16 маусымнан бастап Алакөлге жаңа екі пойыз қатынайтын болады

08 маусым 2022, 23:31

16 маусымнан бастап Алакөл бағытында Тальго вагондарынан құрастырылған жаңа екі пойыз қатынайтын болады. Бұл туралы Azattyq Ruhy «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

 
«№ 211/212 пойызының қатынау мерзімділігі Алматы-2 станциясынан құрам 2022 жылғы 16 маусымнан 30 тамызға дейін жұп күндері жөнелтілетін болады. Достық станциясынан Алматыға пойыз 2022 жылғы 17 маусымнан 31 тамызға дейін тақ күндері жүреді», - делінген хабарламада.
Ал № 453/454 пойызы 2022 жылғы 16 маусымнан 30 тамызға дейін Алматы-2 станциясынан сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері жолға шығады. Достық станциясынан Алматыға құрам 2022 жылғы 17 маусымнан 31 тамызға дейін дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері жүретін болады.

«Жоғарыда көрсетілген жолаушылар пойызының құрамында «Турист» класындағы 4 жергілікті вагонның 12 бірлігі; «Бизнес» класты 2 жергілікті вагонның 3 бірлігі және «Гранд» класындағы 2 жергілікті вагонның 3 бірлігі бар, әр купе жеке санитарлық тораппен және душпен жабдықталған», -деп көрсетті баспасөз қызметі.
 Сонымен қатар, жолаушылардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін пойызда дәмхана-вагон және мейрамхана-вагон ашылады. Барлық вагондар фильмдер, музыкалық клиптер, электронды кітаптар көруге арналған мультимедиялық порталмен жабдықталған және де биодәретханалар мен  ауа баптау жүйелері бар.