14 әйелге үйленген ер адам әйелдерінің есебіне өмір сүрген

19 ақпан 2022, 19:41

Үндістанда 43 жылдың ішінде 14 әйелге үйленіп, солардың есебіне өмір сүрген Одиша штатының тұрғыны тұтқындалды. Қазір алаяқтың бес баласы бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.

65 жастағы Рамеш Чандра Свейн алғаш рет 1979 жылы үйленген. Ал 2010 жылдан бастап ажырасқан ауқаттарды әйелдермен әр түрлі есіммен танысып, оларға үйленіп отырған. Зардап шеккендер әр штаттан болғандықтан ер адамның бірнеше әйелі барын мүлде білмеген. 

Полицияның дерегіне сәйкес Свейн үйлене сала өз құрбанынан ақша мен мүлкін өз атына аударуды талап еткен. Ал мақсатына жеткен соң хабарсыз кетіп отырған. 

Алаяқтың әрекеті кезекті құрбанына үйленген соң ашылған. Свейнмен отау құрған мұғалім оның телефонынан өзге әйелдерден келген хабарламаларды көріп қойған. Бұдан кейін полицияға шағым түсірген екен. 

Әзірге Свейннің әйелдерді алдау арқылы қанша табыс тапқаны белгісіз. Тұтқындалған соң одан 5 төлқұжат табылған. Егер кінәсі толық дәлелденсе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.