап ап аналар,

Жүрегімен тербетеді бесігін.

 

Жолын талай көрсе-дағы азаптың,

Көңілдегі қайғы-мұңды тазарттың.

Бабалардан келе жатқан қастерлі,

Бесік деген – киесі ғой қазақтың!

 

Жақсылықты жалау етіп жасқамай,

Ән айтпаушы еді «Бесік жырын» бастамай.

Арқалаған бесіктерін аналар,

Жаугершілік заманда да тастамай.

 

Қасиетін сол бесіктің түсін деп,

Өрнектеген өрнекпенен мүсіндеп.

Бесік деген – тазалықтың бастауы,

Сәбилердің денсаулығы үшін тек.

 

Бала өсірсең, жан болмайды тұрпатсыз,

Жүрміз бүгін айтып соны, шырқап біз.

Анамыздың ақ сүтінен нәр алып,

Сол бесіктен өніп-өскен ұрпақпыз!

 

Балаң үшін басылмайтын аптығы,

Жоқ қой оның қазақ үшін жаттығы.

Бесік деген – берекесі ұрпақтың,

Бесік деген – шаңырақтың шаттығы!

 

«Қатты жаппа» деген сөз бар есікті,

Бәрін-бәрін бір қасиет шешіпті.

Сәбилердің бақыты үшін баянды,

Қастерлейік, киесі мол бесікті!

 

 

 

ҚАҚПАНҒА ТҮСКЕН АРЛАН ҚАСҚЫРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

 

Қаңтар менен ақпанның жетегінде,
Қыстың көзі қыраулы кетеді ме?
Ауыл жатыр түтетіп түтіндерін,
Шоратұғыл, Үшбұлақ етегінде.

Бұл ауылдың жарасқан бірліктері,
Келем оны әрдайым жыр ғып тегі.
Мал-жанымен күн көрген азын-аулақ,
Бітпейді екен ауылдың тірліктері.

Жан жүйеңді кетсе де дуылдатып,
Көрген емес аңшылар суырды атып.
Пайда болды бір қасқыр – Арлан  текті,
Осы ауылдың иттерін шуылдатып.

Ауыл маңын торлайды, жорықтайды,
Таппадым деп азығын торықпайды.
Арлан қасқыр азулы, үйірімен,
Итің түгіл, адамнан қорықпайды.

Желбіретіп жабағы түкті жүнін,
Түн жамылып жорыққа шықты бүгін.
Жон арқасын көрсетті күжірейтіп,
Үйіріне байқатып мықтылығын.

Жылы, жұмсақ тиер деп ісі қанық,
Қорадағы қойлардың түсі де анық.
Жортып келеді иісшіл арлан қасқыр,
Үйірінің алдына түсіп алып.

Бола ма екен бұндайда қымсынуға,
Реті жоқ бір сәтке тұншығуға.
Сілекейін шұбыртып тіліменен,
Қанның исі келеді тұмсығына.

Ала құйын аяздың ақпанында,
Желе жортып мәз болар тапқанына.
Сезбей қалып, бір демде, адам құрған,
Түсіп қалды қапыда қақпанына.

Қайдан ғана сездірмей күш құлатты,
Тыпыр қағып, жұлқынып күш қып жатты.
Темір тісі қақпанның жанға батып,
Жанарынан жарқ етіп, ұшқын атты.

Қыңсылайды, ызадан торығып жан,
Жақсы екен-ау аңшының оғы мұнан.
Қанша жұлқып тартса да болар емес,
Алдыңғы аяқ қиылып тобығынан.

Қара түнмен осылай таң асырып,
Арлан қасқыр жатты тек аласұрып.
Тегі хайуан болған соң қасқырлардың,
Үйірі де танытпас жанашырлық.

Жемін іздеп шыққанда өздігінен,
Қиындыққа тап болып төзді білем.
Бұл қақпаннан құтылу оңай болмас,
Бір өлімнің барын да сезді білем.

Бойындағы сарқылмас біліп әлді,
Айлы аспанға бір қарап ұлып алды.
Азу тіспен аяғын шайнап тастап,
Өз аяғын қақпаннан жұлып алды.

Көрсеткен соң осынау тағдыр істі,
Ызғарлы үнмен гуледі жардың үсті.
Оң аяқтан аққан қан жылымықтап,
Қызыл қанға боялды қардың үсті.

Өлім менен өмірдің арасында,
Шамаң келмей қалжырап қаласың ба?
Жарты аяғын қалдырып арлан кетті,
Қақпан қалды құрсаулы даласында.

Сараламай табиғат дара бақты,
Тылсым күшке куә боп дала жатты.
Үйірінің соңынан үміт үзбей,
Арлан қасқыр ақсаңдап бара жатты.

        

* * *

Тіршіліктің қашанда иесі нәр,
Табиғаттан адамға тиесі бар.
Түз тағысын аялап қорғайықшы,
Ей, адамдар! Қасқырдың киесі бар!

 

 

 

ОРАҚТЫ  БАТЫР 

Жау қалды ма тізесін батырмаған,
Бәрін жеңіп, гүлденіп жатыр далам!
Ортамызға оралды бүгін, міне,
Жау жүректі  – Орақты Батыр бабам!

Жүректегі жалын, от, намыс қандай?
Күш пен қайрат жарасып табысқандай.
Бар қазаққа Орақты батыр бабам –
Алып тұлға, айбатты арыстандай!

Арылмаған ақ жүрек, керім күйден,
Жауға шапса – атой сап, белін түйген.
Орақтыдай хас батыр, қасиетті,
Елі менен кең байтақ жерін сүйген!

Сән-салтанат бүгінде сарайланып,
Қуанамын еліме қарай қалып.
Бара жатыр ұрпағы Орақтының,
Тәуелсіздік таңыммен арайланып!

Кім айтады көкейді теспейді деп,
Жайлап жатыр қалың мал төскейді көп.
Өр рухы мен есімі бабамыздың,
Жүрегінен ұрпақтың өшпейді тек!

 

 

          

ЖЫР ДӘПТЕР 

Өлеңдегі менің әрбір сәттерім,
Маңдайдағы шын төгілген бақ-терім!
Маған жолдас бала кезден кешегі,
Қойнымдағы өлең-жырлы дәптерім!

Жұлып алып пасықтықпен параны,
Емдейді ғой жүректегі жараны.
Алтын-күміс, жақұтыңнан ерекше,
Маған қымбат оның әрбір парағы.

Егер мынау дүниеден  түңілсең,
Маған емес, дәптеріме жүгін сен.
Тіршіліктің бар тынысын байқарсың,
Сол дәптердің беттеріне үңілсең.

Ақтарып сап тұл өмірдің қырларын,
Төгілді ғой ақ параққа сырларым.
Жүріп өткен жолдарымды паш етіп,
Көз алдыңда сайрап тұрар жырларым.

Өлеңдегі менің әрбір сәттерім –
Маңдайымнан шыпшып шыққан бақ-терім!
Мұңдасым да, сырласым да бүгінгі,
Қойнымдағы  жырға толы дәптерім!

qazaqadebieti.kz




Көрілген: 17538    Пікірлер: 0

сенбі, 03.04.2021, 00:45

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Желтоқсан 2016
    Әбубәкір СМАЙЫЛОВ: ТҮСІК

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31