12 жыл бұрын ұрланған бала Мәскеуден табылды

03 маусым 2022, 13:59

Мәскеуде 12 жыл бұрын ұрланған бала табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Комсомольская правда" газетіне сілтеме жасап. 

Басылым мәліметінше, жақында Ресей астанасындағы ХҚК қызметкері жасөспірімге төлқұжат алу үшін құжаттарды рәсімдеу кезінде оған баланың ұрланғаны және федералды іздеуде екендігі туралы хабарлама келген. Ол дереу полицияға хабарласқан.

Келген жедел уәкілдер баланың шамамен 12 жыл бұрын жоғалып кеткен 14 жастағы Павел екенін анықтаған. 

"Полиция бөліміне із-түзсіз жоғалып, федералды іздеуде жүрген 2007 жылы туған кәмелетке толмаған Павел К. жеткізілді. Баланы іздеу ісі 2010 жылы, бала небәрі үш жаста болғанда басталған болатын. Баланың анасы полицияға жүгініп, егіз ұлдарының бірін әкесі ұрлап кеткенін айтқан. Кейіннен РФ Қылмыстық кодексінің 126-бабы "Адам ұрлау" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы уақыт бойы бала іздеуде болды", - дейді құқық қорғау органдары.

Анықталғандай, Павелдің әкесі 15 жыл бұрын әйелін егіз балаларымен тастап, кетіп қалған. Үш жыл ғана ара-тұра келіп, балаларына қарап тұрған көоінеді. Егіздердің бірі сал ауруына шалдыққан екен. Бір күні әкесі сау баласын қыдыртамын деп шығып, онымен бірге жоқ болып кеткен көрінеді. 

Әйеліне ер адам Пашаны басқа елге алып кеткенін айтып, тек қоңырау шалады. Әйел ажырасуға өтініш беруге тура келген. Өйткені полиция “ұрлау” бабы бойынша қылмыстық істі солай ғана қозғай алған. 

Полиция баланы Ресейдің түкпір-түкпірінен іздеген, бірақ нәтиже болмаған. Әкесі ұлын Минск қаласына апарып, олар осы 12 жыл бойы сонда тұрғаны белгілі болды.

"Есімді білгелі өмір бойы Беларусьте әкеммен бірге тұрамын. Мәскеуде менің анам мен егіз інім бар екенін білдім, бірақ олар мүлдем есімде жоқ. Әрқашан әкем екеуміз бірге болатынбыз, кейде әжем бізге қонаққа келді. Ол әкеме үй жұмыстарын істеуге көмектесіп, тамақ дайындап беретін. 2022 жылдың басында әжем мені Мәскеуге РФ азаматының төлқұжатын алу үшін алып кетті", - деді жасөспірім. 

Баланың айтуынша, оған қатысты заңсыз әрекеттер жасалмаған. Полиция қазір отбасының жағдайын анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.