Тоқаш Бердияров: Көздің жасы қорқыныштан тумайды...

Тоқаш Бердияров: Көздің жасы қорқыныштан тумайды...

Тоқаш Бердияров (1925–1988) – 19 қазанда Оңтүстік Қазақстандағы Келес ауданында туған. Отан соғысына қатысқан. 1950 жылға дейін Кеңес Армиясы қатарында болды. 1958–1962 жж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде қызмет істеді. 1962 жылдан шығармашылық жұмыста болды. Алғашқы өлеңдері баспасөзде 1950 жылдан жариялана бастады. Тырнақалды өлеңдер жинағы – «Шалқар теңіз» 1952 жылы жарық көрді. Кейін «Мен өмір сүремін» (1965), «Бейбітшілік көшесі» (1960), «Тораңғы» (1965), «Оқ және гүл» (1967), «Дауылдан кейін тыныштық» (1970), «Көгілдір ымырт» (1972), «Бозторғай» (1973), «Күндер, күндер, күндерім» (1974), «Ескі паровоз» (1976), «Жаңа дала» (1979), «Сөнбейтін оттар» (1980), «Есіктің алды – көк терек» (1983), «Шынар» (1985), т.б. өлеңдер мен поэмалар жинақтары, таңдамалылары басылды. Проза жанрында да қалам тартып, «Жастық кешуі» (1966), «Солдат сыры» (1968), «Фарида» (1978) атты әңгімелер мен повестер жинақтарын жариялады.

 

ОТАН
О бастан әке-шешем жоқ болса да,
Обыр көз жетімдікті жоққа сана.
Маған төр — Отанымның шалғай шегі,
Үстінде жұмыр жердің жоқ босаға.
Поэзия көрігін гүрілдетіп,
Миымда зырылдайды бүкіл тетік.
Өмірге асығамын нәрестедей
Құрсағын Кеңістіктің бүлкілдетіп.
Құрсағын тілдеттім Кеңістіктің,
Миымда тұрды қайнап ең ыстық күн.
Арманмен бірге тұрып, бірге жаттым,
Күндерден бақыт күттім, жеңіс күттім.
Қуанам, Күн жылуын берген сайын,
Қуанам, тірі жылдар келген сайын.
Болымсыз сағаттың әр сыртылынан,
Бақыттың бөлшектерін мен жасаймын.
Өзіме әділдікті куә тұтқан,
Адаммын — өмірден шуақ ұтқан.
Қасықтап шабытымның кілегейін,
Шаттықты мен жасаймын уақыттан.
Өмірден аластаған шерлі күнді,
Шаттығын сіміремін мың кесенің,
Алсаң ал қолымдағы бақытымды,
Бермеймін саған бірақ Ерлігімді.
Шаттығын сіміремін мың кесенің,
Арманмен таяу тұрып тілдесемін.
Отаным өз басымда болмаса егер,
Ерлік пен рақатты білмес едім.
Отаным болмаса егер өз басымда,
Қасірет тұнар еді көз жасымда.
Ғажайып кең жазира Отанымның
Мына мен — қызметкері, қожасы да!
Басыма бақыт қонып тұрады енді,
Қызығы көп күндерден сұра мені.
Кең байтақ Отан тиген есесіне,
Мен — Ұлы Октябрьдің мұрагері.
Жерінде жүрсем егер бөтен елдің,
Отанымды аңсаумен өтер едім.
Болса да Планетаның салмағындай,
Парызын Отанымның көтеремін.
Мылтығы үндемейтін айқас бар ма?
Менің ізім түспеді қай тастарға!
Ұлы Отан Батырлықтың ескерткішін,
Көкірегіме орнатты шайқастарда.
Жүрегім өз елімде тоқтаса да,
Мен тірімін. Өлімді жоққа сана.
Маған төр — Отанымның шалғай шегі,
Үстінде Туған жердің жоқ босаға.


ТАҢ
Жерден әлде шықты ма?
Көктен әлде түсті ме?
Қона қалды жас сәуле
Шоқылардың үстіне.
Езуінде күлкісі,
Етек, жеңін түрініп,
Шың басынан күн нұры
Келе жатыр жүгіріп.
Ойыстарға үңіліп,
Дөңестерге бір шығып,
Келе жатыр жүгіріп,
Алды — абад тіршілік!


ДАЛА КӨРІНІСІ

Жас бала қолын сермеп «ек» деп еді,
Жұп-жуас доңғалақтар дөңгеледі.
Астымда гүл аралас жасыл пішен,
Үстімде тұр мөлдіреп көк әлемі.
Көк мұнар ұшан теңіз сияқтанды,
Судырлап қыр бойында қияқ қалды.
Барады мені тербеп, мені әлдилеп,
Өгіздің сыртылдаған тұяқтары.
Ауылдың қаптаған мал сай-саласын,
Дала, дала!..
Еріксіз ән саласың.
Адымдап бара жатты бағаналар
Аралап шексіз-шетсіз дән даласын.
Жүре бергің келеді жазирамен,
Мақтасы мол, жүзіне ажар енген.
Көл бетін сызғылаған омыраулап,
Ақ қаздар айнымайды ақ желкеннен.
Даланың бұраң қаққан шалғындары,
«Тиме» деп тентек желге жалынады.
Мақта терген қыздардың әсем әні
Құлаққа еміс-еміс шалынады.
Бүйірі шығып сиырлар тыңқиыпты.
Шапқылаған тай, құлын тым сүйікті.
Қыс бойына жан-жағы омырайған
Маялардың бөксесі бұлтиыпты.
Сүйемін, қош иісті Арқа гүлін,
Сүйемін, Оңтүстіктің малта құмын.
Аралағым келеді туған жерді,
Түбіне бір күн түнеп әр талының.
Айтсайшы, қымызы бар ойдағы үйді!..
Өрісте шопан баққан қой да күйлі.
Көз нұрын талдырады-ау, талдырады-ау,
Даланың сұлулығы, мол байлығы!
Сыланып айдын көлге төнді қоға,
Балбұлаққа еңкеймей шел қана ма?!
Өгіз арба үстінде жатып алып,
Қандай ғажап көз салу кең далаға!
Өңірде өзен жатыр иректеніп,
Барады, әне, өзенге үйрек төніп.
Бір табын сиырларды үйіріп тұр
Шөбі шүйгін-түбектер имектеніп.
Мұндайда көңіл шіркін жай таба ма?
Ән салу ғажап екен айдалада.
Сұлулыққа тойсын көз, тойсын жаным,
Өгізіңді жайырақ айда, бала!


ҚЫСҚЫ ЖОЛДА
Білмейміз, ауыл әлі қанша жырақ?
Шанаға қисаямыз жан қалжырап.
Жүзімізге инедей қадалады
Арғымақ тұяғынан қар шашырап,
Шанамыз шағым етіп жол қырсығын,
Шықырлап өлеңдетер оның сырын.
Ақ ұлпа қар ат қылып мініп апты
Бағанның гуілдеген момын сымын.
Тым-тырыс. Қар жамылған ой, қыр,
деңгей, Япыр-ау, ойға шомды өңір нендей?
Ен даланың далиған кеудесіне
Аппақ сүт ақтарылып төгілгендей.
Ен дала тіршіліксіз сұлық жатты,
Күн де, әне, арайланып сұлу батты.
Даланың мамасындай қос маяға
Сиырлар тұмсықтарын сұғып апты.
Суық жел сумаң қағып, салқын басып,
Аязбен кетті лағып, сәл сырласып.
Сидиған бұталарда мәжіліс құрды
Қарғалар азан-қазан, жапырласып.
Кек аспанның дөңгелек суатындай,
Сыз берді алдымыздан туатын ай.
Тұнжырап қыбыр етпей тұрды дала
Шомып бір ойға кеткен ұлы ақындай.
Естілген ит әупілі сонау белден,
Сықылды сәлемдеме елден келген.
Көрінді, әне, ауылдың көк түтіні,
Тіршілік жалауындай көлбеңдеген.


ТУҒАН ЖЕР
Даланын, еркін ескен самалы бар,
Маған ыстық ну тоғай, әрбір тасы.
Сағымы сылаң қаққан сары адырлар
Сықылды жирен аттың қабырғасы.
Қолыма жерде жатқан тасты алғанда,
Көзіме елестеді бала күнім.
Сол тасты лақтырып тастағанда,
Таспенен кеткен екен балалығым.
Шалғының жасырды ізін жүргіншінің,
Сұлу ай төлемдегі алтын кесе.
Қуанамын сабалақ бір күшігің
Астынан алты қырдың әупілдесе.
Қалды іздерім сенің кең атырабыңда,
Сол іздер өмірімнің ескегі екен.
Бидайдың бір дәніндей топырағында
Елеңдеп, құлақ тартып ескен екем.
Зыңылдап шілдеқоңыз жақын маңда,
Тулап жатқан сағымда жүздік-ау бір.
Шыққанда қайқаң етіп құба жонға
Етекте жатушы еді-ау біздің ауыл!
Әсем бір шегірткенің шырылына
Шырылы шалғы орақтың ұласады.
Айдын көл шағылысып күн нұрына
Сыбдырлап қамыс, қияқ сырласады.
Сусылдап бір топ үйрек көлге тәнді,
Күнбағыс өбіседі күнсұлумен.
Жұпар иісі аңқыған шөмелені
Сиырлар қасып жатыр тұмсығымен.
Не деген ұшан теңіз дала сыйы
Астық,
Нан!
Жыл жомарты күз емес пе?!
Сонау бір жылқышының киіз үйі
Пай-пай, пай, түсіргені-ай, қымызды еске!
Жасыл бақша ұқсайды көздемеге,
Мол байлықты майысқан адыр белі...
О, туған жер, түсемін өз кеудеңе,
Марсқа лақтырса да тағдыр мені.


ТОРАҢҒЫЛ
Тораңғыл мекен етіп құм даланы,
Сықылды қаса сұлу ырғалады.
Еріксіз құлағыңды елеңдетер,
Сылдырап қызғылт алтын сырғалары.
Ажары атқан таңға жалқындады,
Ерке ғой еркін өскен ол құмдағы.
Бұжыр-бұжыр балтырын қымтайды көп,
Сусыған бұйра құмның толқындары.
Түбінде сылдыр қаққан бұлағы жоқ,
Өзімен сырласатын құрағы жоқ.
Бетке ұстап күз дауылын, қыс боранын,
Өсіпті Сырдария тұрағы боп.
Ағаш та сусыз жерде өседі ме?
Жаз айы шалғыны жоқ төсенуге.
Әкесі тораңғылдың Сыр суы ма?
Немесе кешкен елдің көсеуі ме?
Тораңғыл сыбдыр қағып сол арада:
«Ұрпағым, өмір жүгін мол арқала!»
Дегендей жамыратып жапырағын,
Тұмар қып тағып жатты жонарқама.


ҚЫМЫЗ
Бұл қымыз бұрқыраған сабадағы,
Қашанда көңіл-күйін таба алады.
Күн шықты екі тастың арасынан...
Уа, шіркін, қазекеңнің таба наны!
Өзі де піскен екен дөңгеленіп,
Бір емес, жарықтықты он бөлелік.
«Ақаңды» сумаңдатпай қоя тұршы,
Алдымен қарт қымызға жол берелік.
Бұл қымыз — беделі ғой даламыздың
Бұл қымыз — ескерткіші бабамыздың.
Тостағыңды толтырып құйшы, жаным,
Маужырап бойым балқып, жаңа қыздым.
Шаршауды, шалдығуды білгізбеген,
Ежелден жанға дауа қымыз деген.
Жағалап киіз үйді қымызқорлар
Бір емес, бұл қымызды мың іздеген.
Сағыныш ауыл жаққа шапқыласын,
Әмәнда, туған елді жат қылмасын.
Көрінді кең жайлауда киіз үйлер...
Мұндайда кім бұрмайды аттың басын?!


БОЗТОРҒАЙ
Көнбейтін тірі жанның саудасына,
Тәкаппар небір алып тау да осында!
Бозторғай майда қоңыр әуенімен
Күнді сүйреп шығарды тау басына.
Мына таң алауланған ай-хай, қандай!
Таң лебін бар тіршілік байқағандай,
Боз жусанның түбінде қос жұмыртқа,
Бозторғай оны өлеңмен шайқағандай...
Дүрілдеп қойлы ауылдың аттылары,
Көк серкені тақымдап шапқылады.
Ыю-қию дүбірге кетті толып,
Лапылдаған жалын боп аттың жалы.
Дүрмек жұрт қиқулайды алған қызып,
Бұл көкпар кімге үрей, кімге қызық.
Үш бірдей жапсарласқан арғымақтың
Құйрықтары барады жерді сызып.
Қалың жұрт сайгүлігін шаужайлайды.
Ақша бұлтын бұлғайды тау шалғайда.
Аттардың тұяқтары сатыр-сұтыр,
Ұядағы жұмыртқа, сау болғай да!
Жүйріктер ақ көбік боп, таға сынып,
Шаңға бөгіп жатқандай дала сұлық.
Безілдеп, қос қанатын сабалайды,
Аспанда ана торғай аласұрып.
Қараймын үрейленіп от дүбірге,
Жүрегім тулап-тулап кетті мүлде.
Қызық-ау, бозторғайдың, аңғалдығы,
Неге ұясын салды екен шөп түбіне?
Тоғайда толып жатыр нелер мекен,
Құс жаны жаралған ба әлде бекем?
Әнменен, дүбірменен дүниеге —
Бозторғай балапаны келеді екен!
Өмірде тірлік бар ма бір ыңғайлы,
Бақытпен ұштасады шырын қайғы.
Өтті күндер.
Ұяда жұмыртқа жоқ...
Төбемде төрт бозторғай шырылдайды...


КӨГІЛДІР ЫМЫРТ
Қар аппақ.
Тал аппақ.
Дала аппақ.
Маялар — жұмыртқа.
Мұржалар мамырлап боздайды
Көгілдір ымыртта.
Күн қызғылт етегін жиды әне,
Дүниенің сенгендей көз-шамы.
Көгілдір ымырттың жүзінде сусиды
Боз тұман — боз шәлі.
Бұлақтар мұз — сауыт киінген,
Көкпеңбек кел шыны.
Сабалақ күшіктің көңілсіз әупілі
Ауылға сілтейді
Адасқан жолшыны.
Ақ тонды ақпанда
Сұлулық неге жоқ?!
Самарқау көгілдір ымыртта
Қиялдар жүзеді кеме боп.
Мысықтай сақ басып келеді сары аяз,
Сықырын сезіну қиын-ақ!..
Жұп-жуас қайыңдар мүлгиді
Көктемді ішіне құйып ап.


ҚҰРАҚСУ
Құдаш Мұқашевқа
Ақ шағылдың ақ бөксесін шымшылап,
Балқаш барып құяды екен бұл Ақсу.
Табиғаттың зәмзәм суын ішіп ап,
Қырық жамау боп жатады екен Құрақсу.
Таң сәріде салады кеп құс айқай,
Жел ұйтқиды. Тоғай іші ертегі!
Матай шалдың шекпеніне ұқсайды-ай,
Құм шағылдың желп-желп еткен етегі.
Тәтті екен ғой ақ сазанның сорпасы...
Неткен ғажап шіркін өмір түздегі!
Молшылықты аңғартқандай мөр басып, —
Сыздауыққа түскен тұяқ іздері.
Жиделердің иісі аңқып маңайда,
Жел жұлқиды шабындықтың айдарын.
Құлындаған биелері тоғайда
Күз қайтады ауылға ертіп тайларын.
Күмпілдесе кек аспанның күбісі,
Жаңбырдағы төпейді кеп... әй, керім!
Құлын құйрық — қамыстардың үкісі
Түн ішінде сүртеді айдың әйнегін.
Ақ шағылдың апай төсін шымшылап,
Балқаш барып құяды екен бұл Ақсу.
Тастан шыққан тау шарабын ішіп ап,
Күнге қызып жатады екен Құрақсу.


ОҢТҮСТІК — ӨЗ ҮЙІМ
О, туған жер!
Мен саған оралдым жол түсіп. Бұл жақтың
Жырақтан көрінген оты ыстық.
Фараби, Яссауи Отаны −
Оңтүстік,
Оңтүстік,
Оңтүстік!
Біздің Оңтүстік сыйлайды
Күннің сәулесін теп-тегін.
Сүйемін жердің қоңырқай қыртысын, −
Өсімдіктер мектебін.
Жер − ұстаз,
Дән − шәкірт,
Дәндердің тілін жер біледі.
Жүрегінің бұлшық еті бұлтылдап,
Күнбағыс ыржиып келеді.
Сүйемін, сүйемін,
Жыртылған жердің иісін мен.
Өсімдіктер тамыры
Жердің мамасын сәбидей сорады,
Жер оған сүйсінген.
Бұлтты баттастырып жақсаң да аспанға
Күн шіркін өше ме?!
Шекесін күнге қыздырып,
«Волгалар» барады көшеде.
Бұл жақта күн нұры тегін-ақ,
Күн нұрын сыйла, сен!
Күннің жылылығын мен бірақ,
Арамза жандарға қимас ем.
Күннің сәулесі — қымыз ғой,
Ішемін сусыным қанғанша.
Күннің сәулесі — сиырдың емшегі,
Сауамын саусағым талғанша.
Күннің сәулесі — ақ мақта,
Қанарға қаптаймын.
Күннің сәулесі — алтын дән,
Күннің. сәулесін сатпаймын.
Күннің сәулесі,—
Көгерген ол шыбық,
Күннің сәулесі — Тіршілік,
Күннің. сәулесі — Молшылық!
Оңтүстік — шуақтың отаны,
Күн нұры — біздің, той,
Күн нұры — алқызыл алмалар,
Күн нұры жүзім ғой!
Күн нұры — бізге жетеді
Аспанды бұрғылап қат-қабат.
Күн нұры — ыстық қан,
Күн нұры — махаббат!
Көктемнің жылы лебінен
Қаратау басынан қар қашты.
Оңтүстіктен сапар шегеді
Далаға, тауларға,
Күллі өлкеге —
Гүлдердің елшісі алғашқы...
Зеңбірек оқпаны —
Күнге оқталды.
Аулақ, аулақ, сұсты күн!..
Қыздарды помидордай қызартқан
0, менің Оңтүстігім!
Көктем, көктем,
Көңілді жіберді өсіріп.
Ұйқыдан оянған арудай
Жер жатыр көсіліп.
Көктемде — қуаныш,
Көктемде желпініс.
Ауыздығын ағытқан асаудай,
Еркін бір керіліп алады жер тыныс.
Айқай, туған жер,
Жусанды боз дала!
Көктем — келіншектің, бетін ашады,
Оңтүстік — бозбала.
Сүйемін, сүйемін
Бейнетқор Оңтүстік өлкесін!
Трактордың бұжыр табаны
Қасиді жер төсін.
Ауылымның түтіні
Көлеңдейді киіп ап боз киім.
Солтүстік — жиенім.
Оңтүстік — өз үйім.
Көп ақынның сыймаған құшағына
О, қазақтың тәкаппар кең даласы,—
Мінезің оғаш тым.
Сен бүгін сыйып кеттің, ғой
Құшағына Тоқаштың!


АУЫЛҒА ОРАЛҒАНДА
Оу, Тоқа, шар айнаға бір қарашы,
Уақыт жаңылмайды-ау есебінен...
Мына бір қара борбай кім баласы?
Опырай, қарттар қайда есек мінген?
Мейірімді, әңгімешіл, құлағы сақ,
Кемпірлер бар еді-ау ә, нендей керім!
Жастығын бөтен жұртқа ұзатып сап,
Немерелі болыпты-ау жеңгейлерім!
.Мінезі, көңілі де ашық-шашық,
О, менің сұлу, ғазиз жеңгелерім.
Алғашқы махаббаттың бетін ашып,
Сен сонда айтшы, айтшы, не деп едің?..
Көзіме ыстық еді орамалың,
Көзіме ыстық еді көйлектерің.
Бойымдағы ерікті тонап алдың,
«Көкең көріп қояр» деп сөйлетпедің.
Шіркін-ай, қайта оралсам он алтыма!..
Бар ғой, бар ғой өмірдің өз үкімі.
Өзгеріс көп...
Тек қана сол қалпында
Ауылымның көлеңдеген боз түтіні...
Таныс қой мал жусатқан тоғай маған,
Келеске шомылдым мен бара салып.
Достармен қуаласып доп ойнаған
Мына қырлар кеткен бе аласарып?
Топыраққа құйылған қорғасындай
Қай белден жастық ізін таба аламын?!
Қасіреттің төгілген көз жасындай,
Томпиып жатыр менің бабаларым.
Жанарыма жаутаңдап жас тығылды...
Бар ғой, бар ғой өмірдің өз үкімі.
Бір минут еске алайын жастығымды,
Көлеңдеші, ауылымның боз түтіні.

 

КЕБЕЖЕ
Қараймын кебеженің өрнегіне,
Ех-хе-хе, бұл кебеже көрмеді не?!
Көмескі оның сарғыш бояулары
Ұқсайды менің ескі жөргегіме.
Есіме түсіремін сол бір жайды,
Жылы естелік жүректі тоңдырмайды.
Сықырлап кебеженің шынжыр бауы
Шалғайдағы жастыққа қол бұлғайды.
Жымқырып карт әжемнен бал-қаймақты,
Жеуші едім-ау, опыр-ай, қандай тәтті!..
Кебеже сақыр-сұқыр ашылады,
Бәз-баяғы сол үні, қартаймапты.
Сабаумен кейде сабап әжем мені,
Соңынан, сосын аяп көже берді...
Кебеже тұр. Әжем жоқ. Қайран әжем,
Қызғыштай қорғаушы еді-ау кебежені.
Содан бері өтіпті-ау талай заман,
Жастық шақтан айрылу — қалай жаман?!
Достар-ай, бұл пәниден өтеміз-ау,
Бейне бір базаршыдай мал айдаған.
Балалық шақ оралсын неге кері?
Қайталап сол. бір ескі ережені,
Үрейлі қара көзін маған қадап,
Немерем ашып жатыр кебежені.


ЖИДЕЛЕР ГҮЛДЕДІ
Жүзімді сипайды жайсаң жел
Бейне бір биязы алақан.
Сыр бойы — рақат!
Гүлдеген жиделер сап-сары балапан.
Бүкіл атырап масайған,
Еріксіз келеді билегің.
Ат шаптырым — осынау шалғайдан
Аңқыған жұпар иісі-ай жиденің!..
Керемет!
Не керек,
Күнімен, түнімен жиделер
Жұпарын шашады себелеп.
Көк аспан, жыңғыл мен қамыстар
Сөйлейді әр тілде.
Осынша өңірге хош иіс себуге
Жетпес еді мың цистерна әтір де!!!
Жүз қызға ғашықтық —
Бір сезім тап қазір бар менде.
«Қарғалы аралда» қызды-ай кеп,
Бір үлкен жәрмеңке.
Сайраған құстардың тілі мың, түрі мың.
Сұлу Сыр, сылқым Сыр өреді
Тап-таза көгілдір бұрымын.
О, сұлу Сыр — алтын жағалау,
Не деген қызық ең!
Шеңгелдің гүлдері алқа боп,
Бұталарда тізілген.
Тайлақ — бұлт, тайраңдап кеткен бе?
Тұп-тұнық май көгі.
Гүл иісі, су иісі, ну иісі
Жүрекке жете ме, қайтеді?!
Кеудемді сипайды жайсаң жел
Бейне бір биязы алақан.
Сыр бойы ғажайып,
Гүлдеген жиделер — сап-сары балапан.


ШАЛДАР
Кейбір шақ жапырағын жамыратқан,
О, ауыл, сала құлаш сен бір емен!
Шалдар, шалдар, қайран шалдар...
Ауылдың сақалы ғой селдіреген.
Шалдар көркі ауылдың басыбайлы,
Мақтана бер, қанеки, шал атан да!
Шалдардың көк бытыра насыбайы
Қол созсаң құйылады алақанға.
Шалдар, шалдар, бақытты бүгін анық,
Біздің шалдар бастайды тойдың басын,
Қу шалдар маған көз сап, күлім қағып,
«Құрдас» деп ұсынады қойдың басын.
Жүн шекпен, түлкі тымақ, тері шалбар,
Саптама етік, салт атты, қамшылылар:
Міне, бұл — шопан, малшы біздің шалдар,
Қалжыңдассаң — бір қоржын қалжыңы бар.


УАҚЫТ ЖӘНЕ БІЗ
Асығам:
«Уақытым жоқ».
«Уақытым аз...»
Сондықтан күнде көз ілмейміз.
Ақ парақ қағазға
Уақыт төгеді жыр-мейіз.
Уақыт,
Уақыт,
Уақыт!
Ұршықтай ызғып тұр.
Тынымсыз күйгелек көңіл-ай,
Алсайшы мызғып бір.
Сарала жұп-жуас күз келіп,
Алады жаз демін.
Берерің болса бер, өмір,
Уақытым аз менің!
Шіркін албырт шақтар-ай,
Көп еді-ау қуаныш, әлегің...
Әжімге сүңгіген жастықты
Суырып алмақшы кәне, кім?!
Итеріп тастайды архивке
Уақыт жылдарды сырғытып.
Жас ұрпақ — қалың қол армия
Кезекті тұр күтіп.
Азалы уақыт жетсе егер,
Сынады қыранның қанаты.
Өмірдің салты сол;
Той-думан, Жар сүю, Жалақы...
Нелер бір тетікті армандап,
Күтеміз әрдайым біз Жеңіс.
Өмірдің салты сол;
Ойлану,
Тебіреніс,
Ізденіс!
Осынау мұзды ескі дәуірге
Осылай қадалған күн көзі...
Жазсын деп замана сырқатын,
Маркс пен Ленинді Уақыт туды өзі!
Дүре салған арқалар дүр сілкініп,
Топтасты жұмыскер тың күші.
Ескі қоғамды біржолата құлатқан
Революция — Уақыт Тұңғышы!
Сөйлейді, тарих боп, тас болып,
Бүгін де, Кеше де,
Уақыт қолынан өтеді
Әлеумет толқыны нешеме!
Мерзімді дәлме-дәл шағында
Өмірге лыпылдап от келді.
Македон, Шыңғысхан сұмдығын
Уақыт басынан өткерді.
Өтеді уақыт қолынан
Алтын да, мыс та, қола да.
Бір дәнді мың дәнге жеткізген
Уақыт, ол — Ана!
Уақыт, азырақ мызғышы,
Тірлікке ұдайы телмірмей...
Уақыт — қолбасшы,
Сүйеді ол тәртіпті темірдей.
Уақыт тас керең һәм сергек,
Жаны жоқ деуге оны бола ма?!
Думанды дүниеге біздерді әкелген
Уақыт, ол — Ана!
Күн сайын етіп жатыр-ау,
Қаншама тамаша тойларым.
Уақыт жетіліп, Есейтті
Адамзат ойларын.
Уақыт сәулесі күн санап,
Сырқатпен күрес ашады,
Шыңыраудан шипалы су атып.
Біз үшін барды Айға
Жұмыскер болып Уақыт!
Өзенді бөгеді алақан...
Шөлейтке су ақты.
Уақыт қойнынан суырып алдық біз
Миллиард киловатт қуатты!
Уақытты шегелеп,
Барады альпинист шыңға өрлеп.
Бесжылдықтың өрен Ерлері
Уақыт — тұлпарды тастады шідерлеп
Түйенің мимырт жүрісін мазақтап,
Бір кезде Уақыт күлген-ді.
Ал, енді, жылдамдық дегенді
Ұшқыр лайнерден Уақыт үйренді.
Жер кепе, шөлейтке көз салып,
Уақыт бір кезде күлген-ді...
Ей, Уақыт! Куә езің емес пе, Қарашы...
Туған жер гүлденді!
Біздер жұмыскер қауымбыз,
Өтейміз парызды Отандық.
Тас түйін табиғат бойынан
Маздатып көгілдір от алдық...
Уақыт, Уақыт, Уақыт!
Келмейді-ау, әсте бір шаршағың.
Ей, көмбіс бейнетқор Уақыт.

 

ӨЛЕҢ
Тамаша ғой таңғы арай!..
Түн құйрығы құнтиды.
Ұйқы — абзал анадай
Көрпемді кеп қымтайды.
Жамырады жақсы ойлар,
(Таба алмап ем жыл ойлап.)
Ойлар, ойлар, жас ойлар
Кірпігімде жүр ойнап.
Деді: «Азырақ ал тыным»,
Ұйқы — ана күйгелек.
Көкірегінен ұйқының
Өлең тұрды кимелеп.
«Кірмеші» деп ойыма
Ашуланам, түнерем.
Асылады мойныма
Ғашық жардай бұл өлең.
Түнімен« қорлық» көрсеткен
Өлеңді қармай түстім де;
Көтеріп алып төсектен
Қондырдым қағаз үстіне.


КӨЗ ЖАСЫ
Сөздердің де алтыны бар, тасы бар,
Сұлу, мөлдір көздердің де жасы бар.
Көкейлерден қоныс табар алтын сөз,
Дар алдында жыламайды батыр көз!
ЬІза жатыр кірпіктердің астында,
Қанжары бар жалғыз тамшы жастың да!
Көз жасына қожа емес қу қайғы,
Көздің жасы қорқыныштан тумайды.
Ол — көңілдің алабұртқан күйшісі,
Ол — сезімнің нәзік, сұлу бишісі!
Нұрлы көзден неге ыстық жас ыршыды?
Ол — алғашқы махаббаттың бүршігі!
Махаббатқа, қуанышқа асығар,
Алтын кірпік көздердің де жасы бар.
...Тамшы жасқа құлап түсті күн нұры,
(Әлсіздік деп айта алады кім мұны?)
Бір тамшы жас — қуанышы көңілдің.
Бір тамшы жас — қасіреті өмірдің.
Тыныштықта мен жыласам, сөз басқа,
Тек соғыс боп, толмаса екен көз жасқа!


ӨМІРІМ, САҒАН РИЗАМЫН!
Демеді: «теле, сен жарна».
Төбемдегі мырза күн.
Құшағымда жер-ана...
Өмірім, саған ризамын!
Кейде қатер төндіріп,
Қорғалаттың басымды.
Кейде мені күлдіріп,
Кейде сықтың жасымды.
Сен командир тіс қаққан,
Мен сары езу солдатпын.
Кейде тартып құлақтан,
Кейде кекке самғаттың.
Мен бір доппын ығысқан,
Дөңгелеген сан тұсқа;
Лақтырсаң шығыстан;
Түсіресің батысқа.
Өмірім, неткен дарқан ең!..
Жанат па едің, той ма едің?!
Достастырып арманмен,
«Өлең жаз» деп ой бердің.
Бір таудан соң бір тау бар...
Емес маған бұл қайғы.
Сағымданған армандар
«Кел» деп қолын бұлғайды.
Күндіз — нұрлы күнім бар,
Түнде — аппақ айым бар.
Ғашық жарым — гүлім бар,
Сыбдырлашы, қайыңдар...
Құшағымда жер-ана,
Төбемде менің мырза күн. 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста